Жаңалықтар

КYМIС YНДI КYНСҰЛУ

ашық дереккөзі

КYМIС YНДI КYНСҰЛУ

Оның әуездi үнiн естiмеген, оның спектакльдерiн тамашаламаған, оның сұлу келбетiн концерт сахнасынан көрмеген жан кемде-кем шығар. Сұлу да, сымбатты жанның бүкiл арманы, ғұмыры тек өнермен бiте қайнасқан. Актриса болсам деген тiлегiне жеткен Күнсұлу Тұрғынбекқызының бүгiнгi өмiрi Ғ.Мүсiрепов атындағы Жастар және жасөспiрiмдер театрымен тығыз байланысты. Одан қала бердi "Хабар" агенттiгiндегi дулбляжы тағы бар. Күнсұлудың әсем әуездi үнiн "Хабар" арнасының көрермендерi жақсы көредi. Ол көрерменге, әсiресе,"Асау жүректегi" Зейнеп, "Ыстық ұя" фильмiндегi Хан Жиюн рөлдерi арқылы жақсы таныс.

– Күнсұлу, үнiңiздiң ерекше екендiгiн өзiңiз де мойындайтын шығарсыз. Мүмкiн, осы әуездi дауысыңыз шығар сiздi өнерге жетелеген?..

– Ол үннiң бар екенiн бiлмеппiн де, шынымды айтсам. Театрға келген кезiмде де, Қазақ радиосында қызмет iстеген кездерiмде де, дауысымның ерекше екендiгiн сезген емеспiн. Еш уақытта да осы дауыс менi асырайды екен-ау, осы дауысым менiң ерекше екен-ау деген менде ой болмапты. Кейде маған бiреулер: "Дауысыңызды қалай қорғайсыз, дауысыңызды күтесiз бе?" – деп сұрақтар қойып жатады. Емдемеймiн де, күтпеймiн де. Бәрiн керiсiнше жасайтын адаммын. Жесем, балмұздақты тойғанымша жеймiн, су iшкiм келсе, мұздай суды iше салам. Қарды да жеймiн. Ешқашанда күтiм жасап көрмеппiн. Анаммен күнде телефон арқылы хабарласып отырам. Қарасам, анамның жай сөйлегенiнiң өзi әуездi шығады екен. Мүмкiн, ол кiсiден дарыған шығар. Оның үстiне, бiздiң Қызылжардың табиғаты өте әдемi. Ақ қайыңдар, шөбi шүйгiн, жазы жайлы. Қысы қатты болғанымен, әдемi. Сықырлаған аязының өзi жанға жайлы. Табиғатпен бiрге етене қабысып өскеннен кейiн болар, ананың сүтiмен келетiн нәрсе ғой. Әр адам Алланың берген несiбесiмен жаратылады екен. Алланың маған берген сыйы осы дауыс болар. Кейде басыма қисынсыз сұрақтар келедi. «Адам күлген кезде сыңғырлаған үн, сүйкiмдi күлкi қайдан шығады екен» деп ойлаймын кейде. Көкiректен шыға ма, әлде тамақтан шыға ма? Мұның бәрi мен үшiн жұмбақ. Құдiреттi күштi Алла Тағала оның бәрiн шебер етiп жасап берген.

– Қазақ радиосына жұмыс iстеуiңiз де кездейсоқтық па, әлде?..

