МАҚТАМЕН МИЛЛИОНДАР КҮН КӨРУДЕ

МАҚТАМЕН МИЛЛИОНДАР КҮН КӨРУДЕ

МАҚТАМЕН МИЛЛИОНДАР КҮН КӨРУДЕ
ашық дереккөзі

Желтоқсанның соңында өткен кезектi мәжiлiс жиындарының бiрiнде мақта кластерi сөз болды. Үкiмет сағатында Индустрия және сауда министрi Ғалым Оразбақовқа қойылған сауалдың да бiрi — осы мақта кластерiне байланысты қойылды.

Депутат Ө. Бектөреев:

– Естерiңiзде болса, осыдан 2 –3 жыл бұрын Оңтүстiкте арнайы экономикалық аймақ құрылып, сол бойынша Елбасы атынан, Нұр-Отан атынан "мақта кластерiн құрамыз, зауыт-фабрикалар саламыз, өйтемiз-бүйтемiз" деген әңгiме өте көп болған. Ақпарат көздерi де мұны барынша жарнамалап айтып та, жазып та жатты. Бiрақ, қазiргi уақытта жергiлiктi мамандардың, халықтың айтуы бойынша бұл тiрлiк тоқтап, "мақта кластерi" әңгiмесi де айтылмай қалды. Тағы бiр айта кетер мәселе, Шымкенттегi "Шнос" зауытынан өзiндiк құны 52 теңгемен өңделiп шыққан жанар-жағармайды, зауыт басшылары өздерiне "тиiстi адамдарымен" ғана шартқа отырып, ортадағы "жұмбақ жандар" алыпсатарлар мен делдалдар ауылшаруашылық өнiм өндiрушiлер мен шаруаларға 75-80 теңгемен саудалайды. Соның кесiрiнен шаруалардың кәзiр жерi өңдеусiз, келесi жылы өнiм болатынына күдiкпен қарап, базарлардағы азық-түлiктiң қымбаттауы да осыдан деп отыр. Осыған не айтар едiңiз ? – деп, сауалды төтесiнен қойды.

– Биыл мен екi рет "Оңтүстiк" деп аталатын арнайы экономикалық аймақта болдым. Облыс басшыларымен кездесiп, оларға келесi 2008 жылдың аяғына дейiн "Қазына" қоры арқылы 127 миллион доллар бөлiнiп, 3 фабрика салатындығымызды айттым. Сiздiң "ешкiмге керек болмай қалды" деген пiкiрiңiзбен келiспеймiн. Бұл мәселе бiздiң бақылауымызда. Биыл ғана үкiмет iшкi инфрақұрылым салуға 3 миллиард теңге бөлдi. 2008 жылы бұл экономикалық аймақ аяғына тұрып, жұмыс iстейтiн болады. Ал, жанар-жағармайдың бағасы бiз үшiн күрделi мәселе. Антимонопоиялық агенттiк бар. Қолдағы заңнамаларға байланысты жанар-жағармай бағаларын реттей алмаймыз. Қазiр бағалардың өскенi байқалып отыр. Егiн салу, ору кезiнде баға көтерiлiп кететiнi рас. Бiз сыртқа жанар-жағармай шығаруға баж салығын енгiздiк. Менiң ойымша осы саладағы монополиялық компаниялар арасында баға жөнiнде өзара "сөз байланысу" бар және олар қойған бағаны мемлекет өзгерте алмайды. Осыған тосқауыл қою үшiн "бәсекелестiктi қорғау" агенттiгi құрылды. Агенттiк адал жұмыс iстеу керек. Сонымен қатар бiз Ресейден арзан жанар-жағар май импорттағанымыз дұрыс. Басқа жол жоқ – дедi министр мырза.

Және бiр сөзiнде министр: "Жеңiл өнеркәсiп, тiгiн фабрикалары саласында iстейтiндер жеңiлдетiлген салық салуды және Қытайдан әкелетiн тауарларды тоқтатуды сұрайды. Бұл жол дұрыс емес. Өйткенi бұларға жеңiлдiк жасасақ ертең машина жасау өнеркәсiбi, фармацевт, ғылым бәрi жеңiлдiк сұрайды. Сондықтан арнаулы аймақтарда ғана жеңiлдiк салықтарын салу керек. БСҰ-ға кiрген Қырғызстан арқылы бiзге Қытай кiлемдерi көптеп келгендiктен, Алматы кiлем фабрикасы жұмысын тоқтатты. Алматы кiлемдерi парсы, түрiк кiлемдерiмен сапасы жағынан теңесе алмайды. Сондықтан жеңiл өнеркәсiп орындарын жаңа технологиялармен жабдықтау керек. Бiзге Италиядан, Қытайдан сапалы аяқ -киiмдер келiп жатыр, бiз олармен бәсекелесе алмаймыз, сондықтан аяқ-киiм шығарудың керегi жоқ. Бiз тоқыма кластерiн жасадық. Арнаулы әскери киiмдер тiгемiз» –дедi.

