Жаңалықтар

«ҒЫЛЫМ ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ӨЗГЕРIС ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

«ҒЫЛЫМ ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ӨЗГЕРIС ҚАЖЕТ

Кейiнгi кезде ғалымдардың Үкiметке қаратып айтқан уәждерi қоғамды да дүрлiктiре бастады. Оның бiр парасы – «ғалымдарға мемлекет тарапынан толыққанды жағдайдың жасалмауы» дегенге саяды. Негiзi бiлiм беру мекемелерiнде ғалымдар 2001 жылы қабылданған «Ғылым туралы» Заңмен жұмыс iстеп келедi. Ал 2004 жылғы күшiне мiнген жаңа нұсқаның iшiнде ғалымдардың әлеуметтiк жағдайы туралы бiрауыз сөз жоқ дейдi олар.

Бiр-екi күндiкте Алматыда Парламент Сенаты Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң ұйымдастыруымен «Ғылым саласындағы заңнамалық актiлердi жетiлдiруiдiң өзектi мәселелерi: проблемалар мен перспективалар» тақырыбы аясында өткен дөңгелек үстел «Ғылым туралы» Заң жобасын Парламентте қайта қарауға түрткi болғандай. Өйткенi, басқосуға жиналған жоғары оқу орын басшылары мен институт қызметкерлерi, ең бастысы – ғалымдардың алға қойған мақсаты да осы.

Парламент Сенаты Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң төрағасы Ақан Бижанов: «Ғылымның жеткiлiктi қаржыландыруын қамтамасыз етудi ең кем дегенде үш есеге ұлғайту қажет. Ғылыми жаңалықтар ғалымдардың және мемлекеттiң мүддесi үшiн қорғалуы тиiс. Сол үшiн де 2001 жылы қабылданған «Ғылым туралы» Заңның бiраз баптары өзгертiлiп, толықтырулар енгiзiлмейiнше ғылымның дамуы кенжелеп қала бермек» дейдi ол.

Мамандардың айтуынша, қазiр ғылым қуған жас маманға 19 мың, ал кiшi ғылым қызметкерiне небәрi 24 мың теңге төленедi екен. Басқасын қайдам, ресейлiк ғалымдардың жалақысы 1 мың долларға дейiн баратын көрiнедi. Бар қажыр-қайраты мен ақыл-ойын осы бiр ғылым деген құлашы кеңге самғайтын салаға арнаған ғалымның 24 мың теңге қай жыртығын жамауға жетедi?!

Өткен жылы бұл салаға 17 млрд. теңге бөлiнсе, биыл оған 2,5 млрд. теңге қосылу тиiс. Бiлiм министрлiгiнiң өкiлдерi қаржының көп бөлiгiн ғалымдардың жалақысын көбейтуге, жаңа технологиямен ғарышты игеруге жұмсамақ ниетi болса да, «баяғы жартас сол жартас» дейдi жиналғандар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