Ораз ЖАНДОСОВ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ САЯСАТҚА БАЙЛАНЫСТЫ
Ораз ЖАНДОСОВ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ САЯСАТҚА БАЙЛАНЫСТЫ
Демократия — өз пiкiрiңдi ашық айта бiлу ғана емес, оны дәйектi түрде сыпайы жеткiзе алу. Баз бiреулер оппозиция өкiлдерiнiң әрбiр сөзiнен астар iздейтiн шығар, ал бiз газеттiң мақсаты — қоғамдық плюрализмдi дамытуға үлес қосу деп бiлемiз. Ал Ораз Жандосовтың саясаткер, экономист ретiнде айтқан пiкiрлерi ой қосуға тұрарлық.
"БАЛАЛАРЫМНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ЖҰМЫСҚА БАРУЫНА… ҚАРСЫ ЕМЕСПIН"
— Әңгiмемiздi жақында болған кадрлық өзгерiстерден бастасақ. Соңғы жылдары өзiңiз де байқап жүрген боларсыз, Үкiметте немесе Президент әкiмшiлiгiндегi әлдеқандай кадрлық өзгерiс тек белгiлi бiр шенеунiктердiң орынтақ ауыстыруымен ғана шектеледi. Президент командасында "жаңа" адамдардың сұлбасы көрiнбейдi. Халық екi шенеунiктiң "тақ ауыстырып" жатқанына әлдеқашан үйренiп алған. Мысалы, соңғы кадрлық ауысым кезiндегi "орын ауыстырған" Келiмбетов пен Жақсыбековтi алыңыз…
— Бұл жерде жауап анық. "Жаңа" адамдар қайдан келедi? Бiзде бәрiн бiр-ақ адам шешедi ғой және ылғи да… Егер бiзде басқа елдердегi сияқты әр төрт немесе сегiз жылдан кейiн парламент құрамы өзгерiп отырса немесе билiк ауысып отырса, онда бiз билiк басында "жаңа" адамдарды көретiн едiк. Президентiмiз жас емес, ал егде адамдардың өз айналасын өзгертуi сирек кездеседi.
— Сiз былтыр "Коржова ханым министр ретiнде маңызды кадрлық мәселелердi өзi шеше алмайды" дегенсiз. Егер бұл өзге де министрлерге қатысты болса, онда бiзде кадрлық мәселелердi кiм шешiп отыр?
— Әр министрлiкте әртүрлi ғой.
— Ендi барлық вице-министрлер мен департамент басшыларын Президент тағайындамайды ғой…
— Бұл стратегиялық министрлiктiң маңыздылығына байланысты. Және ол министрлiктi басқарып отырған тұлғаға да байланысты. Яғни, шенеунiк Президентке жақынырақ, яғни ықпал ете алатын адам болуы керек. Ал сен келтiрген мысалды алатын болсақ, салық және кеден комиттерi олардан өтетiн қаржы көлемiнiң көптiгiне байланысты және ол органдардың мемлекеттiк мақсаттарға жұмыс iстеуiне байланысты өте маңызды болып табылады, сондықтан олардың басшыларын Президент тағайындайды және тағайындап келедi.
— Қорғаныс министрлiгiнде…
— Ол министрлiктегi кадр мәселесiне Президенттiң араласуы екiталай, десе де арласуы да мүмкiн… ал басқа министрлiктерде…
— Ал, Бiлiм және ғылым министрлiгiнде ше?
— Бүгiнгi таңда бұл салада Президент вице-министрдi тағайындауға араласпайды деп ойлаймын.
— Жақында Президент "Болашақ" бағдарламасының түлектерiмен кездестi, ал "НұрОтан" партиясының саяси кеңесiнде болашақ мемлекеттiк тұлғаларды дайындау керектiгi жөнiнде мәселе қозғады. Жалпы саны 200-300 болатын жастарды iрiктеп алып, олардан мемлекет басқаратын қайраткерлердi тәрбиелеу туралы бастама көтердi. Бұл идеяға қалай қарайсыз?
