Жаңалықтар

«ҚАНБАЗАРДА» — «ҚАРА АЛТЫН»

ашық дереккөзі

«ҚАНБАЗАРДА» — «ҚАРА АЛТЫН»

Осыдан бiрнеше жыл бұрын әлемдiк саясаттағы салмағы аз Уго Чавес "келешекте мұнайдың 1 баррелi 100 долларға жетедi" деп "болжағанда" халықаралық саясаткерлер мен экономистердiң көпшiлiгi мұртынан күлген. Бүгiнде "қара алтынның" нарқы 100 долларға жеттi. Болжам жасауға "шебер" экс-президент Чавес нарықтағы бағаның 200 долларға барып тiрелетiнiн айтады. Кiндiгi көмiрсутектiлерге байланып қалған әлемдiк нарық әлiптiң артын бағып, үнсiз отыр. Ал Қазақ Үкiметi 2008 жылы елiмiзден сыртқа тасымалданатын мұнайдың бiр баррелiн 60 долларға бағалап қойды. 2008 жылы әлемдiк нарықтағы "қара алтынға" қатысты баға саясаты қалай болмақ? Есiктен шығып бара жатқан 2007 жыл мұнай нарығында несiмен ерекшелендi?

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ КIМГЕ ТИIМДI?

"Қара алтынның" құны шарықтап барады. Доллардың құнсыздануы мен инфляцияны алға тартқан күннiң өзiнде мұнай ешқашан дәл осылай қымбаттамаған. Неге? Сарапшылар пiкiрiнше, оның бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, Америкадағы ипотекалық дағдарыстың керi әсерi тидi. Қаржылық дағдарыстан даурыққан инвесторлар ақшаларын пайда табудың сенiмдi көзi — металл мен мұнай фьючерстерiне сала бастады. Екiншiден, америкалық ипотекалық дағдарыстың кесiрiнен АҚШ-тың валютасы әлсiреп, доллардың еуроға шаққандағы орташа бағамы тарихта бұрын-соңды болмаған құлдырауға ұшырады. Ал нарықтағы мұнай бағасы доллармен өлшенетiнi белгiлi. Бiздiң Үкiмет 2008 жылға арналған мемлекеттiк бюджетте қазақ мұнайының 1 баррелiн 60 долларға бағалап қойды. Өкiнiшке қарай, наразылықтар мен қынжылыстар ас үй төңiрегiндегi күңкiлдерден аса алмады. Есесiне, әлемдiк нарықтағы "қара алттынның" бiр баррелi 100 долларға жеттi. Дүниежүзiлiк базардағы мұнай нарқының шарықтауынан қазақтарға төнетiн қауiп жоқ. Табиғи ресурстарымыз елдi қаржылық күйзелiс пен дағдарыстан аман алып қалуды қамтамасыз етедi. Бiрақ "қара алтынның" қымбаттауынан келетiн қиындықтар жетерлiк. Мысалы, инфляция деңгейiнiң өсуi, экономиканың "қызуы", экспортерлер күшiнiң әлсiреуi. Америкадан басталған қаржылық дағдарыстан есiн жия алмай отырған халықаралық экономиканың жағдайы тiптi мүшкiл. Демек, баға тұрақсыздығы көмiрсутегiлерге бай елдер үшiн де, мұнайды сырттан тасымалдайтын мемлекеттер үшiн де тиiмсiз. Ендеше "қара алтын" құны неге қымбаттайды? Оның басты себебi, мұнай мен газ — жаңартуға, жаңғыртуға келмейтiн аса қат дүние. Соңғы 20-30 жылда бүкiл әлемнiң мұнайсыз өмiр сүре алмайтынын және табиғи қордың уақыт өткен сайын азайып бара жатқанын адамзат шын сезiндi. Өнiм өндiру қарқынын ұлғайтуға әбден болады, алайда, жер астындағы мұнайдың көлемiн көбейтуге пенде шiркiн дәрменсiз. Кейiнгi кездерi "қара алтынға" деген сұраныс өндiрiлген өнiм көлемiнен бiрнеше есеге асып түстi. Сондықтан экспорттаушы мемлекеттер мұнайды тасымалдауда барлық мүмкiндiк, қауқар, жiгерiн сарқа пайдалануда.

