БАТЫР БАУКЕҢНIҢ ҰСТАЗЫ
БАТЫР БАУКЕҢНIҢ ҰСТАЗЫ
Тәңiрберген Отарбаевтың өзгеше бiтiм бейнесi Бауыржан Момышұлының жазушы Мамытбек Қалдыбайға айтып берген "Ұшқан ұяға адал болайық" естелiгiнде былай суреттелген:
"…Ұзын бойлы, келбеттi келген, сабырлы, өте ақылды кiсi едi".
Ал ұстаздық шеберлiгiн шәкiрттiк алғау сезiммен қалай жеткiзген.
"…Ол кiсi сабақ бергенде бiз рахаттанып отырып тыңдаушы едiк".
Демек шәкiрттерiнiң бар ынта-ықыласын өзiне, пәнге, тақырыпқа аудара бiлген, өзiндiк оқыту тәсiлi бар нағыз ұстаз екенi анық.
"…Қазiр жасым жетпiске келгенде байқасам ол кiсi шынында әдебиет зерттеушiсi екен, шынында ақын екен".
Баукеңнiң талғам-талабы биiк. Оның дуалы аузынан бос сөз шықпайтынын жұрт жақсы бiледi. Өмiрiнiң соңына дейiн ұстазын есiнен шығармапты. Тәңiрберген Отарбаевтың өз iсiне жан-тәнiмен берiлген мұғалiм ғана емес, көркем әдебиеттiң зерттеушiсi әрi ақын болғанын кейiнгi ұрпақтарға жеткiздi.
"…Бүгiн байқауымша, ол кiсi орысшаны жақсы бiлетiн жан болуы керек. Абайдың Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан аударған өлеңдерiн талдай келiп:
— Мына нәрсе Пушкинде бар деп айтуға да, жоқ деп айтуға да болады. Абай Пушкин өлеңдерiнiң кей тұсын "Әй, мына жерi жетпей жатыр" деп реңдеп тереңдеткен. Егер де Пушкин, Лермонтов, Крылов тiрi болып, қазақша аударылған өлеңдерiн оқи алса: "Ойпыр-ай, айналайын-ай, мынау маған түсiнiктi ғой", — деп ырза болар едi. Мысалы, Пушкиннiң "Евгений Онегинiн", "Татьянаның хатын" қараңыздар. Тұпнұсқасынан артып жатыр. Оған және Абай жылап отырып ән шығарған, — деп домбырамен орындап бердi. Содан кейiн "Татьянаның хатын" орысша оқып: "Орысшасы да осал емес. Бiрақ Абай қазақша аударғанда түп тамырын, сүйегiн, жүрегiн сақтап, өз денесiнен қан құйып реңдеген. Ол жаттанды аудара салмай Пушкиннiң ойына ой қосқан" дейтiн".
Ахмет Байтұрсыновтың жиырмасыншы жылдары Абай өлеңдерiмен танысып: "Мына ақын басқалардан өзгеше көрiнедi. Бұған ерекше дайындықпен келiп, оқу керек екен" дегенi бар. Ал Баукеңнiң естелiгiне қарасақ, сол жылдары Абайдың аудармадағы шеберлiгiне алғашқылардың бiрi боп ғылыми пiкiр айтқан Тәңiрберген Отарбаев екенiне еш күмән қалмайды. Демек ол Абайтанушы да болған. Осыдан кейiн батырдың қадыр тұтқан ұстазы жайында қалай көп бiлуге ынтықпайсыз.
Өнегелi ұстаз Отарбаевтың қиын да қилы тағдыр талайы туралы осыдан бiраз бұрын "Оңтүстiк Қазақстан" газетiне жазушы-ғалым Мамытбек Қалдыбайдың "Ұстаз" очеркi, журналшы-зерттеушi Жанәлi Ырсымбетовтың "Ақын, ағартушы" мақаласы, шайыр Нәмет Сүлейменовтың бiрқатар еңбектерi жарық көрдi.
