Жаңалықтар

БАЛАЛЫҚТЫҢ БАЗАРЫ ТАРҚАМАСЫН

ашық дереккөзі

БАЛАЛЫҚТЫҢ БАЗАРЫ ТАРҚАМАСЫН

Қаламызға балабақша қажет-ақ

Бүгiнгi таңда баланы балабақшаға орналастыру жайы күн тәртiбiнде ерекше тұр. Бiр кездерде Алматы қаласының өзiнде ғана 400 балабақша жұмыс iстеген көрiнедi. Кейбiр мекемелерде тiптен бiрнеше балабақша болыпты. Оған дәлел, Алматы мақта-мата комбинатында 13 балабақшаның болуы.

90-шы жылдардың басында жағдай күрт өзгердi. Мектепке дейiнгi мекемелер көптеп жабылды. Көптеген балабақшалардың жекелеген ұйымдар, коммерциялық фирмаларға сатылып, бiр бөлiгi қаражат тапшылығына байланысты өз жұмыстарын ерiксiз тоқтатты. Қазiргi күнi кейбiр ғимараттарға қарап отырып, бiр кездерде балабақша болған дегенге сену қиын. Мәселен, бұрынғы №13 балабақшаның орнында «Пекин» мейрамханасы тұр. Тағы бiр балабақша көптеген жылдар бойы отандық саяси партияның сайлау алдындағы штабына, одан кейiн сыртқы байланыс институтының кеңсесiне, бiраз уақыт өткен соң өрт сөндiру қызметi және полицияның, заң фирмасының пунктiне, тағы басқа әртүрлi мекемелердiң, ұйымдардың кеңсесiне айналды. Алайда, елiмiздiң ертеңi – балалар үшiн есiктерi ашылмады.

Үстiмiздегi жылдың жетi айы iшiнде Алматыда 2 жаңа балабақша салынды. 2010 жылға дейiн Алматыда 14 жаңа балабақша салу жұмысы жоспарлануда. Қазiргi күнi 157 балабақша жұмыс iстеп келедi. Оның 130 мемлекеттiк, 21-i жекеменшiк, 6-уы мекемелерге қатысты балабақшалар болып келедi. 5 мың бала 27 балабақшада мемлекеттiк тiлде тәрбиеленiп жатыр. Жалпы балабақшаға 80 мыңнан астам бүлдiршiндер барады. Мектеп жасына дейiнгi балаларға арналған 200-ге тарта балабақша топтары бар. Өкiнiшке қарай, бұндай жерде балдырғандар жарты күн ғана болады әрi тамақтандыру мәселесi мүлдем қарастырылмаған екен. Осындай жекеменшiк балабақшаның бағасы орташа есеппен айына бiр бала үшiн 25-30 мың теңгенi құрайды. Бұндай топта орынның жеткiлiксiздiгi белең алуда.

– Бұдан бiрнеше жыл бұрын балабақшадан орын алу үшiн кезекке тұрғандардың саны 3 мың болса, қазiргi күнi олардың саны 9 мыңнан асып барады, – дейдi Алматы қалалық бiлiм департаментiндегi мектепке дейiнгi мекемелер бөлiмiнiң бастығы Людмила Сейiлова. – Сондықтан ата-аналар бүлдiршiндерiн балабақшаға орналастыру үшiн ерте қамданғандары жөн. Ол үшiн өздерi тұратын жердегi аудандық бiлiм бөлiмшелерiне барып, сәби бiр жасқа толмай тұрған кезден бастап, тiзiмге жазылғандары жөн болар едi.

Шiркiн, немересiн балабақшаға зар қылмай, ұлттық негiзде бағып-қағатын ата-әжелерiмiздiң тәрбиесiне жететiн ештеңе жоқ-ау. Әттең, ана тiлiне жүйрiк, сауатты қарттарымыз қалада тым аз ба, қалай?

Нұрлан ҚҰМАР