Жаңалықтар

Болатхан ТАЙЖАН: ҰЛТ МҮДДЕСI ҚАШАНДА БИIК БОЛСЫН!

ашық дереккөзі

Болатхан ТАЙЖАН: ҰЛТ МҮДДЕСI ҚАШАНДА БИIК БОЛСЫН!

Көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, марқұм Болатхан Тайжанның Кеңес одағы тұсында да, тәуелсiз Қазақстан мемлекетiнде де елшiлiк қызметтер атқарғаны белгiлi. Өмiрiнiң соңғы жылдары марқұм қоғамдық жұмыстармен айналысып, әлi күнге дейiн шешiмiн таппай отырған қазақ мәселесiнiң шешiлуiне атсалысты. Әманда ұлт мүддесiнiң биiк болуы үшiн шырылдады. Бiрақ, қазақ мәселесi үшiн есiгiн тарс жақпан бiздiң қоғам Б.Тайжанның сөздерiне құлақ аса қойған жоқ.

Бiрақ, Б.Тайжан алған бетiнен қайтпады. Басын тауға да, тасқа да ұрып, әртүрлi партиялардың есiгiн қақты. Идеяларын өткiзуге тырысты. Бiрақ, билiк те, оппозиция да бұл идеяларға қырын қарады. Б. Тайжан ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялылары секiлдi бармағын шайнаумен өмiрден өттi. Өкiнiштiсi сол, ХХ ғасырдың басында қазақ елi бодан, басыбайлы едi. Аюдай ақырған империяның құрсауында болатын. Аңсаған тәуелсiздiкке қол жеткiзген ХХI ғасырдың басында тәуелсiз ел болғанымен, тәуелсiз сананың болмауы салдарынан азаттық идеялары құлдық сананың құрсауында қалды. Қалай дегенменде Тайжандардың арманы бүгiн орындалмаса да, ертең жүзеге асары анық. Өйткенi, ол қалың жұрттың, қазақтың ортақ арманы.

Төменде Болатхан Тайжанның жақында жарық көрген «Аталы сөздерi» атты үш томдық жинағынан сөзiнiң қаймағын алып беруге тырыстық.

— Тайванның қаулап өсiп келе жатқан мемлекет екенiн, орысшалап айтқанда «Техно-парк» деп аталатын орталықтардан көрдiк. Көргенiмiздi қайтейiк, iшiмiз удай ашып қайттық. Олар миллиардтаған доллар инвестицияны ғылым мен өнеркәсiпке төгiп жатыр. Әлгi аумағы дүниенiң жерiн алып жатқан «Техно-парк» дегенiңiз – болашақтың қаласы, бала-шаға мен жастардың ордасы екен. Қиял-ғажайып елiнiң ортасында жүргендей әсер аласың. Ал, бiздiң Қазақстан миллиардтаған қаржыны далаға төгiп жатыр: тақыр жерге салынып жатқан зәулiм резиденциялар болашақ ұрпаққа не бередi?

Қала салу жағынан да бiз Азияны жуық маңда қуып жете алмаймыз. Жалпы, алғанда, ел астанасын солтүстiкке көшiру – геосаяси тұрғыдан өте оңды шешiм. Бiрақ, министрлiктердiң әшекейлi ғимараты халықтың байлығы мен мәдениетiне баға бола алмайды. Бiз сыртқы түрi әлем-жәлем боялған сандықтар жинап жатқан сияқтымыз. Өкiнiштi-ақ! Себебi, ол сандықтардың iшi тақыр-таза бос. Бiз ешкiмге қажетi жоқ зәулiм үйлер салғанша, соған жұмсалатын миллиардтарды Қазақстанның экономикасын дамытуға, халықтың жағдайын көтеруге жұмсағанымыз артық едi. Болашаққа инвестиция жұмсау деген осы болады.

«Ұлтым дейтiн ұл бар ма?», «СолДат», №4 (87), ақпан, 2003 жыл.