Тәңiрберген Отарбаевтың бiлiктi, бiлiмдi ұстаз болғанын шәкiрттерiне қарап бiлесiз. Олар кiмдер? Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тәжiбаев, Қажым Жұмалиев, Асқар Тоқмағамбетов, Әбдiлда Тәжiбаев, Әзiмбек Ысмайлов. Бiрi – батыр, бiрi – ақын, бiрi – жазушы, бiрi – ғалым, бiрi қайраткер. Алдыңғысы әлемге танылған кейiнгiлерi Одаққа, елге әйгiлi жандар. Бұлардан басқа ұстазының жолын жалғастырған, Отанға адал еңбек сiңiрген қарапайым iзбасарлары қаншама.
Ұстаздың шеберлiгi дегеннен шығады. Баукең естелiгiнде Тәңiрберген Отарбаевтың сабақты қалай түсiндiретiнiн де қамтыпты. Бүгiнгiлерге үлгi еткенi-ау, шамасы.
"…- Ақындық дегендi жалғыз өлеңде деп түсiну дұрыс емес. Ақындық ойда, мазмұнда, көре, сезе бiлуде, — дейтiн. Ол кезде Асқар Тоқмағамбетовтың жап-жас кезi. Сабақ берiп отырғанда Тәкең оның бар өлеңiн мысалға келтiрiп: "Мiнеки, осылай жазу керек. Ақындық деген осында жатады. Ұйқасқанның бәрi өлең емес, ақындық ойшылдықта, сезiмталдықта, сыршылдықта, тереңдiкте, жүректе жатады", — дейтiн. Абайдың өлдеңдерiн жатқа, кейде домбыраға қосып айтып: "Мiнеки, өлеңнiң ойы, сыры мынандай", — деп талдау жасайтын".
Тәңiрберген Отарбаев 1920 жылы коммунистiк партия қатарына өткен. 1935 жылы партия қатарынан шығарылды. Не үшiн? Неден жазықты болып қалды? Ол сол жылдың 22 желтоқсанында Оңтүстiк Қазақстан БК(б)П обкомына аппеляциялық шағым жазған. Ендi содан үзiндiлер келтiрейiк:
"Партия құжаттарын тексеру кезiнде БК(б)П мүшелiгiнен шығарылған Тәңiрберген Отарбаевтан. П/б. №0949473.
БК(б)П Келес аудандық комитетiнiң екiншi хатшысы Народный жолдас менiң партбилетiмдi тексеру кезiнде алып қойды және 1935 жылы 27 қазанда БК(б)П қатарынан шығаруға қол жеткiздi. Ол менi шығаруда өзiнiң мынандай дәлелдерiне сүйенген:
1. Бұрын мұсылман дiндарлары қатарында болған.
2. Саяси-әлеуметтiк жат элементтермен байланысты.
Алайда БК(б)П аудандық комитетiнiң бюросы 27 қазанда мәселенi қосымша қарап анықтағанша ашық қалдырды. Маған осы уақытқа дейiн ненi анықтады және ненiң анықталғаны белгiсiз. БК(б)П аупартком бюросы мәселенi қайта қарағанда менi шақырған жоқ. Бiрақ бюро барлық iстi жоққа шығарып, маған партбилеттi қайтарып беруге қаулы еткенiн жеткiздi.
17 желтоқсанда менiң мәселемнiң күтпеген жерден мүлдем басқаша шешiлгенiне таңым бар. БК(б)П Келес аудандық комитетi құжаттарды тексеру қорытындыларын бекiту кезiнде НКВД-ның аудандағы өкiлi Дынников жолдастың жала мәлiмдеме жасауына, байланысты дауысқа салынып 8 жақтаушыға қарсы 12 дауыспен менi БК(б)П мүшелiгiнен шығару жөнiнде қаулы қабылдаған. Мен БК(б)П обкомына бұл шешiмге мына жайлар бойынша аппеляциялық шағым жасаймын.
