БХУТТО ҚАЗАСЫНАН СОҢ

БХУТТО ҚАЗАСЫНАН СОҢ

БХУТТО ҚАЗАСЫНАН СОҢ
ашық дереккөзі

Пәкiстан халқы аза тұтқан Беназир Бхуттоның қазасы саяси реңк алып кете жаздады. Туған топыраққа сегiз жылдық сүргiннен кейiн оралған Бхутто лаңкестiк әрекет салдарынан көз жұмды. Рухани көсемдерiнен айырылған пәкiстандықтар билiкке деген ашу-ызасын жаппай тәртiпсiздiкпен жеткiздi. Бiрнеше адам шығыны бар. Тiптi, бiр мүгедек қандастарының көз алдында тiрiдей өртенiп кеткен. Сарапшылар қауымы әп дегеннен-ақ 162 миллион халқы бар ядролық державада саяси тұрақсыздық орнаса, Орталық Азияға да керi әсерiн тигiзедi деп ескерткен.

АЖАЛЫ КIМНЕН?

2007 жылдың 27 желтоқсанында Пәкiстанның Равалпинди қаласындағы шеруде 54 жастағы пәкiстандық оппозиция басшысы әрi экс-премьер Беназир Бхутто қастандықпен өлтiрiлдi. Лаңкестер ұйымдастырған жарылыстың кесiрiнен оның жанындағы 20 адам қоса қаза тапқан. Былтыр қазан айында Беназир Бхутто үкiметтегi қарсыластары оны өлтiруге талпынып жүргенiн айтыпты. Бiрақ президент Первез Мүшарраф қастандыққа қатысы жоқтығын айтып, ант-су iшiп отыр. Бүкiл әлем бойынша мұсылман елдерi арасында премьерлiкке алғаш рет сайланған саясаткер әйел Беназир Бхутто болатын. Лаңкестiк әрекеттiң кесiрiнен көз жұмған ол үкiмет басшылығына сайланғанда небары 35 жаста едi. Яғни, Бхутто – тарихтағы жас премьерлердiң ең кiшiсi. Үкiмет басшылығына екi рет сайланған оның жiберген қателiктерi көп. Бiрақ соған қарамастан өте батыл әрi өткiр қалпынан танбаған. Әкесi Әли Зулфикар Бхутто 1979 жылы Пәкiстанның сол кездегi басшысы Зия-ул-Хактың бұйрығымен дарға асылған. Оның саясаттағы iзбасары әрi мұрагерi ретiнде қалған Беназир әкесiнiң жолын жалғастыруға бел буған. Индира Гандиге арналған естелiктерiнде 2 рет үкiмет басшылығына сайланған үндiлiк премьердi «Жiбек пен құрыш» деп суреттеген Бхуттоның өзi де «жiбек пен құрыш» едi. Беназирдiң туғандары мен Бхутто басқарған Пәкiстанның Халықтық партиясының (ПХП) өкiлдерi Бiрiккен Ұлттар Ұйымынан Беназир қазасының шын себебiн анықтауға көмек берудi өтiндi. Бұл туралы Лондон қаласында марқұмның он тоғыз жастағы ұлы, Оксфорд университетiнiң студентi Билаваль Бхутто Зардари мәлiмдеген. Билаваль егер пәкiстандық билiк анасын қорғауға қатысты шараларды толық орындағанда, қайғылы жайтты айналып өтуге болатын едi деген сенiмде. Ұлыбританияның премьерi Гордон Браун пәкiстандық полицейлерге жәр¬дем беру мақсатында лондондық тергеушiлер тобын жiберуге келiстi. Сктоленд-Ярдтың iз кесушiлерiмен бiрге өзге де батыстық тергеушiлер қатыстырылады. Беназирдiң қазасын зерттеуге Франция мен Еуроодақ та мүдделi. Пәкiстанға ресми сапармен келген француздардың сыртқы iстер минисрi Бернар Кушнер Мүшаррафқа Николя Саркозидiң хатын тапсырды. Бұған дейiн еуропалықтардың қандай да бiр көмегiнен ат тонын ала қашқан пәкстандық билiк Саркозидiң ұсынысын қуана қабылдапты.

