Жаңалықтар

ДЕМОКРАТТАР «ДУЭЛI»

ашық дереккөзі

ДЕМОКРАТТАР «ДУЭЛI»

Құрама Штаттардағы сайлауалды науқан қызу. Саяси белсендiлiк дауыс беру процесiне қатысатын үмiткерлерге ғана тән емес. Партияластар арасындағы текетiрестер мен қарсыластар тарапынан ұйымдастырылатын саяси кедергiлер Ақ Үйдiң болашақ қожайынын анықтайтын қас-қағым сәттiң жанында түк емес. Сарапшылар пiкiрiнше, Америкадағы президенттiк сайлауда республикалықтардың емес, демократтардың жұлдызы жанбақ.

КҮТПЕГЕН ЖЕҢIС

Күзде Құрама Штаттар халқы кезектi президентiн таңдайды. Заң бойынша, саяси науқан басталмас бұрын әр штатта партиялардың iшiнаралық сайлауы ұйымдастырылады. Жоспарға сәйкес, 3 қаңтарда – Айова, 8 қаңтарда – Нью-Гемпшир, 15 қаңтар – Мичиган, 19 қаңтар – Невада, Оңтүстiк Каролина (республикалықтар), 26 қаңтар – Оңтүстiк Каролина (демократтар), 29 қаңтар – Флорида, 5 ақпанда – Калифорния, Нью-Йорк, Нью-Джерсимен бiрге жалпы саны 20-ға жететiн басқа да штаттарда сайлау болады. 44-рет өткiзiлгелi отырған саяси науқанға демократиялық және республикалық партиялардан үмiткерлер қатысады. Үмiткерлердiң арасында сенатор-демократтар Хиллари Клинтон, Барак Обама, сенатор-республикалықтар Джон Маккейн, Майк Хакаби, Джон Едуардс тағы басқалар бар. Республикалықтарға қарағанда, демократ үмiткерлер арасындағы бәсекелестiк қызу. Барак Обама мен Хиллари Клинтонның жарыссөздерi америкалық қоғам басшысын бейне дәл бүгiн сайлағалы жатқандай әсер қалдырады. Жеңiстi Обаманың «қанжығасына» алдын ала байлап бергендер бүгiнде бармақтарын тiстеп жүр. Өйткенi, Хиллари басым дауысқа ие болды. Клинтон ханымды жұмысшылар тұратын аудандар мен ауылды жерлердегi тұрмысы төмендеу отандастары қолдады. Оған дауыс бергендер қатарында әйел әрiптестерiмен бiрге 65 жастан асқан сайлаушылар, кәсiподақ ұйымдарының мүшелерi мен жоғары бiлiмi бола тұра, жылына 50 мың долларға жуық жалақы алатын азаматтар бар. Бұлар Франклин Рузвельттiң кезiнен бастап демократтарға дауыс берудi үрдiске айналдырған коалиция мүшелерi едi. Ал 46 жастағы Обама болса, университеттiк қалалар мен дәулеттiлер шоғырланған аймақтарға иек артқан. Басқаша айтқанда, Барак тәуелсiз сайлаушыларды, бiлiмi жоғарылар мен жылына 100 мың доллардан астам жалақы алатындарды қамтыды. Шынына келсек, 60 жастағы Клинтонды нью-гемпшерлiк сайыста жеңiске жетедi деп ешкiм күтпеген. Америкалық БАҚ «Хилларидiң көмекшiлерi оны үмiткерлiктен бас тартуға үгiттеп жатыр», «сайлауалды штабында қаржы түгесiлдi», «Айовадағы сайыста демократтардың 71 пайызы қарсы дауыс бердi», «оның қаржылық демеушiлерi Обаманың жағына шығып кеттi» деп жарыса ақпар таратты. Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Клинтон сенген демократ сенаторлардың Барактың кеңесшiлерiмен жасырын түрде келiссөздер жүргiзiп, Обаманың «шашбауын көтеруге» дайындалған көрiнедi. Los Angeles Times «Клинтондар әулетiмен достық қатынастағы голливудтық ауқатты либералдар Хилларидiң жеңiлiсiнен кейiн Обаманы жағалай бастапты. Сарапшылар пiкiрiнше, Нью-Гэмпширдегi сайлауда Хилларидiң жеңiске жетуiне бiрнеше мәселе ықпал еттi. Солардың маңыздысы, бiрiншiден, Х.Клинтонды партияластарының iшiнен әйел әрiптестерi қызу қолдады. Айова штатында 35:30 ұпайымен Хиллари ұтылып қалған едi. Сiрә, америкалық әйел саясаткерлердiң қытығына тиген осы болса керек. Әрине, олардың белсендiлiк деңгейiн көтеруге Клинтондар әулетiнiң iшкi есепке құрылған саясаты да маңызды рөл атқарды. Екiншiден, Хилларидiң халыққа саясаткер, экс-бiрiншi ханым ретiнде емес, қарапайым адам ретiнде көрiнуге тырысуы, телеарналардағы жарыссөздерде ағынан жарылуы, қарсыласының сын-ескертпелерiн жайдары қалпында қабылдауы америкалықтардың оған деген көзқарасын түбегейлi өзгертуiне әсер еттi. Обаманың мақтаншақтыққа, кейде тiптi, өркөкiректiкке ұрынуы қарсыласына ұпай әкелдi. Екiншiден, ерлi-зайыпты Клинтондар сайлауалды кампанияларда отандастарының алдында «Сенаторлыққа бiр-ақ рет сайланған адам Ақ Үйдiң қожайыны болуға лайық па?» деген сауалды жиi көтердi. Олар Обаманың Иракқа қатысты айтқан мәлiмдемелерiндегi қарама-қайшылыққа баса назар аудартуға тырысты. Оның үстiне, сенаттағы маңызды мәселелер (жасанды түсiк тастау құқығы, қару сатуды шектеу т.б.) талқыланғанда Обаманың жарқылдап көзге түспеуi, яғни, америкалықтардың мүддесiн көздейтiн мәселелерге белсене араласпауы «жығылғанға жұдырық» едi. Иллинойстағы заң жобаларын талқылайтын отырыстарда Обама үнемi «қалыс қалғандар» қатарында жүретiн. Сөзi мен iсiнiң сәйкес келмеуi мен өзiне ұнамайтын немесе терең бiлмейтiн мәселелерге жауап бере алмаса, өтiрiк айтып құтылуға тырысуы да – Обаманың басты қателерiнiң бiрi. Үшiншiсi, қарсыласы қанша тырысса да, Клинтонның беделiне нұқсан келтiре алмайды. Өйткенi, Американың бұрынғы бiрiнiшi ханымы, Нью-Йорк штатынан сайланған сенатор әрi саясаткер Хиллари Клинтон – жай ғана әйел емес, саясатта өзiндiк орны бар тарихи тұлға. Басты назарды 90-жылдардағы проблемаларға (Билл Клинтон ел басқарған кез) аударуға тырысқан Обама демократтар арасындағы жақтастар санын көбейтудi көздеген. Нәтижесiнде, «Клинтонның кесiрiнен партиялық мiндеттерiмiз адыра қалды» деп есептейтiн демократтар Обамаға сенетiндiктерiн айтты. Бiрақ оның жалынды сөздерi Нью-Гемпширдегi саяси науқанда Клинтондар отбасына сенiмсiздiкпен қарайтын және оларға лайықты балама үмiткерлер iздейтiн демократтарды елiктiре қоймады.