1. Менi НКВД аудандық өкiлiнiң шындыққа жанаспайтын мәлiмдемесi бойынша мүшелiктен шығарып отыр.
2.Мен ешқашанда кәсiпқой имам болған емеспiн.
Мен – 25 жылдық стажы бар мұғалiммiн. 1910 жылдан бастап Шымкент қаласы маңындағы қазақтар тұратын Қатынкөпiрде ұстаздық ете бастадым. Сол кезде қазақ мектебi болмады. Отыз отбасы менi өз қаржыларына мұғалiм етiп жалдады. Балалардың оқитын жерi мешiт болды. Менiң өзге мұғалiмдер секiлдi құлшылық ету кезiнде имамның мiндетiн атқаруыма тура келдi. Мен сол кезде 17 жаста едiм. Таяуда ғана медресе бiтiргенмiн. Өзiм дiнге сенгендiктен құлшылық еттiм. Қазақтарды құлшылық етуде өзгелерден сауаттырақ кез келген жан бастап отырды. Сондықтан да мен балаларды оқыта жүрiп, дiнге сенушiлердiң арнайы тағайындалған имамы болмасам да құлшылық жасауларына жетекшiлiк еттiм. Алайда мен жалдамалы мұғалiммiн. Бұл менiң негiзгi мiндетiм болды.
Менiң Жаратушыға және мұсылман оқуына iштей күдiгiм орныққанша осылай жалғасты. Мен мерзiмдiк басылымдарды және бiрқатар ғылыми кiтаптарды оқу нәтижесiнде 1915 жылы атеистiк жолды таңдадым. Өзiм құлшылық қылудан бас тарттым және сауаттылығым соған дейiн едәуiр өссе де дiндарлардың құлшылығына басшылық жасамайтын болдым. Мұнда менiң мұғалiмдiк жұмысым төңкерiс басталғанға дейiн созылды. Төңкерiстен кейiн мемлекеттiк қазақ мектебiне ауыстым.
…Екiншi айыптау — жат элементтермен байланыс. Мен мұны үзiлдi-кесiлдi жоққа шығарамын. НКВД-ның аудандық өкiлi Дынников жолдас маған Мылтықбаев пен Болғанбаевты таңып жүр. Мұса Мылтықбаев менiң анамның туған iнiсi. Мен оны жас кезiмнен бiлемiн. Ол өзiнiң бүкiл саналы өмiрiнде кәсiпқой мұғалiм болды. …Күнi бүгiнге дейiн осы iсiн жалғастыруда. Ол Алашорда партиясымен ешқандай да байланыста болған жоқ. Сондай-ақ дiни атағы да болмады. Дынников жолдас өзiне жеткен өсекке малданып Мылтықбаев жолдасты жатқа санап отыр.
Ал Хайретдин Болғанбаевқа келер болсақ, менiң танитыным анық. Ол 1919 жылы үш айлық педагогикалық курстың оқытушысы болды. Мен сонда тыңдаушылардың бiрi едiм. Өткен 1934 жылы Алматы зооветинституттың жолдамасымен Болғанбаев Қапланбектегi рабфакқа оқытушы болып келдi. Өзiм де қазiр сонда оқытушымын. Бiз Болғанбаевтың Алаш партиясына қатысы барын, айдауда болғанын бiлдiк. Алайда ол ақталған соң өз мамандығы бойынша жұмыс iстеуге рұқсат берiлген. Өзiмнiң Алаш партиясымен ешқандай байланысым жоқ.
Болғанбаев келген соң мен оның алаңсыз жұмыс iстеуiне жағдай жасау керек деп ойладым. Қызмет бойынша жолдастық қарым-қатынасты қалыптастыру қажет деп таптым. Оны өзiмiзден керi итермей керiсiнше оны жақын тартып, бақылап отыруды есте ұстадым. Ол өзiнiң қатесi жөнiнде ашып айтып, адал еңбегiмен ақталғысы келетiнiн бiлдiрдi. Ал менiң бар қателiгiм: оған қызметте қол ұшын бергенiм. Егер мұны қателiкке санауға болатын болса.
