Жаңалықтар

АЛТЫН БИЗНЕСI КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛЫП ОТЫР

ашық дереккөзі

АЛТЫН БИЗНЕСI КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛЫП ОТЫР

«Етiкшi етiкке жарымапты» дегендей, жер қойнауы құнды металдарға толы болғанымен елiмiздiң зергерлiк бизнесi кенжелеп қалған. Жаһанды мұнай-газымен, алтын-күмiсiмен қызықтырған Қазақстан алтын шикiзатына жарымай отыр.

Ал, елiмiз өндiретiн алтын шикiзаты экспортқа шығарылып, отандық зергерлер құнды металдың бұл түрiн шет елден 3 есе қымбат бағаға қайта сатып алуда. Яғни, нарықта сатылымға қойылған асыл бұйымдардың 95%-дан астамы импорттық өнiмдер. Алтын бизнесiмiздегi мынадай пародоксқа қараңыз. Мемлекетiмiз алтын қоры жөнiнен әлемдегi он елдiң құрамына енедi. Бүкiл Еуропаның алтын қоры 2,05% болса, бiр ғана Қазақстанның өзiнде бұл көрсеткiш 1,54%-дан асып тұр. Десек те, биыл алтын өндiрiсi былтырғы жылмен салыстырғанда едәуiр төмендеп кеткен.

«Шикiзат сатумен шектелген бiздiң ел зергерлiк өнерге, жалпы осы саладағы бизнеске қолдау көрсетпей отырған жайы бар», – дейдi «Emerald» зергерлiк үйiнiң қызметкерлерi. Ал, сауда орындарындағы алтын әшекейлер көбiне Түркия, Ресей, Украина, Қырғызстан елiнен әкелiнген. Сырт жақтың тауарын тұтынып, олардың бұйымдарының сапасы тым жақсы деп те айта алмаймыз. Қазiр қаламыздағы «Алтын» дүкенiнен Қырғызстан және Түркияның өндiрген арзан бағалы алтын бұйымдарын халық көптеп сатып алуда. Әрине, тұтынушыны тауардың арзандығы қызықтырады. Десе де, көп жағдайда арзанның сорпасы татымайды.

Ата-бабаларымыз «алтының болса, азбайсың, сандалып бекер саспайсың» деп, алтын әшекейлердi қолдан жасау өнерi болған. Салтымыздағы «тоғыздық та» түгелдей алтын-күмiстен едi. «Патша заманында, кешегi кеңес кезiнде көршi елге тасымалданған саф алтындар қайта елiмiзге 4 есе қымбат бағаға сатылып жатыр», – дейдi аталмыш саланың майын iшкен зергерлер. Ал, қымбатшылық заманында құнды алтын-күмiстi сатып алу үшiн қосымша қаржы қайдан болсын?!

Iшкi нарыққа өз тауарын өткiзу тиiмсiз болғандықтан, «Қазцинк» АҚ, Қазақмыс корпорациясы өнiмдерiн сыртқа тасмалдайды екен. Сол себептен, отандық зергершiлерге таза алтынды «Ұлттық банктен» 10 келiден алуға тура келедi. Оны сатып алу үшiн қомақты қаржы керек. Мәселен, «Emerald» сауда үйi осы «Ұлттық банкiнiң» таза монета күйiндегi алтынын сатып алып, балқытып, зергерлiктi өздiгiнен үйренген қолөнершiлердiң көмегiмен құйылған алтын әшекейлердi ұсынып отыр. Сонымен қатар, бiзде ломбардтардан арзанырақ алтын сатып алуға болады. Бiрақ олардың сапасына да сенiм жоқ.

