Жаңалықтар

Қалталы телефонға – қазақы жоба жасағысы келетiн оралман бюрократтық бұғаудан тұйыққа тiрелiп отыр

ашық дереккөзі

Қалталы телефонға – қазақы жоба жасағысы келетiн оралман бюрократтық бұғаудан тұйыққа тiрелiп отыр

Бiрде баспасөз мәслихатына барғанымда, «арамызда өнертапқыш азамат та отыр» деп таныстырғаны есiмде. Одан бiрнеше уақыт өткеннен кейiн телефон шалып, «өнерiңiз жайлы «Түркiстан» газетiне айтсаңыз болмас па екен» деп едiм, ол кiсi қуана келiстi. Өйткенi, «Оралман мәселесiн тереңiрек зерттеп жазатын бiрден-бiр газет «Түркiстан» газетi» деп ағынан жарылған Мейрам Қабдырахманұлы «бүгiнге дейiн жаңалықтарым жайында бiлгiсi келген талай телеарна мен газеттен келген журналистерге бөлiспеп едiм. Ендi бүгiн соның сәтi түсiп отырған сияқты» деп қуанышын жасыра алмады.

Мейрам Қабдырахманұлы Қытайдан ата-бабасының туған топырағына 2004 жылы атбасын тiреген. Бiрақ ол бәзбiреулер сияқты алақан жайып емес, өнертапқыш қасиетiмен бiрге келдi. Бүгiнде құрқылтайдың ұясындай ғана күркенi жалдап отырған қандасымыз өзiмен алып келген тың идеясын әрi қарай жаңғыртып, дамыту үстiнде көрiнедi. Жоба дайын болғанмен, қаржы мәселесiне бой ұрып отырған жайы бар. Алайда, қанша есiктiң табалдырығын тоздырса да, ешкiмнен қолдау-қолпаштау көрмеген қандасымыз әңгiмесiн осыдан бастап-ақ кеттi.

– Қазақ елiнiң ертеңгi даму болашағына бiркiсiлiк үлес қоссам деп, 9 жылдан берi электрондық салада көптеген жаңалық аштым. Қытайда 6 патент құқығын, Қазақстаннан 2 патент, 1 зияткерлiк құқығын алдым. Ұлттық нақыштағы ұялы телефонға арналған корпусты жасау негiзiнде (3 нұсқалы) өнеркәсiп үлгiсiне арналған алдын-ала патентке ие болдым. Мұнымен қоса, электрондық (универсал) бесiк, электрондық домбыра, қазан (киiз үй үлгiсiндегi еттi 30 минутта пiсiретiн) сияқты 20-ға жуық ұлттық нақыштағы жаңалықтарымды елiме тарту етсем деген арманым бар. Халқымыздың киелi шаңырағы үлгiсiндегi шырақты өндiруге және әлем кемесi атты суретiме де патент алу мүмкiндiгi туды. Бiрақ мұның пайдасы шамалы болып тұр. Себебi, оны iске асырудың бәрi қаржыға тiреледi ғой.

Мейрам Қабдырахманұлы Шынжанқаласындағы ұялы телефонның түр-түрiн өндiретiн компанияның мамандарымен бiрге жұмыс iстеп, келiсiмге де келiп, ұлттық маркада тауар өндiретiн болып уағдаласқан. Бiрақ төрт айдан кейiн жергiлiктi мамандар уәдесiнен тайқып: «Бiздiң компания идеяңды жүзеге асырады, бiрақ, Қытайдың отандық тауары ретiнде Қазақстанның нарығына шығарады, келiсесiң бе?» деген уәж айтқан екен. Бұл туралы өнертапқыштың өзi де: «Әрине, ертеңгi күнi идеям Қытайдың отандық өнiмi болып базарға шығады. Үзiлдi-кесiлдi бас тарттым. Бұдан кейiн олар ендi басқа жолды таба бастады. Әрбiр екi патентiңдi 100 мың доллардан сатып алайық, сосын бес жыл Қазақстан азаматтығын алмай тұрыңыз, бiз сiзге ай сайын 2 мың доллардан жалақы ретiнде берiп отырайық» деп идеяны алып қалуға барын салып, жанталасқанын айтады.

Әрине, қытайлықтар мұндай пайдаға молынан кенелдiретiн жаңалықтың түбiнде қаншама табыс көзi жатқанын түсiндi. Өнертапқыштың айтуынша, тiптi, 19 млн. тұрғыны бар Шанхай қаласы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары арнайы хат жазып: «Қандай талабыңыз бар, бiз бәрiн қанағаттандырамыз, керек десеңiз Шанхайдан төрт бөлмелi үй беремiз деген ұсыныс бiлдiрiптi. Әсте, Қытай ұлттық идеяны өте жақсы бағалайтынын осыдан-ақ аңғартса керек. Тiптi, бұл үшiн өнертапқышқа мiндеттi түрде қомақты ақша төлейтiнi айдан анық. Мiне, осындай мол пайдаға шылқып жатуды ар санап, ұлттық намысының жығылмауын ойлаған ол: «Идеямды Қытайға бермей келдiм. Маған Үкiмет, қалталы азаматтар қаржылай қолдау көрсетсе екен деймiн. Күмән туатын болса, керектi қаржының он пайызын ғана берiп, алдын-ала сынап көрсе. Өйткенi, өзiме, өз тәжiрибеме жүз пайыз сенiмдiмiн. Бәрiнен де отандық өнiмдi жарыққа шығарсақ соның өзi жетiстiк емес пе?!» дейдi үкiлеген үмiтiн арқалап. «Елбасы: «Отандық өнiм өндiрiңдер!» дейдi. Бiз қалай өндiремiз, аз-маз демеп жiбермесе, қолдау көрсетпесе…»

