Жаңалықтар

YНДIСТЕР АМЕРИКАҒА ҚАРСЫ ШЫҚТЫ

ашық дереккөзі

YНДIСТЕР АМЕРИКАҒА ҚАРСЫ ШЫҚТЫ

Қоғамның демократиялануы мен адам құқығын сақтауды жиi алға тартатын Америкада ғасырлар бойы құқығы аяққа тапталған адамдар бар. Олар Құрама Штаттардың құрамынан шығуды көздеп отыр.

Ғасырлар бойы резервацияларда ғұмыр кешкен «қызылтерiлер» Ақ Үйге қарсылық нотасын жолдады. Олар 150 жылдық тарихы бар бейбiтшiлiк туралы келiсiмдi жоққа шығаруда. Вашингтонға қойылған талап: сиу үндiстерi қоныстанған солтүстiкамерикалық аумаққа тәуелсiздiк беру. Уго Чавес пен Эво Моралестен саяси қолдау күткен үндiстер дербестiкке қол жеткiзуге құлшынып отыр. Жалпы саны 33-ке жететiн Бейбiтшiлiк туралы келiсiмнiң жоққа шығарылатынын Буш әкiмшiлiгiне жеткiзген Үндiстiк-америкалық қозғалыстың көсемi Рассел Минз Құрама Штаттардың құрамынан шығу туралы шешiм қабылдағандықтарын мәлiмдедi. Ол келiсiмнiң кесiрiнен кедейшiлiктiң дендегенiн, жекеменшiктерi мен ресурстарының, жерлерiнiң қолды болғанын жеткiздi. «Лакота халқының бостандығы» жайлы әңгiме осыдан өрбiген: «Бiз бұдан былай салық төлемеймiз, өзiмiздiң төлқұжатымыз бен жүргiзушiлiк куәлiгiмiздi енгiземiз, көсемдерiмiздi өзiмiздiң салт-дәстүрiмiзге орай сайлаймыз». Минз бен үндiстердiң басқа белсендiлерi тәуелсiздiктiң Солтүстiк және Оңтүстiк Дакотаның батыс аймақтарына, Небраску мен Вайоминг пен Монтананың шығыс шекараларына дейiн созуға мүдделi екендiктерiн айтады. Аталған аумақтағы үндiстердiң саны 70 мыңның үстiнде.

Бейбiтшiлiк туралы келiсiм 1851-1868 жылдар аралығында қабылданған болатын. Құжат үндiстер арасындағы кескiлескен ұрысты тоқтатып, жеңiлiс тапқан тайпаларға Құрама Штаттардың тәуелсiздiгiн мойындаған жағдайда қорған болуға жағдай жасады. Алайда «қызылтерiлер» 1974 жылдан берi келiсiмдегi шарттардың сақталмайтынын айтып, шағымданумен келген. Минздiң пiкiрiнше, сөзден iске көшетiн кез жеткен көрiнедi: «Бiздiң әкелерiмiз Тәуелсiздiк туралы деклорацияны түзе отырып, бостандыққа ұмтылды. Әкелер тiлегiн орындау үшiн бiз көп күттiк». Үндiстер көсемi 2007 жылдың қыркүйегiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының түздiктер туралы қабылдаған құжатын көлденең тартады. Ол кезде Ақ Үй БҰҰ шешiмiне үзiлдi-кесiлдi қарсы дауыс бергенмен, вето қоймаған болатын. Үндiстер осы мүмкiндiктi пайдаланып қалуға тырысуда. «Шикiзатты заңсыз өндiру», «жердi ұрлау фактiлерiне тоқтау салынбауы», «үндiстердiң қиын жағдайда өмiр сүруi» (орташа есеппен алғанда, үндiстердiң өмiр сүру жасы 44-ке әрең жетедi), «өз-өзiне қол жұмсаудың жиiлеуi» (АҚШ-тың өзге өңiрлерiне қарағанда, үндiстер арасындағы суицид 150 есеге көп), «жұмыссыздық пен бала өлiмiнiң өсуi» сияқты басқа да мәселелердi алға тартқан үндiстер өз талаптарын орындату үшiн ұлттық және халықаралық деңгейдегi тиiстi органдардың барлығына да шағымданбақшы. Тәуелсiздiкке деген құлшыныстарының қаншалықты күштi екендiгiн сездiрту мақсатында олар Венесуэла, Боливия, Чили мен Оңтүстiк Африканың елшiлiктерiне қолдау көрсетуге өтiнiш бiлдiрдi. Үндiстердi қолдаған алғашқы хат Ла-Пасадан келдi. Үндiс президент Эво Моралес Вашингтондағы елшiсiне америкалық үндiстермен бiрге тәуелсiздiк үшiн күресуге рұхсат берiптi. Ақ Үй өкiлдерi әзiрге ешқандай ресми мәлiмдеме жасаған жоқ. Үндiстердiң талаптарын алғаны туралы хабарлады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