ХАI ЖIВЕ, УКРАIНА!

ХАI ЖIВЕ, УКРАIНА!

ХАI ЖIВЕ, УКРАIНА!
ашық дереккөзі

Гетман Мазепаның күресi мен трагедиясы

"Хай живе Украина" — "Украина мәңгi жасасын!" дейтiн әуездi үш ауыз сөзден тұратын мәңгiлiк ұран Жер шарының қай қиырында жүрсе де әрбiр украиндықтың жүрегiнде. Мәңгi жадында. Жер көлемi 603 мың 700 шаршы километр болатын бұл елдiң Қазақстанға ұқсастығы соншалық көп, соның бiрi — ел территориясының үштен екi бөлiгiн шетсiз-шексiз даланың, құнарлы қара топырақты астықты алқаптардың алып жатуы.

Ең бастысы, қасиеттi Днепр жағасындағы азаттық сүйгiш әрi еркiн халық үшiн ұлтшылдық бiздегiдей ұят емес, елдi тұтастыратын, туған Отандарын одан әрi дамытатын мәңгiлiк ұлағат. Жастарды Тәуелсiздiктiң баяндылығы жолында табандылыққа тәрбиелейтiн ұран! Еуропада жалпы ұзындығы – Едiл мен Дунайдан кейiнгi үшiншi орын алатын Днепрдi (2201 км.) қасиеттi Ана өзен санайтын жұрт қонақжай, мейiрбан, әсем сазды әндерi де әрбiр қазақтың жанына соншалық жақын. Тарихтары сандаған ғасырлардың терең қойнауынан ұлағатты сыр шертетiн қазақтар мен украиндардың тағдырларының ұқсастығы да таңдандырмай қоймайды. Екеуi де бiрнеше ғасырлар бойы қатыгез, қуатты империяның боданында тұншықты. Украинада халықтың жалпы саны 50 млн. адамнан асып жығылса, 1991 жылғы санақ бойынша солардың 73 пайызы украиндықтар, 22 пайызы орыстар болатын. Қазiр де жағдай соншалықты күрт өзгере қойды деуге болмас.

Осы уақытқа дейiн де, әсiресе кейiнгi бiрнеше жыл бойына Ресей ақпарат құралдарының сыртқы саясатта үнемi Кремльдiң сойылын соғатын елеулi бөлiгi украинофилдiктi — өздерiнiң туған халқын шынайы сүйетiн патриоттарды ұнамсыз кейiпте көрсетуге күш салатыны тегiн емес. Ресей билiгiндегiлер Тәуелсiз елдердiң өз мүдделерi, өзiндiк даму жолы бар екенiн еш мойындағысы келмейдi. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы басшысы Портер Госстың (Porter Goss): "Қырғиқабақ соғыс" әлдеқашан аяқталғанмен, бiрақ Ресей әлi өзiнiң ескi ұнамсыз әдеттерiнен айырылғысы келмейдi", — деп қынжылуының астарында терең мән бар. Путиннiң Ресейi бұрынғы КСРО-ны қалпына келтiруден, посткеңестiк елдерге айтқанын iстетiп, айдауымен жүргiзуден бiр сәт те бас тартқан жоқ. Мәселен, әлемдегi газ өндiретiн ең iрi компания — ресейлiк "Газпром" кейiнгi жылдары Украинаға көгiлдiр отын берудi бiрнеше рет тоқтатқаны мәлiм. Ресми түрде бұл екi мемлекет арасында газ жөнiнде толыққанды келiсiмшарт болмауынан деп түсiндiрiлгенiмен, турасын айтқанда, бұл Тәуелсiз Украинаны тұқыртуға, жазалауға ұмтылыс болатын. Өзiне қажеттi отын ресурстарының 80 пайызын сырттан, оның iшiнде Ресейден сатып алатын Киев үшiн бұл оңай соққы емес болғанмен бiрақ ұлттық санасы жоғары, өз iстерiнiң әдiлдiгiне сенiмдi украиндар табандылық танытты, қоқан-лоққыға бас иген жоқ. Тiзесiн бүкпей, өр қалпында, рухы мықты күйде қала бiлдi. Бiрақ осындай күрделi уақытта ресейлiк "Газпром" мен "Роснефть" компанияларының акцияларын шетелдiк инвесторлардың көптеп сатып алуға ұмтылысы iркiлгенiн айта кету керек. Мәскеу үшiн энерготасымалдаушы шикiзаттардың сыртқы саясатты жүргiзу құралына айналуы, Кремль билеушiлерiнiң бұрынғы КСРО ауқымында, тiптi, одан да тысқары жерлерде уысынан шығып кеткен ықпалын қайта қалпына келтiруге өңмендей ұмтылысы талайларды ерiксiз ойға қалдырды. Осы жағдайда әйгiлi филантроп Джордж Соростың: "Егер "Роснефть" компаниясының IПО-сы жүзеге асатын болса, онда ол Еуропа қауiпсiздiгiне елеулi нұқсан әкеледi", — деп алаңдаушылық бiлдiргенi есте.

