Жаңалықтар

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ, Сидней Олимпиадасының жеңiмпазы: «ҚҰЛА ТҮЗДЕ ҚОЙ БАҚТЫМ»

ашық дереккөзі

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ, Сидней Олимпиадасының жеңiмпазы: «ҚҰЛА ТҮЗДЕ ҚОЙ БАҚТЫМ»

Жұмыр жердi жұдырығымен мойындатқан қазақ боксының әр қадамына жұрт елеңдеп отырады. Тәуелсiз қазақ елi қатысқан үш Олимпиададан қазақ боксшылары төрт алтын медаль әкелдi. Биыл Алматыда Бокстан олимпиадалық дайындау орталығы ашылған едi. Сол орталықтың директоры – Олимпиада жеңiмпазы Ермахан Ыбырайымов. Орталықтың көтерген жүгi, әлемдiк бокстың бағыты мен көкейкестi мәселелерi туралы сұрақтарға жауап iздеп, Ермаханға жолыққан едiм.

КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

– Ереке, қызмет құтты болсын! Қазақ боксы – тәуелсiз Қазақстанның туын Олимпиада төрiнде желбiретiп, әнұранын шырқатып жүрген спорт түрi. Қазақ елiнiң айрықша сенiм артатыны – боксшылар. Қазақ боксы ұлтын жерге қаратпай, абыройын асқақтатып келедi. Бокстан олимпиадалық даярлау орталығының ашылуы – үлкен қуаныш. Ендi өзiң басшылық жасап отырған осы орталықтың жұмысымен толығырақ таныстыра кетсең.

– Орталық негiзiнен ұлттық құрамада жүрген жiгiттердiң орнын басатын iзбасарларды дайындаумен айналысады. Қазiргi жастар құрамасына, кадеттерге қолдау көрсетемiз, алаңсыз жаттығуларына жағдай жасаймыз. Қыздар боксы тағы бар. Жас боксшылардың қазiргi қарқыны жаман емес. Үстiмiздегi жылдың тамыз айында Бакуде өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында бiздiң боксшылар 1 алтын, 3 қола медальмен оралды. Жастар құрамасының соңғы жеңiсiне өзiңiз де куә болдыңыз. 11 боксшы жұбын жазбай ақтық айқасқа шығып, 7 алтын, 4 күмiс медаль олжалады. Бұл – бұрын болып көрмеген жетiстiк. Бұл – Азия құрлығының барлық боксшысы Қазақстан құрамасына қарсы тұра алмады деген ойды бiлдiредi. Мақтануға тұратын қуаныш. Әрине, осындай орталықтың ашылуына тiкелей ықпал еткен министр Темiрхан Досмұхамедов пен спорт комитетiнiң төрағасы Анатөлi Құлназаровтың да еңбектерiн атап өткен жөн. Министрлiктiң тiкелей көмегiмен мына ашылған орталыққа жағдай жасалып отыр. Мұндай орталық ашылмай, негiзгi құрамаға жүйелi, мақсатты түрде iзбасарлар дайындау қиын едi.

– Орталық алдағы уақытта нақты қандай iстердi қолға алғалы отыр?

– Бiз алдағы уақытта Қазақстан чемпионатын өткiзудi ұйымдастырамыз. Әр аймақтан чемпионатты өткiзуге ұсыныстар түседi. Сол чемпионатты өткiзгеннен кейiн Қазақстанның құрама командасын анықтаймыз. Құрама командада 30 адам болады. Олар – Қазақстан бiрiншiлiгiнде 1-3 орын алған боксшылар. Оларды оқу-жаттығу жиынына шақырамыз, жағдай жасаймыз. Осы құрама боксшыларының арасынан 11 салмақ бойынша 11 боксшыны iрiктеп аламыз да, шетелде өтетiн халықаралық турнирлерге қатысуына мүмкiндiк туғызамыз. Ал министрлiктен бiз өткiзетiн шараларға байланысты қажеттi қаржы бөлiнiп отырады. Олимпиадалық даярлау орталығы – мемлекеттiк қазыналық кәсiпорын.

