ЖАЛАҚЫНЫҢ МАЗАСЫ ЖОҚ ДЕЙДI МҰҒАЛIМДЕР, ДӘРIГЕРЛЕР МЕН ӘСКЕРИЛЕР

ЖАЛАҚЫНЫҢ МАЗАСЫ ЖОҚ ДЕЙДI МҰҒАЛIМДЕР, ДӘРIГЕРЛЕР МЕН ӘСКЕРИЛЕР

ЖАЛАҚЫНЫҢ МАЗАСЫ ЖОҚ ДЕЙДI МҰҒАЛIМДЕР, ДӘРIГЕРЛЕР МЕН ӘСКЕРИЛЕР
ашық дереккөзі

Бiлiм беру, денсаулық сақтау және қарулы күштердiң кәсiподақ басшылары өткен аптада Елбасына үндеу жариялап, өздерiнiң жалақыларының тым төмен екендiгiн айтып шағынды.

Тәуелсiздiктiң 16 жылдық тарихында бюджеттегi қызметкерлердiң бас көтерiп, наразылық танытқаны осы. Бүгiнгi қоғамдағы әлеуметтiк жағынан ең төмен қорғалғаны, алайда ауыр жұмысқа жегiлгенi де осы бюджет саласындағы қызметкерлер.

Кезiнде мұғалiм болудың абыройы мен айбыны ерекше болса, дәрiгерлердiң атақ-даңқы жер жарды. Қарулы күштердiң қатарында болу асқақ арманға айналды. Ал бүгiн жалақысының төмендiгi салдарынан бұл салаға ешкiм барғысы келмейдi. Айталық, жаңа бiтiрген жас маман мектепке мұғалiм болып бара қалса, ең төменгi 8 разрядпен 14-15 мың теңге ғана ала алады. Егер, ол ауылдық жердегi мектепке баратын болса, айлық жалақысы бұдан сәл жоғары болуы мүмкiн. Қалалық жердегi мұғалiмдердiң 10-15 жылдық жұмыс өтiлiмен, 18 сағаттық жүктемемен, 13 разрядпен қолына алатыны 25 мың болса, ауылда бұлар 30-35 мың көлемiнде алады. Сондай-ақ, мұғалiмдердiң жергiлiктi әкiмшiлiктегi барлық ұйымдастыру жұмыстарын атқаратындығын ескерсек, табан ет, маңдай терiнiң тым арзан бағаланатындығы өзiнен-өзi белгiлi болып тұрған жоқ па? Тiптi, соңғы жылдары кейбiр аудандарда оқушылардың демалыс мерзiмiнде мұғалiмдердi күшпен жалақысыз демалысқа жiберiп, бұл қаржыны өз қалталарына тоғытып жатқаны тағы бар. Яғни, өзi аз жалақыны тағы да жырымдаудың әдiсi. Онымен қоймайды, мұғалiмдердi күшпен газет-журналға жаздыру iсi тағы бар. Өзi мардымсыз жалақыны жан-жаққа тартып, көкпарға салып жатқанымыз.

Дәрiгерлердiң күнi де адам қызығарлық емес. Отыз жыл қызмет iстеген 1 дәрежелi дәрiгер 38 мың теңгеге әзер қол жеткiзедi. Ал, қолына диплом жаңа тиген жас мамандардың алатын айлығы 20 мыңның айналасында ғана.

Жас мамандарды ауылға шақырған денсаулық сақтау министрi Анатолий Дерновой ауылға барған жас дәрiгерлердi баспанамен қамтамасыз етiп, барлық жағдайды жасайтындықтарын айтты. Бiрақ, бұдан ауылға ат басын бұрып жатқандар шамалы. Қазiр ауылда бiлiктi дәрiгерлер жоқтың қасы. Ауылды жер маман-кадрларға жарымай отырса, қалада керiсiнше, жұмыссыз жүргендерi де жетерлiк. Жас мамандар шамасы келсе, жекеменшiк ауруханаларға орналасуға бел буады. Өйткенi, жекеменшiк аурухананың дәрiгерлерi мемлекеттiк мекеменiң дәрiгерлерiнен әлденеше есе артық алады.

Ал, отанқорғаушылардың күнi бұл екеуiмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болғанымен, олардың да айлық табысы Қазақстандағы қазiргi орташа жалақы деңгейiнде ғана.

Бұл мамандықтардың, ең алдымен, стратегиялық маңызы жоғары екендiгiн айтуымыз керек. Мұғалiм елiмiздiң болашағы балаларды бiлiм нәрiмен сусындатып, оларды болашаққа тәрбиелесе, дәрiгер — ең қымбатымыз денсаулығымыз үшiн күреседi. Отан қорғаушылар елiмiздi күзетедi. Яғни, үшеуiнiң де еңбегi елеулi болуға тиiс. Өркениеттi мемлекеттерде мұғалiмдiк пен дәрiгерлiк ең абыройлы қызмет саналады. Бұл салаға бiздегiдей адамның қоры емес, қолы жеткенi барады. Мұғалiм алаңдамай, балаға сабақ үйретсе, дәрiгер науқасты емдеуге ғана көңiл бөледi. Сондықтан да, олардың ғылымы мен бiлiмi алда, медицинасы адам айтқысыз табысқа жеттi.

Бүгiнде тиын санап отырған мұғалiмдер балаға қалай сапалы бiлiм берсiн, дәрiгер науқасты қалай алаңсыз емдесiн. Осыдан келiп, жемқорлыққа жол берiледi. Әл үстiнде жатқан науқастың дәрiгерге берерi болмаса, оның өмiр сүруi де екiталай болар едi. Адам өмiрiне, оның болашағына немқұрайлы қараудың өзi елiмiздiң ең маңызды мамандықтарға жеткiлiктi көңiл бөлмей отырғандығы салдарынан орын алып отыр. Отан қорғаушыларымыздың жалақысы төмендiгi кесiрiнен патриоттық сезiмi де бәсеңсiдi.

Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев кәсiподақ басшыларының үндеуiнен кейiн бiлiм және ғылым қызметкерлерiнiң айлық жалақысы 40 пайызға көтерiлетiндiгiн айтты. Бiрақ биыл емес, келесi жылы. Оған дейiн күн сайын қарқын алып бара жатқан инфляция бұны екi асай салмасына кiм кепiл? Ал, Үкiмет олардың ашу-ызасының алдын алу үшiн 3 жылдық Тұрғын үй бағдарламасын ойлап тапты. Айлық жалақысының төмендiгiне бас қатырып, ереуiлге шығуға дайындалып жатқан оларға жаңа ермек табылып, құжат жинауға кiрiстi. Баспаналы болсам деген үмiтi жанып, ұзын сонар кезекке тұрып, арзан бағалы пәтерге қол жеткiзудiң соңында кеттi. Қазiр мектеп директорларына құжат өткiзуге талаптанған мұғалiмдердi сабақтан бiрнеше күнге босату туралы нұсқау келiптi. Бұл да алаң көңiлдi басудың амалынан туған шара секiлдi. Бiрақ, оның әлеуметтiк мәселелердi шешiп тастайтыны тағы да күмәндi.

Есенгүл Кәпқызы