Болғанбаев әзiрге адал еңбек етуде. Мен оның жұмысын қадағалап отырғандықтан бiздi алдауға нендей де бiр әрекет жасағысы келсе де оған жол бермес едiк. Егер ол бұдан әрi де адал жұмыс iстейтiн болса, оны совет қызметкерi етiп қайта тәрбиелеу – бiздiң мiндетiмiз. Бұрынғы айыпкер бүгiнде жұмыс iстеуге рұқсат берiлген қызметтес жанмен коммунист-партия тұрғысынан осындай қатынас жасағаным үшiн қазiр менi айыптап отыр.
Менде ешқандай да коммунист-партияшыл позицияны сату және Болғанбаевтың ықпалында дейтiндей дәлел болған жоқ. Мұны Дынниковтың өзi де келтiре алмайды. Менiң белсендi коммунист болғым келедi. Дынников жолдастың көргiсi келетiндей "партия пердесiн жамылған" ханжа емеспiн. Жолдас Дынников басқа айып таққан жоқ. Ал мына айыптаулары шындықпен жанаспайды. Сондықтан да жеткiзушiлердiң шындыққа сәйкес келмейтiн жалалары өсек ретiнде жоққа шығарылуы керек.
Т.Отарбаев. 22 желтоқсан 1935 жыл".
Оның бар шындығын ағынан жарылып, ақтарыла айтқаны осы. Адалдығы, ақтығы осыдан-ақ көрiнiп тұрды. Көп ұзамай Ташкент қаласындағы Орта Азия ауыл шаруашылық рабфакқа ауысқан. НКВД-ның жендеттерi 1938 жылы 12 мамырда ұстап, бұрынғы мәселелердi қайта қозғап, "халық жауы" атап, сот үкiмiмен 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Сот оны не үшiн айыптап, сонша жылға үкiм шығарып кестi?
2001 жылы 31 мамырда Ресейдiң құрамындағы Коми АССР-нiң мұрағатынан жiберiлген №14/596 құжатында мынандай сөздер жазылыпты.
"Бұл анықтама Оңтүстiк Қазақстан облысы, Шымкент қаласында 1893 жылы туған Тәңiрберген Отарбаевтың СССР НКВД жанындағы аса маңызды кеңестiң 1940 жылы 10 қыркүйектегi Советтерге қарсы ұлтшылдық ұйымдарға қатысқаны үшiн 5 жылға бас бостандығынан айырған шешiмi негiзiнде кесiмдi мерзiмiн өтеуде болғанын растайды. Бас бостандығынан айыру уақыты 1938 жылдың 12 мамырынан бастап есепке алынған.
1940 жылдың 22 желтоқсанынан бастап Коми АССР-i, Ухта қаласындағы НКВД-ның "Ухтижемлагте" отырды. 1942 жылы 23 наурызда қайтыс болды.
Мұрағат меңгерушiсi Ю.Г.Ульянова".
Осы құжатқа зер салсақ, Тәңiрберген Отарбаев өзiне таңылған айыпты 1940 жылдың 10 қыркүйегiне дейiн мойындамаған секiлдi. Күштеп мойындату кезiнде тергеушiлердiң қаншама азабын көрдi десеңiзшi.
Жоғарыдағы анықтамаға қоса тағы бiр құжат жiберiлген. Онда Тәңiрберген Отарбаевтың жүрек ауруынан бақилық болғаны жазылыпты.
1957 жылы 9 қыркүйекте Өзбек ССР прокуратурасы Тәңiрберген Отарбаевтың iсiн қайта қарап, ақталуына байланысты iсiн өндiрiстен алып тастайды.
Өкiнiштiсi сол, Отарбаев айдаудан босауына екi ай қалғанда өмiрден озған. Қазақтың кең маңдайына солай тағы бiр ақыл-ой иесi сыймай қапыда кеттi.
Қайғыдан ғарiп жаным пара-пара,
Сұм тағдыр жазылмайтын салды жара.
