«БӘЙШЕШЕКТЕН» БАСТАЛFАН КYРЕС
«БӘЙШЕШЕКТЕН» БАСТАЛFАН КYРЕС
Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетi – елiмiздегi ең көне, ең iрi техникалық оқу орны екенi белгiлi. Солай бола тұра оның қазақ мәдени, рухани өмiрiнен де ерекше орын алатыны көпшiлiкке және белгiлi. Яки, мұнда ертеден-ақ халық шаруашылығына таптырмайтын маман кадрлар дайындаумен қатар өз ортасында тамаша рухани дәстүр қалыптастыруға да зор көңiл бөлiнгенi байқалады. Кезiндегi осы оқу орнының түлегi, бұдан қырық жыл бұрынғы «Дос-Мұқасан» ансамблiнiң белсендi бiр мүшесi, бүгiнде техника ғылымдарының докторы, профессор, университет ректорының орынбасары Лұқпан Сыдықов та – ұзақ жыл бойы осы жақсы дәстүрдi жалғастыру жолында үлкен еңбек сiңiрген азамат. Бұл жөнiнде ол әңгiмесiн былайша сабақтаған едi.
ЖАҚСЫДАН ШАРАПАТ
– 1965 жылы "Политехтiң" (ол уақытта Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты – С.И.) Автоматика және есептеу техникасы факультетiне түстiм. Ол кезде бүкiл сабақ орысша, факультет өмiрiндегi барлық әңгiме орысша. Кiлең беске оқып жүрсем де, туа бiттi ажырамаған ана тiлiмдегi ортамнан күннен күнге ажырап, жалғызсырай берем. Өз жерiңде жүрiп, Отаныңды сағынған қиын болады екен. Содан мен секiлдi ана тiлi, дәстүрiн, тарихын сүйетiн, iштей ширығып жүрген жiгiттер бар шығар, солардың басын қосып әдеби бiрлестiк құрсақ деген ой келдi. Жатақханаларды аралап, жiгiттерден сыр тарта жүрiп, 15 студенттiң басын құрап, "Бәйшешек" деген әдеби бiрлестiк құрдық. Қазiр есiмiн ел таныған ақындар: Иранбек Оразбаев пен Қасымхан Бегiманов осы "Бәйшешектен" түлеп ұшқан.
Бiрте-бiрте тобымыз молая түстi. Сөйтiп жұмыс ендi қыза түскенде "үш әрiптiң" жiгiттерi сау ете қалды. Сес көрсетiп, тергеуге алып, қысым көрсете бастады.Сөйтiп шақшадай басым шарадай боп жүргенде тағдыр менi Ақжан Машановқа алып келдi ғой. Бүтiн болмысынан қазақшылықтың исi аңқып тұрады, басына тақия киiп жүредi. "Түсi игiден түңiлме" деп, бiр күнi арнайы сәлем берiп, алдына келдiм. "Ал, кел, балам"– деп, кабинетiне кiргiзiп ап, аты-жөнiмдi сұрады. "О-оу! Сен өзiң кiмнiң атын арқалап жүргенiңдi бiлесiң бе? Дәрiгер-шипагер атаулының пiрi – Лұқпан Хакiм туралы естiп пе едiң?" – деп, бала күнде ауыл қарттарынан емiс-емiс естiген жүрекке жағымды әңгiмелерiмен бiрден баурап алды. "Ал атаң Сыдық болса әзiретi Әбубәкiрдiң атын арқалап жүрген екен, ендi сен қайдан жаман боласың? Ал ендi айта бер келген шаруаңды" – дедi. Бар мұңымды алдына ақтарып салдым. Мен айтып отырмын, ата қарқылдап кеп күледi. "Неге күледi?" деп ойлаймын. Әбден мұқият тыңдап алды да: "Бәсе, болатын баласың сен. Сен қорықпа. Әуелi сол "Бәйшешектiң" мүшелiгiне менi қабылда, нөмiр бiрiншi ғып жаз тiзiмге. Сосын қабырға гәзетiңдi шығарып, оның басына менiң суретiмдi жапсырып қой. Мен үйiрмеңе тiлек жазып берем, соны суреттiң астына келтiр, — дедi. — Сосын осында Болат Жармағамбетов деген профессор бар, менiң атымнан барсаң, ол ағаң да саған суретi мен өлеңiн бередi. Ал сосын олардың не қылғанын көрiп алайық. Ежелгi "дос" атыспаққа жақсы деген" — деп, батасын берiп шығарып салды…
