Мұқағали МАҚАТАЕВ: АҚЫННЫҢ ҰЯСЫ – ХАЛЫҚ

Мұқағали МАҚАТАЕВ: АҚЫННЫҢ ҰЯСЫ – ХАЛЫҚ

Мұқағали МАҚАТАЕВ: АҚЫННЫҢ ҰЯСЫ – ХАЛЫҚ
ашық дереккөзі

9-ақпан – Мұқағали ақынның туған күнi. Ақиық ақынның жырын жатқа оқитын оқырман үшiн бұл күннiң жөнi басқа. Әр жылдың 9-ақпаны ғана емес, әрбiр күнi лирик ақынның жырларынсыз өтпейтiн жырсүйер қауым үшiн ерекше болатын да жөнi бар. Әсiресе, бұл күнi оңтүстiк астана жұртшылығы Желтоқсан көшесi мен Мақатаев көшелерiнiң қиылысындағы ақын ескерткiшiне гүл шоқтарын қойып, жастар өз беттерiнше поэзия кешiн жасайды. Жыл сайын бұл күнi Алатаудың төрiндегi кең сарайда "Менiң бүгiн туған күнiм" атты сазды кешi өтедi. Бiзде осыған орай:

"Көрер едiң,

Шаламын ба, отпын ба?

Бiлер едiң,

Ақынмын ба, жоқпын ба?..

Кектендiрген хан Жәңгiр де жоқ мұнда,

Кектенетiн Махамбет те жоқ мұнда.

Түсiнер ең,

Езбiн бе әлде ермiн бе,

Байқар едiң,

Артықпын ба, кеммiн бе?..

Мен Спартак бола алмадым, не шара,

Сенiң өзiң Цезарь болып көрдiң бе?!

Жырым да – осы,

Алдыңда.

Байқашы бiр,

Бықсыдым ба, жандым ба?

…Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты —

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!" деп жырлаған ақиық ақынның әр жылдарда жазылған мақалаларынан үзiк-үзiк ойларын жинақтап, оқырмандарға ұсынуды жөн көрдiк.

…Поэзия – азабы мол, ауыр жол. Егер ол сiздiң жүрегiңiзге бiрден ұялай қалса, одан келiп, тiлiңiзге үйiрiлсе, қапас ойдан қарғып шығуға ұмтылса, бiр сөзбен айтқанда, сiздi бiртүрлi мазасыздыққа душар етсе, ондай жыр, сiзге оп-оңай көрiнгенмен, оңайлықпен жетпегенiн түсiнсеңiз болғаны. Онда сiз сарыла сезiнiп, сарқыла ойланып, өзiнен өзi таусылған, өз жүрегiн өзi жегiдей жеген "құдiрет те, құл да, құрт та өзi" (Державин) сарсаң жанның жақынымен досысыз. Ол – ақын. Өзiңiздiң ақыныңыз. Ол да адам, көктен түспеген. Ол да өзiңiз сияқты, еткен еңбегiнiң өтуiн қалайды, рахым рахатынан татқысы келедi. Ал ақын үшiн саналы қауымның бағасынан, оның заңды талғамынан, тарауынан артық қаламақы жоқ. Сiз ақынға (егер ол ақын болса) әдiлеттi бағаңызды берiп, оны түсiнуге тиiстiсiз, ақынды алақанға салып аяламай-ақ қойыңыз. Ақын деген – Сiздiң өзiңiз. Сiздiң көңiлiңiздiң қуанышы мен көзiңiздiң жасы. Ол сiз болып күлiп, сiз болып жылағысы келедi. Ол сiз болып күйiнген сәттерiнде, сiзден пана iздейдi, мұңын сiзге шағады. Сiз қабылдарсыз, қабылдамассыз, ұнатарсыз, ұнатпассыз, алайда оның сiзсiз күнi қараң. Өзiңiз болғандықтан да, өзiңiзге өзiңiз iздеп тауып, түсiнiп,түсiнгенiңiзге қарай билiк құруға қақыңыз бар.

* * *

Ұшқан құс ұясын iздейдi. Ал ақынның ұясы – халық. Өзге туралы ма, өзi туралы ма, тiптен өмiрде бар ненi болса да жырға арқау етерiнде, ақын құбыласын халыққа қарап түзейдi. Бұл – оның еркiмен де, еркiнен тыс та жасалып жататын шарт. Ақынның жекеменшiк қазынасы жоқ. Оның үнi мен тiлi, поэзияға керек қару-жарағы, барлығы – халықтiкi.

* * *

Мыңғырған мың жылқының арасында жалғыз жирен құлынның ғана мойнында әдемi, құйттай жез қоңырауы бар едi. Оның сыңғыры сұмдық тұнықтұғын. Жылқылар жайылғанда да, жусағанда да, күндiз де, түнде де сол жез қоңыраудың үнi бiрде о жерден, бiрде бұ жерден дыбыс берiп қояр едi, бiр түрлi рахат, бiр түрлi сүйкiмдi естiлетiн. Жылқы жусап жатса, анда санда бiр ғана сыңғыр етiп, "тыныштық, қорықпа!" дегендей, ал қайсыбiр мазасыз түнде жылқы үрке қалса, жез қоңырау толассыз шырылдап беретiн. Көзге түртсе белгiсiз түнекте табыннан адасып қалсақ, әлдеқайда алыстан үздiгiп естiлген жез қоңыраудың үнiн бағытқа алып, үйiр-үйiр жылқымызды жинап алатын едiк. Жез қоңыраудың қасиетi солай едi.