Айырылып ел-жұртымнан қалдым жалғыз,
Өлеңiм – жан серiгiм жалғыз ғана.
Бұл Тәңiрберген Отарбаевтың түрменiң қапасында, айдаудың азабында жүрiп жазғаны. Осы бiр шумақтан оның сол азапты күндерi жан тебiрентерлiк талай өлеңдер жазғаны байқалады. Амал қанша, елге солардың бәрi түгел жеткен жоқ. Үшбу хатпен келген аз ғана өлеңдерiн үлкен қызы Яһуда көзiнiң қарашығындай сақтапты. Сондай сирек келетiн хаттарының бiрiнде ол: "Дүниеден өмiр бiтiп өтсем де өзiм, аралап жердiң жүзiн жүрер сөзiм" деп жазыпты. Бұл өз қаламының қуатына сенетiндердiң сөзi.
Ол онда өмiр үшiн күрестi. Сол үшiн жанымен жыр жазды. Кесiмдi уақытын бiтiрiп, елге есен-сау оралса, сол туындыларының жарыққа шығарына да кәмiл сендi. Келешек ұрпақтардың жырларына сусындап, өлеңдерiн жатқа айтатынына да күмәнi болмаған. Әттең асыл жанның өмiрi қысқа болды. Ойы жеткенге өмiрi жетпедi. Ал бiздегi аз ғана мұрасының құнды дүниелер екенiнде дау жоқ.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ жазба әдебиетiнiң, қара сөз өнерiнiң қалыптасу кезеңi едi. Тәңiрберген Отарбаев бұған да белсене атсалысып, өзiнiң қомақты үлесiн қосты. Жай қосып қана қойған жоқ, 1935 жылы жарық көрген "Мырзаби оқиғасы" әңгiмесiмен тарихтың ауыр кезеңiн, көркем тiлмен сол қалпында алдымызға әкелдi. Дау жоқ, "Мырзаби оқиғасы" – тарихи әңгiме. Бiзге сонысымен де құнды. Әңгiмеге Қоқан хандығының езгiсiне қарсы 1858 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстiң бiр оқиғасын арқау еткен. Көненiң қатпарларында жатып, ұмытылыңқырап қалған сол әңгiмеден үзiндiлер келтiрiп, қаламгер қарымын қайта танытқанның артықтығы болмас сiрә.
Әңгiме бiрнеше тақырыпшалардан тұрады. "Жетпiс алты жыл бұрын" былай басталады:
"Мұнан жетпiс алты жыл бұрын. Көп те емес, аз да емес, дәл жетпiс алты жыл бұрын. Өйткенi дәл сол жылы туған Ниязәлi биыл жетпiс алтыға келiптi. Мұны жетпiс бiрге келген, өзiнен бес жасы кiшi, бiрге туған iнiсi Шырмал ақсақал айтып отыр…
Сол жетпiс алты жыл бұрын «Мырзаби оқиғасы» болыпты. Орта Азияны хан билеп тұрған шақ.
…Солардың тағы бiр азғыны, күнде "қырық қыздың" қызығымен қарқындаған, үш жүзден артық қатыны болған, қайдан болса да, күнде дерлiк тың сұлулар таптырып, әуелi өзi иегiн бiр артып, соңынан ардақтаған амалдарларына беретiн, Қоқанды билеген Құдияр ханды да көрген бұл Орта Азия. Сол Қоқан хандарының ең соңғы бегiнiң бiрi болып Шымкенттi Мырзаби деген билептi".
Ордабасы тауының бет-бедерiн "Ордабасы" тақырыпшасында сөзбен суреттегенi де тартымды шыққан.
"…Шымкенттiң батыс түстiгiнде, 35 шақырымдай жерде одырайып Ордабасы тұрады. Ордабасы — таудан аулақ шөл тауы. Тау дейтiн тау емес, некен-саяқ өрiстiң белдерi болмаса, төңiрегi жалпақ жатқан жазық дала, жағалай жайылым. Тау демеске тағы болмайтындай — таудан биiк, 20-30 шақырым алабынан одырайып көрiнiп тұрады. Әр жер — әр жерiнде адыр-адыр тастар, қайнап жатқан бұлақтар.