САЯСАТТАҒЫ САТҚЫНДЫҚ

Сарапшылар Невададағы партия белсендiлерiнiң алдын ала өткiзетiн жиылысында Хиллари жеңiлiске ұшырайды деп болжауда. Келесi кезең – 26 қаңтарда. Демократиялқ электораттың жартысы афроамерикалық болып табылатын Оңтүстiк Каролинада да Обама басымдыққа жетуi әбден мүмкiн. Невада мен Оңтүстiк Каролинадағы алдын ала өткiзiлген сауалнамада сайлаушылардың 42 пайызы Обаманы iштартса, 30 пайызы Клинтонды жақтайтындықтарын айтқан. Демек, Флорида штатындағы 29 қаңтарға белгiленген саяси күрес нәтижесi аса маңызды. 5 ақпандағы келесi сейсенбiлiк сайлауда бiрнеше штат бiрден дауыс беретiндiктен, үмiткерлердiң ешқайсысының барлық сайлауда болуға уақыты да жетпейдi, қаржысы да. Сол күн кез келген бiр штаттағы телеарнадан берiлетiн жарнамалық роликке 16 миллион долларға жуық қаржы керек. Үмiткерлер өздерiн жақтап дауыс беретiн партияластарының саны неғұрлым көп болатын штатты таңдайды. Шешушi айқас саналатын «суперсейсенбi» аяқталғанда кiмнiң көп штатта жеңгенi ғана емес, жалпыұлттық конвенция делегаттарының басым дауысына кiм ие болғаны анықталады. Республикалықтар да, демократтар да елдегi негiзгi сайлауға дейiн партияның белсендiлерi мен сайлаушылары қандай да бiр үмiткердiң маңына шоғырлануға тырысады. Хиллари мен Барактың сайысына республикалық сенатор Маккейн қосылды. Республикалықтар арасынан суырылып шыққан 70 жастағы Джон Маккейн Айовадағы сайлауда 4-орынды иемденген. Ал жазда қаржысы таусылған Маккейндi қарсыластары мен саясаттың төңiрегiндегiлер додадан шықты деп қабылдаған. Бiрақ қалтасын қайта қампайтқан Джон саясат сахнасына қайта шықты. Жарыссөзде «қаржысыз қалып едiң ғой» деп әжуалауға тырысқандарды «Шынына келсек, бiздiң ақшамыз көп болатын. Швейцария банктерiнде» деп тойтарып тастады. Фавориттер қатарына қосылуын Маккейн бiрнеше себептермен түсiндiредi: бiрiншiден, республикалықтар арасындағы жарыссөздерде Джон өзiн жақсы жағынан көрсете бiлдi. Екiншiден, кезiнде Ирактағы соғысқа қатысты партиясынан бас тартқан демократ-сенатор Джозеф Либерман көпшiлiктiң алдында Маккейнге сенiм артатындығын ашық мәлiмдедi. Нью-Гемпширдегi сайлаушылармен үздiксiз кездесiп, жұмыс жасаған да – Маккейн. Оның көмекшiлерiнiң хабарлауынша, Джон штаттың 25 мың тұрғынымен жеке кездескен көрiнедi. Оның үстiне, Ирактағы америкалық әскерилер санының аз екендiгiн осыдан бiрнеше жыл бұрын айтып, дабыл қағуы да бүгiнгi таңда көмегiн тигiзуде. «Тасы өрге домалаған» Маккейннiң саяхатшылық қазынасына жақтастарының қаржылары құйыла бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарының көңiлi мен сәлемi түзу. Жеңiлiстiң дәмiн татқан кезде шатқаяқтап кеткен абыройы мен атағы бiртiндеп қалпына келуде. Бiрақ мұның барлығы Маккейндi Ақ Үйдiң қожайыны ете алмайды. Себебi, партияластарының көпшiлiгi оған сенбейдi. Республикалықтар Маккейннiң кезiнде Буштың салықты төмендетуге қатысты заң жобасына қарсы дауыс бергенiн және Америкадағы миллиондаған заңсыз мигранттың заңдастырылуына мүмкiндiк тудыратын иммиграциялық заңнаманы реформалауды жақтағанын кешiрмейдi. Жасының жетпiстен асып кетуi де оның қарсыластарын көбейте түсуi мүмкiн. Республикалықтар арасында Маккейнмен бiрге Массачусетстiң бұрынғы губернаторы Митт Ромни, Арканзастың экс-губернаторы Майк Хакаби бар.

Әлеуметтiк сауалнама жүргiзген Gallup компаниясы америкалықтардың 2007 жылы президент «жыл еркегi» деп Джордж Бушты (10%), ал «жыл әйелi» деп сенатор-демократ Хиллари Клинтонды (18%) таңдағанын жариялады. Хилларидiң қарсыласы Баракты респонденттердiң 5 пайызы таңдапты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