Жаңалықтар

АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫ КIМНIҢ ҚОЛЫНДА? ӘЗIРГЕ БҰЛ ЖАҒЫ ҚҰПИЯ

ашық дереккөзі

АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫ КIМНIҢ ҚОЛЫНДА? ӘЗIРГЕ БҰЛ ЖАҒЫ ҚҰПИЯ

Мемлекеттiгi мығым елдердiң ұстанған бiр саясаты бар: ол кез-келген мемлекеттiң байланыс торабы, әуе және темiр жолы, энергетикалық құндылықтары мемлекет меншiгiнде болуы тиiс. Өйткенi, бұлардың барлығы стратегиялық маңызы бар объектiлер. Жекешелендiру кезiнде елiмiздiң байлығы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеттi.

Мемлекеттiк стратегиялық маңызы бар делiнген энергетика да, әуе және темiр жол тасымалы да, байланыс саласы да жекеменшiктiң қолына өтiп кеттi. Құдай бетiн аулақ қылсын, егер алда-жалда ел басына күн туатын болса, жау аталған объектiлердi қолды етуге ұмтылады екен. Бәлкiм есiне бiрдеңе түстi ме, жоқ әлде мемлекеттiң ұлттық қауiпсiздiгiн ескердi ме, жоқ басқа да бақай есебi бар ма, осыдан бiр-екi ай бұрын стратегиялық объектiлердi мемлекет меншiгiне қайтару туралы Қаулы қабылданды.

Сол Қаулының негiзiнде болар, екi аптадай уақыт бұрын премьер-министр Кәрiм Мәсiмов "Самұрық" холдингiне стратегиялық маңызы бар обьектiнi мемлекет меншiгiне нарықтық бағамен сатып алу үшiн, Алматы әуежайының акционерлерiмен келiссөз жүргiзудi тапсырды. Содан берi жарты ай өтсе де, баспасөз беттерiнде ол жайында мәлiметтер тiптi сараң айтылуда.

Ең алдымен, "Алматы әуежайы кiмнiң меншiгiнде?" деген сауалға жауап iздеп сандалдық. Бiрақ, бұл ақпарат мемлекеттiк құпиядан да жасырын болып шықты. Тiптi, "Алматы Халықаралық әуежайы" акционерлiк қоғамының өзi оның акционерлерiн атай алмай отыр. Көлiк және коммуникация министрлiгi де, Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi де, "Самұрық" холдингi де оның иелерiн айтуға келгенде сараңдық танытуда. Сөйтiп, әлi күнге дейiн "Алматы әуежайы" туралы нақты деректер қолымызға түспедi.

"Алматы әуежайы" Храпуновтың Алматы қаласының әкiмi болып тұрған кезiнде қала бюджетiмен салынған екен. Сол кездiң өзiнде оппозициялық күштер әуежайдың тым қымбатқа салынғаны жайында дабыл көтерген. Оған кеткен қаржы жайында ақпарат көздерiнде екi түрлi цифр айтылады. Мысалы, "Zonakz" сайтында 2004 жылдың 9-қыркүйегiнде "Чиновников в отставку" атты Анна Калашникованың материалы жарық көрген. Онда "Ақ жол" партиясының тең төрағаларының бiрi – Болат Әбiлов былай дейдi: "Виктор Храпунов әуежайды 15 миллион долларға тұрғызуға уәде берген. Кейiн ол 20 миллионға жеттi, ақырында 52 миллион доллар жұмсалды. Әуежайдың ауданы 30 мың шаршы метр. Демек, әр шаршы метрi 1733 доллардан келiп отыр ғой". Ал, ендi бiрiнде 65 миллион доллар жұмсалғандығы туралы ақпарат кездеседi. Әуежай салынып болғаннан кейiн жекеменшiкке берiлген. Жоғарыдағы мақаланың деректерiне сүйенсек, Алматы әуежайына Храпуновтың әйелi – Лейла Храпунова иелiк еткен сынды. "Потом Храпунов отдает его в управление своей супруги, если это не так, то пусть выступит перед народом и опровергнет все это" дейдi Болат Әбiлов. Белгiлi оппозиционер Асылбек Қожахметов: "А если говорить про алматинский аэропорт и передачу его управления, мы вообще не видим третьей стороны, которая должна быть. А третья сторона называется маслихат города Алматы — это деньги городского бюджета" дейдi аталған мақалада. Демек, әуежайдың жекеменшiкке берiлуiнiң өзi сан салалы сұрақтардан тұрады. Деректерге қарағанда, ол жекеменшiкке сатылған жоқ, әшейiн берiле салған. Ендi бiр мақалаларда әуежайдың құрылысына Қазкоммерцбанк инвестиция салғандығы айтылады. Жоғарыда аталған сайтта 2003 жылдың 19 тамызында Александр Пейрактың "Хроника пикирующего акима" атты мақаласында әуежайдың алғашқы құнының 25 миллион долларға бағаланғандығын, оның 15 миллионын Қазкоммерцбанк, 10 миллионын қалалық бюджет төлеудi мойнына алғандығы жазылған. Бұл туралы әкiмнiң 2002 жылы 9-қаңтарда өткiзген арнайы баспасөз-мәслихатында айтылады.