…Ордабасы Шымкенттi билейтiн (осы күнгi Ленгiр, Сайрам, Арыс, Келес аудандары тұратын кең алыпты билейтiн) бас бидiң тұрағы болған. Үстi тегiс жон. Жанында Қотырбұлақ қайнап жатады. Қотырбұлақтың дәл қолтығы билердiң туын тiгiп, ордасын орнатқан жерi екен. Сондықтан да бұл таушықты Ордабасы атанған дейдi қарттар.
Ордабасыға туын тiккен Қоқан хандығы билерiнiң ең соңғысы Мырзаби болыпты".
Әңгiмедегi оқиғаның шиеленiсi, жуандардың қарапайым халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығы "Қыздан зекет" тақырыпшасында баяндалған.
"…Ордабасыдан жиырма шақырымдай, Қазығұрт жағында Шымкенттi беттей келе жатқан бiр топ көштер көрiндi.
…Көш жиналып қалды. Көштiң алды-артында, жанында аттылы-жаяулы кiсiлер бiресе көштiң алдына шығып, бiресе артына шығып жүр. Лезде көш апыр-топыр құйын тигендей, дауыл соққандай болды. Түйеге мiнген қатын, қыз бала-шағалар түйелерiнен түсiп, шуласып қалды.
Үрген ит, бақырған түйелердiң дауыстары да шуды қоюлатты.
Қылыштарын, сапыларын жалаңаш суырып, көштегiлердi шашау шығармай, ұрып-соғып, арғымақтарын арындатып, жасауылдар тұншыққан даланы басына көтердi. Жалма-жан түйеден түскен әйелдердiң төстерiн ұстап, сығып көрiп:
– Ой, атаңа нәлеттер-ай, қарашы қулықтарын. Айтқандай-ақ, қыздарын әйелдерше киiндiрiп қойған екен. Мыналар қандай саз қыздар! – десiп, әйелдерше киiнген, жаулық тартқан үш қызды сүйрелеп, көштен айырып алып шығып, өңгерiп ала жөнелдi.
Бiрақ бұларды беру көшке де оңай соқпады. Көштегi бар жанның – еркек, әйел демей, қарт, жас демей сайыспағаны қалмады. Әйткенмен де әлдерi келмедi. Қылыш-сапыларымен тегiс құралданған қарулы жаулар бой бермедi. Қалғандары қып-қызыл шиедей қанға боялды. Әсiресе торы атты қапсағай қара жiгiт көпке дейiн көнбедi, көп алысты, қарындасын оңайлықпен бере алмады, ар-намысын жойып, жауыздардың жасаған ермегiне еркiмен қалай көнсiн ол? Үзеңгiсiн суырып қолына алып, екi-ақ сiлтеуге келдi. Жасауылдардың бiрi ат үстiнен атылып, жайылып түсiп барып оңалды да, қалғандары жiгiттi сапының астына аяусыз алып, тiлгiлеп тастады. Жiгiт естен танып, сұлай құлады.
— Ой, Құдай-ой, қыздан зекет алды деген не сұмдық! Көрмеген көрiмдi көрсеттi-ау, ар-намысты жойды-ау. Алда тәңiр-ай!…Әкеңнiң аузын… Кәрi иттер-ай!..- деп, бұрқырап жүрген қартты да қызыл қанға малып, тастап кеттi.
Жыламаған, сықтамаған, таяққа тозып құламаған, сұламаған жан қалмады. Ересек, үлкендер түгiлi, есiн бiлген жастар да сойылға жығылды. Түйе тулаған, жүк жығылған, қазан сынған, у-шу, мең-зең.