Содан Ақжан атаның ақыл-кеңесi толық орындалады. Аз күн өтпей ендi парткомға шақырылады. "Мынау деген ұлтшылдық қой! Өле алмай жүрсiң бе?!" деп, алакөзденiп зiркiлдеген орыс тiлдi қазақ ағайдан бұл жолы Ақаңның батасын алып, ширығып алған жiгiт айылын да жиған жоқ. Техникалық оқу орны темiр-терсектiң ғана оқуын оқитын жер емес, халқының мәдениетiн, тарихын үйрену арқылы елiн сүйетiн азамат тәрбиелеп шығаратын үлкен бiлiм ордасы болуы керектiгiн алға тартып, қысқа да дәлелдi уәж айтқан. Мұндайды күтпесе керек, тiзеге салып ықтырмақ болған партия функционерi не айтуға бiлмей, "Байқа, бала!" деп ақырып, зiлденiп шығарып жiбередi. Сол бойда салып ұрып Ақжан атаның алдына келдi. "Бес түлеген бөрiмiн, белге соқсаң жығылман" дегендей, ол кiсi "Ұқсатқан екенсiң!" деп, тағы да кеңкiлдеп күлiп алды да, болған жайды егжей-тегжейлi сұрап алған соң былай деп кеңес бердi. "Сен бар ғой, ендi сен анау Қазақстан Жазушылар одағының екiншi хатшысы болып отырған Iлияс Есенберлин ағаңды барып тауып ал. Менен сәлем айт, болған әңгiменi түгел түсiндiр. Сосын клубтарыңа кездесуге шақыр, ол келедi".
– Мен төрт күн бойы Iлияс ағаның жолын тосып, ақыры алдына кiрдiм, — деп жалғастырды әңгiмесiн Ұлықпан аға.- Бәрi Ақжан атаның айтқанындай болды. Iлияс аға: "Айналайын азаматтар, бар екенсiңдер ғой! Мен сол политехтың түлегiмiн. Сендердiң бастамаларың өте жақсы болған. Мен қолдаймын. Қашан барайын?" дедi бiрден келiсiп.
"Қаһардың" жаңа шығып, дүрiлдеп тұрған кезi. 500 кiсiлiк аудиторияда ине шаншар жер болмай қалды. Дүбiрлетiп тұрып кездесу өткiздiк. Содан бастап жазушы ағамыз "Бәйшешектiң" алты рет қонағы, мен туған iнiсiндей болып кеттiм. Сол тұстағы ҚазМҰУ-дағы, ҚазПИ-дегi үйiрмелермен тығыз байланыс орнатып, көптеген өнерлi жастармен танысып, құшағымыз кеңейе бастады. Сол әдеби байланыстардың арқасында сыншы, үлкен жүректi азамат Сағат Әшiмбаевпен достығым нығая түстi. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, үлкен қоғам қайраткерi Нұрлан Оразалин де жалындаған жаңа жырларын бiздiң "Бәйшешекте" оқыды. Жұматай Жақыпбаев, Кеңшiлiк Мырзабеков, Жарасқан Әбдiрашев, Қажытай Iлиясов секiлдi аузымен құс тiстеген, тiлiнiң шаңы шыққан ақындарды танып, олардың үнiн мыңдаған тыңдармандарға жеткiзуге себеп болдым. Ол оқу орнымыздың рухын барынша көтере түстi. Сол "Бәйшешектiң" жалғасы әлi үзiлген жоқ, күнi бүгiнге дейiн әдеби бiрлестiк жұмысын жалғастырып келедi. Өзiмiзден қазақ тiлiнде шығатын "Рас" деген газет бар, мен соның Бас редакторымын" ["Әдебиет айдыны", №25, 28 маусым, 2007 жыл].
