Жаңалықтар

БIРIНШIСIНЕН — САБАҚ, ЕКIНШIСIНЕН — ҮМIТ...

ашық дереккөзі

БIРIНШIСIНЕН — САБАҚ, ЕКIНШIСIНЕН — ҮМIТ...

Осыдан үш жыл бұрын Алматыдағы Тимирязев пен Жароков көшелерiнiң қиылысында орналасқан Тұрғын үй департаментiнiң алды ығы-жығы адам едi… Отыз күн бойы осы үйдiң аузы-мұрны күндiз-түнi кезекке толы болатын. Тiптi, жеңiл көлiгiн департамент алдына қаңтарып қойып, түнгi сағат үште кезекке тұрып, екi-үш күн "түнеп" жүргендер де болған. Бiр қағазы тексеруден өткенде, екiншi қағазы жарамсыз болып қалып, көз жасы етегiне толып, еңiрегендер де болды… Осының бәрi еске түскенде, "үйi бар болсын, кезегi құрысын" дейтiн сезiмге бөленесiң.

Бiрақ, "жазған құлда жазық жоқ", тағы да сырты қызғылт бояумен сырланған үш қабатты үйдiң алдына келiп тоқтадық…

Өйткенi, кеше Алматыда Мемлекеттiк Тұрғын үй бағдарламасы бойынша кезекке тұрғызу iсi басталды. 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттiк Тұрғын үй бағдарламасы ендi қабылданды, бiрақ басқа аймақтарда құжат қабылдау жұмысы әзiр бастала қойған жоқ. Алматы осы жолы да өзге аймақтарға үлгi көрсетейiн деген сияқты.

Бұл — осы сипаттағы екiншi бағдарлама. Алғашқысы — 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламаның көрсеткiштерi ендi сараланып, қорытындыланып жатыр. Сондықтан, бұл жолы өткен бағдарламаның кемшiлiктерiнен сабақ алуға мүмкiндiк мол.

Десе де, кемшiлiктер мен қателiктердi санамаламай тұрып, осы жолғы Тұрғын үй бағдарламасының ең басты артықшылығын айта кеткен жөн — ол мемлекеттiк бағдарлама бойынша құжат қабылдау мерзiмiнiң алдын ала хабарланып, оның жай-жапсары, қажеттi құжаттар тiзiмi, басқа да талаптары жөнiнде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлеуметке жан-жақты ақпараттың жеткiзiлiп отырғандығы. Осылай болуы тиiс дейсiз ғой? Өкiнiшке қарай, Бiрiншi бағдарлама аясында бiз мұндай "жариялылықты" байқай алған жоқпыз. Тұрғын үй департаментi есiгiн күндiз-түнi "күзетiп" жүрген азаматтар болмаса, баспанаға мұқтаж көп азамат қандай құжат жинауды ойлап, басы қатып жүргенде, құжат қабылдау мерзiмi аяқталып та қалатын.

Бұл жолы құжаттарды тапсыру тәртiбi де бiраз жеңiлдетiлген көрiнедi.

ЕКI БАҒДАРЛАМАНЫ САЛЫСТЫРЫП, БIРАЗ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫН АНЫҚТАДЫҚ:

Бiрiнiшi Тұрғын үй бағдарламасы бойынша:

— Республика бойынша 98 000 адам құжат тапсырған (Алматы бойынша 10 918 адам);

— республика бойынша 17,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды (Алматы бойынша 2 238 500 шаршы метр үй салынған, 5000-дай пәтер пайдалануға берiлдi);

— несиеге берiлетiн пәтердiң бiр шаршы метрiнiң құны әуелi 350 доллар, сосын 450 доллар болды;

— бағдарламаға қалай құжат қабылдау туралы мәлiмет ашық болған жоқ;

— үш категория бойынша құжат қабылданды (мемлекеттiк қызметкерлер, мемлекеттiк мекеме қызметкерлерi, жас отбасы);

— барлық облыстарда заңсыз үй алған адамдар анықталды (Алматыда — 161 адам);

— Астанадағы үй құрылыстары аяқталмай қалды;

— 4000-ға жуық адам әлi кезекте тұр (Алматы бойынша 2,5 мың адам);

Екiншi Тұрғын үй бағдарламасы бойынша:

— республика бойынша үш жылда 26,1 млн. шаршы метр үй салу жоспарланып отыр (Алматыда — 3 473 900 шаршы метр немесе 6000-дай пәтер):

— пәтердiң бiр шаршы метрiнiң құны — 56 515 теңге (Алматыда 71 774 теңге немесе 600 доллар);

— Алматыда 4000-дай құжат қабылданады (басқа аймақтарда әлi басталған жоқ);

— мәлiмет ашық және жария;

— құжат тапсыруға құқысы бар тағы бiр топ қосылды (мемлекеттiк-қазыналық кәсiпорын қызметкерлерi);

— несиеге берiлетiн үйлерге қоса Алматыда жалға берiлетiн 100 шақты пәтер салынады.