* * *

— Тiл мәселесiне келсек, қатал заң енгiзу, ана тiлiндегi тәрбиенiң отбасында қалыптасуы керек деген әңгiмелердiң бәрi дұрыс. Бiрақ, ол жетiспейдi. Егер дүниежүзiлiк тәжiрибеге сүйенсек, барлық мемлекетте азаматтық алу үшiн сол мемлекеттiң тiлiн меңгеруiмiз керек. Онсыз Сiзге ол мемлекеттiң азаматтығы берiлмейдi. Қазақстанның азаматы болу үшiн, осында Қазақстан азаматы ретiнде жұмыс iстеп, тұрақты өмiр сүру үшiн, Қазақстанның азаматы ретiнде сайлауға қатысу үшiн, не болмаса сайлану үшiн мiндеттi түрде қазақ тiлiн бiлу керек деген шарт қойылса, қазақ тiлi iс жүзiнде өз тұғырына келiп отырады. Бұл — бiр шарасы. Екiншi шарасы, бiр мемлекеттiң iшiнде бiр тiл – мемлекеттiк тiлi, екiншi тiл – ресми тiл дегендi Қазақстаннан басқа елден көзiммен көрiп, құлағыммен естiген емеспiн. Қай мемлекетте болсын, ресми қарым-қатынасты сол елдiң мемлекеттiк тiлiнде жүргiзедi. Ресейде шешен, татар, башқұрт, т.б. сол елде өмiр сүрiп жатқан халықтар тобы мемлекеттiк қатынастарда өз тiлiнде емес, орыс тiлiнде сөйлейдi. Ал, он жерден араб, не болмаса үндi, не болмаса қытай бола тұра, Францияда өмiр сүрiп жатқан болсаңыз, сiз мiндеттi түрде француз тiлiнде қарым-қатынас жасайсыз. Сол секiлдi Қазақстанда да орыс қазақпен, орыс кореймен, орыс немiспен сөйлессе де қазақ тiлiнде сөйлесуi керек. Дүниежүзi осылай өмiр сүрiп жатыр. Мысалы, Англияға барып, халықтар өзара ағылшын тiлiнде емес, басқа тiлде қарым-қатынас жасауы керек дегендi айтсаңыз, күлкiге қаласыз. Сол сияқты Қазақстанда да басқа мемлекеттермен терезесi тең, көне тарихы бар, ұлан-байтақ жерi бар, тоғыз миллиондай жер иесi қазақ халқы бар ел, мемлекет. Сондықтан, бұнда да табиғи заңды нәрсе – осында тұратын қай елдiң адамы болса да, Қазақстанда тұрып азамат боламын десе, қазақ тiлiнде сөйлеуi керек. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан орыс, ұйғыр, поляк және басқа ұлттар өз тiлiн ұмытсын деген сөз емес. Қазақстанда тұрса, қазақ тiлiн бiлуi керек деген сөз. Мәселенi осылай төтесiнен қою керек.

«Бiртiндеп Ресей ықпалы азая бермек», «Азат», №13 (21), 2-сәуiр, 2003 жыл.

* * *

— Атом стансасын салу идеясы Мәскеуде жарияланғанда өте күдiктендiм. Оның қалдықтарын Қазақстан қайда жiбередi? Бүкiл дүниежүзi АҚШ-тан бастап атом стансаларының жұмысынан қалған қалдықты қайда көмемiз деген мәселемен анда-мұнда шапқылап жүр. Бұның шешiмiн бүгiнге дейiн Американың өзi таба алмай отыр. Олар басқа шетелге апарып көму мәселесiн де көтерген. Бiрақ, халықаралық атом энергиясын бақылайтын ұйым атом энергиясы шыққан жерден оның қалдықтары басқа елге әкетiлмеуi керек деген үкiм шығарып отыр. Оны шығарып отырған дүниежүзiне атышулы ғалымдар мен инженерлер. Әңгiме тек қана басқа жаққа апарып көмуде ғана емес. Бұл жерде атом қалдықтарын бiр жерден екiншi жерге апарғанда, жол бойында тұрып жатқан халықтың зиян шегетiнi айтылып отыр. Мен сол қалдықтарды Қазақстанға әкелiп көмейiк не болмаса атом стансасын салайық деген әңгiмеге таң қаламын. Оның үстiне бүкiл дүниежүзiнде Қазақстан энергия жағынан ең бай мемлекеттiң бiрi. Бiзде энергия беретiн мүмкiншiлiктердiң адамзатқа белгiлi түрлерiнiң бәрi бар. Оның iшiнде көмiр – Қазақстан Азия құрлығында көмiр қорының жартысына ие. Бұдан басқа мұнай, газ, күн көзiнiң энергиясы, жер энергиясы, тiптi өзендердiң энергиясы – осында тұрып жатқан 15 миллион халыққа бiрнеше ғасырға жететiн энергия.