Ал, депутат В. В. Киянский: "Бiздегi шығарып жатқан жеңiл автокөлiк, жүк машиналары, ауылшаруашылық техникаларын шетелден қосалқы бөлшектер күйiнде әкелiп осында құрастырамыз. Бiр өкiнiштiсi, бiз құрастырып шығарған техникалардың бiрде – бiреуiнiң сапасы әлемдiк стандартқа сай келмегендiктен шетелдерге шығарып саудалай алмаймыз" – дедi. Сонда қалай болғаны?! Үкiмет мүшелерiнiң "Индустралды-инновациялық стратегияны дамытып жатырмыз. Шикiзаттық экспорттан, өнiм өндiру жүйесiне көшiп жатырмыз" дегендерi осы ма? Жеңiл және ауыр өнеркәсiптен "өзiмiз жасап жатырмыз" дейтiн тауарларымыз стандартқа сай келмесе, несiне мақтана беремiз.

Осыған орай, депутат Өстемiр Райымбекұлы Бектөреев мырзаға:

– Министр жауабына қанағаттандыңыз ба? – деген сауал тастадық.

– Жоқ. Менiң ойымша, министрлердiң елдi аралап, жергiлiктi жағдайларды өз көздерiмен көруге уақыттары жетпейтiн шығар. Қашан көрсең жиналыс, конференция, отырыс, үкiмет сағаты, заңдарды мәжiлiске әкелу, шетелге шығу, тағы басқа айтып тауыса алмайсың.

— Мен де өмiрбойы мақта саласында жұмыс iстегенмiн. Елбасы өзi батасын берген, 1,5 миллиард теңгеге мақта өңдеу зауыты салынды. Бiрақ мақта өңдейтiн зауытқа қойылған технологиялары жетiспейдi, сондықтан қазiр толық жұмыс iстеп тұрған жоқ. Демократияға сүйенiп шындықты айта беруге бола ма, болмай ма? –деп iркiлiп қалды.

Бiрақ депутат мырза аз ғана iркiлiстен соң: – Сол 1,5 миллиард қаржыға үш зауыт салуға болар едi, оны айтамыз-ау қазiргi таңда күнiне осы зауыттан бар-жоғы 200 келелiк 50 десте ғана мақта шығарады. Бұл зауытты мақта саласынан мүлдем хабары жоқ "Азимов" деген коорпорация салған. Бiлмегесiн, мыңдаған жылдар бойы атадан балаға мұра болып айналысып келе жатқан кәсiбiмiз, жергiлiктi мамандардан сұраса болады-ғой, 1,5 миллиард қаржыны далаға шашып, толыққанды шықпаған зауытқа жүрегiң ауырады. Шымкент маңынан 200 гектар жер алып арнайы экономикалық аймақ та құрды. Ондағы мақсат – мақтаны егу, жинау, өңдеу, жiп иiру, мата тоқу, киiм тiгу жүйесiн жасамақшы болды. Ал, "жасадық" дейiк, бiз тiккен киiмдер "сапасыз" деп танылып "Алматы кiлемнiң" кебiн киiп, банкротқа ұшырамауына маған ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Қытайдың, Түркияның, Қырғызстанның, Өзбекстанның жеңiл өнеркәсiптерi қарқындап дамуда. Ал, мақта шаруашылығында Шымкент облысы бойынша бiр миллионнан астам адамдар жұмыс iстеп, нанын тауып жеп отыр. Бала-шағасы бәрi осы мақтаға қарап отыр. Мына тiрлiк жүрмесе олардың күнi не болмақ? Тағы айта кететiн мәселе, Шымкенттегi мұнай өңдеу зауыты, ауылшаруашылығымен айналысатын аудан, шаруа қожалықтарымен өз бағасына жанар май алуға ешқашан тiкелей келiсiм шартқа отырған емес. Мiндеттi түрде "Ымы-жымы" бiр ортадағы алыпсатар, делдал фирмалар арқылы зауыттан шыққан 52 теңге бағасына тағы 25-30 теңге қосып қымбатқа сатып отыр. Мысалы, мың гектар жерге егiн егемiн. Мен неге мұнай зауытымен тiкелей келiсiм шартқа отырып ,52 теңгеден жанар май ала алмаймын. Неге жанар май бекеттерiнен 80 теңгеге сатып алуым керек? Бiзде тұтынушылыр құқығын қорғау заңы жұмыс iстемейдi. Ауылшаруашылығына төмен бағамен жанар май берiп отырады. Бұл көз алдау. Онысы аз ғана, ары тартсаң берi, берi тартсаң ары жетпейдi. Егiнiң шала егiлiп, шала орылады деген сөз. Үкiмет қаржы бермей-ақ осы саланы тәртiпке келтiрсе, ауылшаруашылық мұндай қорлық күйге түспес едi. Жанар-жағар майдың қымбаттауынан күзде мыңдаған гектар жерлер айдалмай қалды. Қазақ айтады; "Күз айда, күз айдамасаң жүз айда" деп. Ендiгi жылға өнiм жоқ деген сөз. Оны жасап отырған қолдары таза емес, жымысқы, жемқор адамдардың кесiрiнен экономикамыз iлгерiлемей шабандауда, –деп бiраз сырдың бетiн ашты.

Т. РЫСБЕК