Жаңалықтар

ТЫШҚАН ЖЫЛЫ ҚАЗАҚ КИНОСЫНА ӨЗГЕРIС ӘКЕЛЕ МЕ?

ашық дереккөзі

ТЫШҚАН ЖЫЛЫ ҚАЗАҚ КИНОСЫНА ӨЗГЕРIС ӘКЕЛЕ МЕ?

Доңыз жылын да шығарып салдық. Өткенге салауат айтып, келер күннен жақсылық күтер, тышқан жылы да табалдырық аттады. Жаңа келген жылдың қандай болары бiр Аллаға ғана аян, ал өткенiмiзге айтар өкпе бар ма?! Өткен өттi, келер күннiң жақсылығын берсiн десек те, доңыз жылындағы мәдени әлемге тағы бiр көз жүгiртудi жөн көрдiк.

2007 жыл "Қазақфильм" киностудиясына тиесiлi аймақ сатыла ма, жоқ па деген күдiкке толы болды. «"Қазақфильм" сатылғалы жатыр» деген сыбыс шыққанына бiрер жылдың көлемi болса да, нақты сатылатын шығар деген ой, доңыз жылына тиесiлi болған сыңайлы. 17 гектар жердi алып жатқан шұрайлы да, көрiктi мекеннiң орнына қызықты ма екен, кiм бiлсiн, әйтеуiр киностудияның сатылатындығы жөнiндегi ақпарат жаз маусымына келгенде тiптен қаулай түстi. Ақпарат және мәдениет министрiнiң "Қазақфильмнiң" басқа жаққа қоныс аударатындығы туралы мәлiмдеме беруi мұң екен, абыр-дабыр одан сайын асқына түстi. Киногерлердiң жазған арыз талабына қол қоймаса да, даудың шығуына себепкерлiгi болды ма, әйтеуiр "Қазақфильм" АҚ президентi Сергей Әзiмов мырза орынтағын босатты. Елдiң арасында даурықпаға толы "Көшпендiлер" атты фильм түсiрген, Канн фестивалiне қатысады делiнген "Ұлжан" атты фильмдi түсiрткен еңбегi ескерiлмей, Сергей Әзiмов мырза орнынан босап қалды. Оның орнына ұлттық киноның қамын ойлайтын шығар деген үмiт пе екен, әйтеуiр, жаңа қызметке Анар Қашағанова сайланды. Кино саласына жаңадан келген басшының киногерлiгiн қайдам, ол кiсiнiң кино саласына сырттан келмегендiгiн ғана жұбаныш санайды киногерлер.

Анар Қашағанованың мамандығы — экономист. Қаржы-қаражат саласына, киноның кiрiс-шығынын басқаруда мықты маман болса, мықты шығар, ұлттық киноны өркендетуге экономистiң шамасы келе қояр ма екен?! Әрине, оны уақыт көрсетер. Тек, көңiлге жұбаныш санайтын тағы бiр нәрсе, "Қазақфильмнiң" әзiр жылы орнын суыта қоймайтындығы. Оған себеп, көшi-қон мәселесiнiң күн тәртiбiнен алынып тасталғандығы. Киногер мамандар осыған ғана көңiл жұбатып отырған сыңайлы әзiрге.

Ең бастысы, кино саласында доңыз жылы табысты бола қойды ма?! БАҚ бiткендi шулатып, дабыры әрең басылған "Көшпендiлердiң" жайы белгiлi. Екi жыл бойы АҚШ-та көрсетiлген фильм бар-жоғы 19 мың қаржы жинапты. Ал, Ресейде бар-жоғы 2 миллион пайда тауыпты деп естiдiк. Ұзынқұлақтан жеткен тағы бiр деректерге сүйенсек, "Көшпендiлер" көбiнесе жасөспiрiмдер мен балаларға арналған кинотеатрларда көрсетiлгенге ұқсайды. Осыдан кейiн, миллиондаған қаржы жинайтын Голливудтың блокбастерлерiне тамсана да, таңдана қарауға тура келедi. Голливудты былай қойғанда, Ресейдiң өзiнде, ресейлiк режиссерлер түсiрген "Қақпан" фильмi бiр жарым жылдың iшiнде 25 миллион табыс түсiрiптi.