Бұл сықылды көрiм көрiнiстер бiр бұл емес, әр күн дерлiк, әр жерде-ақ болып жатты. Ордабасыдан, сәскелiк, түстiк жерден өтетiн көштердiң, жүргiншiлердiң кешiрген күнi сол болды… Қырық қыздан бiр зекет алды, қырықтан бiр емес-ау, әрi-берiден соң дiттеген қызын, жалғыз да болса алады. Алғандарын не қылатыны белгiлi".
Ендi әңгiмедегi би ордасының көрiнiсiмен танысайық.
"…Ордабасының Қотырбұлағын қоршалай қондырылған ақ ордалар. Ең ортасында уық, кереге, маңдайша, босағаларына деуiр оюлап, алтындап, күмiстеп тастаған Мырзабидiң өз ордасы, iшi қып-қызыл; жiбек кiлем, шайы, қымқап-тағы өңкей асыл үлде мен бүлдеге бөленген көрiнiс.
Жасауыл жiгiттер. Қарауылшылар, қошаметшiлер. Тамашашылар, тағы-тағылар… Сырнай-керней, сыбызғы, тамбыр, дутарлар күн-түн демей ойнап жатады. Оны қошаметтеп, жүз бұралып, жүз құбылып, қасын қағып, аударылып-төңкерiлiп, бишiлер билеп жатады.
Қой-қозы, құлын-тайлар керегiнше сойылып жатады. Арнаулы қызметкерлер, арнаулы аспаздар. Алуан-алуан тамақ. Назы, нығмат. Арақ-шарап… Қымыз… Күнде жаңа қыз. Ар-ұяты жаттың, жаудың ермегi болған құрбан қыз… "Тышқанға өлiм, мысыққа ойын" жеткiлiктi болып жатады".
Әңгiменiң "Науқаншылар" бөлiгiндегi Мырзабидiң ылаңы да төбе шашыңды тiк тұрғызып, ашу-ызаңды келтiредi.
"…Со кездерде Шымкент алабында (осы күнгi Арыс ауданы жерiнде) Қызылқұмды қыстап, Сыр өзенiн жайлайтын алты мың үйден артығырақ көктiң ұлы (қоңыраттар) болады екен. Бұл елдiң қалың кедейлерi мен орташаларының жаппай тiршiлiгi қысты күнi Қызылқұмның сексеуiлiн өртеп (жағып), көмiр қылып, кенттi жерлерге апарып сататын, жазды күнi Шымкенттiң түстiк-шығыс жақтарындағы тау жайлап, өзен жағалап, егiн егiп тiршiлiк қылатын дулат елiнiң егiнiн орып, масағын терiп, бауларын тасып, науқаншылық қылатын.
…Мырзабидiң ылаңы сол науқаншыларға қатты тиедi. Егiн пiсiп, орақ оратын кезге жуықтаған соң-ақ науқаншылар егiншi дулат елiне қарай ағыла бастайды. Өйткенi бұлардың тiршiлiгi — науқан. Тiршiлiксiз тiрлiк жоқ. Күн көру керек. Бұлардың көштерi Ордабасы алабынан не сәскелiк, не түстiк жерден өтпеске амалы жоқ, жол ретi солай. Күн өтсе де, түн өтсе де жасауылдар жаза бастырмайды, қағып алып тұрғаны. Күн-түн демей аңдып жүрген жауыздар тап берсе тапжылтпайды, құрығы құры кетпейдi. Аңын iлiктiредi. Бiреудiң балғыны, бiреудiң жалғызы аң болып қолға түседi. Жастайынан мәпелеп, жел жағында пана болып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, жегенiн тамағынан артық көрiп, әлпештеп, мәпелеп асыраған,көзiнiң ағы мен қарасындай баласын жау олжалағанда, қандыкөз қара құс жауыз қанды шеңгелiн салғанда, сорлы ата-ананың не жаны қалады дейсiң. Қалай шыдап тұрады дейсiң. Бастарын тауға да ұрып, тасқа да соғып, жауыздардың сойылына, қанды қылыш-сапысына, көрiнiп келген ажалға қарсы барады. Алысады, арпалысады, болмайды — күштi жау күштiлiк қылады. Қанды құралдар қармағын салады. Қандарын судай ағызады".