Кейiнгi ақпараттарға қарағанда әуежайға Храпуновтың да, Бекетованың да қатысы жоқ болып шықты. Оның бiр шетiн «Казком», бiр шетiн басқа бiр дәулер нық ұстаған секiлдi.

Сөйтiп, "Самұрық" холдинг арқылы "Алматы әуежайын" стратегиялық маңызды объект ретiнде мемлекет қайта сатып алмақшы. Ендiгi мәселе осыдан келiп туындайды. Мәселен, Алматы әуежайын салуға қазiргi иелерi (Қазкоммерцбанкiден басқасы) көк тиын жұмсаған жоқ. Тек қана iшкi жөндеу жұмыстары мен жиһазына азын-аулақ ақша жұмсаған болуы мүмкiн. Ал, мемлекет әуежайды сатып алғанда, ненi есептеуi керек. Әуежайды салуға кеткен шығынның есебiмен бе, жоқ әлде мемлекет бюджетiнен шыққан қаражат та есептелiне ме? Бүгiнде оның нарықтық құны қанша болатындығы жайлы да ақпарат кездеспейдi. Бiздiң экономикамыздағы ұлттық мүдденiң ескерiлмеуi салдарынан талай сан соққанымыз да есiмiзде. Мәселен, 1997 жылдың тамызында Алматы энергокешенi бельгиялық "Трактебель" компаниясына 5 миллион долларға сатылып, одан зиян шеге бергеннен кейiн, қайтадан 50 миллион долларға сатып алғанымыз есiмiзде. Алматы әуежайына қатысты сауда да солай болайын деп тұр. Бұл жерде кiм ұтады? Кiм ұтылады? Бiздiңше зиян шегетiн мемлекет қазынасы секiлдi де, ал оның бүгiнде жасырын иелерi пайдаға белшесiнен батпақ.

Алматы әуежайы Қазақстанның ең iрi әрi ең маңызды обьектiсi. Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң дерегiне қарағанда, Қазақстанға келетiн жолаушылардың 50%-ы, жүк тасымалының 68%-ы осы әуежай арқылы өтедi. Әуежайдың өткiзу мүмкiндiгi жылына 2,5 миллион жолаушыға сай келедi. Жалпы алаңы – 29 мың шаршы метр.

2006 жылдың қаңтарында Елбасының Жарлығымен "Самұрық" холдинг" АҚ-ы құрылды. Қазiр оның қарауында "Қазақтелеком" АҚ, "Қазпочта" АҚ, "КЕGOC" АҚ, "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ, "Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы" АҚ сияқты отандық экономиканың алыптары бар. Бүгiнгi таңда "Самұрық" компаниялар тобына 300-ден астам заңды тұлғалар енедi.

Есенгүл Кәпқызы