Алтын саласының тағы бiр түйткiлi – оны сертификациялау, санитарлық бақылау, қосымша тексерiстер. Бұл бизнес көп уақыт пен мол қаржыны керек етедi. Жалпы, алтын – зияны жоқ металл. Солай бола тұрса да, оны санитарлық тексеру шаралары артықтау секiлдi. Мұндай ережелердi көптеп енгiзу, бұл бизнестi «өзiндiк жеке бақылауға алғысы келетiндердiң» мүддесiнен туындауы мүмкiн. Қалай десек те, аталмыш ережелер ұзақ уақытқа созылып, елiмiздегi алтын-күмiс бизнесiнiң қарқынды дамуына кедергi келтiрiп, көлеңкеде қалдырып отырған жайы бар. Басты мәселе – елiмiзде зергерлiк өнермен айналысатын мамандар тапшы. Өйткенi, жоғары оқу орындарында құнды металдардан әшекейлi бұйымдар жасайтын мамандарды дайындамайды. Сондықтан да бұл салада бiлiктi мамандар тапшы, отандық зергершiлердiң қолымен жасалған алтындардың сапасы төмен. Үшiншiден, елiмiздiң алтын бизнесiнде жүрген контрабандистер, шiрiңкелер (делдал), цехтарда сапасыз арзан өнiмдердi шығаратындар тағы бар.

Қазақстандық экономистер болса, доллардың тұрақсыздығына байланысты банктегi байлығыңызды ақшалай емес, алтын күйiнде сақтау аса тиiмдi дегендi айтады. Ал, алтынымыз қымбат әрi сапасыз болса, бұл сала елiмiздiң нарығын шығындарға әкелуi әбден мүмкiн. Сондықтан бiзге «Құнды металдар туралы» заңға өзгерiстер енгiзiп, зергерлiкке байланысты тиiстi заң қажет.

Тимур Назханов, Кәсiпкерлердiң тәуелсiз қауымдастығының вице-президентi:

– Зергерлiк бизнеске Үкiмет тарапынан еш қолдау көрсетiлмейдi. Бұл салаға мемлекет көңiл бөлiп отырған жоқ. Бiз, кәсiпкерлер бұл мәселенi қозғап, дөңгелек үстелдер өткiзгенбiз. Алайда еш нәтиже жоқ секiлдi. Зергерлер таза алтынды тек «Ұлттық банктен» сатып алады, Дубайдан не басқа мемлекеттерден алтын әкелуге рұқсат жоқ. Мәселен, зергерлерге бiр сақина жасау үшiн 100-200гр. алтын ғана қажет, «Ұлттық банктен» 10 кг. алтын сатып алып оны өткiзе алмай жүрсе не iстейдi? Сондықтан да банктен алтын сатып алу көбiне тиiмсiз. Зергерлер алтынды ломбардтардан алады. Жалпы, алтын бизнесiнде көлеңкелi тұстар көп,бұл саланың өзi ашық түрдегi нарық емес, жабық нарықта, астыртын дамып отыр. Зергерлердiң көбiсi өз күшiмен қазiргi қиын жағдайларды шешiп жүр. Жасыратыны жоқ, бұл салада бiрталай келеңсiздiктер бар.

Наташа Чайкина, «Emerald» зергерлiк үйiнiң менеджерi:

– Бiздiң сауда үйiмiз «Ұлттық банкiнен» алтын сатып алу арқылы жұмыс жасайды. Тұтынушыларымыз ұлттық нақыштағы тауарларға көптеп тапсырыс бередi. Бiздiң жақсы зергерлерiмiз де бар, бiрақ нағыз зергер, кәсiби бiлiктi мамандар тапшы, тiптi жоқтың қасы десек те болады. Әрине, олардың 95%-ы өз бетiмен оқығандар. Өйткенi, оларды оқытатын арнайы оқу орындары жоқ. Әлбетте, бүгiнгi таңдағы зергерлiк бизнестiң бiрiншi кезектегi мәселесi – кәсiби әрi бiлiктi мамандарға зәрулiгi екенi қабырғамызды қайыстырады.

P.S. Әлемдiк биржадағы алтын құны күн санап артып келедi. Дүниежүзiлiк сауда ұйымының құрамына кiргелi отырған Қазақстан үшiн Үкiмет назарынан тыс қалған алтын бизнесiн дамыту заман талабы болып отыр.

Жансая ПЕРНЕБАЕВА