БАҚҰЛ БОЛЫҢЫЗ, БАҚҚОЖА АҒА!
БАҚҰЛ БОЛЫҢЫЗ, БАҚҚОЖА АҒА!
Баққожа ағамен iссапарға бiрге шығу бiз үшiн аса қызықты да, қуанышты оқиға болушы едi. Ол кiсi елмен емiн-еркiн араласып, емен-жарқын сырласып, оп-оңай тiл табыса кететiн. Бiрде Тараз қаласына кештетiп жетiп, жылы да жайлы қонақ үйге түстiк. Ондағы қызметшiлер "Парасат" журналын үзбей алып тұрады екен. Бiзге ыстық ықылас бiлдiрiп, әр жылдары жарияланған мақала, сұхбаттарымыз жайлы пiкiрлерiн айтып тым жақсы қабылдады.
Ертеңiне Бәкең өте көңiлдi жүрдi. Әрқайсымыздың есiмiмiзге, мiнез-құлқымызға байланысты қызық-қызық өлең шумақтарын құрастырып, әзiлдеп, қалжыңдап қояды. Бiр қызығы, менiң есiмiме келгенде оңай жерден ұйқас табыла қоймай, Бәкең бiраз мүдiрiп қалды. Содан қаланы аралап, бiраз мекемелерге бас сұғып шыққанымызда: "О, Нұрғали…" деп ара-тұра қайталап, ұйқасатын сөз iздеп, күлiп келе жатты. Кенет қонақ үйге жақындай бергенiмiзде қалт тұра қалып: "Таптым," — дедi. "О, Нұрғали, Нұрғали, Мынау бiздiң тұрғын үй!" Мiне, ендi сол бiр жеңiл, ойнақы әзiлдiң өзi қалың мұңға оранып, естелiкке айналып қалды. Қазiр ойланып отырсам, шетсiз, шексiз ғарыштағы — домалақ шар, қасиеттi қара Жер де адамның жаны ғайыпқа ұшып кеткен соң, бiр кездердегi оның тұрғын үйi сияқты болып қалады екен ғой… Бiрақ адам сол үйдегi өзiнен кейiнгi ұрпағына не қалдырып кетедi?.. Бiздiң асыл ағатайымыз таңдамалы бес томдық жинағын – ең қымбат қазынасын қалдырыпты. Бұл әрине, баға жетпес мол мұра! Бақұл болыңыз, Баққожа аға. Жаныңыз жәннатта болсын! Нұрғали ОРАЗ ДОСПЕН ҚОШТАСУБiрге оқыдық, бiрге ғұмыр кештiк бiз, Талаптанып, тауға қарап өстiк бiз, "КазГУ"-дегi жатақхана жарылқап, Бұл ғаламда, "ұлы болам" дестiк бiз. Хан-Тәңiр мен Нарынқолды мекендеп, Үй болмаса, үйленбесе — бекер деп, Сенiң әкең келiп жүрдi сан маған, "Баққожаның қызы бар ма, екен?", — деп. Бағындың да Тәңiр берген тағдырға, Сан қуанып, берiлсең де сан мұңға, Сен үйлендiң, күйеужолдас болдық бiз, Сен табынып Нұржамалдың алдында. Теңiз-өмiр айдыны ғой жүзгеннiң, Ұмтылар ма жас шақтағы iздердiң, Бiрде жақын, бiрде алыс жүрсек те, Жүрегiмiз жақын едi бiздердiң. Көзi едiң дарын деген бұлақтың, Тектi адамсың, әзiлдеудi ұнаттың. Сен бiр алғаш студенттiк кезде де, Бiр ажалға душар болып жылаттың. Талай жолдар артта қапты бұрылсақ, Өте шықты, қайран дәурен құлыншақ, Телефонды соғушы едiң сен талай, Талай достың айнымайтын үнiн сап. Соның бәрi бiр күнгiдей болмады, Бақыт дәурен басымызға қонғалы. Қай жолымыз дұрыс-бұрыс белгiсiз, Орап алды, ұлы өмiрдiң орманы. Досым едiң сан қуанған, сан күлiп, Ұрпағыңмен жатар өмiр жаңғырып, Аяулы дос, қош бол менiң Баққожам, Бұл өмiрге бiр келгендер — Мәңгiлiк! Шөмiшбай САРИЕВ ЖЕР ЖАННАТЫ ЖЕТIСУ ӘН ҚАНАТЫНАН ҚАЙЫРЫЛДЫ…Қазақ музыка өнерiне өз өрнегiн салып өрлеп келе жатқан шағында ҚР Мәдениет қайраткерi, әншi Жақсылық Мырқаев кенеттен көз жұмды…
Жақсылықтай жақсының аты өлмейдi. "Өнер" десе, iшкен асын жерге қоятын" қазақ естiген жанның есiн аударып, тыңдағанның жүрегiн жаулап алатын әнiмен ұлтының рухын әуелеткен тағы бiр әншiсiнен айрылды. Ол — "түгiн тартса, майы шығатын, қазық қақса, қарағаш өсетiн" жер жаннаты Жетiсудан қанаттанған; келмеске кеткен жезтаңдай Сәдiқожаны қазақ даласына қайта әкелген; күмiскөмей Дәнештiң iзiн жалғастырған; бүгiнгi Нұржандардың ұстазы болған Жақаң — әдептi әншi, ұлағатты ұстаз, арлы азамат — Жақсылық Мырқаев. Қанша дауыл тұрса да мiзбақпайтын қарағай мiнездi қарпайым да қайсар талант ешкiмге жәутеңдемей-ақ, жалпаңдамай-ақ жарым көңiл жарты ғасыр жалғанды артқа тастап, Жаратқанның жаннатына жол тартты. Жаратушыға да Жақсылықтай жампоз керек болған екен, қарсы тұрар шара жоқ! Артында қыздары қалды, ұлы қалды… Құлақтан кiрiп, бойды алған үнi қалды… Соларға баскөз болар елi қалды… Ендеше, Жақсылықтай жақсының аты өлмейдi… Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