— Шынымды айтсам, мен осы Президенттiң "болашақтықтармен" ғана кездесуiн түсiнбеймiн, қолдамаймын. Әрине, Елбасы жастармен кездесiп отыруы тиiс, оның iшiнде шетелде оқып жүрген жастармен де. Бiрақ ол неге тек "Болашақтың" түлектерiмен кездеседi? "Болашақ" шетелде оқып жатқан жастардың аз ғана бөлiгiн қамтиды. Осы кездесуде Президенттiң өзi статистикалық мәлiметтердi келтiрдi: бүгiнде шетелде 20 мыңдай жас оқып жатыр екен, ал Ресейде 15 мыңдай студентiмiз бар, барлығы — 35 мың. Ал "Болашақ" бойынша жылына 2000-нан астам жас шетелге кетедi. Яғни мемлекет межелi 3000-ның өзiн толтыра алмай отыр. Президент басқа мемлекеттерде бiлiм алып жатқан жастардың аз ғана бөлiгiмен кездеседi, ал одан жиырма есе көп бөлiгiмен кездеспейдi. Ал олардың қай-қайсысының да елге қайтып оралып, мемлекеттiк қызметке орналасуға құқықтары бiрдей емес пе? Ал талапкер өзi шетелдiк грант бойынша оқуы немесе ата-анасының ақшасына бiлiм алуы мүмкiн. "Болашақпен" оқымағаны үшiн ол кiнәлi ме?
— Сiз бұл идеяны қолдамайсыз ғой?
— Мен "екi жүз-үш жүз" дегендi қолдамаймын. Жабық клубты еске түсiретiн форматты да қолдамаймын. Президент шетелде бiлiм алған жалпы жастармен кездесуi керек. Ал олардың мемлекеттiк қызметке келiп, ел басқаруға араласуы байқау арқылы, бәсекелестiк жағдайда өтуi керек. Бәрi ашық болуы керек.
— Келер ұрпақ жайлы сөз етiп отырмыз ғой. Өз балаларыңыз қайда бiлiм алып жатыр?
— Кiшi қызым "Достар" деген мектептi бiтiрдi. Ортаншым — Англияда бiлiм алып жатыр. Үлкенi соңғы екi жылын Англияда бiтiрдi, университеттiң бiрiншi курсын бiтiрiп, қазiр сол елде жұмыс iстеп жүр.
— Ортаншыңыз "Болашақ" бойынша оқып жүрген жоқ па?
— Жо-жоқ. "Болашақта" емес.
— Мұны сұрап отырғаным, қазiр "ат үстiнде" жүрген кейбiр азаматтар арасында "бiр түрлi" дәстүр пайда болды: олар балаларын өздерiнiң орнына, мүмкiндiк болса одан да жоғары мемлекеттiк қызметтерге дайындайды. Мемлекеттiң қаржысына шетелде оқытады, мемлекеттiк органдарда стажировкадан өткiзедi, сосын қызметке тұрғызады…
— Мұндай тенденция бар. Әрине, өз балаларын мемлекеттiк жұмысқа дайындау дұрыс та шығар. Олар балаларын шетелде оқытады, бiрақ менiң таныстарымның көбi балаларын "Болашақпен" емес, өз ақшаларына оқытып жатыр.
— Ал сiз ше? Өз балаларыңыздың мемлекеттiк қызметке араласқанын қалайсыз ба?
— Өте қиын сұрақ. Менiң бұған қатысты идеологиялық қарсылығым жоқ. Мемлекеттiк қызмет — өте керектi, әрi тәжiрибесi мол жұмыс. Егер оған барамын десе, қарсылығым болмас едi.
"КӨБIК ҰЛҒАЯ ТҮСТI ДЕ, ЖАРЫЛДЫ"
— Есiңiзде болса, осыдан бес-алты жыл бұрын сiзбен газет бетiнде сұхбаттасқанымыз бар едi. Ол кезде сiз көбiне-көп экономикалық мәселелер туралы сөз қозғайтынсыз. Қазiр саяси мәлiмдемелердi көп жасайсыз. Мұның өзi "әуелi — саясат, сосын — экономика" деген тезистiң дұрыстығының көрiнiсi ме?
— Иә, ол да бар. Мұны бiз партия атынан көп айтып жүрмiз. Бiр ғана мысал — мұнай өндiрiсi жылдан-жылға артып келедi, ал оның бағасы халықаралық рынокта жоғары деңгейде, бұл мемлекет қазынасына мұнайдан түскен табыстың көбеюiне әкеледi. Бұл ақшаны "қорыту" керек. Қаржы көбейген сайын, сауда, тұрғын үй, азық-түлiк саласында да ақша айналымы артады. Бiрақ мұның бәрi мұнайдан түскен қаржыны қорыту ғана. Ал экономика жиырма-отыз жылдан кейiн болса да, басқа елдердегiдей дұрыс даму жолына түсу үшiн бұл жеткiлiксiз.