– Қазақ радиосына қызметке шарасыздықтан бардым. 1997 жылдың соңы мен 1998 жылдың алғашқы айлары едi. Отбасымыз өте үлкен болды. Әкемiз ерте қайтты. Балалық шағым интернатта өттi. Шешеме он екi баланы өсiрiп жеткiзу оңайға түспедi. Ауылдан Алматыға кетiп қалғаным да сондықтан. Негiзi Алматыға қашып кеткем. Владимир Крайнев деген кiсi болды. Татар болатын. Ол кiсi бiздiң жетекшiмiз болды. Интернатта балалар арнайы кезекшiлiк өткiзетiн. Сондай кезекшiлiктiң бiрiнде ыдыс-аяқ жуып жатсам, дастарқанның бетiнде жатқан газетке көзiм түстi. "Лениншiл жас" екен. Ол кезде "Жас алаш" бола қоймаған кезi. Газеттiң соңғы бетiнiң соңғы жақтарында, «Жүргенов атындағы Өнер институтына құжат дайындап жатыр» деген хабарлама берiлiптi. Қарасам, бiтуiне екi-ақ күн қалған. Алжапқышымды шештiм де, әлгi қағазды жыртып алдым. Жаяулатып-жалпылатып, облыстық Мәдениет басқармасының бастығының қабылдауына бардым да: "Я хочу учиться, дайте мне денег" дедiм. Ол кiсi құдайына қараған кiсi едi. Көңiлiмдi қалдырмай, ақшамды тауып бердi де, самолетке шығарып салды. Жетекшiм де, ұстаздарым да, барлығы менi үйден ұрлап алып шықты. Алғашында қиыншылықты көп көрдiм. Ауылдағы шешемнен ақша сұрай алмайсың. Азын-аулақ зейнетақысына менi оқыта ма, қалған шиеттей балаларды оқыта ма? Ол кiсi қарсы болғаннан кейiн, қашып кетiп жүрмiн ғой. Сөйтiп, тарығып жүрген кезiмде, Қазақ радиосына бардым. Онда барғаным да қызық. Аялдамада тұрғам. Өзiмнен бiр курс төмен оқитын бала кезiгiп қалып: "Күнсұлу, сәлеметсiз бе! Неге тұрсыз?" дедi. Тұп-тура Қазақ радиосы орналасқан Сәтпаев пен Желтоқсан көшесiнiң қиылысындағы аялдамада тұр едiм. Қазақ радиосында дикторларға байқау жүрiп жатыр. Дауысыңыз әдемi ғой, барып көрмейсiз бе?" дедi. "Менiң дауысым әдемi ме?" дедiм аңтарылып. Дауысымның әдемi екендiгiн алғаш сол баладан естiдiм. Салып ұрып, Қазақ радиосына келдiм. Келсем, қабылдап жатқан Әбдiхалық деген аға екен. "Айналайын, сөзге жетiк екенсiң" дедi. Екiншi күнi-ақ, тiкелей эфирге шығып кеттiм.

– Ол уақытта "Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерiнiң жеңiмпазы" атанған кезiңiз бе?

– Жоқ. Байқауға 1998 жылдың қыркүйегiнде қатыстым. Оның өзiнде де, әдiлқазылар алқасы маған қиянаттық жасап, өзiме тиiп тұрған орынды бермей, ақырында студенттердiң наразылығының арқасында қол жеткiздiм ол орынға. Оның өзiнде екi адамға бiрдей қып бөлiп тастады. Олар маған Астанаға баруыма қаражат берген жоқ. Астананың жолақысын Қазақ радиосы басшылығы көтердi. Астанаға барған кезде ғана бас жүлденi жеңiп алдым.

– Театрға қалай қабылдандыңыз? Онда да қиындықтар болды ма?

– Әуелi М.Әуезов атындағы академиялық театрға бардым. Болат Атабаев "Естайдың Қорланы" спектаклiн қойып жатқан кезi. "Сыңғырлап қана күлiп жүретiн Қорланның немересiн ойнайтын әншi қыз керек" дедi. Кiшкентай қыздарды iздеп жүр екен. Фарида апай өзiнiң студенттерiнiң арасынан iздеп көрсеңшi деген соң, бiзге келiптi. "Ән айтасың ба, домбырада ойнай аласың ба?" деп сұрап қояды. "Иә" деймiн. Спектакль Бикен апаға арналып қойылып жатыр екен. Бикен апамен алғашқы кездесуiм де қызық. 1993 жылы "Әйгерiм" байқауына қатысқаным бар-ды. Жасым жетпейдi. Сосын амалсыздан жалған құжат жасадым да, байқауға жiбере салдым. Ұршық та иiрем, нан да жаям. Байқауға қажеттi шарттардың бәрi қолымнан келедi. Сөйтiп, байқауға қатысып жатқам. "Әйгерiм" байқауына Бикен апай да келiптi. "Жасың кiшкентай ғой, балам. Сенi байқауға қалай жiбердi?" деп айтып қалды оңашада. "Апа, солай-солай болып қалды. Менiң құпиямды ешкiмге ашпаңызшы!?", – дедiм. Сол байқауда Абай атамның портретiн кестелеп шығып, бас жүлденi жеңiп алдым. Бикен апам: "Әйгерiм десе, Әйгерiм екенсiң, шашыңды қырықпа, балам" деп, сол жолы батасын берген едi. Араға 7 жыл салып, Бикен апа екеумiз сахнада қайта қауыштық. "Әй, мынау менiң Әйгерiмiм ғой" деп құшағына алды. Шашымды қырқып, өзiмше актрисамын деп жүрген кезiм. "Ойбай-ау, шашың қайда? Шашы қысқа Әйгерiмдi көрмеппiн", – дегенi Бикен апамның. Бикен апамен сахнада аз ғана уақыт бiрге ойнадық. Ол кiсi маған өзiнiң домбырасын сыйлап кеттi. Әркiмнiң өзiнiң музасы болады ғой. Менiң музам, осы – домбыра. Шабытымды шақыратын да, сырласым да, рухани досым да, осы– домбыра. Шын мұңдасым болатын досты таппадым мен. Сондықтан, сырымды күнделiгiм мен домбырама айтам.