"ЖЕТI АТАСЫН БIЛГЕН ЕР…"
"Батыр тумысынан, би болмысынан" дептi атам қазақ. "Өзi болған жiгiттiң жетi атасын қазғанды" артық санапты. Бiрақ өзi туралы шешiлiп көп ешкiмге сыр ашпайтын, қарапайым да сырбаз Ұлықпан Есiлханұлы атақты "Хан батыры" Қаракерей Қабанбайдың өз кiндiгiнен өрген тұяқ екенiн әркiм бiле бермес деп ойладық. 14 жаста ат жалын тартып мiнiп, 64 жыл өмiрi қанды жорықта өткен Қабекеңнiң бүкiл ауылына ағасы Есенаман ие болғандықтан, батырдың жетi баласының екiншiсi Кiшкентай да (Ұлықпан аға осы кiсiден тарайды) "Құлынында тел емген, құнанында арда емген" саналады. Өз атасы Сыдық жасынан атқа мiнген, Қабекеңнiң бабасы Мәмбеттен тараған екi болыс елге Сүлейменнен кейiн төбе би болған. 1907 жылы үш жүздiң баласы қатысқан атақты Сүлейменнiң асын ұйымдастырып, басқарған осы кiсi. Сол тойда үш жүз ат шауып, соның iшiнде Iлияс Жансүгiров атқа шапқан деседi. Бұрынғы ер қазақша "Ездiң малы үйiнде күйедi, Ердiң малы жиында күйедi" деп, малға, байлыққа пысқырып қарамаған кiсi екен. "Артық мал ұйқыны қашырады, алаңсыз жетiп тұратыннан артық ештеме керек емес" деп, бiрыңғай жүз күрең қой, бiр үйiр жылқы ұстайды екен, артылған өсiмiн елге, мұқтаж мiскiндерге таратып жiбередi екен. Бiрiншi әйелiнен бiр қыз туады, үш әйел алады, бала көрмейдi. Ақырында жасы 64-65-ке келгенде төртiншi әйелi Жамалдан Есiлхан туыпты. Осы ұлы жетi жасқа келгенде егде тартып қалған Сыдық ата алдына отырғызып қойып: "Балам, менiң заманым ана заман, сенiң заманың қай жерге жығып кетерi белгiсiз белеңi бар бедеудей елеңдеп тұрған, бiр түрлi заман. Мен болсам, бүгiн өлiп қалуым мүмкiн. Ал сенi жұмысқа салам" деп, қаршадайынан еңбекпен шынықтырған. Қолына тiкен қадалып, жылап келген баласының басынан сипамайды екен, терiс қарап отырып, белiне түскен сақалынан алты тарам жас ағып отырғанда "Ойпырмай, мынау обал болды-ау" демейтiн, не бәйбiшесiне айтқызбайтын дейдi екен көз көргендер.
Өстiп өсiрген жалғыз ұлды ерте үйлендiрiп, екi қыздан соң туған ұлға атасы қатты қуанады, Хасен деп ат қояды. Бәйбiшесi: "Неге ауыр ат қойдыңыз, Сықа?" – десе, "Атты көтере алмаса жетi күнде өлiп қалсын" – дептi, бала бiр аптада өлiп қапты. Ендi ұрпақ жалғаса ма, жалғаспай ма, Сыдық деген ат тарихта қала ма, қалмай ма деп отырғанда адам өстiп те сөйлейдi екен-ау деп, жұрт таң қалыпты. Ақыры сексеннiң ортасына келгенде түс көредi. Ешкiмге тiс жарып, ештеме айтпайды, ауылдағы аталас Нүсiпбек деген ұстаға қолдан балта соққызады. Несiпбек ұстаның Марқазат деген ұлы ол күнде 18-дегi жiгiт екен, соның естелiгiнен:
«Сыдық атаның келiнi босанатын болып, айы-күнi жеткенде шешем Майбiлектi шақыртты, бала босандыратын адам едi, менi ерте келдi. Қолыма құрым киiзге ораған жап-жаңа балтаны ұстатып, "сыртта тұр" дедi. "Iңгә!" деген дауыс шыққан кезде балтамен iшке кiргiзiп жiбердi, кiндiктi кестiм. Сол кезде бар тәртiптi бұзып Сыдық ата кiрiп келдi. Үстiндегi ақ көйлегiн дар еткiзiп айырып жiбердi де, баланы соған оратып, көтерiп алды. Аузына түкiрiп жiберiп, үлкен үйге алып кеттi.
