МӘСКЕУ-ЛОНДОН ҚАҚТЫҒЫСЫ

МӘСКЕУ-ЛОНДОН ҚАҚТЫҒЫСЫ

МӘСКЕУ-ЛОНДОН ҚАҚТЫҒЫСЫ
ашық дереккөзі

Британ Кеңесiнiң жұмысын тоқтату-тоқтатпауына байланысты туындаған даудың кесiрiнен орыс-ағылшын дипломатиялық қарым-қатынасы кiшiгiрiм қырғи-қабақ "соғысқа" ұласты.

"Даудың басы" Ұлыбританияның мәдени байланыстар жөнiндегi бейресми ұйымының Ресей Федерациясы аумағында жұмыс iстеуге құқықтық-нормативтi негiзi жоқ деген айыптан басталды. Осы жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап Британдық кеңес бұл мемлекеттегi жергiлiктi кеңселерiн жабуға тиiс болатын. Бiрақ ағылшындық мәдениеттi таратушылар үйлерiне қайтуға асыға қоймады. Сөзiн өткiзе алмаған Ресей басшылығы ескертпелерден — айыптауларға, тексерулерден — тыйым салу әрекеттерiне көштi. Орыс қоғамының беделдi-беделсiз қайраткерлерiнен бастап, КГБ-ның бұрынғы басқарма жетекшiсi мен сыртқы iстер министрiне дейiн осы оқиғаға өз көзқарастарын жарыса бiлдiруiнен ұлыбританиялық ұйымға "тас лақтырудан" жарыс ұйымдастырылды ма деп қаласың. Лавровтың "олар ақты қара деп, қараны ақ деп бәрiнiң басын аяғына төңкердi" деген сөзi — қарша бораған ауыр айыптаулардың басы ғана.

Мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын ұйым Ұлыбритания мен басқа мемлекеттер арасындағы мәдени, ғылыми, рухани байланысты тереңдете түсудi көздейдi. Десе де, Ресей басшылығы бейресми ұйымның жұмысында жансыздық пиғылдағы iс-әрекеттер бар деп айыптап отыр. Екi елдiң дипломатиялық қарым-қатынасына ақау түсiрiп отырған да осы сөздер.

Британдық кеңес Ресей аумағында алғашқы кеңсесiн 1992 жылы ашқан. Қазiргi таңда он екiге тарта өкiлдiктерi бар көрiнедi. Былтыр ресейлiк Бiрiншi арнадан көрсетiлген Сергей Медведевтiң "Агент.ру операциясы" деректi фильмiнде аталмыш ұйымның тыңшылық әрекеттерге тiкелей қатысы бар екендiгi ашық айтылды. Бiр қызығы, халықаралық ұйымның өкiлдерi бұл айыптауға ләм-мим деп жауап қатпады.

Шын мәнiнде, мәселе тек құжаттардағы кемшiлiк болса, одан үлкен жанжал шығарудың мәнiсi не?

Әлде Кремль халықаралық беделдi ұйымның жұмысына тосқауыл қою арқылы Лондонның өзiне айбат шеккенi ме?

Кикiлжiңнiң тарихын 2006 жылы Лондонда КГБ-ның бұрынғы агентi Александр Литвиненконың қастандықпен өлтiрiлуiнен iздеушiлер де баршылық. Скотланд-Ярд бұл iс бойынша Андрей Луговойды күдiкке алған, бiрақ оны Мәскеу ұстап беруден бас тартты. Ақыры, шарасы таусылған Лондон былтыр ресейлiк төрт дипломатты мезгiлсiз елiне қайтарған едi. Ал Луговой Ресей парламентiнiң депутаттығына сайланды.

АҒЫЛШЫН БАСПАСӨЗI НЕ ДЕЙДI?

Осы оқиға жөнiнде шетелдiк басылымдардан, әсiресе, ағылшын газеттерiнде жарияланған мақалаларға шолу жасалық.

Америкалық баспасөз ағылшын әрiптестерiне жанашырлық бiлдiрiп отыр. Әрине, Ресейдiң айға шапқан амбициясынан сескенетiн АҚШ бұл оқиға төркiнiнен "орыс ойынының" мәнiсi неде екенiн түсiнуге құмар-ақ.

АҚШ-тың "The New York Times" газетiнде "Тағы да Кремльдiң қудалауы" атты мақала жарық көрген. Автордың көзқарасы "Британ Кеңесi төңiрегiндегi жағдай Путин мен Кремльге арамдығын iшiне жасырған баукеспе қарақшы iспеттi қарауға мәжбүр етедi" деген сөйлемнен-ақ байқалып тұр. Мақаладан үзiндi келтiрсек: "Ресейдiң ресми тұлғалары Британ кеңесi салық төлемейдi және Мәскеуден тысқары аймақтарда жұмыс iстеуге заңды құқығы жоқ деп мәлiмдеген. Ал Британ билiк иелерi болса, бұл мәлiмдеулер шындыққа жанаспайды дедi. Бiр нәрсе айқын: Кремль өзiнiң бақылауынан тыс жұмыс iстейтiн ұйымдарға iштартпайды. Оның Британ Кеңесiн қудалау әрекетi бейресми ұйымдар мен баспасөздi қорқытып-үркiту тактикасына әбден сайма-сай".