«Егер ұялы телефон жасайтын цех ашатын болсам, жалпы 1 млн. 200 мың доллар қаражат кетедi екен. Керек-жарақтың бiрi болса, екiншiсiн күтiп қарап жүрген жоқпын. Қазiр осы ұялы телефонның жадына енгiзу үшiн композитор Алтынбек Қоразбаев ағамыздан Елбасының «Үш қоңыр» әнiмен қоса, он бес ән алдым. Ол кiсi еш қарсылық танытпай, «Мейрам Қабдырахманұлына бердiм» деп қол қойып жазып бердi. Құдай бұйыртып, iсiм оңға басса, жер шарының қай түкiпiрiнде болсын, ұялы телефонды қосып қалғанда қазақтың әуездi әнi шырқалып тұрса, тақиямызға тарлық ете ме? Оның сыртында ұялы байланыс құралына қазақтың ұлттық ойынының алты түрiн кiргiзсем деген мақсатым да бар. Осының бәрiне бiрталай ақшамды шығарып, жобасын жасап көрдiм». Мейрам Қабдырахманұлы өз елiмiзде отандық ойыншықтың түр -түрiн өндiруге де болатынын айтады. «Елiмiздiң мұнай өндiретiн аймақтарында ойыншық жасауға қажеттi көп шикiзат бөлiнедi. Бұл аздай, ойыншықта да қазақ әнiн шырқату қиын емес. Бәрiн iстеуге мүмкiндiк бар. Осыған көзiм жетсе де, бiрақ ешкiмнiң қолдайтынына көзiм жетпей жатыр» дейдi ол өз сөзiнде.

Оның үстiне өнертапқышқа Гонконгтың «Info max» компаниясы қайта-қайта қоңырау шалып, «Келiңiз, компания құрыңыз, цехыңызды ашыңыз, бәрiн даярлап қойдық» деп шақырып жатыр екен. Алайда, «алдымен менiң идеямды жарыққа шығарамыз» деп талап қойып отырған қандасымыз «Батыс Еуропа, АҚШ берiп отырған технология – озық технология. Ал олар сондай құрал –жабдықты берiп отырғаны үшiн ақша сұрауға құқылы. Оған бере салатын қаржы жағы қол байлауда. Дегенмен, қазiр Қытайдың Гонгконг қаласындағы ұялы телефон өндiретiн компанияның ұлттық нақыштағы ұялы телефонды өндiруге келiсiп отырғандығы қуантса да, жауырды жаба тоқыған қаржы мәселесi көсе-көлденеңдейтiнiн мойындамай қоймайды. Өнертапқыш Мейрам Қабдырахманұлы Отанына келгелi берi осы идеясының түпкi нәтижесiн көрсету үшiн тыраштанып-ақ келедi. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының бiрiншi орынбасары Талғат Мамашевпен ақылдаса отырып, қала әкiмi Иманғали Нұрғалиұлына «отандық өнiм өндiрем деп тер төгiп жүрген азамат» екендiгiн растап қолы қойылған өтiнiш те жазыпты. Алайда, халқымыздың тарихи мұраларына көңiл бөлiп келе жатқан бiртуар ұлтжанды азаматқа кiрудiң сәтi түспей-ақ келедi» деген ол әлi күнге осы үмiттiң жетегiнде жүрмiн дейдi қамығып.

– Өйткенi, жүрегiмде анамның «Бұл жаңалығыңды Қытайға берме, берсең, жау алдыңда тiзерлеп тұрып, басыңды алдырғанмен бiрдей болғаның» деген бiрауыз сөзi жаңғырып тұр. Қазiр тұйыққа тiрелiп отырмын. Кейде қазақ халқына ұлттық нақыштағы отандық өнiмнiң керегi жоқ-ау деп те ойлап қоямын. Ендi тiптi болмаса, ешкiм көмек бермесе, идеямды сұраған адамға беретiн шығармын. Ештеңе де талап етпеймiн, тек пайдасы үшiн ғана беремiн. Сонда әлi тағы он жыл күтуiм керек пе?

Шыны керек, ұлттық нақышта өнер туындыларын қорғап, зияткерлiк құқығын алып жатқан жалғыз қазақ осы – Мейрам Қабдырахманұлы. Алайда, жиырмаға жуық өнерiн халыққа тарту етудi армандаған қандасымызға қаржы жағынан көмек қолын созатын азаматтар табылып жатса, бiз де қуанышымызды жасыра алмаймыз. Өйткенi, бар топтасқан мақсат-мүдде де отандық өнiмнiң тамырына қан жүгiрту ғана.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