«Бiртiндеп Ресей ықпалы азая бермек», «Азат», №13 (21), 2-сәуiр, 2003 жыл.

* * *

— Бiздiң мемлекеттiң көпұлттығына келетiн болсақ, Қазақстанда қазақтан басқа жетi-ақ ұлттың саны 100 мыңнан асады. Әрi олардың орыстан басқасы бiздiң мемлекетiмiзбен тайталасып отырған жоқ. Әрқайсысының өзiнiң мемлекетi бар. Ол түсiнiктi де, өйткенi, орыс бiздi езiп, жаншып бағындырған. Сондықтан, олар мына жер де менiкi деп иемденiп отыр. Сол себептi де, Қазақстанды көпұлтты мемлекет деп емес, қазақтардың мемлекетi, бiрақ, қазақ емес азаматтар да тұра алады деген саяси бағытты ұстану керек едi. Орыстар Қазақстанды «ортақ үй» деп атайды. Ал, федеративтi республика Ресейдi «ортақ үй» десек ерiн бауырына алып тулайды. Ол, тек орыстың үйi дейдi. Бiрақ, Қазақстанның қазақтiкi екенiн естен шығарып алады. Олардың бойына қазақтың үйiнде тұрып жатырмын деген сезiм ұялату керек. Сонда ғана дұрыс негiз пайда болады.

«Қазақстан – қазақтардың мекенi. Қалғандары — тұрғындар», «Түркiстан», №06, 5 ақпан, 2004 жыл.

* * *

— Шындығында, мен iстеген елшiлiктердiң құжаттарды қазақ тiлiнде жүргiзуi Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгi үшiн тосын жағдай болды және көбiнесе олар маған «орысша жаз» деген нұсқауларды жiберiп отырды. Бiрақ, мен қолымнан келгенше күллi деректердi қазақша әзiрлеттiм. Өйткенi, елшiлiк Қазақстан Республикасының елшiлiгi, мемлекеттiк тiлiмiз – қазақ тiлi, мұның тағы бiр жағы, бiз жiберген деректер кездейсоқ бiреудiң қолына түссе, қазiр әлемде қазақ тiлiн түсiнетiн адамдар некен-саяқ, оқи алмайды. Сондықтан құжаттар мен деректердi қазақ тiлiнде жiберу құпиялығы жағынан өте тиiмдi екенi анық. Менiң айтарым, тәуелсiздiк алғаннан берi Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгiне өзге тiлдермен қоса қазақ тiлiн таза бiлетiн, дипломатияға бейiмдi азаматтарды әлдеқашан жинап алуға болар едi. Бiрақ, жинамай отыр.

Ал қайсыбiр елшiлердiң қазақша сөйлемеуi, ол – басшылыққа елiктеуден туған көзбояушылық. Мысалы, Кеңес дәуiрiнде бәрi басшыға ұқсауға тырысты. Бұл – мiне сол кезден қалған жаман әдет. Мысалы, үкiмет пен парламент басшылары бiр күн қазақша сөйленсiншi, қалған қызметкерлер тек сөйлеп қана қоймайды, қазақ тiлiнде «маңырайтын» болады. Мен оған еш күмәнданбаймын.

«Елшiлердiң қазақша сөйлемеуi – басшылыққа елiктеуден туған көзбояушылық», «Айқын», №13 (13), 30 наурыз, 2004 жыл.