1980 жылдардың аяғында бұрынғы КСРО-ның ауылшаруашылық өнiмдерiнiң 25 пайызын өндiрген Украина – әлi де Ресей үшiн уыстан шығып бара жатқан тәттi тоқаш.Бұйырмаған бәлiш!

Жоғарыда айтып өткенiмiздей, украиндар мен қазақтар өте ұқсас халықтар. Ұлттың басына төнген қиын-қыстау кезең, ауыр трагедияларында да ұқсастық көп.

1986 жылдың көктемiнде Чернобыльдегi атом электр станциясы жарылып, украин халқының айтарлықтай бөлiгiне қатер төнсе, бұл апатқа коммунистiк режим кiнәлi екенiне шүбә жоқ. Ал осы жылдың желтоқсанында Алматыда қазақ жастарының көтерiлiсiн Мәскеу бақайшағына дейiн қаруланған әскерлердiң көмегiмен қанға бөктiрiп басты. Оның үстiне осы уақытқа дейiн екi халықтың да — украиндар мен қазақтардың тарихы орасан зор бұрмалауға ұшырап келдi. Билiк үшiн ұлт мүддесiн сатқандар дәрiптелiп, Ресей отарлауына қарсы болғандар "сатқын" ретiнде бағаланды.

Ресейлiк ғалымдардың басым бөлiгi, ресми тарихшылар Ресей тарихын ежелгi Киев Русьiмен тiкелей сабақтастырса да, мұның өзi украиндардың Мәскеу езгiсiнде болғысы келмейтiндiгiне еш тосқауыл болып көрген емес. Тiптi, 1654 жылы 7 қаңтарда Мәскеу патшасы Алексей Михайлович қатаң тапсырмамен жұмсаған В.В.Бутурлин Переяславльдегi сарайда гетман Богдан Хмельницкий мен әскери хатшы (войсковой писарь) Иван Выговскийдi қабылдаған. Әлгi екеуi айтқан сөздер сол кезеңдегi ресми құжатта: "Милость де Божия над нами, якоже древле при великом князе Владимире, также и ныне сродник их, велики государь царь и великий князь Алексей Михайлович всея Руси самодержец, призрил на свою государеву отчину Киев и на всю Малую Русь Милостью своею; яко орел покрывает гнездо свое, так и он государь изволил нас принять под свою царского величества высокую руку; а Киев и вся Малая Русь вечное их государского величества; а мы де все великому государю, его царскому величеству, служить и прямить во всем душами своими и головы свои за его государское многодетное здоровье складывать", — деп жазылған. Бұл жылдар Украина анталаған жат жұрттық басқыншылардың қыспағында қалған қиын кезең болатын. Осы жағдай туралы украин тарихшылары бұған дейiн талай дауласқан, әлi де пiкiр таластыра беретiнi сөзсiз. Қалай дегенде де, небары екi адамның тұтас халықты, мемлекеттi басқа бiр мемлекеттiң боданы, отары етуi санаға сыймайды. Және Переяславльдегi оқиғаны тек орыс тарихшыларының көбi "тарихи құжат, бауырлас екi елдiң бiрiгуi" деп бағалауы да күмән туғызбай тұра алмаса керек.