Әңгiменiң кульминациялық шарықтау шегi соңғы "Аттаныс" бөлiгiнде. "Мың асқанға бiр тосқанның" керi келгенiн көркем тiлмен сипаттайды.
"…Ызалы жұрттың салдары тиген ашулы қол. Кектi және ылғи сайланып шыққандар. Жол-жөнекей көздерiнiң шырымын алып, әлдерiн жинап, аттарын да шалдырып алысты. Барлық саны отыздан аса қоймас-ты. Бiрақ саны шамалы болса да ылғи өздерiне сенгендер. Қолбасшы – Мұсабек батыр. Жарамды жолдасының бiрi, әрi ақын, әрi батыр Мәделi қожа, тағы бiрi – сары құлшығаш Жаманғара батыр.
Қара түндi қақ жарып қол келедi. Мiнгендерi – ылғи таңдаулы, таңасқан, суынған, табындағы жараулы бедеулер. Жер шамасы белгiлi, жуықтап қалған тәрiздi. Таң ата өлеңде аттарының iркуiн жазып, тiзгiнiн қағып, төгiп-төгiп жiбердi. Шаңына жел iлеспейтiн, ұшар құстың қанатын қақтырмайтын, жарап тұрған жануарлар қайтсын ба? Адымы жердi қуырды.
«Ә», дегенше болмады, Ордабасының шаңын аспанға шығарып, Қотырбұлақтағы Мырзабидiң ордасын қоршап, бас салды… Келгендер аттарынан жалма-жан түсе қалып, қаңтара байластырып тастады да, орданы жаяу қоршады. Қылыштарын қынаптан суырып алып, киiз үйге салып-салып жiбердi де, "Үйдi аудар!" деген бүркiттiң даусындай шаңқылдаған Мұсабек батырдың жарлығын жаңғырықтыра үйдi қол көтерiп тастады. Айғай-шу даланың тыныштығын бұзып, басына көтердi. Тұнық ауаны толқындап жаңғырықтырып ала жөнелдi. Есiктiң қарсы маңдай алдынан Мұсабек топқа сүңгiп кiрдi де, наркескендi (қылышты) бiр сiлтеп, төбесiнен жасын түскендей мең-зең, не қыларын бiлмей дал болып қалған Мырзабидiң басын ұшырып түсiрiп, кеудесiне сапысын малып-малып жiбердi. Қанға малынған көйлекшең кеуде етбетiнен сұлай түстi. Шапшыған жылы қанға қолын толтырып, Мұсабек ұрттап салды да, қызу қарқынмен сермеулi қылышын тоқтатпады, үстiн-үстiне сiлтеп жатты. Мәделi, Жаманғаралар да айқайды күшейтiп, қылышты қанға малып жүр.
…Мырзабидiң отыздан аса жасауыл-жендеттерiнен шашау шыққан жан қалмады. Тегiс-ақ сұлады. Күн сайын жын ойнағы, жын шуы болып жатқан, талайларды қан жылатқан қанды орда қанмен жуылды".
Әңгiмеге бүгiнгi талғам, бүгiнгi талап деңгейiмен қарайтын болсақ олқылау тұстары байқалады. Дегенмен әңгiме отызыншы жылдардың басында, қазақ қара сөз өнерiнiң қалыптасу кезеңiнде дүниеге келгенiн ескерер болсақ сөз жоқ тарихи тақырыпқа жазылған құнды шығарма.
Жуырда, редакцияға Тәңiрберген Отарбаевтың екiншi қызы Ұлжан келдi. Ол Шымкент қаласындағы жаңа көшеге әкесiнiң есiмi берiлгенiн жеткiздi. Баукеңнiң ұлағатты ұстазы ендi ешқашанда өлмейдi, есiмi ел аузында жүредi.
Көлбай Адырбекұлы