* * *

— Малайларда өз халқының мүддесiн, мемлекеттiң мүддесiн қорғау мақсаты өте биiк қойылған. Мысалы, ол жақта жұмысқа ең әуелi малай азаматтары алынады. Тiптi, кезiнде ағылшындар Малайзияны тастап кеткенде, малайдың банкiлерiнде, бизнесiн басқарушылардың арасында қытайлықтар және малай еместер көп болды. Сондықтан, малай үкiметi қолына тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн, жаңадан құрылатын компания болсын, үш жетекшiсiнiң бiрi мiндеттi түрде малай ұлтының өкiлi болуы керек деген шарт қойды. Бұл фирманы не компанияны басқаратын малай табылмаса да, бәрiбiр малайды кiргiзу талабы қойылды. Бұл – малай халқын бизнеске және мемлекеттiң iшкi iсiн басқаруға тартудың бiр тәсiлi болған едi. Екiншi жағынан, олар дүкеннен не базардан зат алғанда ең бiрiншi Малайзия тауарларын алуға ұран тастады. Англия тауарын ең соңында сатып алуға шақырды. Өйткенi, Англия Малайзияны уысында ұстаған империя болатын. Сонда ұлтшылдық сезiмдi тек идеология саласында ғана емес, бизнес, экономика саласында да бұлар енгiзе бiлдi. Шетелдiк компаниялар да табыстарының 70%-ын Малай банкiсiнде ұстауға мәжбүр болды. Ол қаржы саласын дамытудың бiр шарасы едi.

Олардың тағы бiр алдына қойған мақсаты – экономикадағы шетелдiк инвестицияны бiртiндеп отандық, ұлттық инвестиция және капиталмен айырбастап, ұлттық капиталдың салмағын арттыруды көздедi. Оны ашықтан-ашық жариялады да.

Бұл бiрiншi жағынан – Малайзияның ұлттық экономикасын өз азаматтарының қолына ұстату, екiншi жағынан – ұлттық сезiмдi күшейтуге жол салды. Сөйтiп, олар дүниежүзiне белгiлi Малай мемлекетi болып шыға келдi.

«Халықтың әл-күшi келмегенге, тарихтың әлi келедi»,

«Түркiстан», №27, 1 шiлде, 2004 жыл.

* * *

— Өзiмiз бiлетiн елдерде көргенiм – мемлекет басқарып отырған азаматтар халқына арналған сөзiн «Уа, менiң ұлы халқым!» деп бастайды. АҚШ президентi болсын, Малайзияның королi болсын. Бiз де соған үйренсек, «Уа, менiң ұлы қазағым!» демеске? Онда тұрған ешқандай сөкеттiк жоқ. Бұл халықтың еңсесiн көтередi.

Соңғы кезде Әзiрбайжанда ұлттық ортаның қатты күшейгенi байқалды. Әзiрбайжандар әлiпбиiн латиницаға ауыстырды. Онда да тек техникалық немесе электронды құралдармен жұмыс iстейтiн салаларды ғана ауыстырып қойған жоқ.

Әзiрбайжандар халқының тарихын жоққа шығарған, мәдениетiне тiл тигiзген кириллица әрпiндегi материалдарды жыл бойы оқып өстi. Зерттеушiлер болмаса, әзiрбайжандардың кириллицаны танымайтын жас ұрпағы ендi мұндай сөздердi оқымайтын болады. Демек, халық зиянды, терiс ұғымнан арылады. Арылып та келедi. Олар рухани деколонизация, яғни рухани бодандықтан арылу процесiн жақсы өткiзiп жатыр. Дәл осындай жағдайды Украинадан байқауға болады. Дәл осындай жағдай Қазақстанда 2001 жылға дейiн сезiлдi. Бiрақ, одан кейiн халқымызды орыстандыру процесiнен құтқару iсiнен тағы да керi кеттiк. Өйткенi, бiз өз тiлiмiздi, мәдениетiмiздi, осында тұратын ұлты бөлек халықтардың санасына сiңiре алмай отырмыз.

«Қазақстанда бiр ғана халық – қазақ халқы тұрады. Бiз осыны ашық айтып үйренуiмiз керек», «Айқын», 4-қыркүйек, 2004 жыл.

* * *

— Өткен сайлаудан кейiн, бiрқатар саяси партиялардың бағдарламасын қайта-қайта оқып шықтым. Сараптап отырсам, солардың аузынан бiрде-бiр рет «халықтың мүддесiн, оның iшiнде қазақ халқының мүддесiн қорғаймыз» деген сөз шықпапты. Әсiресе, қазақ халқының тағдырына байланысты не дейдi? Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi туралы оппозиция не айтты? «Қазақстанның демократиялық таңдауы» деген партия бар ғой, соның iшiнде қайсысы қазақша сөйлейдi? Қайсысы қазақ тiлi үшiн жан алысып, жан берiсiп едi?! Бағдарламасын бiрнеше рет қарап шықтым. Қарасам, олар екiжақты болғысы келедi – бiр. Өткен заманды аңсайды – екi. Үшiншiден – бұларда Қазақстанның егемендi ел болуына ниетi бар екенiне күмәнмен қараймын. Мен бұны сiзге айтып отырғам жоқ, мұны мен Гүлжан Ерғалиеваға да, Петр Своикке де, Асылбекке де айтқам. Бiрақ, сол сөзiме жауапты не олармен сөйлескенде, не ақпарат құралдары арқылы бергенiн естiгем де, көргем де жоқ.

