ДӘМ-ТҰЗЫ ТОЙДА ТАУСЫЛДЫ

ДӘМ-ТҰЗЫ ТОЙДА ТАУСЫЛДЫ

ДӘМ-ТҰЗЫ ТОЙДА ТАУСЫЛДЫ
ашық дереккөзі

Жақында Қарағанды облысына қарасты Шет аудандық «Заман» газетiнiң 70 жылдық торқалы тойы өттi

Тойға дайындалған оқырман көңiлi де ерекше-тiн. Тағдырдың, жазмыштың сыйлар сыйы уақыт талғамайтынына, жұмыр басты пенденiң қай күнi, қай сәтте демi үзiлетiнiне дейiн екшеп, өлшеп қойған Жаратқанның құдiретiне тағы да бiр бас игендей, мойынсұнғандай күй кешемiз деген ешкiмнiң өңi түгiлi, түсiне де енбеген сияқты едi.

Сонау жылдары республикамыздағы санаулы оқу орындарының бiрiнен саналатын iргелi Қарағанды университетi марқұм Е.Букетовтың тұсында iргесi қатайып, әбден қалыптасқан университет болған. Ол кiсiнiң осындай еңбегiн Ақылбаев Жамбыл ақсақал одан сайын қалыптастырып, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне сан қырлы мамандық иелерiн даярлап, тәрбиелеуде өзiндiк қолтаңбасы, жан-жақты педагогиканың мықты үрдiсiн жалғастырды.

Академик-ректор өзiнiң туған елiне, тiлiне, оның дiлi мен дiнiне деген махаббатын әр студенттiң санасына сiңiру үшiн осы босағада қаншама жыл тер төктi. Қазақи тәлiм-тәрбие — қазақтың тiлiнде, ал қазақ тiлiнiң, ана тiлiмiздiң бал қаймағы оның баспасөзiнде екенiн үнемi еске салып жүредi. Қазақ басылымдарында жазылып жатқан мақалаларды талдап-таңдап, өзiндiк сыни көзқараспен қабылдап отыратын ақсақалдың дәл аудан төлтумасы — газеттiң мерейтойында құттықтап тұрып демiнiң үзiлуi де осы туған жерiне, туған тiлiне деген аса құрметi мен шексiз махаббатын тағы да бiр дәлелдеп кеткендей есеңгiретiп тастады.

«Бiз газет арқылы тәрбиеленген ұрпақпыз, бойымыздағы жақсы қасиеттер қалыптасса, тек қазақи басылымның жемiсi»…

Ұлы ұстаздың, кемеңгер тәлiмгердiң артында қалып бара жатқан ұрпағына соңғы сөзi де осы болды.

Салтанатты жиын үстiндегi қайғылы қаза бәрiмiздiң жүрегiмiздi өңешiмiзден жұлып алғандай әсерде қалдық. «Жаның жанатта болсын жақсы аға!», дегеннен басқа ауызға сөз де түспедi…

Алматы–Астана күре жолының бойында көрiктi жерге орналасқан Ақсу–Аюлы ауылының тозып кеткен мына кейпi құлазыған көңiлiмiздi одан сайын күңiрентiп жiбердi. Бiр кездерi Камали Дүйсенбеков ақсақал ауданды басқарып тұрған кездегi, бiздiң бала көңiлiмiзде қалған аудан суреттерi көзден бұл-бұл ұшқан. Аудан орталығындағы жалғыз мейрамхананың жағдайы адам көргiсiз. Әу бастан ыдысына қарап, дәм-тұзына қарап қонақ сыйлай бiлетiн, сынай бiлетiн қазекең, Құдай кесiрiнен сақтасын, ас үйiн таза ұстаған емес пе едi?!

Әрине, аудан орталығындағы басқа мекемелер жағдайымен танысуға уақыт тығыз болғандықтан бас сұға алмадық. Аудан әкiмiнiң әлгi ақсақалдың шаруасымен облыс орталығына аттанып кеткенiн бiлсек те, аудан әкiмшiлiгiне ат басын бұра кеткендi жөн көрдiк. Екiншi қабаттың бiр бұрышына орналасқан дәлiздегi аудан әкiмiнiң қабылдау бөлмесi бiздi тiптi таң тамаша қалдырды. Осынау көп қабатты мекемеден қуықтай бiр бөлменiң бұйырмағаны ма? Олай дейiн десең, әкiмнiң бөлмесi есiгi жабық күйiнде, ал хатшысы дәлiзде отыр. Бiр бiлгенiмiз, аудан басшылығының ендi ғана ауысып жатқандығы. «Үмiтсiз шайтан» дегендей, алдан күтер жақсылықтарымыздың қатарына Ақсу-Аюлының да көркейер күндерiн аңсауды, көрудi енгiзiп қойдық.

Негiзгi мақсат – «Заманның» тойы болғандықтан, газеттiң бүгiнгi заман көшiнен қалмай, кешегi қиын-қыстау күндерi де өз деңгейiнде шығып тұрғаны, сол жанкештi журналистердiң бүгiнгi белсендiлiгiне қарап iштей сүйсiндiк.

Таңсұлу Алдабергенқызы