Жаңалықтар

ӘКК ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ! НЕДЕН ҰТЫП, НЕДЕН ҰТЫЛАМЫЗ?

ашық дереккөзі

ӘКК ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ! НЕДЕН ҰТЫП, НЕДЕН ҰТЫЛАМЫЗ?

"Бас-басына би болған өңкей қиқым, кетiрген жоқ па, әнекей елдiң сиқын". Бұл Абайдың сөзi. Билiк, заң жайында Абайдан артық айтып көрген ешкiм жоқ. Ендi, мiне, өктемдiгiн жүргiзуге тырысып қалатын әкiмдерден де билiк кете бастады. Өйткенi, құрылғанына көп уақыт болмаған әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияның (ӘКК) әкiмдiк билiктiң төмендеуiне тигiзетiн үлесi осы. Мамандардың айтуынша, егер ӘКК өз мiндетiн ойдағыдай атқарса, Қазақстан шикiзатқа тәуелдiлiктен бiржола құтылады.

Айталық, ӘКК-ның жекеменшiгiне жер телiмдерi, республикалық маңыздағы коммуналдық меншiктер, экономикалық нысандар бөлiнiп берiледi. Әрине, не нәрсенi қаражатсыз бастау қиын екенiн ескерген Үкiметтiң құрылған 7 ӘКК-ға бiр миллиард теңге ақша бөлгенi де жадымызда.

Сонымен, бұл жетi ӘКК қалай аталады? Олардың құзырына не кiредi?

Мәселен, Сарыарқа, Тобыл, Каспий, Ертiс, Жетiсу, Оңтүстiк, Батыс макроаймақтары деп бөлiнген ӘКК-ның әрқайсысына үлкен жауапты қызмет мiндеттелген. ӘКК — өңiрлердiң экономикасын дамытуға көмектесу әрi жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды iске асыру мақсатында жекеменшiк инвесторлар мен мемлекеттiң қаржылай қолдауымен құрылған болатын. Сондай-ақ, жаңа жобаларды iске асырудан басқа, шығыны мол өндiрiстi жандандырумен, одан түскен кiрiстердi өңiрдегi әлеуметтiк, экономикалық және мәдени жобаларға қайта инвестициялаумен шұғылданады. Демек, әкiмдiк жүйенi бұзуға күш салатын ӘКК аймақтағы өндiрiстердi жандандыруға, шикiзаттан гөрi тауар өндiрумен айналысуға бет бұруы тиiс. Мұнымен қоса, ӘКК-ның еншiсiне ауыл шаруашылығының тамырына қан жүгiрту, орта және шағын кәсiпкерлiктi дамыту, инвестициялық нысандарға қаржы бөлу, табиғи байлықты игеру секiлдi қыруар жүктеме енедi. Егер де 14 әкiмнiң iсiн осы 7 ӘКК алып кетiп жатса, неге қуанбасқа?! Бiрақ бұл жерде бiр гәп бар. Үкiмет тарапынан оң қолдауға ие болса да, аймақтық құрылым болып табылатын ӘКК жергiлiктi әкiмшiлiк тарапынан өзара келiспеушiлiктерге әкелуi ықтимал. Оның үстiне олар бiр облыс үшiн ғана жауап бермейдi. Ал "Сен тимесең, мен тимен бадырақ көзге" салынып, ақырында ӘКК басшысы әкiмге, әкiм ӘКК-ға сiлтеп, аймақтағы әлеуметтiк мәселелер жүзеге аспай қалуы да ғажап емес деген болжамдар бар. Алайда, әлi жемiсiн берiп үлгермеген ӘКК-ның жұмыс iстеу барысын уақыт көрсетедi.

Тышқан жылы басталысымен премьер-Министр Кәрiм Мәсiмовтiң төрағалығымен ӘКК мәселелерi жөнiнде арнайы кеңес болып, тағайындалған басшылардың өткен жылғы жұмыс қорытындылары туралы есептерi тыңдалды. Бiр жыл iшiнде алты корпорация бойынша ұйымдастыру кезеңi толық аяқталыпты. Қазiргi кезде ӘКК басшылары қолда бар мемлекеттiк активтердi түгендеудi жалғастырып, инвестициялық жобаларды қарауға кiрiскен. Әзiрге осы есептi қанағат тұтқан премьер-Министр басқосудың соңында бiраз ескертпенi айтып, оны қайта пысықтауды талап етiп, арнайы ұсыныстарды келесi айда ӘКК мәселелерi бойынша өтетiн Үкiмет мәжiлiсiне енгiзу туралы тапсырма бердi.

Сонымен, жергiлiктi аймақты, оның өндiрiс ошақтарын дамыту әкiмнiң қолынан келмейтiн болды. Көптен берi айтылып жүрген әкiм билiгiне шектеу қойылады деген әңгiменiң бiр ұшығы осы шығар. Ал, ӘКК қызметi туралы маманның пiкiрi қалай?

Тоқтар ЕСIРКЕПОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

— Елiмiзде былтырдан бастап Әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорация (ӘКК) жұмыс iстей бастады. Оны құруда қандай қажеттiлiк туды?

— Бұрын Қазақстанда арнайы өлкелiк аймақтар болды. Оңтүстiк Қазақстан өлкесi орталығы Шымкент, оған Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облысы кiрдi. Одан соң Батыс Қазақстан өлкесiне батыс облыстары ендi. Олардың даму деңгейi әр түрлi болды. Бiр жағынан табиғаты, мамандануы бiр болғандықтан бiр орталықтың бiр басшысы болғанын жөн деп тапты. Кезiнде өз деңгейiнде жұмыс iстеген өлкелер кейiннен тарап кеттi. Ал қазiр сол iспеттес 7 өлкелiк ӘКК қайта құрылды. Олардың құзыретiне не кiредi дегенге келсек, олар өздерiне бөлiнген аймақты қарыштатуға үлес қосады. Мұндай жүйе дүниежүзiнде бар. Дәлiрегiнде, бұл Сингапурдан алынған тәжiрибе. Былай қарағанда, шетелден алынған бұл үрдiстiң бiздiң елге келе бермейтiн жағы да бар сияқты. Әкiмнiң билiгi жүрмей қалды. Ұтатын да, ұтылатын да жағымыз бар. Ұтылатынымыз — билiктiң меншiгiнен кетiп, жеке корпорацияға айналу. Мәселен, облыс әкiмiн Президент бекiтедi. Ертең егер әкiмдi халық сайлайтын болса, әкiмнiң қолында ештеңе қалмайды. Мiне, мәселе сонда. Негiзi сайланған әкiм жергiлiктi тұрғындардың ең қажеттi мұқтаждығын ойлайтын адам болуы тиiс.

ӘКК жұмысын кеше ғана бастады, әлi нәтижесi көрiне қойған жоқ. Оның үстiне ӘКК туралы заңды ағымдағы жылы қабылдаймыз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