Жаңалықтар

«ҚАЗАҚМЫС» МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ БЕТ БҰРДЫ

ашық дереккөзі

«ҚАЗАҚМЫС» МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ БЕТ БҰРДЫ

"Қазақмыс" корпорациясы мемлекеттiк тiлдiң төрге озуы үшiн аянып жатқан жоқ. Бұған дейiн "Тiлашар" оқулығының бейнекешенi, "Жарнама мәтiндерiнiң орысша-қазақша үлгiлерi" атты тiл құралы жарық көрсе, жақында "Мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу" деп аталатын әлеуметтiк маңызы бар ауқымды жобаның тұсауы кесiлдi. Қуаныштысы да сол, өз кеңсесiнде iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде емiн-еркiн жүргiзушiлер үшiн кiтабы да басылып, жарық көрдi. Бұл қазақ тiлiнде құжат толтыратындар үшiн оңай жол.

Елiмiздiң iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге байланысты мемлекеттiк бағдарлама қабылдағаны жалпақ жұртқа мәлiм. Алайда, бұл шараны iс жүзiне асыруға түбегейлi кiрiсе қойған мекеме некен-саяқ. Ал, "Қазақмыстың" қолға алған бастамасы осы мәселенi шешуге бiртабан жақындататын сияқты. Бұл — қазақ және орыс тiлдерiндегi нұсқалары бiрге берiлген кiтап пен оның компьютерлiк бағдарламасы.

Игi бастаманың бiр айшығы — "Мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу" атты кiтапқа мемлекеттiк мекемелерде жиi қолданысқа ұшырайтын iс-қағаз құжаттарының екi тiлде, қазақ және орыс тiлiндегi үлгiлерi, iс-қағаздарында жиi кездесетiн сөздер мен сөз тiркестерiнiң қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздiгi берiлген. Керек десеңiз, екi тiлдегi үлгiсi қатар берiлiп, электронды нұсқасында бiр файлға байланыстыра орналасқандықтан да сөздер мен мәтiн жолдарын өзгертiп, тiптi, ауыстырып қолдануға әбден болады екен.

"Қазақмыс" компаниясының Жұртшылықпен байланыс департаментiнiң директоры Нұрлан Махмудов: "Жасыратыны жоқ, iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзушiлер үлкен қиындыққа бой ұрады. Осы мәселеге септiгiн тигiзгiсi келген "Қазақмыс" өткен жылы "Мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу" әлеуметтiк жобасын қолға алуға бел буған. Нәтижесiнде мемлекеттiк тiлде iс жүргiзушiлерге арналған тiл құралы мен СД дискiдегi нұсқасы дайындалды" дейдi. Бiр айта кетерлiгi, мұндағы "Робот" бағдарламасы бәрiн өзi реттеп, өзi жинақтайтын көрiнедi. Сол сияқты оқулықты компьютерсiз, ал дискiнi компьютер арқылы еркiн пайдалана аласыз. Компьютерлiк бағдарламаның мүмкiндiгi арқылы құжат жасаудың екiтiлдiлiк технологиясын тiзуге, құжаттың түрлерi және категориясына қарап топтастыруға, арнайы программистiң көмегiнсiз құжат базасын дамытып, кеңейтуге қол жеткiзе аласыз. "Мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу" атты кiтаптың компьютерлiк бағдарламасын дайындаушы Қазыбек Шайх мырзаның айтуынша, бұл негiзiнен бiр-екi жылда дайындалатын бағдарлама. Десе де, күндiз-түнi тер төгiп, еңбек еткен ол "Жобаны бар-жоғы екi айдың iшiнде жасап шықтық. Егер қазақ тiлiнiң кейбiр қарiптерiн түсiру қиыншылығына тап болмасақ, бәлкiм тұсаукесерiн бұдан да ертерек өткiзген болар ма едiк" дейдi.

Компанияның демеушiлiгiмен әрi тапсырысымен тiл құралы мен бағдарламаның әзiрге 1000 данасы жарық көрдi. Оның бiршамасы Алматы қаласының жергiлiктi атқарушы мекемелерiне тегiн таратылса, тағы бiр бөлiгi елiмiздiң аумағындағы iрiлi-ұсақ компанияларға табыс етiледi деп күтiлуде. Қысқасы, "Қазақмыс" корпорациясының мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейту мақсатында қолға алып жатқан шаруасы көп. Және мұнымен тоқтап қалмақ емес. "Мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi тамырын кеңге жаю үшiн алда әлi талай жөн-жоба бар. Бiрақ бұл сiздер үшiн уақытша құпия. Бәрiне сол кезде куә боласыздар" — дейдi, Жұртшылықпен байланыс департаментiнiң директоры Н. Махмудов.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