Жаңалықтар

ШАҚПАҚТАҒЫ САУДА...

ашық дереккөзі

ШАҚПАҚТАҒЫ САУДА...

Адамнан ұят кете бастаған ба, қалай?!

Биылғы қыстың қаһары қатулы боп тұр. Бұрындары жауған қар бiр-екi күннен аспай, ерiп жатушы едi. Биылғы қардың көбесi ажырамай, сiресiп тұр.

Ал таулы өңiрдегi қалың түскен қар Шақпақ асуын адам өте алмайтын қамалға айналдырыпты. Қазiр оңтүстiктiң Түлкiбас, Бәйдiбек, Созақ, Жуалы, Сарысу, Талас аудандарындағы жолдар жабылып қалды. Айналаны қалың қармен көмкерген табиғаттың дүлей күшiне қарсы тұрар қауқар бар ма? Аппақ қармен көмкерiлген аймақта тiршiлiк те бiраз уақытқа тоқтап қалды.

Сондай-ақ, 23 желтоқсаннан басталған ызғырықты боранда Шымкент пен Жамбыл облысына тиесiлi Күйiк, Шақпақ асуларында жүздеген көлiк тұрып қалса, екi жарым мың адам боранда далада қалыпты. Ең қызығы, далада қалған екi жарым мың адамға маңайдағы тұрғындар бiр бөлке нанды 500 теңгеден, 200 грамм арақты екi мың теңгеден сатыпты. Мiне, сауда деген қайда жатыр?! Маңайдағы тұрғындар қазақылықтан кеткен бе, әлде нарықтың дәмiне дәнiккен қулар ма, әйтеуiр, үсiп өлгелi жатқан жүргiншiлерге де сауда жасағанға ұқсайды. Қарлы боранда үсiкке шалынып жатқан ағайын дәм-тұзының таусылмасын ойлап, қалтасындағы барына нан сатып алмағанда не етсiн?! Секундына 18-20 метр жылдамдықпен соққан желдiң өтiнде жатқан жанның басындағы қайғысын түсiне алмаған, көмек көрсетiп, қолұшын берудiң орнына баюды көздегендерден шын мәнiнде ұят кеткен бе деп қаласың?! Әлде бұл да азғындаудың белгiсi ме?!

Әншейiнде, болмашы жетiстiкке жетiсiп, рапорттайтын облыстың әкiмшiлiгi, жергiлiктi әкiмшiлiк, төтенше жағдайлар жөнiндегi департамент қызметкерлерi осындайда неге бұғып қалады? "Мынасына жәрдем бердiк, анаусын ажалдан алып қалдық, пәлендi өйттiк, түгендi сөйттiк" дейтiн рапорттары қайда?! Неге үнсiз?! Бiз осыған таңбыз…

Гүлзина Бектасова