Осыған ұқсас трагедия арада 77 жыл өткенде, 1731 жылы қазақ халқының басынан да өткенi мәлiм. Орыс патшайымына бодан болуға ант бергендер тұтас қазақ халқының аз ғана бөлiгi болатын. Ең таңданарлығы сол, келiсiмшарттарда сыртқы жаулардан қорғауға уағда берген Ресей бұдан кейiн украиндарды да, қазақтарды да сыртқы жаулардан қорғауды ойына да алып көрген емес. 1723 жылғы "Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада" 2 млн-ға жуық адамынан айырылған қазақтар жоңғарларды бiржола талқандау үшiн жарты ғасырдан артық күрес жүргiздi және орасан зор құрбандықтар нәтижесiнде өз күшiмен толықтай әрi түбегейлi жеңiске жеттi. Ресей патшасы әу баста уәде етiлгендей, қазақтарды қорғау немесе оларға көмектесу орнына, қайта сыртқы жауларды: Едiл қалмақтарын, башқұрттарды, орыс-казактардың салт атты қарақшыларын қазақ жерiне шабуыл жасауға итермелеп отырды. Ал украин халқының жағдайы одан да мүшкiл болғаны тарихи шындық. Олар поляк шляхтасы, Қырым ноғайларының дүркiн-дүркiн шабуылынан бiр сәт те өздерiн қауiпсiз сезiне алған жоқ. Әсiресе, бұл аянышты жағдай Петр I мен швед королi Карл ХII тұсында 1700-1721 жылдары жүргiзiлген Солтүстiк соғыс жылдарында айқын аңғарылды. Осы соғыстың жалыны үдеп, мейлiнше күшейген уақытында әскери қимылдар түбегейлi украин жерiнде жүргiзiле бастады. Бiр жағынан швед әскерлерi Украинаның гүл жайнаған жерiн ойрандап, астықты танаптарын таптап, бейбiт халықтың зығырын қайнатса, орыс империясының әскерлерi — "москальдардың" жауыздығы да шектен шықты. Қазiргi Чернигов облысының Бахмач ауданындағы Батурин елдiмекенiнде "Батурин трагедиясы" орын алды, ал 1709 жылы қазiргi Днепропетровск облысының Никополь ауданында ғасырлар бойы украин халқының бостандығы мен азаттығының кепiлi болып, елдiң еркiндiгiн ұрпақтан-ұрпаққа дейiн қандарымен қорғап келген Запорожье Сечесiнiң казактары қанды қырғынға ұшыратылды. Осыдан былай украиндар еркiндiгi туралы сөз айтудың өзi қиын бола түстi, елдiң мойнына құлдық қамыты бiржола кигiзiле бастады. Мiне, осындай күрделi кезеңде тарих сахнасына гетман Иван Мазепа және оның жақтастары шыққан болатын. Олар екiжүздi, уәдеде тұрмайтын "москальдармен" емес, швед және поляктармен одақ құруға күш салды. Иван Мазепа өзiнiң Карл ХII және Польша королi Станислав Лещинскиймен одағы Украинаға мәңгiлiк азаттық алып келетiнiне күмәнсiз сенгенi рас. Өкiнiшке қарай, өз отанынан қолдау алудан күдерiн үзген, Швециядан жырақтап кеткендерiне ондаған жылдар өткен аз санды швед әскерлерi Полтава түбiндегi шешушi шайқаста қарақұрымдай қаптаған орыс әскерлерiнен жеңiлiс тапты. Иә, мұның бәрi тарих оқулығында жазылған жайттар десек те, бұл трагедияның соңғы актiсi одан әрмен аянышты едi. Отарлаушы империя — Ресейдiң ресми тарихшылары Украина тарихын түбегейлi бұрмалап жазып, ол ол ма, коммунистiк режим тұсында әлемнiң алтыдан бiр бөлiгiн мекендеген миллиондаған адамдар гетман Иван Мазепаның "сатқын" екенiне еш шүбәсiз сендi. Тiптi, жалған тарихшыларға сенген А.С.Пушкиннiң өзi Мазепаны масқаралап поэма жазғаны мәлiм. Турасын айтсақ, бұл – Мазепаның трагедиясы емес, жалған идеологияның бейкүнә құрбандары болған, саналары өтiрiкпен уланған миллиондардың трагедиясы едi. Жартылай шындық қашанда қорқынышты! Тарихи шындық соңғы жылдары ғана қалпына келтiрiле бастады және өткен жылдың соңына таман Украина президентi Виктор Ющенко № 955 2007 Жарлығын жариялады. Онда: "Украина гетманы Иван Мазепаның әскери-саяси әрекеттерiнiң және 1700-1721 жылдардағы Солтүстiк соғыс жылдарында украин-швед одағы жасалуының 300 жылдығына байланысты әрi бұл оқиғалардың украиндық мемлекет қалыптастырудың көпғасырлық тарихындағы орны мен жұртшылықтың инициативасын ескере отырып, бұйырамын…" делiнген.