— Президенттiң "әуелi — экономика, сосын — саясат" дегенi есiңiзде шығар?
— Осылай деудiң өзi саясат па? Осы шешiм саясатқа жата ма? Шындығын айтқанда, бiзде экономикалық даму жоқ. Болса да, өте аз.
— Халықаралық биржалардағы жағдайды бақылап отырсыз ба?
— Халықаралық акцияларға қатысты. Бiзде банктер бар, сосын шикiзаттық компаниялар: "Қазақмыс", Еуразиялық топ, "Қазмұнайгаз". Былтырғы жылдың шiлде-тамыз айларындағы қаржы дағдарысынан кейiн банктер қатты әлсiредi, қазiр олар сол күйiнде қалды. Ал жыл соңында белгiлi бiр құлдырау "Қазақмыста" да, мұнай-газ саласындағы компанияларда да болды. Бұл жазғы дағдарыстың Америка сияқты елдер экономикасында нақты сектордың құлдырауына ұласуына байланысты. Ал мұнай саласында Үкiмет не iстеп жатыр дегенге келсек…
— Қашаған мәселесiнде көп дабыра болды. Осы келiссөздерде Үкiмет жеңiске жеттi деп есептейсiз бе?
— Жеңiске жеткен тек бiз ғана. Өйткенi, бұрынғы шарттар мен қазiргi шарттарды салыстырғанда, бiздiң жағдайымыз жақсарды. Бiрақ бiздiң жағдайымыз жақсарса, инвестордың жағдайы нашарлайды деген сөз. Ал өзгерiстер қандай дегенге келсек, көңiл көншiтерлiктей емес. Тек Қашағанға байланысты емес. Бiздiң партия шетелдiк инвесторлармен келiсiмшарттарды қайта қарау жөнiнде бiраз айтты, бұл құжаттардағы Қазақстанның үлесiн арттыра түсу керек.
— Сiздер көп айтқан мәселенiң бiрi — "экономиканы диверсификациялау" едi ғой. Қазiр осы терминдi Үкiмет мүшелерi де жиiрек ауызға ала бастады. Шын мәнiнде, Үкiмет бұл салада не iстеп жатыр?
— Үкiмет мұны неге айта бастады? Өйткенi, экономикалық көрсеткiштердiң өзi дұрыс дамудың жоқ екенiн көрсетiп отыр. Ал оны қалай жүзеге асыру керек? Бiз ол үшiн саяси реформа жасау керек деп есептеймiз, сыбайлас жемқорлықты жойып, шешiм қабылдау механизмдерiн өзгерту керек.
— Сонда сiз Үкiмет тарапынан осы бағытта жасалып жатқан нақты iс-шаралар жоқ демексiз бе?
— Үкiметтiң соңғы жылдардағы әрекетiне қарап қорытынды жасасақ, шын мәнiнде инвестициялық климатты өзгерте алмай отыр, олар мұны жақсы түсiнедi. Олар экономиканы дамыту үшiн әртүрлi даму институттарын құрды. Менiңше, бұл дұрыс емес. Ал осы даму институттарының құрылғанына да бес жыл болды, нәтиже жоқ.
— "Биылғы жыл — әлемдiк экономика үшiн ауыр жыл болады" дейдi сарапшылар. Қазақстан экономикасы қандай күйде болмақ?
— Шикiзаттық сала өсе түспек. Инвестиция азаймайды, бұл салада қаржы жеткiлiктi. Ал шикiзаттық емес салада, мысалы, банк саласын алсақ, бiздiң банктер шетелде қаржыландырылып келдi ғой, халықаралық дағдарыстан кейiн соңғы бес айда, яғни тамыз-қаңтар айларында банктер тарапынан экономиканы несилендiру мүлдем болған жоқ. Ал соңғы үш-төрт жылда шикiзаттық емес салада өсу тек банктердiң ақшасы арқасында ғана жүрiп келдi. Жазға қарай халықаралық рыноктағы жағдай қалыпқа түсуi керек, сондықтан бiрiншi жарты жылдықта жағдай өзгере қоймаса да, екiншi жарты жылдықта банктер халықты несилендiрудi қайтадан жандандыруы мүмкiн.
— "Қазына" қоры Астанадағы құрылыс нысандарын қаржыландыра бастады. Үкiметтiң бұл шешiмiн қалай бағалайсыз?
— Соңғы жылдары iрi қалалардағы тұрғын үй құрылысы саласында, өткен жылдың бiрiншi жарты жылдығында-ақ "көбiк" пайда болды.