НАРЫҚ ҚАУIП ПЕН ҮРЕЙДЕН ТҰРАДЫ

Негiзi көмiрсутектер нарығы байбаламдар мен үрейлерге тәуелдi. Яғни, нарық үрейге неғұрлым көп бой алдырса, баға да соғұрлым тұрақсызданбақ. Өнiм өндiруге қатысты көрсеткiш сәл төмендесiншi, мұнай бағасы екi есеге дейiн шарықтап шыға келедi. Топырақ қыртысындағы "қара алтын" көлемiнiң азаюы мұнай нарығындағы ахуалды бақылауда ұстауға мiндетiне алған мемлекеттiк емес ұйымдардың құрылуына ықпал еттi. Солардың бiрi — Мұнай тасымалдаушы мемлекеттердiң ұйымы (OPEC) мен Халықаралық энергетикалық агенттiк. Аталған екi ұйымның көмiрсутегi нарығындағы ахуалды реттеуде атқарған еңбегi зор. Мысалы, Халықаралық энергетикалық агенттiк дүниежүзiлiк экономикада мұнайға қатысты күтпеген жерден қиындық туа қалса, миллиондаған баррель "қара алтынды" көмек ретiнде пайдалануға қауқарлы. Ал ОРЕС Жер жүзiнде өндiрiлетiн мұнайдың 40 пайызына ие. ОРЕС көмiрсутегi шикiзатын өндiруге қатысты квоталарды бөлумен айналысады. Сөз жоқ, ұйымға мүше елдердiң барлығы дерлiк өнiм бағасының жоғары болғанын қалайды. Бiрақ ашкөздiкке ұрынуға, әлемдiк қауымдастықтың қытығына тиетiн бағаны белгiлеуге олардың ешқайсысының жүрегi дауаламайды. Өйткенi, сәл нәрседен шоршып түсетiн нарықтағы тұрақсыздық әлемдiк экономиканың жүйкесiн жұқартып бiттi. Оның үстiне, ОРЕС құрамындағы мемлекеттерде орын алатын жағымсыз сипаттағы кез келген саяси оқиға нарыққа тiкелей әрi бiрден ықпал етедi. Мысалы, бiрнеше жылдан берi саяси тұрақсыздық орнаған Нигерияның бейбiт өмiр кешуiне бүкiл әлем мүдделi. Осыдан екi жыл бұрын Сауд Аравиясының ханы қаза тапқанда монархтың өлiмi туралы хабар тараған алғашқы сағатта-ақ Нью-Йорктегi тауарлық-шикiзаттық биржада Light мұнайының бағасы 0,35 долларға бiр-ақ секiрген. Табиғаттың тосын мiнезi де мұнай бағасының шарықтауына әсер етедi. Кейiнгi кездерi Мексика шығанағы дауылдардан көз ашпай келедi. Дауыл жақындады дегеннен-ақ, биржадағы шикiзат құны мың-сан құбылады. Сонымен қатар "алдағы қыс қатты бола ма, жоқ па?" деген сауалдың да жанар-жағар май, энергоқорға қатысты баға саясатына ықпалы бар.