Ағылшын баспасөзi патриоттық сезiмнiң жетегiмен мақалалардың тақырыптарын "Кремльдiң шпионократиясының алдында шегiнуге болмайды" деп жалаулатуда. Осындай тақырыппен "The Times" журналында үстiмiздегi аптада шыққан мақаланың негiзгi ойы мынандай: "Өткен аптада Ресей үкiметi Британдық кеңестi оның маңдайшасының аясында "жансыздардың ұясы жасырынып отыр" деп айыптады. Қызық болғанда, нағыз жансыздар ұясы — Ресей үкiметiнiң өзi. Президент Путин — ең атақты және күштi экс-жансыз, ол наурыз айында өтетiн кезектi алдамшы сайлаудан кейiн премьер-министр болып шыға келедi. Тiзiмдi әрi қарай жалғастырсақ, онда премьер-министрдiң орынбасары Сергей Иванов пен оның әкiмшiлiгiн басқаратын Игорь Сечиндi атауға болады — олар да арнайы қызметтiң шекпенiнен шыққандар. Ресейдiң ең iрi мұнай компаниясын да, аса iрi кеме жасау компаниясын да, "Аэрофлот" ұлттық авиакомпаниясын да, темiр жол жүйесiн де жансыздар басқарып отыр. Барлық жерде сөзi өтетiн алпауыт компания — "Газпромның" басқарма аппаратын да жансыздар билеп-төстеп отыр, бұл компания энергетика мәселелерiмен ғана айналыспайды, ол қазiр телевидение, баспа iсi, банк iстерiне де араласады. Ендеше, Ресей — диктатура елi емес және ол кәдiмгi авторитарлы мемлекет те емес. Рессейлiк мемлекеттiк құрылым "шпионократия" деп аталады" деп ой түйедi мақала авторы Мартин Айвенс. Сөйтедi де, Айвенс ел басшысын мықты болуға шақырады: "Егер Браун қазiр солқылдақтық танытса — ол жәй ғана қате басу болып саналмайды. Егер ол солқылдақ болса — сол арқылы бiзде ержүректiлiктiң тамтығы да қалмағанын көрсеткенi" деген сөздер ағылшындардың патриоттық намысын жани түскендей

Бiз шолу жасаған мақалалардың iшiндегi шын мәнiнде мәселенiң түп-төркiнiн ашып, шындықтың бет-жүзiне үңiлуге тырысқан автор — Ұлыбританияның Мәскеудегi бұрынғы елшiсi Родрик Брейтуэйт болды. "The Independent" басылымында жарық көрген "Дағдарыстың шиеленiскенi соншама, оның қалай басталғанын да ұмытып қалдық" деген мақала авторы Ресеймен қарым-қатынастың ушығуына Британ кеңесiнiң мүлдем қатысы жоқ деп есептейтiнiн ашық айтады. Шын мәнiнде, екi елдiң арасындағы кикiлжiңнiң не себептi туындағаны жөнiндегi бұрынғы дипломаттың ойы назар аударуға тұрарлықтай: "Орыстар неге британдықтарды соншалықты жақтырмайды? Олардың сыртқы iстер министрi бiздi "Ресейге өз колониямыз ретiнде қарайсыңдар" деп айыптайды. Менiң достарымның бiрi, Ресейдiң отставкадағы генералы бiздiң орыстарға құрметпен қарай алмайтындығымызды айтып, үнемi даурығады да жүредi… Егер бiз осы дағдарысты шешкiмiз келсе, әуелi оның шығу себептерiн түсiнiп алған жөн. Әрине, бүгiнде дау Британ кеңесiне ғана қатысты емес. Сондай-ақ ол 2006 жылы Александр Литвиненконың өлтiрiлуiне де, одан кейiн ресейлiк дипломаттардың Лондоннан шығарылуына да байланысты емес. Даудың төркiнi тереңде. Ол Ресейге Ельцин дәуiрiнен мұраға қалған екi мәселеге байланысты, олар Ресейге ел iшiнде де, шетелде де кесiрiн тигiзуде. Әңгiме Шешенстандағы соғыс пен олигархтардың ықпалының өсуi туралы".

Дипломат Мәскеу-Лондон қақтығысының туындау себебiн Борис Березовскийдiң ағылшын үкiметiнен саяси пана тапқандығынан iздейдi. Одан кейiн Лондон Ахмед Закаевқа саяси баспана бердi. Жалпы, ағылшын үкiметiн паналап барған ресейлiктердiң саны жиырмаға жетiп жығылған. Бұдан кейiн Кремль Лондонға қайдан ырза бола қойсын? Брейтуэйт Литвиненконың радиоактивтi полоний-210-мен уланып өлтiрiлуiн орыс тыңшылық қызметiнiң ағаттығы деп бағалайды.

Бұл әрекеттердiң бәрi де шын мәнiнде бiр кездегi қырғи-қабақ соғыс кезеңiн еске түсiредi.

"Мiне, бiз ненi қаласақ, соған қол жеткiздiк: екi жаққа бiрдей зиян шектiрер қақтығыс. Артқа шегiнер жолды жауып тастаған сөздер де айтылып кеттi. Британияның Березовскийдi Луговойға айырбастауына да жол жоқ. Ал жалпақ көпшiлiкке жеккөрiнiштi болған дипломаттар қазiр жағдайды түзеуге тырысып жатқан болулары керек. Тереңнен су бетiне шыққан нәрсе ақыр аяғы құрдымға қайтадан шым батары сөзсiз, бiрақ ол үшiн үлкен тапқырлық, шыдамдылық пен уақыт керек" деп ой тарқатады Брэтуэйт.

Дипломаттың сөзiнде жан бар. Бұл мәселе де шешiмiн табар. Бiрақ аңдамай әлде әдейi айтылған сөздiң көңiлде сызы қалар.

… Әйтсе де, өз елiнiң мүддесiн қорғауда қандай iс-әрекет жасалса да, тарих оны ақтап алатын сияқты көрiнедi де тұрады…

Гүлбиғаш Омарова