Жаңалықтар

"ҚАЗАҚ ТIЛI" ЖЫЛЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ. НӘТИЖЕ ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ

ашық дереккөзі

"ҚАЗАҚ ТIЛI" ЖЫЛЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ. НӘТИЖЕ ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ

Әне-мiне дегенше, доңыз жылы да зуылдай жөнелдi. Әдеттегiдей, кез келген мемлекет өзiнiң ұстанған саясатында бел асып бара жатқан жылда не тындырдық, ненi уысымыздан жiберiп алдық деген сұрақтарға жауап iздеп көредi. Яғни, таразыға салып, ауырдың астымен, жеңiлдiң үстiмен жүрiп өткен тұстарымызды пайымдауға мүмкiндiк те осы. Жалпақ жұртқа мәлiм, 2007 жыл Қазақстанда "Қазақ тiлi" жылы боп жарияланған-тұғын.

Бiр жыл емес, тiптi, 15 жылдың iшiнде мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң көсегесi көгерiп, биiк тұғырдан көрiндi ме? Әлде, бiз заңды тек қағаз жүзiнде жүз пайыз орындап, нақты iс-шараға келгенде жұмған аузымызды ашудан қалдық па? Шыны керек, бүгiнде кез келген басқосу "тiл" деген бiтпейтiн жыр тақырыбында өрбидi. Парламентте де, биiк мiнберлер мен баспасөз мәслихатында да, одан қала бердi, бiлiм ұяларында да "мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi" басты мәселеге айналғаны қашан. Қай-қайсысы болсын, мәселенi шешудiң нақты жолдарын айтуға бар, бiрақ орындауға келгенде қажеттiлiк талабын тудырмайтыны өкiнiштi. Сонымен, "Қазақ тiлi" жылында тiлге тиек етiп, ауызды толтырып айтарлық бiрдеңе бiттi ме? Естерiңiзде болса, 2001-2010 жылдарға арналған арнайы тiл бағдарламасы да жұмыс iстеуге баяғыда кiрiскен. Алайда, нәтиженiң бар-жоғын қарапайым халық та патша көңiлiмен айырып қойған. Соған қарамастан, "Қазақ тiлi" жылында "мынандай министрлiк iс-қағаздарын қазақ тiлiне көшiрдi, мына облыс келесi жылы түгелiмен мемлекеттiк тiлге көшпек" деген жалықтыратын жалған ақпарат таратудан шаршамаймыз. Әлбетте, осы айтылған "бүйттiк, сөйттiк" деген сөздер шындыққа жанасса, бөркiмiздi аспанға ататын едiк. Дәлiрегiнде, мұның бәрi бәз-баяғы қанымызға сiңiп кеткен көзге көпе-көрнеу, есеп ретiнде берiлген көзбояушылық қана. Ал, шын ниетiмен, адамдық, адалдық борышымен "осы мен қазақпын, неге өз ана тiлiмнiң өсiп-өркендеуiне атсалыспаймын" дейтiндер бар ма? Өздерi заң шығарып, қаулы қарап, оның орындалуын алдымен өздерiнен талап етпейдi. Керiсiнше, қазақ тiлiнде сөйлеуге бет бұратын уақытқа келсе де, ресми тiлде бұлбұлша сайрап кететiндерiне не жорық? Тiптi, қолындағы бiр жапырақ қағаздан қазақша мәтiндi ежiктеп оқып бергенiне намыстанбайды да.

Жыл соңында "Тiл комитетi" жылдық қорытынды жасап көрген болатын. Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбек мырза: "Менiңше, ағымдағы жыл мемлекеттiк тiл саясатын жүзеге асырудағы өте жауапты кезең болғанға ұқсайды. Өйткенi, 2007 жылы жалпы 22 орталық мемлекеттiк орган, 10 облыс пен екi бас қала iс қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрiп отыр. Өткен жылы атқарушы органдардан тек Мәдениет және ақпарат, Ауыл шаруашылығы министрлiктерi iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көшкенi белгiлi. Ал, 2007 жылы жоғарғы билiк органы, атап айтқанда Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Орталық сайлау комиссиясы, Конституциялық кеңес, Есеп комитетi iс-қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзе бастады. Бұған қоса 14 орталық атқарушы орган да мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге көштi" деген-дi. Оның айтуынша, жалпы өткен жылғы көрсеткiштер бойынша республика өңiрлерiнiң 75 пайызы iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көшкен. Ал, министрлiктер мен агенттiктердiң қазақ тiлiнде iс жүргiзуге көшу көрсеткiшi 61 пайыз. "Осы қарқын сақталса, бiр-екi жыл iшiнде мемлекеттiк органдарымызды 100 пайыз мемлекеттiк тiлге көшiруге болады. Қолда бар деректер осыны аңғартады" – дейдi тағы бiрде. Бұл жерде де жаңсақ көрсеткiштен бас айналады. Кез келген облыстың мамандарынан сұрастырып көрсеңiз, басқа кереғар пiкiр естисiз. Жалған көрсеткiш пен жалған көзбояушылық есеп кiмге керек?

Айтпақшы, Ресей де өткен жылды "Орыс тiлi" жылы деп жариялап, бiрнеше бағдарлы жоспар құрған болатын. Жыл жабу дәстүрi ретiнде олар "Орыс тiлi" жылының салтанатты жабылуын атап өттi. Басқа басқа, Ресей орыс тiлiнiң құлашын кеңге жаю үшiн бiр жылдың iшiнде қыруар шаруа атқарды. Оған жер-жерде орыс тiлiне қатысты өткiзген конференциялары, апталықтары, тiптi, бiлiм ошақтарында өткiзген жарыстары куә. Қысқасы, Ресейдiң белгiлi оқымыстылары мен мәдениет қызметкерлерi, жоғары оқу орындарының ректорлары т.б. әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде мыңнан аса ауқымды шаралар өткiзуге атсалысты. Олардың бiрнешеуi орыс тiлi мен мәдениетiн жан-жақты танытқаны үшiн А.Пушкин атындағы медальмен марапатталды да. Ал, РФ президентiнiң көмекшiсi Джахан Поллыеваның айтуынша, «Орыс тiлi» жылының басты жетiстiгi сол, ол әлi бiткен жоқ, керiсiнше, жаңа, қызықты жобалармен жалғаса бермек. Сондай-ақ, ол орыс тiлiнiң жоғары мәртебесi әлемде орыс тiлiнде сөйлейтiндердiң санымен ғана емес, Ресейдiң мәдениетi мен рухани дамуына тигiзген еңбектерiмен құнды дегендi сенiмдi түрде айтады. Бiр айта кетерлiгi, қарашада өткен кездесуде ТМД елдерi басшылары зиялы қауымның 2008 жылды ТМД елдерiнде "Әдебиет және оқу жылы" деп атауын қанағаттандырды. Ал, "Русский мир" қорының атқарушы директоры Вячеслав Никонов орыс әлемiнiң болашағы биiкте екендiгiне сенiмдiлiк таныта отырып, қор алдағы уақытта "Время учить русский!" ұранымен жарнамалық шараларды өткiзудi қолға алатындығын ескерттi.

Демек, ресейлiк мамандардың сөзiне қарағанда, "Орыс тiлi" жылы өз миссиясын жүз пайыз орындағанға ұқсайды. Ал, "Қазақ тiлi" жылының қорытындысы көңiл көншiтерлiк пе?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