– Қазiр бокста әр раунд екi минөттен. Кейiнгi кезде, «Әр раунд үш минөттен болғаны дұрыс», деген пiкiрлер айтылып жүр. Бүкiл жастық ғұмырын боксқа арнап, Олимпиада шыңына шыққан Ермахан Ыбырайымовтың пiкiрi қандай?

– Менiң ойымша, әр раунд үш минөттен болғаны дұрыс. Үш минөтте кiмнiң кiм екенi көрiнедi. Үш минөтте адам барын салады. Кезiнде бiз де бокстастық қой, сондай уақытпен. Соңғы раундтың үшiншi минөтi өте ауыр, бұл соңғы минөтте тек бабында жүрген мықты ғана жарып шығады. Ал мына 2 минөттен 4 раунд дегенiңiз – жыпыл-жыпыл, ғыпыл-ғыпыл. Адымыңды ашып үлгермейсiң. Сәл артық ұпай жинап алған бiр боксшы ұрғызбай, үнемi қашып, безiп жүрiп ұтып кетуi мүмкiн. Әдейi уақыт созып, «құшақтасып» жүрiп алатындар да бар. Осыдан барып бокстың қадiрi төмендейдi. Тартымдылығы азаяды көрермен үшiн. Ал үш минөттiк бокстың жөнi бөлек.

– Ендi қыздар боксына ат басын бұрсақ. Бiз қыздарды аққуға теңеймiз, гүлге теңеймiз. Ал олардың бiр-бiрiн аяусыз соққылап жатқанын жұртшылық аса қоштай қоймайды. Қыздар боксы бiзге қаншалықты қажет?

– Қазiр қыздар боксы Қазақстанда жақсы дамып келедi. «Қыздар боксының не керегi бар? Бокс – жiгiттер айналысатын спорт» деген сөздердi бiз де естiп жүрмiз. Бiрақ Қазақстанда қыздардың боксқа деген ықыласы жоғары. Көкшетау, Петропавл, Қарағанды, Астана, Тараз қалаларында қыздар боксы қатты дамып келедi. Бiр кездегi белгiлi бапкер Юрий Цхай Шу ауданында үлкен бокс залын салған. Сол залда тәрбиеленген боксшы қыз – Қазақстан чемпионы. Сондықтан қыздар боксын да дамытуымыз керек.

– Жақында ғана Алматыда жастар арасында Азия бiрiншiлiгi аяқталды. Қазақ жастарының аяқ алысы қалай? Қазақстанның негiзгi құрамасында жүрген жiгiттермен тайталасатын боксшылар бар ма екен?

– Иә, қазақтың жетi бiрдей боксшысы алтын медаль алды. «Жетеуi де өте мықты боксшы ма?» деген ой тууы мүмкiн. Қалай дегенмен де жарыс Алматыда өттi. Сондықтан төрешiлердiң қазақ боксшыларына деген көзқарастары дұрыс болды. Ал әдiлiн айтсам, 48 келi салмақтағы Әнуарбек Байжанов мықты боксшы. Ол дәл қазiрдiң өзiнде ересектер құрамасының осы салмақтағы боксшысымен тепе-тең жағдайда айқаса алады. 57 және 60 келiдегi екi боксшы да осал емес. 69 келiдегi Ермек Серiков негiзгi құрамадағы Бақыт Сәрсекбаевпен тiресiп айқасуы мүмкiн. Ал ауыр салмақтағылар туралы кесiп айту қиын. Кавказдықтар мұндай жаста тұлғаланып, жiгiтке тән кесектiк пайда болады. Ал Орта Азия халықтарында керiсiнше, денелерi баяу өседi.

– Қоғамда болып жатқан өзгерiстерден ешкiм тыс қала алмайды. Өзiне тiкелей қатысы болмаса да, белгiлi бiр мәселеге байланысты әр адамның өз көзқарасы қалыптасады. Қазiр гендерлiк саясат туралы пiкiрлер қайшыласып тұр. Сiздiң пiкiрiңiз қандай?

– Қазiрдiң өзiнде билiкте жүрген жеңгелерiмiз, әпкелерiмiз баршылық. Билiкте әйелдер көбейсе, жарылқай қояды деп ойламаймын.

ӘЛЕМДIК БОКСТЫҢ КӨШIН КIМ БАСТАЙДЫ?

– Қазiр әлемдiк бокс қалай дамып барады? Әлемдiк бокстың көшiн қай мемлекеттер бастауы мүмкiн? Ұзақ жылдар әлемдiк бокстың даусыз көшбасшысы болған Куба боксының керегесi сықырлап тұр. Олимпиаданың алтын тұғырына шыққан кейбiр бокс серкелерi де жат елден бақ iздеп кеттi. Елдегi экономикалық қиындық тығырыққа тiредi. Кәсiпқой бокстағы қапшық-қапшық ақша Кубаның талай қара маржанын арбап әкеттi.

– Жақында АИБА президентi өзгердi. АИБА-ны жиырма жыл басқарған Анвар Чаудридiң орнына тайпейлiк Чин Ку Ву деген азамат келдi. Бокста бiр өзгерiс қажет едi. Кейiнгi жылдары бұрынғы президентке деген наразылықтар да пайда болды. Өз басым өзгерiстi күттiм. Жаңа президент келгелi өзгерiс байқала бастады. Төрешiлер тарапынан әдiлдiк болуын қатты қадағалап отыр. Оны көрiп те жүрмiз. Қазылар алқасы қазiр дұрыс шешiм қабылдап жүр. Дүниежүзiлiк бокста Куба боксшыларының ұзақ жыл көш бастағаны даусыз. Ал кейiнгi кезде Ресей боксы қатты көтерiлiп барады. Үкiмет те, қаржылы азаматтар да боксқа үлкен қолдау көрсетуде. Ерекше серпiлiс бар, боксқа деген өзгеше көзқарас қалыптасты. Ресейдегi боксқа бөлiнетiн қаржы, жасалып жатқан қамқорлық кiм-кiмдi де қызықтырады.

– Ресей құрамасының бас бапкерi Олимпиада чемпионы Александр Лебзяк қой?

– Иә, Александр Лебзяк. Ал Ресей әуесқой бокс федерациясының президентi Гуров деген азамат. Ол кезiнде Ресей президентiнiң күзет қызметiн басқарған болатын. Ал Куба боксының деңгейi төмендеп кетуi мүмкiн. Ол жоғарыда өзiңiз айтқан жағдайларға байланысты. Елдiң үмiт артқан мықтылары шетелге қаша бастады. Куба боксшылары соңғы әлем чемпионатына қатыспады. Сондықтан дүниежүзiлiк бокс көшiн Ресей бастауы әбден мүмкiн. Бұл ойдың түйiнi Пекин олимпиадасында тарқатылатын болады.

– Куба боксындағы жағымсыз оқиғалар қаулап өсiп келе жатқан сол елдiң балғын боксшыларының көңiл-күйiне керi әсерiн тигiзуi мүмкiн-ау.

– Әсер етпей қоймайды. «Осы бокстың болашақта маған керегi бола ма?» деген ой жас буынның санасын шырмауы әбден мүмкiн.

– Ал Қазақстан боксына қандай баға беруге болады?

– Спортқа, оның iшiнде боксқа жағдай жасалып жатыр. Мына орталықтың ашылып отырғаны да сол қамқорлықтың нақтылай бiр көрiнiсi. Ал дәл қазiр Қазақстанда үлкен жетiстiктерге жетiп жүрген спорт түрi – бокс. Менiң ойымша, Қазақстан боксы өз беделiн жоғалтпайды. Қазақстан боксының өз тарихы, қалыптасқан жолы бар.

– Ғұмырының ең қызықты, қызулы кезеңiн үлкен спортқа арнаған спортшылардың көпшiлiгi спортпен қоштасқаннан кейiн дағдарысқа түсiп жатады. Бар талантын, қарым-қабiлетiн, ойын тек спортқа арнаған олар басқа iске бейiмсiз. Көбi басқа кәсiпке дайындықсыз. Бiздiң елде бұл мәселе жан-жақты ойластырылмаған. Оңтайлы жұмыс таппай, елеусiз қалған спортшылар аз емес. Қалың қазақты ду еткiзiп, ұзақ жыл елiнiң намысын арпалыса қорғаған талантты спортшыларға спорт саласының өзiнен қызмет тимей жатады. Олимпиада, әлем чемпионаттарында олжа салған ұлттың перзенттерi елеусiз қалмаулары керек қой.

– Шындығында, бiзде бұл мәселе ойластырылмаған. Бұл әңгiме жуық арада шешiмiн таба қоймас деп ойлаймын. Себебi: «басың бар, қол-аяғың сау, өз күнiңдi өзiң көруiң керек» деген сөздердi естiп те жүрмiз.

– Осы әдiлеттiлiк пе?

– Әдiлеттiлiк емес. Бiз де осы бағытта ақырындап жұмыс жүргiзiп жатырмыз. Алдағы уақытта балғын спортшы бокспен қоса белгiлi мамандықты меңгерудi де ойластыра жүргенi дұрыс. Алматы iргесiне Юрий Андрейұлы Цхайдың қолдауымен бокс базасы салынып жатыр. Ол жерде кiтапхана, компьютер орталығы жұмыс iстейдi. Бұл боксшының дүниетанымын байытуға, белгiлi бiр мамандық туралы қосымша бiлiмiн арттыруға көп көмегiн тигiзерi сөзсiз. Ал жоғарыда бiз айтқан спортшы тағдырына байланысты әңгiмеге оралсақ, бұл мәселе басқа мемлекеттерде қалай шешiлiп жүр, соның бәрiн ой таразысына салу керек. Содан кейiн барып бiр шешiмге келген дұрыс.

– Пекин Олимпиадасының алтын тұғырына шыққан спортшы 250 мың доллар алатын болды ғой.

– Көрдiңiз бе, бұл спортқа деген үлкен қолдау. Iргемiздегi Қытай да, Ресей де, алыстағы Америка да Олимпиада чемпионына мұндай деңгейде сыйақы бермейдi. Бұл жағынан алғанда Олимпиада чемпионы болған спортшыға жоғары деңгейде сыйақы беретiн елдердiң қатарындамыз.

БОКСШЫ ҚОЙШЫ

– Бала — адамның бауыр етi. Бiрақ екiнiң бiрiнiң әкесi баласының соңынан ерiп, қымызы мен қазы-қартасын көтерiп, екi өкпесiн қолына алып жүрген жоқ. Сонау бiр бала кезiңнiң өзiнде Ресейдегi бiр жарысқа кеткен сенiң соңыңнан iздеп, қым-қуыт бейнетпен өзiңдi әрең тапқан әкеңнiң әрекетiн де бiлемiз. Сағи ақсақал өзiң айқасқа түскен айтулы жарыстардың бiрде-бiреуiн құр жiбермеген шығар?

– Әкемнiң еңбегi шексiз. Менi үнемi қолдап жүрдi. Менiң тiлеуiмдi тiлеп, қымызын, қазы-қартасын көтерiп бармаған жерi жоқ.

– Алматыда өткен бiр жарыста жеңiлiп қалғаныңа намыстанып, ауылға апарып қой бақтырып қойды емес пе?

– Айтпаңыз, бұл бiр өзгеше оқиға. Тоқсаныншы жылдардың басы. Сол кездегi Республика телерадио комитетiнiң жүлдесi үшiн өткен халықаралық турнирде жеңiлiп қалдым. Жаспын ғой ол кезде. Дайындығым дұрыс болмады Жарыс алдында достарыммен қыдырып кеттiм. Жеңiлгенiме қатты күйiндi әкем. «Жүр, алдыма түс!», – дедi. Ауылдан бiрақ шықтым. Ертесiне Құдай атқан бiр шабан есекке мiнгiздi де, қолыма жаман қамшы берiп, бiр отар қойдың соңына салды. Атқа мiнгiзсе бiр жөн. «Бар, бокстаса алмайды екенсiң, онда қой бақ», – дедi де қоя бердi. Кеше ғана шетелдiк жарыстарға шығып жүрген басым, бiр-ақ күнде құмның арасында, айдалада, бiр отар қойдың соңында салпақтап жалғыз қалдым. «Қалайша осындай күйге түстiм, кеше ғана Франциядағы жарыста жүрiп едiм ғой» деймiн аңырып. «Осылай шынымен қой бағып кетер ме екем?» деп қоямын. Күнi бойы басым зеңiп, қой соңында ой үстiнде жүремiн. Кешке бiр отар қойды айдап ауылға қайтамын. Таңертең тағы сол, екi аяғым салақтап, жаман есектiң үстiнде қой соңында кетiп бара жатамын. Сөйтiп қанша жүрерiмдi кiм бiлсiн, егер тосын бiр оқиға болмағанда.