Бұл жолғы бағдарламаның бiр өзгешелiгi — биылдан бастап берiлетiн үйлердiң бiр шаршы метрiнiң бағасы өткен бағдарламаның бағасымен салыстырғанда екi есе қымбат. 2005-2007 жылдары баспаналы болғандар бiр бөлмелi үйдi орта есеппен 15 мың долларға алса, ендi осындай үй 25000 доллар тұрады. Екiншi бағдарлама бойынша берiлетiн үй мөлшерi алғашқысынан 8,7 млн.шаршы метрге артық.

ТӨРТ ПӘТЕРДIҢ ҮСТIНЕ ТАҒЫ ҮЙ АЛҒАН ДА БАР

Шенеунiктер Тұрғын үй жөнiндегi бiрiншi бағдарлама өз жоспарын артығымен орындады деседi. Ресми дерек көздерi бойынша, әу баста 2005-2007 жылары мемлекеттiк бағдарлама бойынша 15,8 млн. шаршы метр үй салу жоспарланса, былтырғы жылдың соңына қарай салынған үйлер саны 17,4 млн. шаршы метрге жеткен. Жалпы, аталмыш бағдарлама бойынша 18 млн. шаршы метр баспана пайдаланылуға берiлмек. (Бағдарлама әлi толық аяқталған жоқ, өйткенi, қағазын алып, үйдiң құрылысы қашан бiтедi деп күтiп жүргендер де бар).

Бұған дейiн Тұрғын үй бағдарламасы туралы жазған бiр мақаламызда "200 мың отбасы қоныс тойын тойлайтын болды" деп жазған едiк. Өйткенi, осы бағдарлама туралы алғаш бастама көтерген Елбасы осындай көрсеткiштi тiлге тиек еткен. Ал жаңа бағдарлама аясында шенеунiктер тағы 236 мыңдай отбасын баспаналы етуге уәде етiп отыр.

Өткен бағдарлама бойынша үй алғандардың бәрi баспанаға шын мұқтаж ба?

Көптеген облыстарда, тiптi Алматы мен Астанада Мемлекеттiк бағдарлама бойынша берiлген тұрғын үйлердiң сапасы сын көтермейдi. Арзан үй саламыз деп уәде еткен құрылысшылардың iшкi өңдеу жұмыстарында қатты үнемдеуге тырысқаны байқалады. Ал кей аймақтарда мемлекеттiк тұрғын үй салу iсi сыбайлас жемқорлықтың құрбаны болғанға ұқсайды.

Нақты мәлiметтерге жүгiнсек, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында салынған үйлер көптеген кемшiлiктермен пайдаланылуға берiлген. Семей қаласында "ИртышГЭСстрой" ЖШС 2006 жылдың желтоқсан айында сантехникалық, электротехникалық жұмыстары жүргiзiлмеген үй әкiмшiлiкке тапсырылып кеткен. Ол үйде лифт атымен жоқ, тiптi мемлекеттiк актiде көресетiлген электрплиталары да ұшты-күйлi жоқ болып шыққан. Ал Шымкент қаласында мемлекеттiк комиссия құрылысы аяқталмаған үйдi қабылдап алған.

Орал қаласында коммерциялық банк қызметкерлерi мен жеке құрылымда iстейтiн азаматтарға 14 пәтер берiлген. Ал баспанаға мұқтаж 21 адам мемлекеттiк пәтерден құр қалған.

Алматыда Ұлттық қауiпсiздiк қызметкерлерi заңсыз үй алған 150 адамды анықтады. 85 адам бiлiм беру саласының маманы ретiнде, ал 43 адам мемлекеттiк қызметкерлер ретiнде жалған құжат жасатқан. Осыған ұқсас iстер Атырау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында да тiркелген.

Батыс Қазақстанда баспаналы болған 850 адамның 149-ының бұған дейiн үйi болғаны анықталды. Олардың арасында, төрт пәтердiң үстiне, мемлекеттiк бағдарлама бойынша тағы да пәтер алғандар бар. Бұл азамат мемлекеттiк бағдарлама бойынша пәтер бөлетiн комиссияның мүшесi екенi белгiлi болды. Мемлекеттiк бағдарламадан "бизнес" жасағысы келген сабаз болды-ау, шiркiн…

Қазiр Алматыда 41 отбасыны заңсыз кiрген үйлерiнен сот шешiмiнiң негiзiнде күшпен шығарып жатыр. Шын мәнiнде, бiздiң қолымыздағы мәлiметтерге қарағанда, бұл тек басы ғана. Өйткенi, былтыр Қауiпсiздiк кеңесiнiң отырысында айтылған мәлiметтерге жүгiнсек, Алматыда 161 адам аталмыш бағдарлама бойынша үйдi заңсыз алған. Оның 123-i өтiрiк құжат толтырған. Яғни, "бәлен мектепте, балабақшада, университетте, аудан әкiмшiлiгi департаментiнде жұмыс iстейдi" деген жалған қағаз жасатқан. Тiптi, "Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнде қызмет iстеймiн" деп жалған құжат тапсырғандар бар болып шықты. Iстiң барлық ақ-қарасын анықтау үшiн осындай мазмұндағы жалған құжатты пайдаланған азаматты ғана емес, оларды берген мекеме басшыларын да жауапқа тарту керек-ау. Өйткенi, "бәлен мектеп" немесе "бәлен оқу орны" деген қағаздарда белгiлi бiр мекемелердiң аты бiрнеше жерде аталады. Сыбайлас жемқорлыққа осы мекемелердiң басшылары (немесе қызметкерлерi) қатысы жоқ екенi күмәндi.

Бiр қызығы, жалған құжат тапсырушылардың денi — жеке кәсiпкерлер. Ара-тұра банк қызметкерлерi, ұлттық компаниялардың қызметкерлерiнiң аттары кездесiп қалады. Саралай келгенде, олардың баспанаға, оның iшiнде мемлекеттiк бағдарламамен берiлетiн арзан үйге мұқтаждығы өзге әлеуметтiк топтарға қарағанда аздау. Қазақ "ашыққаннан құныққан жаман" деп бекер айтпаса керек.

Заңсыз үй алған азаматтың 24-i аталмыш бағдарлама бойынша үй алуға құқылы үш топтың үшеуiне де жатпайды. Олардың бұл пәтерлерге қалай қол жеткiзгенi түсiнiксiз. Тiптi, жалған құжат жасап та әуре болмапты.

9 адам иелiгiндегi пәтердi бағдарлама туралы хабар шығысымен-ақ, яғни 2004 жылы басқа адамның атына аударған. Ал 4 адам үй-жайы бар болса да, бағдарламаға қатысып, баспаналы болған. Бiр адам тiптi, екi пәтер алудың әдiсiн тауыпты. Бiр отбасының мүшесi ретiнде пәтер алған келiншек өз атынан да өтiнiш тапсырып, тағы да пәтерлi болған.

Былтыр республика бойынша барлық аймақтарда мемлекеттiк Тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асуы бойынша тексеру жүргiзiлген. Соның нәтижесiнде, кейбiр жергiлiктi әкiмдер, әкiмшiлiк қызметкерлерi орындарынан алынып, олардың үстерiнен қылмыстық iстер қозғалды.

Сонымен, Бiрiншi бағдарламаның сабағы:

Бiрiншiден, аталмыш бағдарламаның тыңғылықты және әдiлеттi орындалмауы халықтың мемлекеттiк билiкке деген сенiмiн азайтып, кей жерлерде ашу-ызасын тудырды, ал баспанасыздар баспаналы болып мемлекет қамқорлығына алғыс айтты.

Екiншiден, баспанаға шын мұқтаж адамдар құжат жинауда салғырттық танытса, жұмыртқадан жүн қырқатындар да iшкен асын бойына тарата алмай отыр, сондықтан да ендiгi уақытта жалған құжат тапсырушылардың саны күрт азаятын шығар.

Екiншi бағдарламаның үмiтi:

Кiм бiлсiн, екiншi бағдарламадан кейiн үшiншiсi, төртiншiсi де пайда болар? Өйткенi, баспанасыздар саны аталмыш тiзiмге iлiккендерден әлдеқайда көп. Кiм бiлсiн, мүмкiн он, әлде жиырма, отыз жылдан соң бiр кезде баспана — қазақтың бас ауруы болғаны ұмытылып та қалар?

Гүлбиғаш Омарова