— Таратыңқырап айтыңызшы…
— Бұл — экономикалық термин. Жұрттың бәрi бiр салаға ақша құйғанда, ол саладағы активтердiң бағасы өсе бастайды, ал бұлай етудiң экономикалық негiзi жоқ. Мысалы, осы жылдың басына дейiн қалыптасқан жағдайға қарасақ, шын мәнiнде Қазақстанда осындай бағаға, осындай көлемдегi үйге сұраныс жоқ. Ондай жалақы да жоқ. Соншама жылжымайтын мүлiктi сатып алғысы келетiн банктер де жоқ. Жаңағы бiз айтып отырған "көбiк" ұлғайды да, жарылатын шағына келдi. Ол Америкадағы ипотекалық дағдарыс болмаса да, одан кейiнгi халықаралық қаржы дағдарысынсыз да "жарылатын" едi. Бұл жағдайда Үкiмет құрылыс саласында ешқандай көмек көрсетпес едi. Ал оның халықаралық дағдарысқа тұспа-тұс келуi Үкiметтi белгiлi бiр әрекетке итермелеп отыр.
— Халықты қатты алаңдатып отырған жайт — әлемдiк қаржы дағдарысы емес, елiмiздегi азық-түлiк бағасының қымбаттауы ғой. Биыл рекордты көрсеткiштегi астық жинадық деп мақтансақ та, күзден берi нанның бағасы "аспандап" кеттi.
— Бағаның неге көтерiлгенi түсiнiктi. Ал ендi осы жағдайда не iстеу керектiгi басқа әңгiме. Мұның екi жолы бар деп есептеймiн. Iшкi және сыртқы рынок арасына шекара қою керек. Ол үшiн экспорттық баж салығы енгiзу жеткiлiктi. Сонда iшкi рынокта бiр баға болады, ал сыртқы рыноктағы баға бiзге қатыссыз. Бұл жақсы ма, жаман ба? Менiңше, оншалықты жақсы емес. Екiншi жолмен жүрген дұрыс. Бидай, ұн мен нанға баға қазiргi күйiнде қалуы керек те, Үкiмет халықтың табысын бағаның көтеруi қатты байқалмайтындай деңгейде ұстап отыруы керек. Неге? Себебi бiз iшкi және сыртқы рыноктағы бағаны бөлiп тастасақ, онда бiз бидай, ұн өндiрушiлердiң ынтасын жоямыз. Ақыр аяғында, диқандар күйзелiске ұшырауы мүмкiн. Бидай — Қазақстан экспортқа шығаратын өнiмдердiң бiрi. Сосын, бiз нанға айына қанша, 1000 теңге артық төлейтiн болдық па?
— Қарапайым халық үшiн 1000 теңге де ақша ғой? Оның үстiне, қымбаттаған тек нан емес, ет, сүт өнiмдерi, коммуналды қызмет бағалары да өстi.
— Иә, бiрақ нақты сұрағың нанға қатысты болды ғой? Нан көп елдерде қымбаттады. Бiрақ бай мемлекеттерде бұл қатты байқалмайды. Егер сенiң жалақың мың доллар болса, онда нан бағасының он долларға қымбаттағаны оншалықты сезiлмейдi. Яғни, нан бағасы қымбаттаса, жалақының көлемiн өсiру керек. Сондықтан да, Үкiмет күзде сайлаудың әдiл өткендiгi туралы сөздi көбейткенше, зейнетақы мен бюджет қызметкерлерiнiң жалақысын өсiрудi қолға алуы керек едi. Өйткенi, жыл басында жалақыны өсiремiз деген уәде қазiргi баға саясаты тұсында әшейiн әңгiме болып қалды.
— Ал бұл инфляцияның өсуiне әкеп соқпай ма?
— Жоқ. Өйткенi, бұл ақша қалай болғанда да жұмсалады. Мен жалақыны өсiру үшiн ақшаны басқа жақтан алу керек деп отырған жоқпын ғой, Астанада тағы бiр сарай салу сияқты керексiз құрылыстарға жұмсайтын ақшаны осы мақсатқа арнауға болады. Бұл нанға қатысты. Ал электр қуаты мен мұнай өнiмдерiн алсақ, олар кәсiпорындар үшiн ауадай қажет. Сондықтан бұл салада халықаралық рыноктағы бағаға қарағанда төменiрек бағаны ұстап тұруымыз керек деп ойлаймын. Бизнеске жағдай жасау керек. Бұл бизнес үшiн географиялық жағдайдың қолайсыздығын, климаттық жайсыздықтардың орнын толтырады. Бiздiң адамдар экономикалық саясатты түсiне бермейдi, сондықтан оларға дұрыс түсiнiк беруiмiз керек.