–"Естайдың Қорланынан" кейiн Әуезов театрында қалу мүмкiндiгi болмады ма?

– "Сен сияқты көз жасын көлдетiп жүрген қыздар көп. Бәрiңдi бiрдей жұмысқа ала алмаймын" дедi басшылық. Сосын Болат аға қолымнан жетектеп, Досхан ағаға алып келдi. "Мына бала iшiнде айтары бар бала, жерде қалмасын", –дедi Болат аға. Мұнда келген кездiң өзiнде маған рөлдердi бiрден бере қойған жоқ. Үш-төрт жыл рөлсiз жүрiп қалдым. Өлеңiмдi, әңгiмемдi жаздым. 3 мың теңге жалақым болды. Ол жалақы былай тартсаң, былай, алай тартсаң, олай жетпей жүрген кезiм едi. Сөйтiп, рөлсiз жүрген кезiмде Қалдыбек Құрманәлиев жолықты. Қалдыбек ағаға көп рахмет!! Менiң қиналып, тарығып жүрген сәтiмде, қолынан келген көмегiн көрсеттi.

Қазiр ендi бiреудiң аузына қарап отырған жағдайым жоқ қой. Дегенмен, аумалы-төкпелi заман. "Алдың соқпақ, артың мұз. Барар едiң, қай жаққа?" дептi Абай отызынан асып, қырқына шығар сәтiнде. Ақын болып, халқына қамығып, бiрде жұбатып, бiрде сол халқымен бақытты болып, бiрде сол бақытымен сорлап өткен ақын ғой. Ол да сондай күндердi басынан кешкен кезде, бiздiң қиындығымыз түк емес. Көкiрегi ояу, көзi ашық жанның бәрiне қайғы мен қуаныш қабаттасып келедi екен. Бүгiн қуаныштымын деп, шын мәнiмен қуана алмаймын, ертең мұң тұратынын бiлем. Бүгiн қатты мұңданып тұрмын деп, шын қайғыға берiлiп кете алмаймын, түбi бiр қуаныш келетiнiн бiлем. Бәрiн сабырлылықпен жасаймын. Дәулетiм қалтамды тесiп кетiп бара жатқандай бай болып көрмеппiн. Өйткенi, кейбiр дәулеттi азаматтар асып-тасып, бiр күннiң iсiне разы болып, қалшылдап, бар қуанышынан ада болып өмiр сүредi ғой, қарап тұрсаң. Тiптi, шын берiлiп сүюден де қорқам. Кеше бiр мұңайған сәтiмде, "Тағдыр тәлкегi" деген фильм бар ғой. Соның екiншi жалғасын түсiрген екен. Соны көрдiм. Сондай әдемi түсiрiптi. Бiзде де сондай фильмдер түсiретiн кинорежиссерлер болса ғой дейсiң. "Театрға, киноға бармайды" дегеннiң бәрi өтiрiк. Шын шебер етiп, көрерменнiң көңiлiнен шығатындай етiп суреттей алатын болса, неге бармасқа?! Неге халыққа өтiрiк жала жаба бередi? Халық барады. Шын өнердi бағалай бiледi. Жалған бәрi, жалған. Егер шынымен халқыңа беретiн болсаң, келедi олар, соңғы тиынын сыпырып келсе де… Мен соны бiлем. Өзiмдi «кереметпiн» деп айта алмаймын. Бiрде-бiр журналист қыздың: "Концерттi сiз жүргiзедi деп, билет таба алмай, қолдан екi-үш есе бағасына сатып алып келдiм ғой, апай" деп айтқаны бар. Шын жүрегiмен қабылдайтын көрермен, шын өнердi бағалай бiледi.

– Қазiр қалай, өзiңiз ұнатқан рөлдерiңiзге қолыңыз жетiп жүр ме?