* * *

Барлық болмыс жаратылысымен, тiптен адам санасына сия бермейтiн сан қилы құбылыстарымен, қысқасы өркендеу өсуiмен қосып дәуiрден дәуiрдi, ғасырдан ғасырды "кезекпенен елiтiп, баяғыдай көрiнтiп" жатқан ұлы бiр құбылыс бар. Ол – өмiр. Демек, өмiрдiң аты – өмiр. Қуаныш қайғысымен де, керемет құдiретiмен де, тiптен күйкi тiрлiгiмен де – өмiр.

* * *

Адам бар жерде поэзия бар. Табиғаттың таңғажайып құбылыстарын алдымен сезiнiп, алдымен ләззаттанып, алдымен жеркенетiн де сол адам десек, ендеше поэзияның бүкiл болмысының өзi сол адамның ақыл-парасаты мен сезiм түйсiгiнен жаралған. Демек, адамның қатынасуынсыз поэзия жоқ. Барлық табиғатымен өмiрдiң өзi тұнып тұрған поэзия деймiз, алайда сол өмiрдi, сол керемет табиғатты көретiн көз, танитын талант, сезетiн сезiм керек. Әрине, есi дұрыс, басы жұмыр пенденiң бәрiнде де сезiм бар, сезiнбеуi мүмкiн емес. Себебi: қуанады, күйiнедi, шаттанады, мұңаяды дегендей. Алайда сезiну бар да, сезiмiн сезiмдерге айтып жеткiзу, мойындату да бар ғой.

* * *

Бiз бүкiл әлем әдебиетi тарихынан бұрын да, бүгiнде поэзияның өзiн классификациялап, ақындарды да сан түрлi сарапқа сап, «эпик» деп, «лирик» деп бөлетiндiгiн бiлемiз. Ол дұрыс та шығар, бiрақ та бәлендi "махаббат жыршысы", түгендi "табиғат жыршысы", тағы бiреудi "адамгершiлiк жыршысы", тiптi ақырында "оптимист", "пессимист" деп атаудың өзi қалай болар екен?.. Бұлай болған жағдайда, Пушкиндер мен Абайларды қайсы класқа, қандай партаға отырғызудың өзi қиынға түспес пе екен? Дұрыс түсiнерсiздер деп ойлаймын, әрине, Пушкиндер мен Абайлар алатын орнын алған, халықтан алған, бiздiң қамқорлығымызға онша зәру емес олар. Айтайын дегенiмiз, бiз бас қатырып жүрген оптимизм де, кездесе қалсақ, айналып, орағытып өтуiмiзге тура келетiн әлгi пессимизмi құрғырдың сезiм түрткiлерлiк сиқыры да екеуiне бiрдей қызмет етпедi ме? Қуаныш пен шаттық, қайғы мен мұңға екеуi де қайрылмай кете алмаған ғой?! Адам сезiмiнiң зерттеушiсi бола тұра жалпы жұмыр басты пенделерге ортақ күйiнiш сүйiнiштi айтпай ақын қайтiп тұра алмақ?! Қуанар сәтте жыласа, күйiнер сәтте қуанса, мұның өзi сұрқайылық емес пе?! Бұл сәтте Пушкин:

"Я слезы лью, мне слезы утешенье,

И я молчу, неслышен ропот мой,

Моя душа, обьятая тоской,

В ней горькое находит наслажденье", – десе, Абай: "Көзiме жас бер, жылайын,.." – деген едi. Екеуiнiң де жүрген ортасы мен сүрген дәуренi, әрине, бiздiкiнен бөлек, келмеске кеткен. Дегенмен де өмiр бар жерде күрес бар, күрес бар жерде адам бар; ал адам бар жерде қуаныш та, қайғы да бар. Осыған қарағанда, ақынның я шаттықтың желқайығына отырып, я уайымның тұңғиығына түсуiне шамасы келе қояр ма екен?!

* * *

Әсiре қызылсыз, жалған мұңсыз, бiр емес, бiрнеше ғашық болусыз, таза махаббатқа деген таза сезiмдер көптеп жазылса, әрине, әдебиетке келер зияны жоқ та шығар, алайда жорықсыз көбейiп кетуiнiң пайдасы да шамалы. Махаббат – сезiне бiлген саналы жанға, адам ғұмырының ең биiк парасатының бiрi. Демек, биiк парасат тек биiк парасатқа бағышталуы керек. Дантенiң Беатричеге деген махаббаты, Блоктың "Керемет келiншекке" деген махаббаты – осының айғағы.

* * *

Осыдан бiраз жыл бұрын жас поэзиямызда ылғи бiр "тұлпар мiнiп, ту ұстаған" немесе бәйге шауып, даланың шаңын шаңына қосқан қара балалар қаптап кетiп, ұран шақыра келгенi әлi де көз алдымызда. Оларды әлi де ес тоқтатып жiгiт болды деу қиын. Жас адамға тән жастықтың романтикасына тыйым салып болмайды, тұяғымен тартқан көкпар, шапқан бәйгеден ғана iздеу – кенделiк.

* * *

Күрескесiн қалайда жеңу керек. Болмаса күреспеу керек! Жеңiлу деген – өлген деген сөз, түсiнесiң бе?! Өлгенге жоқтау айтқан реквиемнен, тiрiге тiлек бiлдiрген салтанатты патриоттық оратория әлдеқайда жоғары..

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА