ҚАЗАҚСТАНДА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ТАПШЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ТАПШЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ТАПШЫ
ашық дереккөзі

ЖАРТЫ ЖЫЛ БҰРЫН АЙТЫЛҒАН СӨЗ РАСҚА ШЫҚТЫ

Былтыр отандық энергетиктер республикада 2010 жылға қарай электр энергиясы қат болуы мүмкiн деп мәлiмдеген болатын. Қазақстанда қазiргi таңда 57 электр станциясы жұмыс iстейдi. Бiрақ олар халықтың тұтыну қажеттiлiгiн әрең қамсыздандырып келедi. Өйткенi, өнеркәсiптiк және тұрғын үй нысандары жылдан-жылға көбеюде. Ал Жамбыл ГРЭС-iнiң жұмысындағы ақау бiздiң энергетикалық дағдарыстың аз-ақ алдында тұрғанымызды көрсеттi.

Қазақстанның оңтүстiк аймақтары электр энергиясының тапшылығын сезiне бастады. Қазiдiң өзiнде Алматы қаласы мен облысы, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстарындағы электр энергиясымен қамтамасыз ету iсi жыларман халде.

Алматы қаласы мен облысында кешкi уақыттарда электр жарығын үнемдеу мақсатында кезекпен өшiре бастады. Қыс күндерiнде Алматы мен Алматы облысында электр энергиясын тұтыну 15 МВт-қа өскен.

Қызылорда қаласының өзi жыл басынан берi белгiленген нормадан тыс 1 миллион кВт/сағ. электр энергиясын пайдаланған. Қазiргi уақытта облыста 15-20 МВт дефицит байқалған. Облыс халқы «кезекпен жарық пайдалану» саясатына үйренiп те қалды.

Қызылорда өзiнде 1200 мың кВт/сағ. электр энергиясын өндiрсе, қалған 1300 мың Қазақстанның солтүстiк аймақтарға және Жамбыл облысына алады. Қазiр облыс басшылығы электр энергиясын тұтынуда сыртқа тәуелдi болмай, өз аймағында өндiру қажет екенiн түсiне бастады.

Оңтүстiк Қазақстан облысындағы жарықты үнемдеу саясаты да электр тапшылығынан туындап отыр. «Энергоцентр-3» және Жамбыл ГРЭС-iнде энергия өндiрiсiнiң азаюына Өзбекстаннан табиғи газ тасымалының қиындауы мен қарыздардың шамадан тыс көбеюi себеп.

Ал табиғи монополияның оңтүстiкқазақстандық 15 нысаны 2008 жылдың 1 сәуiрiне дейiн коммуналдық қызметтердiң ақысын қымбаттатпау жөнiнде уағдаластыққа қол қойды. Энергия тасымалдаушы компаниялар бұған наразы сияқты. Өйткенi, қарызға белшесiнен батқан олар тарифтi көтiруге мүдделi. Алайда, монополияға қарсы агенттiктiң облыстық өкiлдiгi бұған мүмкiндiк бермей отыр.

Энергетика және минералды қорлар министрлiгi электр энергиясының дефицитiн болдырмау үшiн 2015 жылға дейiнгi даму жоспарын жасап, Екiбастұз ГРЭС-2 станциясын кеңейтiп, ТЭЦ-2 станциясын қайта салып, Астанада ТЭЦ-3 және Қарағандыда ТЭЦ-4 станцияларын салуды жоспарлаған. Алматыда жылу электрстанциясын салу да ойда бар.

Бiрақ электр энергиясы тапшы болады деп дабыл қаққан энергетиктер дағдарыстың үш жылдан кейiн емес, жарты жылдан кейiн болатынын сезбептi-ау…

Гүлбиғаш Омарова