«Сатқын» дегенше, «террорист, сепартист, халық жауы» деу керек едi,

«Жас Алаш», №10, 27 қаңтар, 2005 жыл.

* * *

— Малайзия елiнде елшi болып жұмыс iстегенiмде, Қазақстанға жұмыс iстеуге баратын сол мемлекеттiң азаматтарына бiздiң консул амалдың жоқтығынан виза берiп жатқанда, iшiм удай ашыды. Өйткенi, ол мемлекеттiң халқы бiздiң елге шетелдiк компаниялардың қоластына жұмыс iстеуге келiп жатты. Алатын айлықтары 3000 доллардың көлемiнде, ал мамандықтары дәнекерлеушi, ұста, тағысын тағылар. Бiздiң елде мұндай мамандар табылмай қалған жоқ қой. Кеңес Үкiметiнiң тұсында «Шеврон» компаниясымен келiсiм-шартқа отырғанда, «жұмысшыларды жергiлiктi халықтан шақырасыңдар» деп талап қойған болатынбыз. Ал, бiздегi шенеунiктер келiсiм-шарттардағы осындай тармақтарға көңiл бөлмейдi. Соның кесiрiнен елiмiздегi шетелдiк компаниялардың көбi бiздiң жұмысшыларға шет тiлiн үйренiңдер деген талап қойып отыр. Ең бастысы, өзiмiздi-өзiмiз сыйлап үйренгенiмiз дұрыс болар.

«Кейбiреулер ойлағандай, Қытай соншалықты қауiптi емес».

* * *

— 1986 жылы Желтоқсаннан кейiн бiр елшiлiкте өте жоғары дәрежеде басқосуда маған қазақ ұлтшылдығын айыптап сөз сөйле дедi. Мен сөйлемеймiн дедiм. Әйтеуiр, менi көндiрдi. Сөйттi де, маған бiрiншi сөз бердi. Жиналысты елшiнiң өзi жүргiзiп отырды. Елшi дегенiң патша да, Құдай да бiр өзi. Содан мен шығып сөйлегенде айтқан сөзiм мынау болды: Алматыдағы қазiргi оқиғалар және Колбинның I хатшы болып сайлануы, бұл – орыс шовинизмiнiң асқындаған көрiнiсi.

«Тiлiмiзге емес, санамызға шабуыл жасалып жатыр».

* * *

— Бәрiмiздiң көзiмiз көрiп отыр, шетелдiктер Қазақстанда не iстеп жатыр? Шетелдiктер Қазақстанда ойына келгенiн iстеп жатыр. Мен қанша елде жұмыс iстедiм, халықты мұндай тонауды өз басым көрген емеспiн. Менiң сүйегiм сырқырайды. Бар-жоғы 5-6 жылдың iшiнде қазақ емес, Қазақстанның азаматы да емес, үш адамның миллиардер болғаны не деген сұмдық! Анау Митталды қоссаңыз, төртеу. Аты аталмағандары қаншама! Мен мұнай шығарып сататын елдерде жұмыс iстедiм. Өздерi зат шығарып сататын елдерде де жұмыс iстедiм. Солардың бәрi де шеттен келiп, әлгi елдiң экономикасына қаржыларын құйғандар болды. Инвесторлар деймiз ғой. Оның үстiне экономиканың күретамыры болып есептелетiн салаларды шетелдiктердiң қарамағына беру мәселесi де ешқандай да ақтап алуға келмейдi. Қарапайым адамдардың өзi «Неге бiз шетелдiктерге сонша тұтқаны берiп қойдық?» деп жағаларын ұстады. Ал, оның аржағындағы берудiң технологиясын айтсам, әлгi таң қалып жүрген жандар ызаланады. Ол қандай технология? Олар бiздiң мұнайымызды сатып, содан түскен ақшаны шетелдiктердiң инвестициясы деп атап отыр. Олар бiздiң мысымызды осы арадан апарып, өздерiнiң қоймаларында сақтап, бағаның өскенiн күтiп, сол кезде сатып, содан түскен айырманы бiзге инвестиция деп әкеп берiп отыр.