– Мен негiзi сүтке жарымаған баламын. Балалыққа да жарымадым. Әкем ерте кеттi. Көк көйлек киiп өскен жоқпын. Әкем кеткеннен кейiн, өмiр сүруге бейiмделе бастадым. Қайта, интернатта көп еркелеттi. Интернаттың бетке ұстар алғыр балаларының бiрi болдым. Облыста, үлкен қалаларда өтетiн байқаулардың бәрiне мен баратын едiм. "Қазақ тiлi мен әдебиетiнен" олимпиада болса, бас жүлденi мен алып келетiн едiм. Байқағаным, сүтке жарымаған бала бәрiне де жарымайды екен. Театрда рөлге жарып жүрмiн деп айта алмаймын. Ойнағым келген, шын көңiлiммен жасағым келген рөлдер жамбасыма келiп жатқан жоқ. Көргiсi келсе де, көрмегенсидi. Өткенде бiреулер: "Күнсұлу дубляжда көп жүредi" деп айтыпты. Неге жүредi Күнсұлу. Ең құрығанда бiр жағынан пайдаңды тигiзгiң келедi. "Кiшкентай рөл болмайды, кiшкентай актер болады" деп айтып жатады. Мен Ақтоқтыны, Еңлiктi, Ұлпанды армандап едiм. Қолымнан келсе… «Қазiргiнiң қыздарының арасында Ақтоқтылар, Еңлiктер жоқ» дейдi. Жiбегi де бар, Төлегенi де бар бұл заманның. Бағалай бiлетiн жүрек болса… Қазiр барлығының көздерi тұмшаланып тұр. Олар тек қана нарықтың Жiбегi мен Төлегенiн көредi. Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi, сүтке жарымаған бала ештеңеге жарымайды екен деп айтқым келедi. Алда-жалда берiп жатса, оны да көрермiн. Көрермендi мен де қуантқым келедi. Ойнағым келетiн рөлдер әлi де көп. Көзi қарақты режиссер де, басқасы да бiлiп жатады ғой. "Ойбай-ай, мен осылай едiм" деп, көзiмдi жасқа толтырып отырар жайым жоқ. Әлiптiң артын бағамыз да.

– Киноға бақ сынап көрмедiң бе?

– Киноға да бақ сынап көргем. Хабарласамыз деп телефонды алып қалады, ертесiне басқа бiреудiң өткенiн естiп жатасың. Ол жерде де қызық қой. Даланың актрисалары көп ойнап жатады. Көздерiнде не ой жоқ, не айтары жоқ. Театрдың актрисалары жаттандылық жасайды деп жатады. Режиссерлердiң қалыптасып қалған ойлары шығар. Кинорежиссерлерiмiз киносына таңдау жасайтын кезде ғана театрдың актрисалардың фото-суреттерiн жинайды. Олардың ойындарын, театрда не өзгерiстер болып жатқандарын айына бiр рет келiп, көре ме екен?! Сондықтан, көптеген кинорежиссерлердiң атын да, затын да бiлмеймiз?! "Ойбай, сондай киноға таңдау жасап жатыр екен" десе, қазiр мен оған солғын қарайтын болдым. Алдын-ала шешiлiп қойған нәрсе екенiн бiлем. Мүмкiн, бақ жанып жатса, оны да көрермiз. Кинода ойнамадым екен деп, қиналмаймын.

– "Күнсұлу дубляжға көп барады" деп айтып қалды дейсiз. Жалпы, бiзде қалыптасқан дубляждың мектебi болып едi бiр кезде. Қазiр сол мектептi қайта жандандыру қажет сияқты.

