"MADE IN KAZAKHSTAN"
"MADE IN KAZAKHSTAN"
Үкiмет 30 корпоративтiк көсемдерге арналған бағдарламасын жүзеге асыруға құлшына кiрiстi. Одан халыққа келетiн пайда бар ма? Шикiзаттық бағытқа ауытқып кетудiң соңы отандық өндiрiс саласының тұралап қалуына әкеп соқты. Тәуелсiздiк алғалы ширек ғасырдан астам уақыт өткен елдiң нарығы шетелдiк тауарларға неге тәуелдi? Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға бөлiнген мемлекет қаржысы кейбiр озбыр шенеунiктiң қалтасында кеттi. Халық қазынасын жоқтаған кiм бар?
ОРТАША ТОПТЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ
Әлемдiк қаржылық дағдарыс пен азық-түлiк бағасының күрт қымбаттауынан қазақстандық экономикаға келген зиянмен бiрге пайда бар. Өйткенi, әлемдi әбiгерге салған дағдарыс iшкi нарықтағы реттелмей жатқан бiраз келеңсiздiк пен кемшiлiктiң бетпердесiн сыпырып тастады. Өндiрiстiк саланы қаңтарып қойып, шикiзаттық бағытқа қарай ауытқып кеткенiн бiздiң билiк ендi "сезiндi". Мұнай мен газды өндiрiп, оны сырт елге тасымалдаумен көңiл тоғайту әсте дұрыс емес. Ерте ме, кеш пе мұнайдың сарқылып, газдың таусылатыны айқын. Ал тәуелсiздiк алған 16 жылдың iшiнде отандық өндiрiс жүйелi түрде дамытылған жоқ. Демек, шикiзат өндiруден бастап, өңдеу, одан дайын өнiм өндiру сияқты кластерлiк жүйенi дамытуға ден қоятын мезгiл жеттi. Ұлттық экономиканы дамытудың жоспары жеке кәсiпкерлер мен мемлекеттiң арасындағы серiктестiк келiсiмдерден құралады. Әрине, жеке тұлғалардың мүдделерi мен тұтынушылардың сұранысынан туындайтын ұлттық мүдде арасындағы тепе-теңдiк сақталған жағдайда ғана экономикада iлгерiлеушiлiк болмақ. Отандық сарапшылар экономикалық саясатты жүргiзуде халықаралық тәжiрибелердi айна-қатесiз көшiрiп алғаннан гөрi, оны кез келген мемлекеттiң табиғатына бейiмдеу әлдеқайда тиiмдi екенiн айтады. Бiздiң Үкiметтiң сөз жүзiндегi "жоспары" мен iс жүзiндегi ахуалдың бiр-бiрiмен жиi қабыспай жататыны сондықтан. Министрлер мен әкiмдерге салсаң, "бәрi керемет", адамдардың, әсiресе, ауылдағы ағайынның "аузынан ақ май ағып" отыр. Кейбiрi тiптi, ресми мiнберлерден оқылатын құлаш-құлаш баяндамаларында тау қопарып тастағандай әсер қалдырады. Бiрақ шыққан нәтиже шамалы. Ал экономикасы дамыған және қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттерде отандық өндiрушiлерге, әсiресе, шағын және орта кәсiпкерлiктi өркендетуге кәдiмгiдей көңiл бөлiнедi. Кез келген қоғамдағы ауқатты адамдардан құралатын орташа топ өкiлдерi – шағын және орта кәсiпкерлiкпен шұғылданатындар. Ал орташа топ дегенiңiз – мемлекеттегi саяси, экономикалық тұрақтылықты, тiптi, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қауқарлы күш. Сондықтан бiздегi жекелеген кәсiпкерлiкпен айналысатындарға мемлекеттiк тұрғыда жағдай жасалынып, салық жүйесiнде арнайы жеңiлдiктер бекiтiлуi тиiс. Сөз немесе қағаз жүзiнде емес, iс жүзiнде.