БҮЛIК СОҢЫ — САЯСИ ДАҒДАРЫС

Пәкiстанның iшкi iстер министрлiгi таратқан алғашқы деректе оппозиционердiң «оқ өтпейтiн көлiкке басымен соғылуының кесiрiнен қайтыс болды» делiнiптi. Атылған оқ пен жарылыс туралы жақ ашпаған. Бхуттоның туғандары мен жақтастарының ызасын қайнатты. Ал президент Мүшарраф Беназирдiң ажалын лаңкестердiң әрекетi ретiнде бағалап, қазаны «ұлттың үлкен қайғысы» деген. Iшкi iстер министрлiгiнiң қолапайсыз мәлiмдемесiне ашуланған президент егер ешқандай дәлел жоқ болса, мемлекеттiк деңгейдегi мәлiмдемелердi жасау қылмыспен пара-пар екендiгiн айтты. Алайда, Мүшаррафтың пiкiрiнше, «үкiмет пен арнайы қызмет өкiлдерi оппозиция басшысының өлiмiне қатысты қандай да бiр деректi жасырып отырған жоқ». Пәкiстанның орталық сайлау комиссиясы 8 қаңтардағы парламенттiк сайлауды 18 ақпанға белгiледi. Оның себебiн билiк елдегi жаппай тәртiпсiздiктiң белең алуымен түсiндiрдi. Бхуттоның жақтастары билiктiң бұл шешiмiмен келiспейдi: «Сайлау мерзiмiн созуға бағытталған кез келген шара – Мүшаррафтың жақтастарының уақыт ұтуды көздейтiн әрекетi. Олар сайлау мерзiмiн кейiнге шегерудiң арқасында дауыс беру нәтижесiн өздерiнiң ұпайына жазып алуға жанталасуда». Айтпақшы, пәкiстандық полиция бастапқыда «оппозиция көсемiнiң өлiмiне әл-Каида ұйымының мүшелерi кiнәлi» деп мәлiмдедi. Пәкiстанның IIМ өкiлi Джавед Чима: «Бхуттоның ажалы Бейтулла Мехсудтан болғаны туралы қолымызда бұлтартпас айғақтар бар» дедi. Бiрақ былтыр жазда «тәлiб әскерилерiнiң көсемi әрi Гуантанамо лагерiнiң тұтқыны Бейтулла Мехсуд өзiне өзi қол салды» деп мәлiмдеген де осы Чима болатын. Оның айтуынша, «ұлттық қозғалыс көсемiнiң күзетi де ерекше болған. Өкiнiшке қарай, күзетшiлер Бхуттоға көлiк терезесiнен басын шығарып, адамдарға қол бұлғау өте қауiптi екенiн жете түсiндiрмеген және Бхутто қауiпсiздiк шараларын ескермеген». Басқаша айтқанда, билiк Беназирдiң өзiн кiнәлайды. Алайда, ПХП өкiлдерi көсемдерiнiң ажалы әл-Каидадан емес, Мүшаррафтан болғанына сенiмдi. Бхуттоның өлiмiне қатысты туындаған жаппай тәртiпсiздiктiң кесiрiнен сол күнi полицейлермен бiрге 16 адам қаза тапқан. Құрбандар саны айналдырған екi-үш күннiң iшiнде бiрнеше есеге дейiн өстi. Үш күндiк аза тұтумен бiрге билiкке деген ашу-ызаларын iрке алмағандар бiрнеше күн бойы түрлi әрекеттер арқылы наразылықтарын бiлдiрдi. Үкiмет тәртiп сақшыларына толқулар тағы да қайталанса, оқ атуға пәрмен бердi. 1990-жылдары үкiметтi 3 рет басқарған Мұсылмандар лигасының басшысы әрi оппозиция жетекшiсi Наваз Шариф билiк басында Мүшарраф отырғанда әдiл де ашық сайлаулардың болмайтынын айтты: «Елдегi барлық қиындықтың басты себебi – Мүшарраф». ПХП басшылығына оның ұлы Билаваль тағайындалды. Ал марқұмның күйеуi Асиф Зардари – ПХП-ның теңтөрағасы. Зардари 1980-жылдары және 1990-жылдары жұбайының әкiмшiлiк жұмыстарымен айналысқан. 2004 жылы кепiлдiктiң арқасында 8 жыл отырған түрмесiнен босаған. Тағылған айып: кiсi өлтiру, пара алу, жемқорлық т.б. Марқұм Беназирге тағылған айыптардың бiрқатары да осы сарындас болатын. Пәкiстанның ең iрi қаласы әрi қаржылық астанасы – Карачи жаппай тәртiпсiздiктiң кесiрiнен дағдарысқа тап болды. Қаладағы дүкендер мен жанар-жағармай бекеттерi жабылды. Адамдардың шабуылынан темiр жол бекеттерiнде көлiктер қаңтарылып қалды. Жанар-жағармай бекеттерiнiң бiрiнде от лақтырғандардың кесiрiнен бiр мүгедек тiрiдей өртенiп кеткен. Сарапшылар қауымы егер 162 миллион халқы бар ядролық державадағы жаппай тәртiпсiздiк бүлiкке ұласып кетсе, Пәкiстанның шығысындағы Үндiстанға, батысындағы Иранға, солтүстiк-батысындағы Ауғанстанға, тiптi, Орталық Азияға зардабы тиюi мүмкiн екендiгiн ескерткен.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