Бүгiнде Ұлықпан деген атты абыроймен көтерiп жүрген, Сыдық атаның уәлi аузының дуалы демi дарыған ағамыз дүниеге осылай келiптi. Ауыр бейнеттiң ащы дәмiн ерте татқан әкесi Есiлхан да "Ата көрген оқ жонар" деп, баласын нар тәуекелдiң жолына баулыған екен. Қарындасы Алтын Сыдықованың айтуынша Тарбағатайдың алыс бiр түкпiрiндегi ауыл мектебiнде оқып жүрiп, Республикалық олимпиадалардың бiрнеше жеңiмпазы болған. Мектептi алтын медальмен аяқтап, «Политехқа» оқуға кеткенде Жамал әжесi қатты сағынып, Алматыдан бiреу кептi десе, мiндеттi түрде барып, амандасып: "Алматы деген жерде менiң Ұлқашымды көрдiңдер ме? Аман жүр ме екен?" – деп сұрайтын көрiнедi. "Ой-бо-ой, апасы, Алматы деген үлкен қала ғой" – десе: "Сыдық атасының ернi тиген баламды қалай бiлмей жүрсiңдер?" – деп, томсырайып қалады екен».
"ТАСПЕН ҰРҒАНДЫ АСПЕН ҰР"
– Мен оқуға түскен кезiмде топтағы елу студенттiң үшеуi ғана қазақ болдық, оның iшiнде қыр мектебiн бiтiрiп келген жалғыз мен болып шықтым, – деп еске алады Ұ.Сыдықов. Әрине, бұл кезең баяғы Қаныш Сәтпаевтардың бiр қазақ баласының аспиранттық жұмыс тақырыбын бекiтiп, оған ғылыми жетекшi тағайындау үшiн Мәскеуге неше барып, осы бiр-ақ мәселенi ғылыми кеңес талқысына неше рет салып, әрең өткiзетiн кездерден көш iлгерi едi. Бұл қазақты адам қылған өздерi екенiне бек сенiмдi жуан мұрындармен қоян-қолтық араласа жүрiп, iштен шалысқан аға буынның көзге көрiнбейтiн ұзақ сүргiн астыртын күресi өз жемiсiн бере бастаған. Жоғары техникалық бiлiмi бар ұлттық кадрларға ел зәру болған сол жылдарда Ө.Байқоңыров сияқты ұлт жанашырлары қазақ балаларын оқуға тартып, қырдан келген дарынды студенттердi осы күнгi университет ардагерлерi Мүштай Батырбеков, Баян Рақышевтар қамқорлыққа алуды азаматтық борыш санаған. Намысқа тырысып, жанкештiлiкпен оқуға ден қойған Ұ.Сыдықов қатарының алды болып, Лениндiк стипендия иеленiп жүрген кезi. Бес жыл оқып, жалғыз "төрттi" қалай алған оқиғасын өзi былай баяндайды:
– Информатика кафедрасының бiр мұғалiмi, атын айтпай-ақ қояйын, ұлы халық өкiлi, емтихан қабылдап, неше сағат бойы әбден қинады. Сұрақтың үстiне сұрақ жаудырта бередi. Не "дұрыс", не "дұрыс емес" деп айтпайды. Ақыры шыдамадым. "Что Вы хотите от меня?!" деп төтесiнен қойып қалдым. Сыныққа сылтау таба алмай отырған мұғалiм "төрт" қойып, шығарып жiбердi. Әдiлетсiздiкке шыдай алмай, не iстерiмдi бiлмей, әрi-берi жүрдiм де, жатақханаға келiп, онда да сыймай, жiгiттермен кеттiм де қалдым. Қайтып келсем: "Ойбай, қайда жүрсiң? Декан ағай өзi iздеп жатыр!" – дейдi. Деканымыз — Баян Рақышұлы.
– Қайда жоғалып кеттiң?! – деп дүрсе қоя бердi де,- Әкел зачеткаңды! – дедi. Сөйтсем, өзi араласып, бәрiн келiстiрiп қойған екен.
– Бермеймiн зачеткамды,- деймiн.
– Неге бермейсiң? Ендi сен қатырайын дедiң бе басымды? Әкел бол!
– Бермеймiн. Әдiлдiк жоқ, көңiлiм қалды. Ендi мына көрген қорлықтан кейiн әуре болудың еш қажетi жоқ- деп, шығып кеттiм.
Кейiн бiраз жыл өткен соң өзi түлеп ұшқан факультетке декан болып келгенде де, одан соң да Ұлықпан аға сол мұғалiмге өкпе-назын бiлдiрмек түгiлi, әрдайым "Менiң ұстазым!" – деп, iлтипат көрсетiп келе жатқанына әрiптестерi куә. Қайта басқалардан қорғап, сөзiн сөйлеген кездерi болды. Таяуда мерейтойы өтiп, керемет қошеметпен атап өтуге Ұлықпан аға өзi атсалысты. Бiрақ бiр жолы тағы бiр қазақ баласына әдiлетсiздiк көрсеткенде батыл түрде араласып, ара түскенi де рас.
Иә, 1977 жылы 28 жасында факультет деканы болып тағайындалған кезде жоғарғы оқу орындары мен ғылыми институттардағы жауапты қызметтерге жергiлiктi ұлт өкiлдерi ендi орныға бастаған. Бiрақ Ұ.Сыдықовтай ұлтжанды емес, шын ұлтшыл, елiм десе егiлiп, жұртым десе жұмылып қайрат көрсетер азаматтарға жоғары мектеп шын зәру едi.
Бiздiң бағымызға қарай жас деканымыз сан алуан қам-қарекетiмiздi қамдастыруға ерiнбей-жалықпай кiрiсетiн, – деп еске алады ол кiсiнiң сол кездегi студенттерi.- Әсiресе тiлден қиындық көрiп жүргендерге қамқорлығы шексiз едi. Бiздiң қатарымызда Бекбосынов Мiнәш деген жiгiт болды. Өзi өндiрiстен келген, бiзден көп ересек. Ағайдың келе жатқанын көрiп, әлгi жiгiт бiзге сыбырлап: "Кел, бәс, қазiр құшақтасқан досымдай амандасам ағаймен" – дедi. "Қой, қой, ондай еркелiгiңдi көтермес" – деп ек, бой бермедi, қасымыздан өте берген ағайды: "О, Лұқа, қалайсыз?" – деп ту сыртынан бас салды. Ұлықпан аға жалт бұрылып, кеюдiң орнына: "О не, аға?" – дегенi! Ду ете қалдық! Осындай жан жылуымен бiздi өзiне баурап алатын.
ЖАҢА ЗАМАН ЛЕБI
"Жетiм қозы тас бауыр, Түңiлер де, отығар" демекшi, бiр Ұлықпан Сыдықов емес, жалпы ұлтқа жанашыр азаматтың "түңiле жүрiп отыққан" кезеңi едi бұл. Ерлiк дәуiр қан жамылған, қағанақ төсенген ерлердiң дүбiрлеп өткен заманының шаңы астында көмiлiп қалған жоқ, саңырау билiктен "ақырып теңдiк сұраған" Алаш арыстарымен де тоқтап қалған жоқ. Елiн шын сүйген ерге әр заманның артатын өз жүгi бар-ды. Бүгiнгi аға ұрпақтың көтерген жүгi бұрынғылардан кем тартқан жоқ. Себебi тағдыр оларға ұлттық рухты сақтап қалу мiндетiн жүктептi. Ал мұндай мiндеттi арқалап жүру екiнiң бiрiне бұйырмайтын ерекше сый екенi және хақ.