– Қаражатты керек емес дейтiн адамды көрмедiм. Ақша маған да керек. Өзiмнен артылғанын бауырларыма көмек қылып берем. Менiң жағдайым қарық боп, олардың жағдайы нашар боп жатса, оның да мәнiсi жоқ. Студенттер, кейбiр жастар көмек сұрап жатады. Қолымнан келгенiнше жәрдемдесуге тырысам. Ара-тұра менiң де үлкен тойларға барып тұратыным бар. Бергенiн аламыз. Бiрақ, оның бәрi адамды шаршатып жiбередi. Менiң қазiргi адал наным, адал табысым, осы – дубляж. Дубляждық мектептi әркiм өзiнше жасап жатыр қазiр. Орталықтандырылған арнайы дубляждық сала болса, әркiм бас-басына, бақа – шаян – аққу болып тартпас едi, бәрi бiр орталықтан шығар едi. Қазiр дубляжды табыстың көзi ретiнде көрiп кеттi. Сондайға тоқтам салынса деп ойлайсың. Әрбiр телеарна өз алдына бiр-бiр студияны ашып алған. 50-ден кем болмасын деген соң, өз беттерiнше қазақша аударма жасаған болып жатыр. Қазақтың би –шешендерiн, данагөйлерiн берудiң орнына, шетелдiң арзанқол фильмдерiмен толтырып жатыр. Негiзi, дубляждың бүгiнгi атасы – "Хабар" агенттiгi деп ойлаймын. "Хабар" арнасынан кейiн ғана, басқа телеарналар дубляждық студиялар аша бастады. Әр режиссер өздерiнше жұмыс iстеуге тырысады. Дубляждың да салмағы театрмен бiрдей. Небiр қиын, ауыр сценаларды көзiме жас алмай, рөлге ене алмай жасай алмаймын. Жұпыны, шала-жансар, көрiксiз аударманы көрерменге ұсынғым келмейдi.

– Бес саусақтың бiрдей еместiгi сияқты, Батыстың фильмдерiнiң барлығы бiрдей бола бермейдi. Кейде көңiлiңiзге қонбайтын көрiнiстердi де аударуға тура келетiн шығар…

– Әрине. Кейде кейбiр тұстарын аударуда қатты қиналам. Актриса болған соң, ол да саған сынақ. Жаныма ұнамайтын сахналар адамның миын басқа жаққа алып кетедi. Мен перiштемiн деп айтып отырғам жоқ. Жалпы, оның бәрiн ауыздықтап отыратын, қыздың қырық амалы керек деп ойлаймын.

– Жазып жүрген өлеңдерiңiздi, әңгiмелерiңiздi жарыққа шығарып көрдiңiз бе?

– Соңғы кезде, көбiне өлеңнен гөрi, қарасөзге құмар боп алдым. Кейде бiр екi-үш апта өткеннен кейiн, әлгi жазғандарымды оқып отырсам, керемет бiр суреттеулердi көрем. Қарап отырсам, қызық-қызық көрiнiстерге тап болам. Адамның ойына келмейтiн нәрселердi жазады екем. Кейде өзiм оқып отырып, "осының бәрiн өзiм жаздым ба?" деп, таң қалам. Мұның бәрi әзiрше жиналып жата берсiн. Қырықтан асқаннан кейiн жарыққа шығаратын шығармын. Қазiр жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай ақын да, әншi де көбейiп кеттi. Солардың арасында жай ғана ақпараттай қалып қоймасыншы деп ойлаймын. Өзiмдi керемет ақынмын деп те ойламаймын. Бұл менiң iшкi сырым ғой.

– Сөздерiңе қарасам, қуанған сәттерiңiзден ренжiген сәттерiңiз көп сияқты.

– Оның рас, қуанғанымнан ренжiген кездерiм өте көп. Алла Тағала төзбейтiн сынақ бермейдi екен. Бәрiне төзуге тура келедi. "Сабыр түбi – сары алтын". Бiреулер маған: "Сен қиналып өмiр сүргендi жақсы көретiн сияқтысың" дейдi. Менiң де қуанғым келедi. Маған әрбiр қуаныш соншама қиындықпен келедi екен. Неге? «Неге?» дегенiммен, жауабын таппай келем. Бұрын қайғырған сәттерiмде көз жасымнан алатынмын. Орны толмастай болатын болса, өксiгiм басылмай жылаймын. Көп нәрсе айта алмаймын. Iшiмде жатқан мұң мен сырым көп екенiн бiлiп жатқан боларсың. Мұның бәрi сахна үшiн керек болды. Сахнада рөлiңдi сәттi шығару үшiн, мұның бәрi жақсы. 20 жасымнан бастап, театрда жүрсем, сол он жылдың iшiнде саусақпен санайтындай, он рөл жасамаппын. Көрермен iздеп келетiн рөлдерiм бар, құдайға шүкiр. Ондаған, мыңдаған мұң келiп өттi басымнан. Осының бәрi қажытады, қартайтады. Жарты жылдың көлемi болды, бiр қуанышым болатын сияқты, кеуде тұсымды бiр нәрсе қытықтап тұрады. Әйтеуiр, түбi бiр жақсылықтың боларын сезем.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА