ОРЫСТАР ОТАНЫНА ОРАЛА МА?

ОРЫСТАР ОТАНЫНА ОРАЛА МА?

ОРЫСТАР ОТАНЫНА ОРАЛА МА?
ашық дереккөзі

Сонымен орыстар әр жерде бытырап жүрген отандастарын Отанына оралып, өнеркәсiбi тұралап қалған өлкелерiн көтеруге шақырып жатыр. Ұрымдағы қазақтар мен Қырымдағы қазақтарды шақырып, анау жылдары бiз де осындай бiр шаруаны әп-әдемi ақ бастағанбыз. Бiрақ, елдегi кейбiр қандастарымыз қызғаныштан жарылып кете жаздап әңгiмелейтiндей, сол репатрианттардың (одағайласақ, оралман) бәрi бiрдей үкiмет тарапынан ағыл-тегiл, көл-көсiр жақсылық пен шапағат көрiп отыр деу де қисынға келмейдi. Олардың арасында ханның күйiн түсiнде көрiп, ал өңiнде қарапайым қараның да жағдайына зар болып отырғандары қаншама.

Ал әзiрге Ресейдiң бағдарламасы кiсi қызығарлықтай, әрi демографиялық, әрi экономикалық мәселесiн қоса-қабат шешiп алмақшы. Ресей бұдан бұрын да дәл бiз секiлдi қадам жасаған болатын, яғни өткен ғасырдың 90-жылдары соңғы кездерде кәдiмгiдей мазасын ала бастаған демографиялық мәселесiн мигранттар есебiнен шешпек болғаны бар. Әрине, бұдан кейiн "адам-ағыс" күрт тоқтады, бүгiнде Ресей өлiм-жiтiмi көп, туу азайып кеткен елдер қатарында. Статистика мәлiметтерiне қарасақ, халқы жыл сайын 300000-нан-800000 адамға дейiн азайып барады екен. Ресей ер-азаматтарының өмiр сүру ұзақтығы Еуропада ең төменгi көрсеткiшке ие (58 жас). Былайша айтқанда зейнеткерлiкке шығатындар өте аз. Мыңдаған тұрғындары арақтың құлына айналып өздерi өздерiн құртып жатыр. Ресей ғалымдары мен көшбасшылары демографиялық ахуалдың ауыр жағдайда екенiн айтып дер кезiнде дабыл қақты. Сол үшiн де бiрнеше миллиондаған сомалар бөлiнiп, арнайы мемлекеттiк бағдарлама қабылданды. Ендiгi таңдау отаншыл орыстарда қалып тұр, олар Ұлы Руське деген шынайы махаббатын дәлелдеп, кәрi Ресей даласының шөлiркеп қалған даласына қоныс теуiп, сол жердi гүлдендiрiп-нұрландыруы тиiс. Негiзгi, байырғы тұрғындары көшкен, ауып кеткен, сөйтiп өлi мекенге айналған аймақтар қатарында Тамбов, Красноярск, Приморский, Хабаровск өлкелерi, Новосибирск, Тюмень, Амурск, Иркутск, Калининград, Калужск, Липецк, Тверск облыстары бар. Бұлардың қай-қайсысына да экономикасы дамыған деген мәртебе арман. Қоныстандыру бағдарламасының өз ерекшелiгi бар, егер Сидоровтың баратын жерi неғұрлым өркениеттен мақұрым қалған, меңiреу бiр мекен болса, соғұрлым оған берiлетiн жеңiлдiктер мен көмек-ақшаның көбiрек болатындығы. Жалпы қоныстандыру саясаты үш категорияға сай жүзеге асырылмақ. Мысалы, "А" категориясына жататын аймақ ең бiр халық аз қоныстанған, жалпы ойдағыдай өмiр сүруге қолайсыз жер (шекараларға жақын аймақтар). Сол себептi де мемлекет бұл жерлерге әлеуметтiк қолдауын да, кепiлдемесiн де аямайтын сыңай танытып отыр. Бұл жаққа келген маманға (подъемный) 60 мың рубль, бұған қосымша әр отбасы мүшесiне 20 мың рубль төлемекшi. "Б" категориясы – iрi өнеркәсiп орындары ашылады деп жоспарланып отырған, бiрақ бiлiктi мамандары жетiспейтiн аймақ. Мемлекет мұнда қоныстанушыларға тек жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақысынан басқа көмегiн аямайды, "В" категориясына жататын аймаққа баратындар бұл жерге тез үйренiп, сiңiсiп кетедi деген болжам бар. Бұл экономикасы ырғақты даму үстiндегi, жалпы өмiр сүруге қолайлы жерлер. Жағдайлары жаман болмайтындықтан да мұнда қоныстанушылар мемлекет көмегiне көп сүйенбейдi. Бүгiнде жалпы Қазақстанда 4 млн-дай орыс баласы тұрады екен, әлеуметтанушылар олардың арасында көшуге ниет бiлдiрiп отырғандардың өте аз екенiн айтады, бар-жоғы 7-8 пайыз респондент. Алда-жалда көше қалғандарының уақыт өте керi оралмайтынына да ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Өйткенi, ондай да жағдай бар. Сол 90-жылдары бiраз немiс елiне қоныс аударған болса, тек өткен жылдың бiрiншi жартыжылдығына дейiн 1,5мың немiс қасиеттi қазақ жерiне қайтадан қоныс теуiптi. Путин осы әңгiменi бастағаннан-ақ бiздiң облыстағы орыстар арасында да қозғаулар көрiне бастаған сияқты едi, арада бiрнеше айлар өттi, бiрақ бiз күткендей сапырылыс, көшi-қон бола қоймады. Облыстағы РФ консулдығының мәлiметiне қарағанда, көшкiсi келетiндер де сонша көп емес, өтiнiш берушiлер саны үш жүзден сәл асқан. Шынын айтқанда орыстардың бiздiң облысымызда әлеуметтiк жағдайлары қазақтан көш iлгерi екенi де рас, ендеше жылы орнын суытып, көшiп кетпейтiндерi де белгiлi. Ресейге жағдайы жақсы, жоғары бiлiмi бар, бiлiктi мамандар көп керек емес, керiсiнше, тұрмысы орташа, алыс ауылдарға барып қарапайым жұмыс iстеуге ынталы адамдар қажет. Жоғары бiлiмдiлер ауылдарға барып тұрақтамайды, олар ертең-ақ табыс табуға мүмкiндiгi мол iрi қалаларға қоныстануға ұмтылары анық. Турасын айтқанда, Путин iздеген орыстар Қазақстанда өте аз болып тұр. Бiр кездерi Оралда орыстарға қарсы әрекет ұйымдастырылып жатқаны туралы өсек өршiп тұрды. Бiреулер қала көшелерiнен орыстардың кешкi сағат он бiрден кейiн көшеге шықпауын ескертiп жазған қағаздардың iлулi тұрғанын көрiптi-мыс. Бұл қауесеттi құлағы шалған қалалық iшкi саясат бөлiмi арнайы зерттеу жүргiзiп тексердi де. Одан кейiн Орал қалалық iшкi iстер бөлiмi "орыстарға қарсы бiрдеңе ұйымдастырылып жатқанын растайтын мәлiметтер мен айғақтар табылмады" деп ресми мәлiмдеме жасаған болатын. Ресми емес мәлiметтерге құлақ тiксек, алып-қашпа сөзге мән беруге мәжбүр болған тек бiздiң полицейлер ғана емес көрiнедi, өткен жылдың жаз айында семейлiк полицейлер де әлдебiр сектаның жұрттың қорқынышын туғызатын бiрдеңе ұйымдастыратыны туралы естiп, әбiгерге түсiп қалыпты-мыс. Сонда осыншалық қоғамдық пiкiр туғызу кiмге не үшiн керек болды екен деген сұрақ бiздi де мазалағаны рас. Жайлап пiкiр жинауға тырысқанымыз да бар. Бiреулер соңғы кезде мекемелерде қазақ тiлiнiң мәртебесi көтерiле бастады, бұл көптеген орысты шошындырады деген пiкiр айтса, екiншi бiреулер Рахат Әлиевтiң айналасындағы шудың кезiнде халықтың назары басқаға аусын, өз уайымымен өзi болып кетсiн деп мұндай әңгiменi билiктiң өзi әдейi таратты дейдi. Тағы бiреулер бұл байырғы Отанына кетiп бара жатқан жалақор орыстардың әрекетi дей келiп, олар жай кетпей өздерiн сыйғызбағасын амалсыз жолға жиналған түр көрсетуге, сөйтiп жұрттың назарын аударып, аяныш сезiмiн туғызуға әуес деген тосындау пiкiрiн де iркiп қалмады. Жә, бұл ендi пiкiр делiк. Дегенмен, "ит үредi, керуен көшедi" деп баяғыдай жағамыз жайлауда болып отыра беретiн күндерге не жетсiн. Қалай десеңiз де, осының бәрi тұрғындардың санасына, жүйкесiне әсер етпесiне кiм кепiл? Бiздiң өлке-қоғамдық ахуалы жайлы, жалпы табиғи байлықтары да бiр өзiне жетерлiк аймақ. Мүмкiн, бұл бiреулерге ұнамайтын болар, немесе көз құртына айналып отырған шығар кiм бiлген. Соңғы уақытта орыс-славян қозғалыс-қауымдастықтары "Қазақстандағы орыс мәселесi" дегендi шығарып алып ашығы бар, жабығы бар, жиындар өткiзе бастағанынан да хабардармыз. Шынында "iс жүргiзу неге қазақ тiлiнде болуға тиiс, орыс тiлiнiң өрiсi тарылып барады, не үшiн мектептердегi орыс тiлiнiң сағаттары қысқарып кеттi, балаларымыз надан болуға айналды, көшелердiң атауын қазақшалап тастағаны орыс құқығының аяққа басылғаны емес пе, мұнда тек қазақтар тұрмайды ғой, өз үйiмiздi өзiмiз таппайтын болдық" деп қара аспанды суға алдырып, осынау "мәселенi" шығарып отырған өздерi емес пе? Егер жағдай шынында да солар айтқандай болса, онда неге бiз тiл деп, ұлт деп, Рух деп құр босқа арамтер болып жүрмiз? Әрегiдiк осындай бiр астыртындау әрекеттердiң сыр берiп қалатынына қарап ойланып қаласың, бiздегi айрандай ұйыған тiрлiк бiреудiң ұйқысын бұзады-ау шамасы деп, әйтпесе…Оралда отанына оралайын деп жатқан орыстар көрiнбейдi. Бiздiң көршi орыс ағай: "Қазақстанды Сiбiр мен Уралға айырбастаудың мән-мағанысы жоқ" дейдi.  
Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ
   
Батыс Қазақстан облысы