Жаңалықтар

КРЕМЛЬДIҢ КӨҢIЛI ТОҚ

ашық дереккөзі

КРЕМЛЬДIҢ КӨҢIЛI ТОҚ

"Саяси науқанға сайлаушылардың 60 пайызы қатысады" деп сенiп отырған Кремль "бiз еуропалық отбасының құрамындамыз" дейдi. Бұл сөздiң астарында әлемдiк нарықтағы мұнай мен газын бұлдап, өркөкiректiкке жиi ұрынатын орыс билiгiнiң өзiмшiл Батысқа деген өкпесi жатса керек.

ОРЫСТАР ГРУЗИНДЕРДI ШАҚЫРҒАН ЖОҚ

Ресейде үстiмiздегi жылдың 2 наурызында өткiзiлетiн президенттiк сайлауға дайындық қызу жүруде. Апта басында РФ ОСК төрағасы Владимир Чуров сайлауға қатысатын үмiткерлердi ресми түрде тiркеу аяқталғанын мәлiмдедi. 2004 жылғы президенттiк және 2007 жылғы парламенттiк сайлауға қарағанда бұл жолы бақылаушылардың қызығушылығы артқан көрiнедi. Осы аптадағы деректер бойынша, 52 ресейлiк БАҚ-тан 975 журналист, сондай-ақ, 331 шетелдiк тiлшi ресми түрде тiркелген. Дауыс беру процесiнiң алғашқы қорытындылары 2 наурыз күнi сағат 21-де шығарылады. Чуровтың мәлiмдеуiнше, қазiргi кезде 86 аймақтық, аумақтық және жергiлiктi сайлау комиссиялары жұмыс жасауда. Думалық сайлауға қарағанда, президенттiк сайлауда сайлау учаскелерiнiң саны 500-ге арттырылмақ. Шет мемлекеттердегi 142-ге жеткен сайлау учаскелерi 2 наурызға дейiн тағы көбейтiледi. Оңтүстiк Осетия мен Абхазиядағы сайлау учаскелерi ресейлiк мекемелер орналасқан ғимараттардан ашылмақ. Чуров "ОСК тарапынан ЕҚЫҰ, ДҚАҚБ (Демократиялық құрылымдар мен адам құқығы жөнiндегi бюро), Еуропалық Кеңестiк Парламенттiк ассамблеясы, ТМД, ШЫҰ мен Ұлыбритания, ФРГ, Франция, АҚШ, Жапония мен басқа да елдердегi сайлау жүйесiне қатысы бар ұйымдардың барлығы дерлiк шақырту алады" деп сендiрдi. Алдын ала болжамдар бойынша, сайлауды 400-ге жуық халықаралық бақылаушылар қадағалайтын болады. Саяси науқан алдындағы қарбаластың алғашқы наразылықтары апта басында байқалды. Мәскеу ЕҚЫҰ бақылаушыларына Ресейге келуге 28 ақпанда рұқсат берген едi. Бiрақ халықаралық бақылаушылар "Еркiн әрi нәтижелi еңбек ету үшiн осы аптадан бастап жұмысқа кiрiсуiмiз керек" дейдi. Оның үстiне, Ресейдiң қадағалаушылар санын 70-ке дейiн қысқартуы ұйым мүшелерiне жасалған кедергi ретiнде бағалануда. Былтыр Думадағы сайлауды бақылауға ЕҚЫҰ тарапынан 387 адам қатысқан болатын. 2007 жылғы парламенттiк сайлауға мониторинг жүргiзуден бас тартқан ЕҚЫҰ өкiлдерi бас тарту себептерiн ресейлiк билiктiң кедергi жасауымен байланыстырған.