2008-2009 жылдары Украинада гетман Иван Мазепа мен iзбасарларын мәңгi есте қалдыру үшiн орасан зор жұмыстар атқарылып, ескерткiштер орнатылмақ; көрмелер ұйымдастырылып, деректi және көркем фильмдер түсiрiлмекшi; пошта маркалары мен конверттер шығарылмақ. Ең бастысы, Швеция Королдiгiнде гетман Мазепаның және оның жақтастарының монументiн орнатудың мүмкiндiктерi қарастырылуда.

Есесiне, Ресей шовинистерi мен ұлы империяшылдар Мазепаның есiмiн қайта тiрiлтiп, тарихи шындықты қалпына келтiруге түбегейлi қарсы. Олар Ресейдiң империялық мүдделерiне қарсы болғандардың бәрiн жек көредi, өлтiре жамандайды. Жұрт санасында жағымсыз бейнесiн қалыптастыруға қашаннан құмбыл.

Осы тұста, украиндардан үйренер үлгiмiз көп-ақ. Өкiнiшке қарай, Ресей патшасына қарсы он жылдай жан алысып, жан берiсiп күрескен өзiмiздiң Кенесары Қасымов және оның жақтастарының өрен ерлiгiн елiмiзде осылай насихаттай алмай жүргенiмiз бiздiң аянышты жағдайымызды әйгiлейдi. Ол ол ма, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң 90 жылдығын 2006 жылы жөндеп атап та өткен жоқпыз. Ресейге жалтақтамаймыз, орыстарға құлдық ұрамыз.

Өткен жылдың қараша айында Украина Жоғарғы Радасының депутаттары 1932-1933 жылдардағы аштықты украин халқына қарсы геноцид актiсi деп мойындағаны есте.

Украина президетi Виктор Ющенко коммунистер аштықты қолдан ұйымдастырып, украин және қазақ халықтарын әдейi қырды дегендi Тәуелсiз мемлекет басшыларының арасында бiрiншi боп айтты. Ол, сондай-ақ, саясаткерлердi осы аштықтың қолдан ұйымдастырылғаны жөнiнде толықтай мойындауға шақырды және оны геноцид ретiнде мойындау жөнiнде пiкiрталасқа түсуден сақатандырды.

1931 жылы күзде ВКП (б) Орталық Комитетiнiң құпия мәжiлiсiнде Украинада бiр килограмм нан, бiр вагон да астық қалдырмау жөнiнде қорқынышты қаулы қабылданғаны тарихи шындық. Бұл қорқынышты қаулының жаңғырығы Қазақстанға да жеттi. Мiне, осы сұрапыл аштықта 8-10 млн. украиндық опат болса, қазақ халқының тең жартысы аштықтан қырылды. Аштық жылдарында Украинада күнiне 33 мыңнан астам адам өлген. Қазiр әр жыл сайын 26 қарашада Киевтiң қайғы және мұңға батқан алаңдары мен көшелерiнде отыз үш мың қайғылы шырақ жағылады. 2003 жылы Украинада осынау сұрапыл аштықтың 70 жылдығы кең аталып өттi. Ал бiзде ше?!.

Бiзде баяғыдай өлi үнсiздiк. Тiптi, биыл "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның" 285 жылдығын да жөндеп атап өтпейтiн сияқтымыз. Экономикамыздағы өткiншi жетiстiктермен ғана емес, ел тарихындағы ауыр трагедияларды ұмытпау арқылы тәрбиеленбеген адамдардың санасы жартыкеш, өзi жалтақ болатыны ежелден мәлiм. Өткенiн ұлықтай алмаған ұлттың бодандықтан бiржола құтылуы да мүмкiн емес.

Жаңабек ШАҒАТАЙ