Жаңалықтар

ШЕНГЕНДIК АЙМАҚ КЕҢЕЙТIЛДI

ашық дереккөзі

ШЕНГЕНДIК АЙМАҚ КЕҢЕЙТIЛДI

Батыс пен Шығыс Еуропаны жалғастырған шенгендiк виза Орталық Еуропаның баяғыдай қайта күшеюiне ықпал етпек. Алайда, саясаткерлердiң кейбiрi шекаралық бақылаудың алынып тастауының кесiрiнен Еуроодақ шеңберiндегi қылмыс пен заңсыз еңбек мигранттарының көбейедi деп қауiптенуде. Өйткенi, Еуропарламент қабылдаған құжаттың арқасында 400 миллион адам 4278 шақырымға созылып жатқан батыстық 24 мемлекеттi ешқандай құжатсыз, тергеу, тексерусiз еркiн аралауға мүмкiндiк алды. Шенгендiк виза кәрi құрлыққа саяхат жасауға құмар Қазақстан азаматтары үшiн де тиiмдi.

ШЕНГЕНДIК ВИЗА ДЕГЕНIМIЗ НЕ?

Кәрi құрлықтың байырғы тұрғындарының бойындағы үрейдi сейiлтуге күшi жетсе, Еуропалық Одақ «бiртұтас Еуропа» ұғымын батыл қолдануға қауқарлы. Әрi жылдарға созылған «қырғи-қабақ соғыстың» кесiрiнен архитектура мен тарихи, көркем дүниелерде, музыка мен суретте ғана сақталып қалған еуропалық рухты қайта қалпына келер едi. Алайда, Орталық Еуропа – Украина, Хорватия, Румыния, Сербия еуропалық бiрiгу процесiнiң әлi бiтпегенiн дәлелдейдi. Шенгендiк виза шеңберiне сыймайтын кәрi құрлық өз кеңiстiгiн кеңейте түсуге мүдделi. Үстiмiздегi жылдың 21 қарашасында әлемнiң 15 мемлекетi мүшелiкке өткен Шенген аймағына 9 ел қосылды. Көпшiлiгi кеңестiк империяның қол астында болғандар. Сонымен, Шенген аймағы, шенгендiк виза дегенiмiз не? 1985 жылы маусымда Люксембургте Еуропалық Одақтың 7 мемлекетi – Бельгия, Франция, Германия, Люксембург, Испания, Португалия Нидерланды өз шекараларындағы төлқұжаттық тексеру шарасын жою туралы келiсiмге қол қойды. Сәл уақыттан кейiн оларға Австрия, Дания, Греция, Швеция, Финляндия, Италия, Исландия мен Норвегия қосылды. Үстiмiздегi жылдың күзiнде Еуропалық Одақтың Сыртқы iстер министрлiгi 9 мемлекеттi (Эстония, Латвия, Литва, Венгрия, Польша, Чехия, Словакия, Словения мен Мальта) шенгендiк аймаққа енгiзу туралы мәселе көтерiп, оны Еуропарламент қолдады. Швейцария шенгендiк визаны 2008 жылдың қарашасында енгiзбек. Қазiргi кезде Румыния, Болгария, Кипр, Ирландия мен Ұлыбритания Шенген аймағынан тысқары отыр. Ал кешегi өзгертулерден кейiн кәрi құрлық кеңiстiгiн 24 елдiң 400 миллион азаматы кедергiсiз аралайтын болды. Еуроодақтың iшкi шекарасын бақылауға мiндеттi Frontex агенттiгi Гаагадағы Еурополмен бiрге шекаралық күзет, мемлекеттер арасындағы үйлестiру мен кiрмелердi еңбекпен қамтамасыз ететiн иммигранттар жүйесiне тексеру жұмыстарын тез арада қолға алуды көздейдi. Португалиядан Эстонияға дейiн және атланттық жағалаудан Украина шекарасына дейiн созылып жатқан 4278 шақырым аумақты қатаң бақылап, ақпараттар жүйесiндегi адамдарға, қару-жарақ пен автокөлiкке қатысты деректердi жиi жаңалап отыру да маңызды. Себебi, бүгiнде 22 миллион адам iздеуде жүр. Олардың бiрi iз-түзсiз жоғалып кетсе, ендi бiрiне Еуропаға енуге рұқсат жоқ.

ШЕШIМНIҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

II Дүниежүзiлiк соғыс кезiнде Еуропаны екiге бөлген Сталин болатын. Кеңестiк диктатордың туған күнiнде, яғни, 21 қарашада ортақ рух пен бiртұтастыққа зәру Еуропа қайтадан бiрiгуге ұмтылды. Басқаша айтқанда, батыстық елдердiң басым бөлiгi мүшелiкке өткен Шенгендiк аймақ кеңiстiгi кеңейтiлдi. Салтанатты шараны жалынды сөздермен, екпiндi ұранмен ашқан Еуропалық комиссияның басшысы Жозе Мануэль Баррозу: «Еуропаның бiрлiгi мен бостандығына, бейбiтшiлiгiне кедергi келтiрген шекаралық бақылауды бiз бiрге жойдық» деп ағынан жарылды. Әрине, Еуропарламенттiң шекараға қатысты қабылдаған шешiмiн еуропалық шенеунiктер бiрауыздан қолдады деу – ағаттық. Кедергiлер мен кикiлжiңдер, керiс пен пiкiр қайшылықтары көп болды. Ондай келiспеушiлiктер әлi де бар. Мысалы, Австрия 2008 жылғы футболдан Еуропа чемпионатының кезiнде бiр реттiк тыйымды пайдаланғалы отыр. Ал Италия сығандардың толассыз ағылуына шектеу қоятын құжатты тезiрек қабылдауды талап еттi. Әсiресе, Венгрия, Латвия мен Эстония қатаң бақыланбақ. Шенгендiк полиция заңсыз мигранттар мен контрабанданың жолын кесу үшiн Румыния, Болгария, Украина мен Ресей шеңберiндегi адам мен қаржы ресурсын да назардан тыс қалдырмайды. Еуропалық құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлерi румын мен болгар қоғамындағы жемқорлық пен парақорлықтың тым тереңдеп кеткенiне де алаңдайды: «200 еуро жалақы алатын румындық полицейдiң әлеуметтiк ахуалы голландық, немiс не француз полицейiнен кем емес. Ендеше олардың елiндегi жемқорлықтың барлығына қайтiп күмән келтiремiз?». Алаңдауға себеп жоқ емес, заң аясында әрекет етуге дағдыланған батыстықтар шекаралық бақылаудан бас тарту өз елдерiне керi әсер етпесе екен деп тiлейдi. Еуропалық тәртiп сақшылары үшiн әсiресе, Молдова қауiптi. Өйткенi, Еуроодаққа мүшелiкке өткен Румыния азаматы ретiнде заңсыз төлқұжатты иеленген молдовандық жезөкшелер қазiрдiң өзiнде кәрi құрлықтың байырғы тұрғындарына қатер төндiруде. Оның үстiне, Еуроодақтың құрамына кiруге үздiгiп жүрген Украина, Беларусь пен Молдова батыстықтардың ас та төк бай өмiрiне қызығады. Мұнда батыстық шекараны басып өту үшiн кез келген нәрседен тайынбайтын пенделер жетерлiк. Саясаткерлердiң көпшiлiгi шекаралық бақылаудың алынып тасталуы Еуропадағы қылмыс пен заңсыз еңбек мигранттарының көбеюiне әсер етедi деп қауiптенедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