— Экономикалық саясат адамдарды қызықтырмайды дедiңiз. Бұл ендi менталитетке қатысты шығар. Шын мәнiнде, адамдардың баюға деген құлшынысы экономиканы қаншалықты алға сүйрей алады?
— Экономиканы алға сүйреушi күштiң өзi де — сол. Жақсы өмiр сүру ғана емес, баюға деген құлшыныс кез келген экономиканы дамытады.
— Ал бiздiң экономикадағы жағдай қалай?
— Саяси жүйе адамдар бiлiм алып, көп жұмыс iстесе, жақсырақ өмiр сүресiң дегендi ұғындыруға құрылады. Ал бiзде сыбайлас жемқорлық, туысқандық байланыстардың кең тарағаны соншама, қазiр адамдар бiлiм алмай-ақ, көп жұмыс iстемей-ақ, "көке" табу немесе пара беру арқылы тасым өрге домалайды деп ойлайды. Бұл — анық. "Еңбек моралi", бизнестiң, кәсiпкерлiктiң бiлiм жетiлдiруге, дұрыс жұмыс iстеуге бағыт алуы жоқ.
— Бұл тағы да мемлекетке барып тiреледi ғой.
— Әрине! Бұл жағдайды өзгерту үшiн мемлекеттiк жүйе өзiн-өзi өзгертуi керек, ал ол оны iстегiсi келмейдi.
"БИЛIК КҮШЕЙДI, БIРАҚ ОППОЗИЦИЯ ӘЛСIРЕГЕН ЖОҚ"
— Президент өзiнiң мұрагерiн дайындап жатыр деген әңгiме шыққалы бiраз болды. Ол кiм болуы мүмкiн?
— Менiңше, Президент ешкiмдi де дайындап жатқан жоқ. Әзiрше…
— Яғни, сiз ешкiмдi атап бере алмайсыз ғой?
— Егер ол ешкiмдi дайындамаса, мен кiмдi атаймын?
— "Қажыгелдин елге оралмақ" деген сыбыс бар…
— Қажыгелдин елге қазiр оралса да болады. Әңгiме қазiр оның оралуына қатысты емес, оған қатысты сот шешiмiнiң өзгертiлу мүмкiндiгiне байланысты. Ол шешiм өз күшiнде. Менiң естуiм бойынша, билiк пен оның арасында осы жөнiнде келiссөздер болған сияқты.
— Яғни, Қажыгелдин Қазақстанға келген күннiң өзiнде, оның оппозиция қатарына қосыла қоюы екiталай ғой?
— М-м. Кесiп айту қиын. Егер келiссөздер жүрiп, сот шешiмi өзгертiлсе, оған дейiн екеуiнiң арасында белгiлi бiр келiсiмнiң болатыны анық. Ал келiсiмге әдетте екiжақты шегiнiс нәтижесiнде қол жеткiзiледi.
— Елде болған әр сайлау сайын оппозицияның қатары сиреп келедi. Ал билiк күшейiп келедi…
— Бiр жағынан айтқанда, сенiкi дұрыс. Соңғы жылдары оппозиция қатарына жаңа лектiң келiп қосылуы байқалмайды. Жаңадан пайда болған белсендi адамдарды көрмей жүрмiз. Билiктiң күшеюiнiң себебi — мұнайдан түскен табыстың өсуiне байланысты. Бiздiң адамдар бұрын да өте белсендi болмаған, ал ендi тұрмыс аздап жақсара бастаған кезде, көшеге шығып керегi не деп ойлайтын сияқты. Екiншi жағынан алғанда, былтырғы жыл билiк үшiн сәттi болған жоқ. "Рахатгейттiң" iсi, инфляцияның өсуi билiктiң имиджiне нұқсан келтiрдi. Бiрақ адамдар енжар болып барады. Былтыр, бiз Алматыда, қала орталығындағы саябақта митинг өткiздiк, жан-жақты хабарлағанымызбен, сенбi күнi оған екi-үш мың ғана адам жиналды. Қалғандарына бүгiнгi жағдай ұнайды деген сөз. Десе де оппозиция әлсiз дегенге қосыла алмаймын, өйткенi бiздiң одақ бiр Алматының өзiнде 21 пайыз дауыс алды.
