Жаңалықтар

БАЙҚОҢЫРДАН БИЫЛ 32 ЗЫМЫРАН ҰШЫРЫЛМАҚ

ашық дереккөзі

БАЙҚОҢЫРДАН БИЫЛ 32 ЗЫМЫРАН ҰШЫРЫЛМАҚ

Ресей Байқоңырдан 6 қыркүйекте қазақ жерiне құлаған улы гептилi бар "ПротонМ" зымыран тасығышына Қазақстанның сұраған өтемақысынан 30 есе аз өтемақы төлейтiн болды. Яғни, қазақ жерiне келген зиянды бiздiң мамандар 60,7 миллион долларға бағаласа, Ресей оны дәлелдейтiн құжаттар жетпейдi дегендi сылтауратып, 2,5 милион доллар өтемақыға келiстi. Бiздiң мемлекеттiк комиссияны басқарған Төтенше жағдайлар министрi В. Божко Ресейдiң бұл әрекетiне әжептәуiр өкпелеп, Қазақ жерiне улы гептилi бар "Протондарды" ұшырудың санын екi есеге дейiн азайтамыз" деп қоқан-лоқы жасаған едi.

Былтырғы жылдың аяғында премьер-министр Кәрiм Мәсiмов 2008 жылы Байқоңырдан ұшатын зымырандардың санын келiсу туралы Қаулы қол қойды. Былтырғы жылдың желтоқсан айының 20-сындағы ақпарат бойынша, 8 "Протон" ұшыру жоспарланған болатын. Кейбiр дерек көздерi бұл санды 12-ге жеткiзген едi. В. Божко: «2008 жылы ұшырылатын "Протондардың" санын 4-ке дейiн азайтамыз» деп күпиген. Алайда, биылғы жылғы жария етiлген келiсiмшартта ол туралы ештеңе айтылмаған. Тек улы гептилi бар "Протон" зымыран тасығышын ұшыру мәселесiнiң әлi толық шешiлмегендiгi сөз етiледi. Қазақ ғарыш зерттеу агенттiгi төрағасының орынбасары Е. Шаймағамбетов "Ресей тарапынан Байқоңырдан ұшырылатын улы гептилi бар зымырандарды кезең-кезеңiмен азайтатын ұсыныс түскеннен кейiн, 2008 жылдың келесi жарты жылдығында ұшырылатын зымырандар жайында келiсетiн боламыз. Ресей алғашқы жартыжылдықта 8 "Протон" ұшыруды жоспарлап отыр" деген.

Сарапшылар Байқоңырдан соңғы он жылдың iшiнде ұшырылып келген зымырандардың санын есептегенде, биылғы жылғы жоспардың рекорд жасағалы отырғанын айтады. Алғашқы жартыжылдықтың жоспары бекiтiлген болса, бiздiң шенеунiктердiң неге кiбiртiктеп отырғаны түсiнiксiз? Яғни, өзге емес Ресейдiң алдында қазақ билiгi өз талаптарын қойып, дегендерiне көндiре алмай отыр.

Есенгүл Кәпқызы