Белгiлi қоғам қайраткерi Сағат Әшiмбаев 1984-1986 жылдары Қазақ теледидарында "Жүректен қозғайық" деп аталатын хабарлар циклiн ұйымдастырғаны белгiлi. Қазақ жастарының ұлттық сана-сезiмiнiң өсуiне үлкен ықпал еткен осы хабарлардың негiзгi қатысушысы болып, аянбай атсалысқан, жанын сала көмекшi болған Ұлықпан аға: "Бұл 29 хабар жаңа заманның лебi болатын" деп еске алады. Булыққан ашудан пайда жоқ, буырқанған бұла күштi сарқа жұмсап, заманды ырқыңа көндiрiп, билеп, меңгерiп кетер күн әлi туған жоқ, заманының иiнiне көнiп, илiгiп, озбырлыққа иленiп кете беруге азаматтық ар шыдатпайды. Ендi не iстеу керек, түсiнiп көр! Ал бiрақ адамшылық ар да, ел-жерге деген шексiз махаббат та – сол Құдайдың берген ерекше сыйы. Себебi ондай махаббат деген дарын бойға дарымаса, ет жүрексiз ешқандай миссияны орындау мүмкiн емес. Ендеше бар мiндет – осы қасиеттердi ұрпақ санасына сiңiру едi.
Ең соңғы хабар комсомолдың туған күнiне, қазанның тура кеп қалыпты. Батымдау сөйлеп, қаттырақ кеттiк, бiлем. Келесi күнi бiр жанашыр ағамыздан "жiгiттер, байқаңдар" деген ескерту алдық. Бiрақ жоғары жақтың нұсқауымен хабар жабылды…
Құдай бiрдеңе берерiнде сөйтедi, екi ай өтпей, Желтоқсан оқиғасы дүңк ете қалды! Дүние ғаламат өзгерiстердiң алдында тұрған. Жаңа заманның есiгiн бiздiң қазақ жастары ашқан. "Заманға кiнә артпа. Заман – Менмiн" дейдi Құдай Тағала.
– Сағатпен баяғы "Бәйшешек" клубы басталмай тұрып, ауылдан жаңа келген кезде танысқанбыз. Қазiр, «Сағатпен дос едiк, сырлас едiк» деп естелiк жазып жүргендер қарақұрым. Басқалардың қандай екенiн бiлмеймiн, бiз екеуiмiз құшақтасқан дос болдық. Сағат бала мiнездi жiгiт едi. Бiрдемеге қуанса, бала секiлдi қуанатын. Ал ендi өкпелегенде бар ғой, оның өкпелеген нәрсесiне кiсiнiң күлкiсi келетiн! Марқұм Кеңшiлiк Мырзабековпен де қатты дос едiк, менi "Ұлқаш" дейтiн. "Әй, Кеңшiлiк, сенiң аузыңа бұл сөздi Құдай салған шығар, үйткенi менi әжем "Ұлқаш" деушi едi. Екiншi айтқан сенсiң" дейтiнмiн. Сөйтсем, кейiн Сағат та менi "Ұлқаш" дейтiн болды. Ал жеңгең Нағиманы ылғи Нұржамал деушi едi.
– Әй, Сағат, сен мына Шәрбанның көңiлiне келедi деп ойламайсың ба? Басқа бiр ат түсiп тұрған жоқ па аузыңа? – деймiн әзiлдеп. Құдай оның бағына Шәрбандай ғажап әйел берген ғой.
– Жақсы көргеннен айтам ғой, қайнаға-ау! – дейтiн жылы жүзбен жымиып.
– Сен осы Нұржамал деп айта бершi. Себебi менi адам ғып, асырап жеткiзген сүйiктi әжемнiң аты Жамал едi. Сен оған Нұрды қосқаның жаныма майдай жағады.
– Құдайдың нұрымен қауышып жатқан шығар ондай әжесi. Қайынененiң топырағынан деген осы да!
Дүниенiң қай бұрышынан келсе де, тiптi кейiн министр болған кезiнде де, ұсақ-түйек болса да, әйтеуiр бiр кiшкентай сыйлығын маған, екiншiсiн Нағимаға әкеп беретiн. Әсiресе, қалам, блокнотты жақсы көрушi едi.
