ЕСКI ЖЫЛДА ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
ЕСКI ЖЫЛДА ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2007 жылғы саяси оқиғаларға шолу
Өтiп бара жатқан Доңыз жылы елiмiз саяси оқиғаларға толы болды. Ең есте қалатындарын ғана санамалаған күннiң өзiнде саусағымыз жетпей қалатын түрi бар. Сонымен, 2007 жылы саясатта несiмен есте қалды?
Әрине, ең бастысы, Конституцияға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар. 2007 жылдың 21 мамырында Қазақстан Республикасының негiзгi заңы – Конституцияға өзгерiстер енгiзiлдi. 1995 жылы қабылданған Ата заңымызға бұл енгiзiлiп отырған алғашқы өзгертулер. Конституцияға енгiзiлген жаңа баптар бойынша – елiмiздегi сайлау бұрынғыдай мажоритарлық тәртiппен емес, пропорционалды тәртiппен өткiзiлетiн болды. Яғни, бұдан бұрынғы Парламент сайлаулары бойынша, үмiткерлер өзiн-өзi ұсына алатын мүмкiндiкке ие болып келген болса, бұдан былай бұл жүйе өзгертiлiп, ендi сайлау тек партиялық тiзiм бойынша өтетiн болды. Сөйтiп, елiмiздiң сайлау жүйесi түбегейлi өзгерiске ұшырады. Саяси партиялардың салмағы артты. Бұл өз кезегiнде партиялардың iсiнiң жандануына мүмкiндiк бердi. Елбасы «Нұр Отан» партиясының жетекшiлiгiн қолына алды.
Конституцияға енгiзiлген өзгертулерге сәйкес «Қазақстан Республикасының Президентi туралы», «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының дәрежесi туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлаулар туралы» Конституциялық заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгiзiлдi. Саяси билiк президенттiк жүйеден президенттiк-парламенттiк жүйеге ауысты. Ел президентiнiң сайлану мерзiмi бұрынғыдай екi ауысыммен ғана шектелгенiмен, бiрiншi президентке шектеусiз құқық беретiн заң қабылданды. Демек, бiрiншi президенттiң президенттiк өкiлеттiгiне шек қойылмайтын болды.
Маусымның 20-сында Парламент Мәжiлiсiнiң 3-шақырылымы таратылып, кезектен тыс Мәжiлiс сайлауының уақыты белгiлендi. Бұл бұған дейiн тым-тырыс жатқан саяси партиялардың iсiнiң жандануына түрткi болды. Бiздiң партиялардың сайлау үшiн ғана тiрлiк ететiндiгiн бұл жолғы саяси дода тағы бiр дәлелдеп бердi. 6 партия сайлау марафонына қатысып кеттi.
Тамыздың 18-iнде Мәжiлiстiң кезектен тыс сайлауы мен мәслихаттардың кезектi сайлауы дөп келдi. Пропорционалдық жүйенi алғаш тәжiрибеден өткiзген Қазақстанға бүкiл әлем көз тiктi. Шетелдiк бақылаушылар жан-жақтан ағылды. Сайлау барысының барынша ашық, әрi әдiлеттi өтiп жатқандығын шетелдiктер мойындайтындығын бiлдiрдi. Бiрақ, соған қарамастан сайлау қорытындысында Қазақстанда бiр партиялы Мәжiлiс жасақталды. Оппозиция сайлау әдiл өтпедi деп, қанша туласа да, қалыптасқан жағдаймен келiсуге мәжбүр болды. ТМД-лық бақылаушылар сайлаудың әдiл өткендiгiне кепiлдiк берсе, ЕҚЫҰ және басқа да батыстық бақылаушылар сайлауда бәрiбiр әкiмшiлiк заң бұзушылықтардың орын алғанын мәлiмдедi. Алайда, сайлау барысында орасан зор бұра тартушылықтардың болмағаны немесе болғандығын дәлелдеп бере алмағандығы халықаралық ұйымның да Қазақстандағы сайлаудың қорытындысына мойынсұнуына негiз болды.
БАЙҚОҢЫР. ҚАШАҒАН. ЕҚЫҰ
Қырқүйектiң 6-сында Байқоңырдан ұшырылған «Протон» зымыраны апатқа ұшырап, Қазақстан экологиясына әжептәуiр зиянын тигiзген едi. Басында қазақ билiгi жалын күжiрейтiп, өтемақы төленбейiнше, Байқоңырдан «Протон» ұшыруға тыйым салатындығын мәлiмдеген болатын. Бiрақ, көп кешiкпей ол табандылықтарынан айнып қалды. Сөйтiп, ел Республика күнiн тойлап жатқанда, Ресей Байқоңырдан «Протон» ұшырып үлгердi. Ал, 6-қыркүйекте апатқа ұшыраған «Протон-М» зымыран тасығышынан келген зиянды есептеп шығаруды кейiнге, жыл соңына шегердi. Бұның да өз астары бар екен. Ресейден 60,7 миллион долларды өтемақы ретiнде өндiрiп алатындықтарын айтып, былайғы жұртты тыныштандырып қойған билiк ендi өтемақының ондаған есеге төмендеп кеткенiмен келiсiп отыр. Қазанның бас кезiнде өтемақы 8,5 миллион долларға дейiн төмендеп едi. 19-желтоқсандағы «КоммерсантЪ» («Казахстан не даст России пуска», «КоммерсантЪ», №234 (3810), 19. 12. 2007) газетiнiң таратқан мәлiметiне қарағанда, бұл сома 2,5 миллион долларды ғана құраған. Демек, қазақ өзiнiң дегенiнде тұра алмайтындығын танытты. Көршi Ресейдiң айтқаны заң болып қала беретiндiгiн көрсеттi. Ресейдiң бұл өтемақысына келiспейтiндiгiн бiлдiрген ресми Астана әзiрге Байқоңырдан келесi жылы ұшатын «Протон» зымыран тасығышының санын екi есеге дейiн азайтатынын айтып қоқан-лоқы көрсетуде. Бiрақ, ресми Астананың бұл былайғы жұртқа көрсеткен доғы ғана секiлдi. Өйткенi, Ресей келесi жылы Байқоңырдан 8, тiптi кейбiр ақпараттар бойынша 12 улы гептилi бар «Протон» ұшыратындығын сенiмдi түрде мәлiмдеп отыр. Ал, Қазақстан оның 4-еуiн ғана ұшыруға рұқсат ететiндiгiн айтып бағуда. Келiссөздер осы жылдың соңында аяқталмақшы. Демек, Ресей бұл жолы да өз дегенiне бағындырмай қоймайтын сынды.
Қазақстанның жыл соңына қалдырған тағы бiр мәселесi – соңғы 30 жылда әлемде ең iрi мұнай қоры табылған Қашаған кен орнын игеру жайы болған едi. The Financial Times газетiнiң жазғанына қарағанда, жыл бойы Қашағанды игеруде өз көздегенiнен танбаған Қазақстан аяқасты тағы да мейрiмдiлiк танытқан. Атап айтар болсақ, жоба жұмыс iстей бастағаннан кейiн 10 жыл бойына жылына 120 миллион доллар алып тұратын болды. Бұл – Қашағандағы мұнайдан түсетiн табыстың бар-жоғы 2%-ы ғана. Оның есесiне Қазақстан ҚазМұнайГаздың Қашағандағы үлесiн арттырмақ. Сөйтiп, 20-желтоқсанда жасалған жаңа меморандум бойынша, Қазақ елi батыстық инвесторларды тағы бiр таңдантты. Бұл шетелдiк инвесторлар үшiн еш жерде, ешуақытта жасалмаған жомарттық. Олар шор-шор алтынға бататындығына қуанды.
Жыл соңындағы ең үлкен саяси жаңалық – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететiндiгi. Әрине, 2008 жылы болмаса да, Қазақстан 2009 жылы халықаралық ең беделдi ұйым тiзгiнiн посткеңестiк мемлекеттер iшiнде алғашқы болып қолына алады. Ұйымға мүше 56 мемлекеттiң барлығы бiрдей Қазақстанның 2009 жылғы төрағалығына қарсылық танытпады. Бұл елiмiздiң әлемдiк қауымдастық алдындағы ең үлкен жеңiсi десе де болғандай. Оппозициялық газеттер жазып жүргендей, бұл қазақ мұнайы үшiн жасалған айырбас болса да, елiмiздiң демократиялық даму жолындағы бетбұрысына берiлген баға болса да, әйтеуiр көздеген мақсаттың үдесiнен шыға бiлдi.
Мiне, 2007 жылғы айтулы оқиғалардың тiзiмi осылай.
Есенгүл Кәпқызы