«Тiлiмiзге емес, санамызға шабуыл жасалып жатыр».

* * *

— Сiздер бiлесiздер, мен «Отан» партиясының мүшесi және де оның басқарушы тобының iшiнде болдым. Байқағаным (мен мұны партиядан кеткеннен кейiн сыртынан айтып отырғаным жоқ, өз iшiнде де айтқанмын), егер Президент Назарбаев «Отан» партиясын тастап кетсе, ол партия бiраз уақыттан кейiн ыдырап кетедi. Мұндай ұйымды партия деп атауға болмайды. Бұл тек президент Назарбаевтың билiгiмен, басқаруымен құрылған ұйым. Сол сияқты ұйымдар бiзде өте көп. Кейбiреуi ондаған, жүздеген, мыңдаған мүшелерден аспайды. Ал егер бiр жағдай болғанда, сол мүшелерiнiң әрi кетсе жиырма мыңын жинап көрсiншi. Жинай алмайды. Сол партияның көп болса 50-100 маңайында белсендiлерi бар шығар, ал қалғандары қағаз түрiнде тiркелгендер. Шетелдiк тәжiрибеде партия деген – ертең олар он мың адамды шығарамыз десе, өз партия мүшесiнен соншама адамды шығара алады. Өйткенi, шындығында да олар сол партияның иесiне, сол партияның бағытына берiлген азаматтар. Ең күштi оппозиция – екiншi үкiмет. Яғни, сол партияның бағдарламасында қамтылған iшкi-сыртқы саясат, мәдениет, өнеркәсiп, ауылшаруашылық салаларындағы үлкен-үлкен мамандардың пiкiрлерi мемлекеттiң кез-келген салаларындағы кемшiлiктерiнен жаратылады.

«Шетелде Үкiмет басшысымен таласып жүргендер үкiметте iстей бередi», «Жас Қазақ»,

№37 (203), 16-22 қыркүйек, 2005 жыл.

* * *

— Сыртқы саясатты қай елмен ұстансақ та, ең бiрiншi ұлт мүддесiн ойлауымыз керек. Ресеймен де, АҚШ-пен де, Қытаймен де бiр жаққа аумай, тепе-тең қарым-қатынаста болуымыз керек. Бiр жақты болу – ұтылу деген сөз. Бiздiң орыс империясынан айрылғымыз келмейдi. Қазақстаннан басқа елдер нағыз ұлттық мүдделерiн қорғап отыр. Осының кесiрiнен бiз жерiмiзден айрылып, Каспийдегi Қазақстанның жерiнде мұнайды Ресеймен екiге тең бөлiп, игеремiз деп отырмыз. Неге, нелiктен, не үшiн? Каспийдiң сол тұсындағы үлесi толық бiздiң жерде тұр. Неге бiз оны екiге бөлiп игеруiмiз керек? Бiрге жұмыс iстесек, әңгiме басқа. Алайда, бiрден мұнайдың жартысы сенiкi, жартысы менiкi болсын деген дұрыс па? Бұл болашақ ұрпақтың байлығы емес пе?

«Билiк отаршылдық санадан арылғанда,

аюларды да қазақ тiлiне үйретiп алар едiк»,

«Azamat-kz», №30 (30), 30 қыркүйек-6 қазан, 2005 жыл.

* * *

— Мен оппозицияға дәл осы қазақ мәселесiн шеше ме деп барған едiм. Бiрақ, оппозиция үшiн бұл бөтен әңгiме екенiн көргеннен кейiн кеттiм. Әуелi «Неге сiздер қазаққа бет бұрмайсыздар?» деп айтып жүрдiм, бiрақ одан түк шықпағаннан кейiн, көңiлiм суи бастады.

«Менi ұлт мүддесi, қазақ мәселесi қинайды»,

«Ар», 28-шiлде, 2006 жыл.

Дайындаған Есенгүл КӘПҚЫЗЫ