Көршi ауылға техникумның студенттерi келiптi жұмысқа. Iштерiнде өңкиген бiр дәу бар екен. Қарап жүрмей керегелердi сықырлатып киiз үйдi соққылайды екен гүрсiлдетiп. Әлгiнiң оспадар қылығын көпшiлiк ұнатпаса да, көбiсi бата алмаса керек. Бiрен-саран ақсақалдар: «Қарағым, киiз үйде нең бар?» десе, әлгi дәу: «Мен — боксшымын, жаттығуым керек» дептi. «Қап, мынаның қорлығы-ай» дейдi үлкендер. «Бiреуге сабатса ғой, шiркiн» дептi жастар. «Әй, мына көршi ауылда Сағи ақсақалдың Ермахан деген боксшы ұлы бар емес пе, қазiр қой бағып жүр» дейдi бiреу. «Көршi ауылда бiр боксшы жiгiт бар, қазiр қой бағып жүр, сонымен бокстасасың ба?» дейдi ауылдағылар. «Әкелiңдер, есегiне терiс мiнгiзiп қоя берейiн» дептi қоразданып. Бұл хабар дүңк етiп бiздiң ауылға жеттi. Трактордың тiркемесiне сығылыса отырып, жетiп бардық. Қолымда Алматыдан ала келген екi жұп бокс қолғабы. Үлкен бiр кереметтi күткендей жиналған ел. Танаулаған екi ауылдың адамдарын сабырға шақырып, әкем былай дедi:

– Әйтеуiр жиналып қалған екенбiз, жеңген адамға сыйлық тағайындайық.

– Мойындарына тағар медалiмiз жоқ. Не сыйлық беремiз, сонда? – дедi сол ауылдағылар.

– Мен үш қой тiгейiн, – дедi әкем. – Сендер де үш қой шығарыңдар.

Әңгiме осымен бiттi. Байқаймын, әкем маған қатты сенiп тұр. Қойшы ауылда қайдағы ринг?! Қошқар қамайтын шарбаққа кiргiздi екеумiздi. Кеу-кеулеген жұрт шарбақ сыртында. Қошқардың қиын бұрқыратып, бiр топалаң айқасқа кiрiстiк. Қарсыласым шынында дәу екен. Қара күш бойына сыймай жүр. Қым-қуыт «төбелес». Төрешi жоқ, бiлгенiмiзше соққыласып жатырмыз. Ауыр соққыларын дарытпаймын. Қара күшiне сенгенмен, техникасы жоқ екен. Мен болсам «спорт шеберiмiн» ол кезде. Бiр кезде шарбақтың бұрышына тықсырып келдiм де, түйдектете 5-6 соққы жасадым. Қошқардың қиын бұрқ еткiзiп, сылқ ете түстi. Дереу қолғаптарын шеше сала, шарбақтың ар жағына бiр-ақ секiрдi. «Болды, болды, қойдым», – дедi ырсылдап. Жүнi жығылған. Бiздiң ауылдың адамдары қиқуға басты. Шағын той да жасалды. Көршi ауылдың үш қойын трактор тiркемесiне салып, дуылдап керi қайттық. Ертесiнде әкем шақырып алды да:

– Ұлым, бокспен бар жан-тәнiңмен айналыс, қалай болса солай жүрсең, саған ауылда да жұмыс табылатынына көзiң жеттi ғой, – дедi.

– Бәрiн де түсiндiм, әке, – дедiм мен.

Ертесiнде Алматыға өзi алып келдi де, ақ жол тiлеп елге қайтты.

– Бұл бiр естен кетпес оқиға екен. Содан кейiн-ақ жеңiс баспалдақтарымен көтерiле бастадың. Халықтың ақ батасы, әкенiң қамқорлығы, өзiңнiң жанкештi еңбегiң Олимпиада төрiне алып шықты.

– Халқыңның үмiтiн ақтағаннан артық арман бар ма?!

– Әңгiмеңе рақмет.

Сұхбаттасқан Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