Айтпақшы, Саакашвили билiк басына келгелi берi араларында "қара мысық" жүгiрiп өткен Грузия мен Ресей жуық арада татуласуға асықпайтын сыңайлы. Күнi кеше президенттiкке қайта сайланған грузиндiк басшы Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға тырысатынын айтқан. Алайда наурыздағы сайлауға орыстар грузиндердi шақырған жоқ. Оның себебiн Чуров "грузиндердiң парламенттiк сайлауға дайындықпен мұрындарынан шаншылып жатқандығымен" түсiндiрдi. Ресейлiк ОСК бақылаушыларға ешқандай шектеулер қойылмайтындығын айтса да, ЕҚЫҰ бақылаушылардың дайындығына уақыт тапшы екендiгiн айтады. Былтыр 2 желтоқсандағы Дума сайлауына ЕҚЫҰ ДҚАҚБ өкiлдерi қатысудан бас тартқан болатын. Арадағы тартысқа РФ ОСК тарапынан қойылған талаптардың орындалуы мүмкiн еместiгi себеп болғанын көлденең тартқан. Өзiне тағылған кiнәнi жоққа шығарған Кремль "ДҚАҚБ өз мiндетiн орындаудан бас тартты" деп мәлiмдедi. Алдағы саяси науқанның заңға қайшы келмеуiне еуропалықтардың барлығы дерлiк алаңдап отыр. Бұған дейiн Еуропалық Кеңестегi Парламенттiк ассамблея өкiлi Люк Ван ден Бранде сайлауалды кампанияда саяси бәсекелестердiң барлығына бiрдей жағдай жасалуы керектiгiн айтқан. Осыған орай, ЕКПА-ның жаңа басшысы Луис Мария де Пуч халықаралық ақпарат құралдарынан мәлiмдеме жасады: "Ресейдегi президенттiк сайлау әдiл өтедi деп, ЕКПА бақылаушылары дауыс беру процесiне қатысты айтылған қортындылары жағымды болады деп үмiттенемiн". Апта басында ОСК өкiлдерi үмiткер Зюгановтың үстiнен шағым айтқан жеделхат кеп түсуiне байланысты тексеру жұмыстарын жүргiзетiнiн мәлiмдедi. Хатта коммунистер көсемiнiң сенiмдi өкiлiнiң бiр телеарнадағы жарнамалық уақытты тегiн пайдаланғаны айтылыпты. Ресми деректерге сүйенсек, Зюгановтың саяси додадан шеттетiлуi мүмкiн деген қауiп бұған дейiн бiрнеше рет айтылыпты. Бұған дейiн коммунистер көсемдерiнiң сайлаудан бас тартуына қатысты айтылған сөздi қауесет деп жоққа шығарған едi. Айтпақшы, үмiткерлердiң өздерi мен әйелдерiне тиесiлi кiрiстерге байланысты да наразылықтар туындауда. Жуырда Жириновский, Зюганов пен Ресейдiң Демократиялық партиясының жетекшiсi әрi сайлауда үмiткер Андрей Богдановтардың кiрiсi туралы БАҚ-та деректер жарияланған болатын. ОСК коммунистердiң көшбасшысы "Ғасыр меценаттары" қорынан алған 17 мың 84 рубль көлемiндегi қаржылай сыйлықты жасырып қалды деп айыптады. Бiрақ Зюганов ешқандай ақша алмағанын айтып ақталуда.