Соңғы бiр кездесуiмiздiң бiрiнде Сағат, Кеңшiлiк, әйелдерiмiзбен бiрге таң атқанша отырып, бiр шер тарқатысып ек. Ешқандай арақ-шарапсыз, ағыл-тегiл сырласып, "дiл ашысып, дiн ашысып" едiк. Сонда Сағат өте үлкен лауазымда, ал Кеңшiлiк жұмыссыз, бiреу сүйкiмдi, бiреу сүйкiмсiз болып жүрген кез. Сол Кеңшiлiктi төрiне отырғызып, патшадай ғып ұстап отырды сол кеште. "Кеке, Кеке!" деп, бәйек болып, қалай қызмет қылғаны, сыйлап құрметтегенi әлi көз алдымда…
Әр асыл өз негiзiне тартпай қоймасын қазақ атам ежелден байқап, болжапты. Арманы, тiлегi бiр жандар үйiрлi құландай кiсiнесiп, шұрқырасып табысып, жер үстi қысқа ғұмырдағы қиыспас дос, туыс рухтар арғы дүниеде де бiрге болатын көрiнедi. Әйтеуiр, елжiресiп, емiренiсiп табысқан жандардың өшпес, таусылмас сағынышын XXI ғасырдың ғылымы әзiр түсiндiре алған жоқ.
– 1984 жылы институтымыздың 50 жылдығы қарсаңында ҚазақССР Жоғарғы Кеңесiнiң Құрмет Грамотасымен наградталдым. Мен әлi естiп, алмай жатып, үйге келсем, төрiмнiң алдында шалқасынан түсiп, үстiндегi шапанын лақтырып тастап Сағат жатыр. "Лұқа! Бiздiң қатар-құрбымыз мемлекеттiң назарына iлiндi деген осы!" – дейдi. Мен ештеңе түсiнбеймiн. Айтып, құттықтап: "Қазақстан деген мемлекеттiң бұдан жоғары наградасы жоқ, түсiнесiң бе? Соны бiздiң қатарымыздың iшiнде дәл 35 жасыңда бiрiншi боп сен алдың. Мен жыладым… Қуанғаннан жылап тұрмын!.." – деп құшақтап алды.
"ОЙЛАУ ЖҮЙЕСIН МОДЕЛЬДЕУ"
Жаңа ашылып жатқан электронды есептеу мәшинелерi мамандығына оқуға түскен кезде Ұ.Сыдықов есептеу техникасының болашағын болжап, келер қоғамға, нақты адамға ықпалы туралы ойлансам, әлемдiк ақпараттық кеңiстiкке кiру жағдайындағы бiздiң қоғамдағы әлеуметтiк-саяси және рухани процестер туралы терең зерттеулер жүргiзсем деп, әрине, ойламаған. Бiрақ екiншi курста жүрiп-ақ кибернетика саласының философиялық аспектiлерiн, адамның ойлау жүйесiн түсiнуге деген ұмтылысының нәтижесi "Ойлау жүйесiн модельдеу" деген зерттеу жұмысына ұласып, ол еңбек студенттiк ғылыми жұмыстардың Республикалық, Одақтық жарыстарында бас бәйге алған-ды. Бұл тақырып талай философтарды, "Ойды қайдан алғанын Адам өзi сезбейдi" деген Шәкәрiмдей данышпандарды толғандырған мәселе екендiгiн де Ұлықпан аға ол кезде ойламаған шығар. Бiрақ осы жұмыс болашақ ұстазы, академик Досмұхамед Кiшiбековке алып келiп, техника мен гуманитарлық ғылымдардың, жаратылыстану мен руханиаттың ара қатынасын зерттеген профессор Ұ.Сыдықовтың өзге философтарға ұқсамайтын ерекше бет-бейнесiн айқындап бердi.