ЖЕМҚОРЛАРҒА ЖЕМ БОЛҒАН ҚАЙРАН ҚАРЖЫ
Былтыр Үкiмет 30 корпоративтiк көсемдерге арналған бағдарламаны түзiп, құжатты заңды түрде бекiттi. Жоспар бойынша, аталған бағдарлама халықаралық деңгейдегi 30 үздiк кәсiпорынның түзiлуiне жағдай жасауы тиiс. 2007 жылдың соңында мәжiлiсмендер алдына келiп есеп берген ҚР Индустрия және сауда министрi Ғалым Оразбақов 2007 жылы 6,9 триллион теңгеге өндiрiстiк өнiм өндiрiлгенiн айтты. Оның 3,9 миллиард теңгесi өндiру саласының, 2,6 миллиарды өңдеу саласының еншiсiнде. Министр отандық өндiрiс саласының өз деңгейiнде дамымай отырғандығына тоқталды. Осы мақсатта бiздiң Үкiмет биылдан бастап өңдеумен айналысатын кәсiпорындар арасындағы бәсекелестiк көрiгiн қыздырып, кәсiпкерлiк жолды таңдағандарға жағдай жасауды, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға, сондай-ақ, инфрақұрылымдардың түзiлуiне мүмкiндiк берудi қарастырып отырған көрiнедi. Жобаларды қаржылық тұрғыда демеу грант түрiнде жүзеге асырылмақ. 2015 жылға дейiн халық қазынасы мен басқа да қаржы көздерiнен түсетiн 154 миллиард теңге жұмсалады. Әрине, аталған мәселелер бiздiң отандастар үшiн жаңалық емес. Өйткенi, нарықтық экономикаға көшкелi берi Қазақстан Үкiметi шағын және орта кәсiпкерлiктi, жекеменшiк саланы дамытуға ден қою керектiгiн айтудан шаршамай келедi. Бiрақ атқарылған тiрлiктер көңiл көншiтпейдi. Мысалы, кәсiпкерлiктi дамыту мақсатында мемлекеттiк бюджеттен бөлiнетiн қыруар қаржы әкiмдердiң қалтасында, қала бердi олардың төңiрегiндегi "пысықайлар" мен "жандайшаптардың" "қанжығасында" кеттi. Ал халықтың қалауымен емес, "жоғарғы жақтың" таңдауымен таққа отыратын әкiмдердiң көпшiлiгiнiң тiреулерi мен сүйеулерi бар. Олардың кейбiрi Атазаңды белшеден басса да, заң алдында жауап бермейдi. Яғни, "отқа салса, күймейдi, суға салса, батпайды". Тиiстi органдар iстiң ақ-қарасын анықтауға, халыққа тиесiлi қаржының қайда кеткенiн тексеруге мүдделi емес. Өйткенi, билiктiң өзi жемқор. Осының кесiрiнен, ауылдағы ағайын жеке шаруашылығын дөңгелетiп, өнiм өндiруге дәрменсiз. Қаржы тапшы, құрал-жабдық жоқ. "Аштан өлiп, көштен қалмас" үшiн жұрт дайын өнiмдi бiр жерден алып, екiншi жерге бiрнеше есе қымбат бағаға сататын алыпсатарлықты қанағат тұтуға мәжбүр. Бiр ғана мысал, мемлекеттiк бюджеттiң 20-30 пайыз кiрiсiн құрауға қауқарлы жеңiлөнеркәсiп соңғы 5 жылда 900 (!) есеге төмендеген. 1997 жылдан берi жеңiлөнеркәсiп саласында 7 министр "ат ауыстырыпты". Одан қарапайым халыққа келген пайда жоқ. Әр министр билiк ескегiн өзiнше есiп, қағаз жүзiнде ғана реформа "жасайды". Осының кесiрiнен, үстiмiзге iлгенiмiз – қытайдың сасық әрi сапасыз, тiптi, адам өмiрiне қауiп төндiретiн көйлек-көншегi, түрiктер мен үндiлердiң талғамсыз әрi қымбат "жүн-жұрқасы". Сұйық май, сүт және макарон өнiмдерi, сабын, тазалағыш пен кiр жуатын ұнтақ сияқты басқа да күнделiктi тұтынатын азық-түлiк түрлерi пен тауарлар елiмiзге Ресейден келедi. Басқаны былай қойғанда, көршiлес қырғыз елi қазақтарға киiм-кешек пен сүт өнiмдерiн сатумен күн көрiп отыр. Өйткенi, Қырғызстанда шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатындарға мемлекттiк тұрғыда жеңiлдiктер жасалған, салынатын салық та кәсiпкерлердiң қалтасына салмақ түсiрмейдi. Нәтижесiнде, халық қазынасына қомақты қаржы құятын жеке кәсiпкерлер iшкi жалпы өнiм көлемiн ұлғайтуға, яғни, елдiң гүлденуiне елеулi үлес қосуда. Бұра тартқысы келетiн кейбiреулер: "Қырғыздар Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүше ғой" деп жақауратады. Бiрақ әңгiме кiмнiң қай ұйымға мүше болғанында емес, мемлекеттiң азаматтарына қаншалықты жаны ашитындығында, жағдай жасауға шынымен мүдделiлiк танытатындығында. Сондықтан Оразбақов мырзаның отандық өндiрiстi дамытуға қатысты бiлдiрген құлшынысы қаншалықты тиiмдi болатыны уақыт еншiсiнде. Елдiң көзi мен құлағы үйренген көп "реформалардың" бiрi ме, әлде билiктiң мемлекет қолдауына зәру азаматтарына жағдай жасауды көздеген нақты қадам ба?..
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