КАСЬЯНОВ. ПУТИН. БЕРЕЗОВСКИЙ

РФ Орталық сайлау комиссиясы "Ұлттық-демократиялық одақтың" көсемi, экс-премьер Касьяновтың кандидатурасын бекiткен жоқ. Кезiнде билiк эшелонында қызмет еткен, бүгiнде қара басына сауға сұрап, шекара асқан Касьянов Ресейдегi әдiлетсiз сайлауларға, авторитарлық билiкке, тоталитарлық жүйеге деген наразылығын халықаралық БАҚ арқылы айтудан тынбай келедi. ОСК шешiмiн ести сала, ол өзiн қолдағандар мен жақтастарын дауыс беру процесiне қатыспауға үндедi. Ресми құжатта экс-премьердiң өтiнiшiн қанағаттандырмау себебiн ОСК оның қол жинауға қатысты талапты орындай алмауымен түсiндiредi (қойылған қолдың 15,57 пайызы жалған көрiнедi). Жалпы Ресейдегi демократиялық ахуалды сынға алмайтындар кемде-кем. Бүгiнде беделдi де сөзi өтiмдi губернаторларды халық сайламайды, Кремль тағайындайды. Ал, Абрамович секiлдi байлар Березовский мен Ходорковскийлардың кебiн кимес үшiн Мәскеудiң айтқанына көнуге мәжбүр. Сондықтан Патша заманында да, коммунистiк кезеңде де демократияға шөлiркеген орыстар елi КСРО құлағаннан кейiн де азаттыққа, еркiндiк пен бостандыққа қол жеткiзе алған жоқ. Бүгiнде бұқаралық ақпарат құралдарының көпшiлiгi, әсiресе, электрондық ақпарт құралдарының 90 пайыздан астамы Кремльдiң уысында. Баспасөз билiктi ашық сынауға дәрменсiз. Тәуелсiз де өткiр журналистердiң қаншамасы "қапияда" көз жұмды. Жаңадан құрылған БАҚ ВВП мен оның командасына дауысын көтерiп сөйлеуге жасқанады. Ельцин билеген тұста оппозицияның мiнберiнде болған Мемлекеттiк Дума қазiр Кремльдiң қолшоқпарына айналған. Бiрақ орыстар сонда да Путиндi жақсы көредi. Өйткенi, Борис Ельциннiң ел басқару қабiлетiнiң төмендiгi кесiрiнен 1998 жылы ресейлiк экономика күрт құлдырап, рубль бұрын-соңды болмаған деңгейде құнсызданды, елдiң тiрнектеп жиған қаражаты желге ұшты, қаржы тапшылығының салдарынан мемлекеттiң әскери күшiнiң қауқары қайтып, әскери флот шiри бастаған тұста Путиннiң президенттiкке сайлануы ел көңiлiне үмiт отын жаққан. Кремльге енiсiмен, Путин билiк божысын түбегейлi өз қолына алды. Оның мұнай мен газ қорын пайдалана отырып, елдiң әл-ауқатын жақсартуға ден қоюы, әсiресе, әлемдiк саясатқа ықпал етуге ұмтылуы орыстардың қанында бар "империялық ауруды" қайта қоздырды. Егер Путин Конституцияға өзгерiстер енгiзу арқылы президенттiк тақта үшiншi кезеңге қайта қалғанда, орыстардың көпшiлiгi сөзсiз құптар едi. Алайда, ВВП Медведевтi тақ мұрагерi ретiнде ұсынды, былтырғы парламенттiк сайлауда үгiт-насихат жұмыстарын белсендi жүргiзiп, кремльдiк "Единая Россияға" тиесiлi партиялық тiзiмiнiң басында өзi тұрды. Сондықтан наурыздағы саяси додада коммунистер көсемi Зюганов пен либералдардың жетекшiсi Жириновскийге қарағанда, Путин "қамқорлығындағы" Медведевтiң бабы келiсiп, бағы жануы әбден мүмкiн. Бiрақ қазiргi президенттiң қарсыластары Касьяновтың саяси науқаннан шеттетiлуiн Путиннiң ашық та әдiл күрес пен бәсекелестiктен қорқатын осалдығынан көруде. Ал кейбiр сарапшылар керiсiнше, "Экс-премьер сайлауда жеңiлiп қалатынын бiлiп, әдейi байбаламмен саяси ұпай жинауға көштi" дейдi. Путиннiң келешектегi мансабы мен лауазымына қатысты айтылатын болжамдар да сан-алуан. Мысалы, "мемлекеттiк меншiктегi "Газпромды" халықаралық деңгейге көтерiп, кейiн компанияны өзi басқарады" десе, ендi бiреулер: "Медведев президент болғанмен, Путин премьерлiкке сайланады. Сөйтiп, бар билiк Министрлер кабинетiнiң қолына көшедi, ұзақмерзiмдiк саяси реформаларды жүргiзген Путин 4 жылдан кейiн Кремль қожайыны ретiнде президенттiкке қайта келедi" дейдi. Алайда, бұл пiкiрге үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытатындар саны басым: "Путиннiң 45 миллиард доллар жинаған қаржысы бар. Қалған ғұмырын президенттiкпен немесе премьерлiкпен өткiзiп қор қылмайды, жеке кәсiпкерлiкпен айналысуға бет бұрады". Яғни, отбасын асырауға кәсiпкерлiкпен ақша табады, спортпен шұғылданады, қыдырады, балық аулайды, қысқасы, қарапайым пенденiң өмiрiне қайта оралады. Айтпақшы, кезiнде Путиннiң билiк басына келуiне көмектескендердiң бiрi — Березовский "олигархтарға жасаған шабуылдардан" кейiн саяси баспананы Лондоннан тапқан. "Кiсi өлiмi, алаяқтық, халық қазынасын талан-таражға салу, жемқорлық" сияқты басқа да айыптар тағылса да, өзiнiң кiнәсiз екендiгiн айтқан ол, орыстар жерiнде демократия орнатуды көксеп жүрген көрiнедi. Ағылшындар жерiнде жатып алып, путиндiк режимдi сынаудан ол не жалыққан, не шаршаған емес. Осыдан бiраз уақыт бұрын РФ-дағы билiктi төңкерiстiк жолмен күштеп тартып алуға дайындалып жатқанын айтқан болатын. Шетелдiк БАҚ арқылы, әрине. "Путин Конституцияны өзгерту арқылы президенттiкке үшiншi рет сайланбауы үшiн 100 миллион доллар жұмсағаны және келешекте оппозицияға қолдау ретiнде 100 миллиард жұмсауды жоспарлап отырғаны" тағы бар. Ресей мен Украинадағы оппозициялық күштердi қаржыландыратын Березовский: "Алдағы президенттiк сайлау әдiлетсiздiктер мен заң бұзушылықтарға толы болады" деп есептейдi. Тәуелсiз сарапшылардың көпшiлiгi 100 миллион мен 100 миллиардқа қатысты әңгiменiң шындыққа жанаспайтынын айтады. Ал Кремль болса, оның "Ресейдегi төңкерiске" қатысты әр айтқан сөзiн антипутиндiк партиялар мен саясаткерлерге қарсы шебер қолдануда. Өйткенi, мемлекеттiк қауiпсiздiкке қатер төнiп тұр деген желеумен Мәскеу оппозициялық партиялардың қайдан және қалай қаржыландыратынын тексеруге, сол арқылы оларды қорқытып-үркiтуге ден қойған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