Айтпақшы, доңыз жылы "Ұлжан" фильмi Канн фестивалiне қатысады деп даурыққанбыз. Сөйтсек, жүлде алады деген фильмiмiз фестивальдiң конкурстың бағдарламасына да енбей қалыпты. Оның не себептi енбей қалғанын өзiңiз де түсiнiп отырған шығарсыз?!

Өткен жылы басқа кинотеатрларда емес, "Қазақстан" кинотеатрында көрсетiлген бiрлi-екiлi коммерциялық фильмдермен ғана өзiмiздi жұбаттық. Оның арасында, "Жасұлан" жасөспiрiмдер киностудиясы түсiрген "Жаралы сезiм", "Менiң де атым Қожа" және "Қазығұрт" продюсерлiк орталығы дүниеге әкелген "Ханталапай" фильмi мен "Рэкетир" фильмдерi бар. Аталмыш фильмдер көпшiлiктiң көңiлiнен шыға алды ма, жоқ па, ол жайында БАҚ бiткен жарыса жазды. Қазақ киносы десе, саусағымызды бүгiп, санаған әлгi үш-төрт фильмдердi ғана атап айта аламыз. Ал, өзгесiн "Қазақфильм" киностудиясы өздерi айтпаса, естiгенiмiз болмаса, көргенiмiз жоқ.

АЙ… ТҮН… МАХАББАТ…

М. Әуезов атындағы академиялық драма театр алыптары мен арыстарының айтулы күндерi, мерейтойларын атап өттi. Қазақ театр өнерiнiң саңлақтары Хадиша Бөкееваның 90 жылдық мерейтойының қарсаңында театр кезектi фестивалiн өткiздi. Тоқсан жасқа келсе де, ширақ көрiнген Хадиша апаның түр-тұлғасына, болмыс-бiтiмiне разы болып тарқастық. Иә, қазақ өнерiнiң аңызға айналған тұлғаларының өмiрлерi де, өнерлерi де аңыз. Олар туралы жыл бойы жырласаңыз да, жыл бойы ақ қағазға түсiрiп, ой толғасаңыз да артықтық етпейдi.

Сондай-ақ, театр биылғы маусымда қазақ өнерiнiң майталмандары Асанәлi Әшiмовтың да мерейтойын өткiздi. Алматыдан бастау алған мерекелiк шаралар республиканың түкпiр-түкпiрлерiнде жалғасын тауып жатты.

Доңыз жылында академтеатр "Фархад-Шырынды", "Ай тұтылған түн" спектакльдерiн дүниеге әкелдi. Премьерасы болып өткен аталмыш спектакльдер туралы газетiмiздiң бетiнде жан-жақты жазғанбыз да. Әңгiме онда емес. Тек, соңғы уақытта М. Әуезов атындағы академиялық театрдың, қара шаңырақтың репертуарларының көбi дерлiк, түн мен махаббатқа толы боп тұр. Санамалап көрейiкшi, "Ымырттағы махаббат", "Мөлдiр махаббат", "Қош махаббат", "Махаббат дастаны" немесе "Ат жылаған түн", "Ай тұтылған түн" болып жалғасып кете бередi. Демек, бүгiнгi көрермен Ай жарық болған Түндегi Махаббатқа сусап жүр деп ойлайтын болуы керек театрдағылар.

P.S. Ұлттық өнерге, ұлттық киноға өзгерiс қажет-ақ. Шынайы өнердi жасайтын да, ұлттың өзiнiң азаматтары. Олардың бойында ұлтқа деген сүйiспеншiлiгi, отансүйгiштiгi, елге деген ерекше махаббаты болуы керек. Сонда ғана олардың қолынан Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов дүниеге әкелген қайталанбас туындылар жарыққа шығады.

Гүлзина Бектасова