ТАҒЫ ДА СААКАШВИЛИ...
ТАҒЫ ДА СААКАШВИЛИ...
Қап тауының етегiндегi грузиндер елi Жаңа жылдың алғашқы аптасын саяси науқанмен бастады. Кезектен тыс сайлау өткiзген Грузия халқы президентiн таңдаумен бiрге НАТО-ға мүшелiкке өту мәселесiн талқыға салды.
Өткен жексенбiде грузин халқы кезектен тыс президенттiк сайлау өткiздi. 3070 сайлау учаскесiндегi (учаскелердiң жалпы саны 3512) дауысқа санақ жүргiзген Грузия Орталық сайлау комиссиясының өкiлдерi 52,1 пайыз дауыс жинаған Саакашвилидiң жеңiске жеткенiн мәлiмдедi. Грузин оппозициясының ортақ үмiткерi Леван Гачечиладзе 24,98 пайыз (442 478) дауысқа ие болыпты. Ал "Жаңа оңшылдар" көсемi Давид Гамкрелидзе, кәсiпкер Аркадий (Бадри) Патаркацишвили, Лейбористiк партия жетекшiсi Шалва Нателашвили, "Болашақ партиясының" басшысы Гиорги Маисашвили мен басқалар 4 пайызды да жинауға шамасы келмеген. ОСК мәлiметiне сәйкес, саяси науқанға сайлаушылардың 56,17 пайызы қатысыпты. Грузия Конституциясы бойынша сайлаудағы алғашқы кезеңiнде 51 пайызға ие болған үмiткер президенттiк таққа отыруға құқылы. ОСК алғашқы қортындыны жарияласымен-ақ, Саакашвили жұмысына қызу кiрiсiп кеттi: "Алда кезегiн күтiп тұрған бiрқатар шаруа бар. Алаңдауға, босқа уақыт өткiзуге әсте болмайды. Демократиялық, ашық әрi шынымен әдiл сайлау өткiзуге болатынын Грузия дәлелдедi. Бұл сайлау – Грузия тарихындағы ең тәуелсiз және бәсекелестiкке толы сайлау болды". Алайда, оппозиция өкiлдерiнiң пiкiрiнше, 5 қаңтар күнгi дауыс беру процесiнiң қорытындысы алдын ала дайындалып қойған. Яғни, сайлау заңсыз өттi. Халықаралық бақылаушылардан құрылған ұйымдар Грузиядағы президенттiк сайлаудың демократиялық қағидаларға сай болғанын жариялады.
Бұған дейiн орыстармен қырғи-қабақ саясатты ұстанып келген Саакашвили елiндегi үстiмiздегi жылдың көктемiне жоспарланған парламенттiк сайлаудан кейiн Ресеймен арадағы қарым-қатынасты жақсартуға көңiл бөлетiнiн мәлiмдедi.
Достары мен қастары Миша деп еркелететiн президенттiң соңғы кездердегi рейтингi елдегi экономикалық, әлеуметтiк ахуалға және күздегi оппозицияның шеруiн әскерилердiң күшiмен таратқан оқиғадан кейiн төмендеген едi. Оның үстiне, Саакашвилидiң 2004 жылғы "раушан төңкерiсiнен" кейiнгi президенттiк сайлауда грузиндердiң 97 пайызы сенiм артқан болатын. Кешегi сайлауда қолдағандар саны – небары 52 пайыз. Апта басында 8 мыңға жуық грузин бейбiт түрдегi шеруiн жалғастырды. Қыстың саршұнақ аязына қарамастан, Тбилисидiң орталық алаңына жиналған жұрт екiншi мәрте сайланған президентiне деген қарсылығын әнмен жеткiздi. Саакашвилидiң басты қарсыласы – Гачечиладзе билiктi "Оппозицияға қысым жасауда. Сайлау заңсыз өттi" деп кiнәлады. "Кремльдiң тыңшысы" деген айып тағылған миллиардер Бадри Патаркацишвили елiнен түре қуылғандықтан, Лондонда жүр. Жинағаны – 7 пайыз дауыс. Республикалықтардың жетекшiсi Тина Кидашелидiң қолында "көптеген жерде орын алған заң бұзушылықтарды дәлелдейтiн деректер бар" көрiнедi. Сайлау басталғанша алаңдаушылық бiлдiрген Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары саяси науқан қорытындысында "Грузия халқының еркiн таңдауын айқындаған сайлау болды" деген шешiмге келдi. Кейбiр бақылаушылардың сөзiне қарағанда, сайлауалды кампанияда Саакашвилидiң үлесiне пайда келтiретiн заңсыз әрекеттер кездескен. Сарапшылар қауымы билiк басына екiншi рет әупiрiммен келген грузиндiк президент бұрынғыдай радикалдық бағыттан бас тартатынына, экономикалық реформалар қарқыны бәсеңдейтiнiне сенiмдi. Орыстар Қап тауындағы маңызды елде өткен сайлауда билiк оппозицияға қысым жасағандықтан, заң бұзушылықтарға жол берiлдi деген пiкiрде. Бiрақ Кремльдiң сыңаржақ пiкiрiмен Мишаның қарсыластары келiсе қоймайтыны белгiлi. Өйткенi, оппозиция Саакшвилидiң саясаттағы батыстық бағытын қолдайды. Орыстардың көмегiнсiз-ақ жеңiске жетудi көздейтiн олар келешектегi атқаратын iстерiн қағаз бетiне түсiрiп, арнайы бағдарлама әзiрлейтiндiктерiн айтуда. Саакшвилидiң негiзгi қолдаушысы – АҚШ дүйсенбi күнi сайлау қорытындысын күтуге және сабыр сақтауға шақырды: "Егер сарапшылар дауыс беру қорытындысы заңға сәйкес өткенiн дәлелдесе, қарсы шығуға негiз жоқ" (АҚШ Мемлекеттiк хатшысының Еуропа мен Еуразия iстерi жөнiндегi орынбасары Мэтью Брайза). Айтпақшы, билiктiң хабар таратуға тыйым салған телеарнасы – "Имеди" көпшiлiктiң наразылығынан кейiн қызметiн қайта жалғастырды. "Бадридiң "қуыршағы" атанған телеарнаға оппозиция мен батыстық елдер араша түскен едi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