РЕСЕЙ ИМПЕРЯСЫН АҢСАЙЙДЫ

Мұнай бағасы дегенiмiз — тауардың өзiндiк құны, геосаяси тұрақсыздық пен доллардың құнсыздануына қатысты қауiптер, нарықтағы "көңiл-күй". Әрине, осы факторлардың iшiндегi ең маңыздысы геосаяси ахуал болып табылады. Әлем бойынша мұнай бағасын түзетiн, яғни, прайс-мейкер — Америка. Бiрiншiден, әлем бойынша ең үлкен көлемдегi экономика амери¬калықтарға тиесiлi. Екiншiден, Құрама Штаттарда мұнай өнiмдерiне, жанар-жағар майға деген сұраныс тым жоғары. Америка Батыс сияқты энергетикалық қорларға, атап айтқанда, жарық көздерi мен қоғамдық көлiктерге балама жолдарды iздестiруге құлшынып отырған жоқ. Жуырда АҚШ Конгресiнiң өкiлдер палатасы автокөлiктерге жанар-жағар майды үнемдеудi мiндеттейтiн арнайы заң жобасын дауысқа салды. Заң жүзiнде бекiтiлген талап 1975 жылдан берi өзгертiлмеген болатын. Демократтар тарапынан ұсынылған "Энергетикалық тәуелсiздiк пен қауiпсiздiк туралы" заң жобасына Өкiлдер палатасындағы республикалықтар бiрден наразылық танытты. Құжат әлi сенаттың сынынан өтуi тиiс. Ал онда республикалықтардың ықпалы басым екендiгiн ескерсек, демократтардың 2012 жылдан бастап енгiзудi көздеген жоспарының күл-талқаны шықпақ. Ақ Үй заң жобасына вето қоятындығын ендiгi мәлiмдеп үлгердi. Сондай-ақ, АҚШ дүние жүзi бойынша, ең iрi алпауыт мемлекет болғандықтан, кез келген мәселеге, кез келген елге саяси және экономикалық тұрғыда (оның iшiнде мұнай мен газ шикiзатын өндiру және тасымалдау да бар) ықпал етуге қауқарлы. Ақ Үйдiң қожайыны өзгерген сайын әлемдiк саяси сахна мен нарық бiраз әбiгерге түседi. Мысалы, осыдан 3 жыл бұрын Джордж Буш президенттiкке келер алдында "қара алтын" күтпеген жерден қымбаттады. Саясатқа тәуелдi нарық наразылығын осылайша бiлдiрдi. Себебi, Ақ Үйдiң жаңа қожайыны америкалық арнайы резервтiк қордағы "қара алтынның" 30 миллион баррелiне ауыз салғысы келген. Иракты "демократияландырып" болған Буш ендi Иранға көзiн алартып отыр. Жершарындағы мұнайға өте бай елдердiң бiрi — Иран. Сондықтан Вашингтон тарапынан Тегеранға әскери күш қолдынылатын болса, әлем экономикасы тұралап қалады. Сауд Аравиясының бұрынғы мұнай министрi Ахмед Заки Ямани АҚШ Иранға қарсы соғыс ашса, "қара алтынның" құны 150 долларға бiр-ақ секiретiнiн айтады. Ал, Буштың қас дұшпаны — венесуэлалық экс-президент Уго Чавес "100 доллар дегенiңiз түк емес, мұнай 200 долларға дейiн қымбаттайды" деп отыр. Кезiнде Чавестiң "бiр баррель мұнай 100 долларға теңгерiлмек" деген болжамына кекесiнмен жымиғандардың езуiнде бүгiнде күлкi жоқ. Өйткенi, әлемдегi барлық мемлекеттiң экономикасы көмiрсутектiлерге тәуелдi. Яғни, "аузы қисық болса да", мұнай мен газға бай елдер сөйлеген заман. Сондықтан Буш пен оның жақтастарына алыстан айбат шегiп, түрлi қитұрқы мәлiмдемелер жасаудан шаршамай жүрген ирандық басшы Ахмаденижад та, "командантенiң ең жақын досы" Уго Чавес те мұнайының арқасында әлемдi айтқанына көндiруге мүдделi екендiктерiн жасырмайды. Әрине, мұндай саяси сахна мәдениетiне жат тәсiлдi қолданудан орыстар да кетары емес. Энергетикалық қорларын әлемдiк саяси сахнаға ықпал етудiң басты құралы деп бiлетiн Кремль посткеңестiк елдермен, әсiресе, Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Өзбекстан сияқты орталықазиялық мемлекеттермен серiктестiк қатынастарын нығайта түсуге, анығында, аталған елдердi уысында ұстауға тырысып бағуда. Экономикалық, саяси, мәдени экспансиясын үздiксiз жалғастыруға жанталасуы сондықтан. Өзiн КСРО-ның заңды мұрагерi деп бiлетiн Ресей кеңестiк империя кезiндегi қауқарын аңсайды.

ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚАЗАҚСТАН ТИIМДI

Табиғи ресурстарға, оның iшiнде, мұнай мен газға бай елдердiң экономикасына қаржы салуға мүдделi жатжұрттық байлар орталықазиялық аймаққа қызығушылық танытуда. Әсiресе, қазақ, әзiрбайжан, түркiмен, өзбек пен орыстар жерiне. Алайда, сарапшылар сөзiне сенсек, келер жылы шетелдiк инвесторлардың бүйрегi Ресейден гөрi Қазақстанға көбiрек бұрылмақ. Өйткенi, әлемдiк нарықтағы көмiрсутегi шикiзатына деген сұраныс пен бағаның үздiксiз өскенiне қарамастан, орыстардың салық жүйесi шетелдiктердiң ақшаны күреп табуына мүмкiндiк бермейдi. Яғни, жуырда енгiзiлген өзгертулерге сәйкес, үлкен көлемдегi экспорттық төлемдер мұнай бағасы өскен сайын мемлекеттiк бюджетке түсетiн салықты да ұлғайтуға жағдай жасайды. Мәскеудiң стратегиялық активтердi мемлекеттiң уысына жинауға ден қоюы орыстар жерiндегi инвесторлардың өзге елдерге үдере көшуiне себеп болған. Өйткенi, Кремль қазiр Ресейге келетiн инвесторлардың барлығын мемлекеттiк компаниялармен серiктес болуға мәжбүрлейдi. Ресейге тиесiлi мұнай активтерiн иеленудiң басқа жолы жоқ.

Қазақ билiгi тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары тұралап қалған экономиканы аяғынан тiк тұрғызуды басты назарда ұстаған болатын. Шетелдiк инвесторларды құшақ жая қарсы алып, оларға барлық жағдайды жасауға тырысқаны да сол себептен. Егер әлемдiк тәжiрибеде мемлекеттердiң кен орындарын игерушi компанияларға салатын салығы 75 пайыз болса, Қазақ елiнде небары 30-40 пайыз. Осыдан екi жыл бұрын бұл көрсеткiш 15-17 пайыздың төңiрегiнде болатын. Бүгiнде етек-жеңiн жинап алған бiздiң билiк мемлекеттiк деңгейдегi кез келген шешiмдi ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыруды қолға алды. Мысалы, Қашаған кен орнының төңiрегiндегi келiссөздер, Қазақстандағы жерасты байлықтарын игеретiн шетелдiк компанияларға қойылатын талаптардың күшейтiлуi, қазақ жерiндегi кен орындарын игерушiлерге салынатын ренттiк салық, мемлекеттiң келiсiм-шарттарды бiржақты тәртiппен тоқтатуға не күшiн жоюға құқық алуы. Ұлттық мүдде тұрғысынан шешiм қабылдауды Үкiмет әлдеқашан қолға алуы қажет едi. Әрине, "ештен кеш жақсы" деген. Мемлекет Ұлттық "ҚазМұнайГаз" компаниясының белсендiлiгiн арттыра отырып, республика аумағы мен шетелдiк нарықтағы ықпалын күшейтуге ұмтылуда. Мысалы, әлемнiң 7 елiндегi 630 жанар-жағар май бекетiне ие Rompetrol Group NV компаниясын сатып алуы, өзбек пен түркiмендердiң жобаларына қатысуы, ресейлiк нарыққа шығуға тырысуы, мемлекетке тиiмдi барлық ұсыныстардан бас тартпауға бекiнуi, баламалы жолдар арқылы әлемдiк нарыққа ұмтылуы. Кәсiпкерлiк ауқымын барынша кеңейтуге күш салған мемлекетпен серiктес болуға шетелдiк инвесторлар да құлшынары айқын.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