Баяғы "Бәйшешектiң" белдi мүшесi болған ақын Иран-Ғайып ағамыз осыдан бiраз бұрын университетiмiзде қонақта болып, кездесу кезiнде бiр студенттiң: "Сiздiң өзге ақындардан оқшау тұратын негiзгi ерекшелiгiңiз неде?" деген сұрағына былай деп жауап берiп едi. "Бiр Аллаға разылығым — инженерлiк бiлiм алғандығым. Себебi басқа гуманитар ақындар мына судың бер жағын көредi (алдындағы тұрған "Сарыағаш" суын көрсетiп), екi өлшемдi беттегi "Сарыағаш" деген, "ауыз су" деген жазуларды көредi. Ал мен бұл суға үш өлшемдi кеңiстiкте қарап тұрам". Осы сөздi профессор Ұ.Сыдықовқа қатысты да айтуға болады. Инженерлiк бiлiм, советтiк инженерлiк ғылымдардың патриархы академик А.Ю.Ишлинскийдiң айтуынша, айқын, дәл, нақты ойлау мәдениетiн қалыптастырады. Өзге философтарға ұқсамайтын өзiндiк ойлау стилi Ұ.Сыдықовтың лекцияларына бiр қатысқан адамға бiрден байқалып тұрады. Жүйелi, нақты құрылымымен аудиторияны тез тартып алады. Өзiнiң ұстазы Д.Кiшiбековпен бiрге жазған бiр ғана қазақ тiлiндегi "Философия" оқулығы тоғыз рет қайта басылып шығып, Республика көлемiндегi барлық жоғары оқу орындарында қолданыс табуы тегiннен тегiн емес.
"Бiздiң бiлгенiмiз қанша көп болса, түсiнiп, түйсiнгенiмiз соншалықты аз" дептi Альберт Эйнштейн егде шағында. Нағыз ой алыбына тән кiшiпейiлдiк қана емес бұл. Қазiргi техногендiк өркениеттiң қайшылыққа келу себебi туралы ойлануға жетелейтiн данышпандық пайым. 2000 жылы ғасырлар тоғысында Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетiнде елеулi оқиға болып өттi. Баяғы Ә.Ермеков негiзiн салған "Жоғары математика және теориялық механика" кафедрасы жапырағын кең жайып, iргелi жаратылыстану ғылымдарының сала-саласындағы жаңа кафедралар молая келе, Ұлықпан Сыдықовтың ұсынысымен қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедраларымен бiрiге отырып, Жаратылыстану-гуманитарлық институты пайда болды. Институтқа А.Машанидiң атын беру туралы ұсынысы да қабыл болып, өзi осы институтқа тұңғыш директор болып тағайындалды. Есiгiмiздi қағып тұрған жаңа дәуiрдiң лебiн жазбай таныған Ұлықпан аға бiр интервьюiнде былай деп едi.
– Бiзге жай әншейiн техниканың тiлiн шырқ үйiретiн шәкiрттiң керегi жоқ. Бiзге ең әуелi — адам керек. Қазақ елiне еңбек етудi бiрiншi орынға қоя алатын, алған бiлiмiн кiмге арнауды жақсы бiлетiн, миымен бiрге жүрегi жұмыс iстейтiн маман керек. Ұлтының таңдаулы дәстүрiн сыйлайтын, халқын сүйетiн, тiлiн қорғайтын, рухы биiк бiлiмдi жастар керек. Жалпы қызметiмiздiң өзегi осылай.
Бүгiнгi күнi университетiмiздегi оқу-тәрбие iсiнiң тiзгiнiн ұстап отырған проректор Ұ.Сыдықов тәрбие iсiнiң ұлттық мазмұнға ие болуын, жүйелi ғылыми сипат алуын осылай түсiнедi. "Тәрбиесiз бiлiм – адамзаттың қас жауы", "Әдепсiзге ғылым үйрету – қарақшыға қанжар ұстатумен бiрдей" деген Пайғамбарымыздан бастау алатын, әл-Фараби, дамытқан ұлы қағида XXI ғасырдың техникалық университетiнде осылайша жүзеге асуда.
Саят ЫБЫРАЙ, техника ғылымдарының докторы, Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ кафедра меңгерушiсi