Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТIН ҰЛЫҚТАДЫ

ашық дереккөзі

ПРЕЗИДЕНТIН ҰЛЫҚТАДЫ

Қап тауының етегi тағы да қызыл гүлге толды. Билiкке деген наразылықтың белгiсi ретiнде емес, екiншi мәрте таққа отырған Саакашвилиге көрсетiлген құрмет ретiнде. Тбилисидегi президенттi ұлықтау рәсiмiне Кәрiм Мәсiмов бастаған қазақстандық делегация да қатысты.

Грузиндер қолындағы желбiреген қызыл ту, ақ және қызыл түспен көмкерiлген парламент, президент таққан қызыл галстук, грузиндердiң бiрiншi ханымы Сандра Рулофс киген қызыл пальто Михаил Саакашвилидiң билiк басына келуiне мүмкiндiк берген "раушан гүл төңкерiсiне" деген ризашылықтың белгiсi iспеттес. Руставели алаңына жиналған дүйiм жұрттың алдында ант қабылдады. Әлеуметтiк ахуалды жақсарту, демократиялық құрылымдарды дамыту, жер дауын реттеу, Солтүстiкатлантикалық альянс пен Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты арттыру, саяси пiкiрқайшылығының кесiрiнен жиi шекiсiп қала беретiн Ресеймен арадағы қатынасты қалпына келтiру секiлдi бiрнеше мәселенi көлденең тартқан Саакашвили алдымен Құдайға, сосын ұлтына уәдесiн орындауға ант бердi. Екi айдан кейiн халықтың алдында есеп беретiнiн және айтты. Сәуiр айы туғанша грузиндердiң басшысы жұмыссыздық деңгейiн төмендетуге, анығында, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту мақсатында елге арнайы жеңiлдiктермен несие беруге, зейнетақыны 100 АҚШ долларына дейiн өсiруге талпынады.

Президенттi ұлықтау рәсiмiне премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бастаған қазақстандық делегация қатысып қайтты. Сонымен қатар Эстония, Латвия, Литва, Польша, Румыния президенттерi мен бiрқатар елдердiң үкiмет басшылары Тбилисиге келдi. Салтанатты шараға ат салысуға орыстар белсендiлiк танытпады. РФ президентi В.Путин Саакашвилидi құттықтауға барған жоқ. Кремль мен Тбилиси арасындағы саяси текетiрес қызып тұр. Ресей Мишаны "Ақ Үйдiң сойылын соғады" деп жақтырмаса, Саакашвили Мәскеудiң грузиндер жерiнiң тұтастығы мен ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiргенi үшiн жек көредi. Алайда, былтыр ел iшiне iрiткi түспес үшiн өз еркiмен тақтан бас тартып, президенттiк жауапкершiлiктi уақытша спикерге табыстаған Саакашвили кезектен тыс өткiзiлген сайлаудың арқасында билiк басына қайта келдi. Дауыс берушiлердiң 50 пайыздан астамының сенiмiне ие болған ол 2004 жылғы парламенттiк сайлаудағы жеңiсiн қайталады. Ол кезде Мишаның "Ұлттық қозғалыс – Демократтар" партиясы 68 пайыз дауыс жинаған едi. Еуроодақ пен АҚШ оны кеңестiк империядан езiлген елде демократияның туын желбiрететiн жас қыран ретiнде қабылдады. Отандастарын жылу, су, жарықпен қамтамасыз ете отырып, елiнде экономикалық реформалар жүргiзген Саакашвилидi грузиндердiң көбiсi iштартады. 2003 жылы 700 долларға бағаланған жан басына шаққандағы орташа табыс 2007 жылы 1500 долларға дейiн өстi. Бiрақ ең бастысы, жемқорлыққа белшеден батқан полицейлердi тезге салуы ел арасында қызу қолданған шаралардың бiрiне айналды. Iшкi iстер министрлiгiнiң барлық қызметкерiн жұмыстан босатып, батыстық тәжiрибе бойынша, тест арқылы қызметке қабылдаған ол сыбайлас жемқорлықтың түбiрiне балта шапқан. 2004 жылдың жазында Путиндi АҚШ пен Ресейдiң мүдделерiне нұқсан келтiрмей-ақ, Қап тауының етегiндегi саясатты жүргiзуде елдестiрушi болатынына сендiрген ол орыстарға бүйрегi бұратын Аджарияның орталық билiгiн қадағалауға алды. Саакашвилидiң бұл әрекетiн "кешiре" алмаған Путин Ресейдегi грузин азаматтарына шүйлiктi, әсiресе, кәсiпкерлiкпен айналысатындарға. Көптеген фирмалары жабылып, ұлты грузин кәсiпкерлер банкротқа ұшырады. Грузин шараптары үшiн орыс нарығы есiгiн тарс бекiттi. Қазiргi таңда Кремльдiң бақылауында Абхазия мен Оңтүстiк Осетия бар. Бұл жер дауы жиi сыр беретiн грузиндер үшiн қиын тиедi. Жер дауының шешiлмеуi Саакашвилидiң беделiне едәуiр нұқсан келтiрдi. Отандастарының көпшiлiгi экономикалық реформалардың тез арада жемiс бермегенiне наразы болды. Арақ пен темекiнiң "көлеңкелi бизнесiне" қарсы ұйымдастырған шарасы көптеген адамдарды нансыз қалдырды. Сондай-ақ, инфляция деңгейiнiң артуы, қорғаныс күштерiн нығайтуға қаржының көптеп бөлiнуi сияқты басқа да мәселелер елдегi оппозицияны күшейтiп, Саакашвилидiң саяси қарсыластарының қатарын жиiлеттi. Бiрақ 5 қаңтардағы президенттiк сайлау Саакашвилидiң ұпайына шешiлдi. Ол кеше ұлықтау рәсiмiн тойлап жатқанда ипподромға жиылған оппозиция өкiлдерi "Миша, өз еркiңмен отставкаға кет!" деп ұрандады. Олардың көздегенi, оппозицияның ортақ үмiткерi болған Гачечиладзенi билiк басына келтiру. Айтпақшы, кезектен тыс ұйымдастырылған президенттiк сайлаудың алғашқы қорытындысы жарияланысымен-ақ, ресейлiк бұқаралық ақпарат құралдары Саакашвилидi жерден алып, жерге салып жатты. Айтатындары: "сайлау заңға сәйкес өткiзiлмедi", "азаматтардың құқықтары аяққа тапталды", "сайлаушылардың еркiн таңдауына кедергi жасалынды". Былтыр жыл соңында РФ-да өткен парламенттiк сайлауда орыстардың өздерi АҚШ пен Батыстың сынына ұшыраған болатын…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