"БIЗДЕ ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ДА, РЕСЕЙДЕГI ДЕ ЖАҒДАЙ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКIН"
— Қырғызстандағы жағдай бiзде қайталануы мүмкiн деп қорықпайсыз ба?
— Қандай жағдайда қайталануы мүмкiн? Бiрiншiден, Қырғызстанда билiк ауысты. Бiрақ Ақаевтың кезiндегi жағдаймен салыстырғанда, Бакиевтiң кезiндегi жағдай жақсармаса, нашарлаған жоқ деп ойлаймын. Ал революция, төңкерiске келсек, ол тұрақсыз жағдайға, ел iшiндегi бүлiншiлiкке әкелдi. Бiз мұндай жағдайдың қайталануын қаламаймыз. Бiз ең әуелi әдiл сайлаудың болуын қалаймыз. Сайлау әдiл болса, оппозиция 50+1 дауыс алмаса да, 25-30 пайыз дауыс жинай алады. Ал осындай мөлшердегi дауыспен әрi қарай жұмыс iстеуге болады. Әдiл сайлау арқылы билiк өзгерiп отырса, ешқандай шұғыл өзгерiс болмайды. Ал бiзде әдiл сайлау жоқ. Өткен сайлауда ЖСДП жетi пайыз жинай алмады деген күлкiлi ғой, оны бәрi де бiледi. Қазанның буын шығармай қақпағын жауып ұстап отыра берсек, не болады? Бiр күнi атылуы мүмкiн. Сондықтан, мұндай жағдайда бәрi де болуы мүмкiн. Сыртқы жағдай да әсер етуi мүмкiн…
— Ал Ресейдiң тәжiрибесiн алсақ, Ельцин Путиндi мұрагер етiп қалдырды, ал Путин Медведевтi билiк басына әкелмек…
— Әрине, дамыған еуропалық елдермен салыстырғанда, бұл елдегi саяси билiктiң ауысуы күлкiлi болып көрiнуi мүмкiн, бiрақ Қазақстанмен салыстырғанда, бұл алға жылжу деп ойлаймын. Әйтеуiр, билiк ауысып отыр ғой. Өзгерiс жаңа адамдарды, жаңа көзқарасты алып келедi.
— Ресейдегi саяси жүйенiң ауысуы бiзге келуi мүмкiн бе?
— Әзiрше, мен оның алғышарттарын көрiп отырған жоқпын.
— Даниал Ахметовтың Кабинетi "Әр қазақстандыққа он сотық жер тиеселi" деген шешiм шығарған болатын. Халық осы шешiмге арқа сүйеп, әлi үмiттенумен келедi. Оның жүзеге асуы мүмкiн бе?
— Бiрiншiден, Ахметовтың Кабинетi Жер кодексiн қабылдады, сосын оның негiзiнде осындай қаулы шығарды. Бұл шешiм — ақылға сыймайтын шешiм.
— Оның жүзеге асуы мүмкiн емес пе?
— Қалай ол мүмкiн болады? Қазақстанда ондай жер қоры жоқ. Жер қоры бар аймақтардың өзiнде, бұл қаулы сыбайлас жемқорлықтың өршуiне себепкер болып отыр. Мысалы, ауылшаруашылығында бiр-бiрiне ұқсас екi жер болмайды. Құнарлығы, орналасуына байланысты, суландыру жүйесiне байланысты әртүрлi. Ал кiмге қандай жер берудi кiм шешедi? Кезекке бiрiншi тұрғанға жақсы жер бере ме, әлде алфавиттiк тiзiм бойынша бере ме? Бұдан да кезiнде сансыз жер учаскелерiн басып алғандардан тартып алып, жерсiз қалғандарға таратып берудi қолға алғаны дұрыс едi деп ойлаймын.
— Онда бұл қаулыны Үкiмет не үшiн қабылдады деп ойлайсыз?
— Халықты алдандыру үшiн жасалған уақытша шара болуы мүмкiн.
— Саясатта жүргенiңiзге он шақты жыл болды…
— Шын мәнiнде, бес-алты жыл ғана.
— Осы уақыт iшiнде саяси жүйеде не өзгерiс болды? Алға жылжу бар ма, керi кету бар ма?
— Менiңше, 2001 жылға дейiн саяси жүйеде белгiлi бiр жағдайда алға жылжу болды. Ал одан кейiн еш өзгерiс жоқ.
— Ешқандай iлгерулеудi көрiп отырған жоқсыз ба?
— Саяси жүйеде ештеңе көрiп отырған жоқпын.
Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА