Жаңалықтар

«АЛЛА — ХАҚ, ҚҰРАН — ШЫН, ПАЙҒАМБАР ҮМБЕТIМIЗ»

ашық дереккөзі

«АЛЛА — ХАҚ, ҚҰРАН — ШЫН, ПАЙҒАМБАР ҮМБЕТIМIЗ»

Мұсылмандар үшiн ұлық мереке Құрбан айттың жөнi бөлек. 20-желтоқсан күнi басталған ұлық мерекеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстiк астанаға арнайы келiп, қала жұртшылығын Құрбан айт мерекесiмен құттықтады. Орталық мешiтке айт намазына келген жұртшылықта есеп жоқ.

Қарақұрым жиналған қауым таңертеңгiлiк айт намазынан кейiн де, тарай қоймады. Шоғырланған күйi мешiтке келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты, қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтi, Бас мүфти Әбсаттар Дербiсәлiнi қол шапалақтап қарсы алды. Президент бастаған топ әуелi мешiтке кiрiп, мiнәжат етiп шықты. Намазға жиылған жамағатпен есен-саулық сұрасқаннан кейiн, Президент:

– Құрметтi қауым, қадiрмендi ел-жұрт, иманы жарасқан ағайын, дүниенiң барлық мұсылман жұрты жылына бiр рет келетiн қасиеттi мерекемiз – Құрбан айтты тойлап жатқан жағдайы бар. Алла – хақ, Құран – шын, Пайғамбар үмбетiмiз деген мұсылмандардың барлығы басын жайнамазға тигiзiп, бүгiн Алланың шапағатын сұрады. Осындай бiрлiгi жарасқан дiнiмiздiң, адамдардың бiр-бiрiне деген сенiмдiлiгiнiң арқасында, бiз қарым-қатынасымыз жарасқан тыныштықтың алтын бесiгiнде өмiр сүрiп жатырмыз. Сол тыныштықтың, бiрлiктiң арқасында елiмiз өркендеп, өсiп, экономикамыз көтерiлiп, халықтың жағдайы жақсарып, әр адамға мүмкiншiлiк жасап келе жатырмыз. Сол тыныштықтың, бiрлiктiң арқасында Қазақстанды бүкiл дүние сыйлайды, құрметтейдi.

Бүкiл мұсылман жұртының дүниедегi бiрлiгiн айтатын, бiр-бiрiне сенiмiн, бiр-бiрiнiң қолдауын, оның iшiндегi Қазақстандағы мұсылмандар өзiнiң бiр дiн, бiр дiл екенiн түсiнiп, бiр-бiрiне ағайыншылығын көрсетiп, бiр-бiрiн жақтап, бiр-бiрiн қолдап отыруы керек. Содан барып Қазақстан халқының 70 пайызынан асатын мұсылмандарының бiрлiгi болса, бiздiң келешегiмiз зор. Мұхаммед Пайғамбарымызға Жаратқан Иемiздiң айтқан сөзi бар: «Ей, пендем, менiң саған жасайтын жақсылығым сол болсын, жортқанда жолыңа жақсы адамдарды қосып ал» деген екен. Сол секiлдi баршаларыңызға Алланың шапағаты, жақсылығы бола берсiн! Елiмiз аман, жұртымыз тыныш болсын! Құрбан айт мүбәрак болсын! Шалған құрбандарымыздың, қасиеттi көңiлiмiздiң барлығы Алланың құлағына шалынсын. Ата-бабаларымыздың әруақтарына шапағатын тигiзсiн! Ел-жұртымызға, халқымызға жақсылық тiлейiк бүгiн. Бiр-бiрiмiзбен қауышып, жақсылыққа ғана бейiмделiп, болашақты ойлайық. Жарқын болашақты, ұрпақтарымыздың болашағын, елiмiздiң, Қазақстанымыздың болашағын ойлайық. Елiмiз аман, жұртымыз тыныш болсын әр уақытта. Алтын бесiгiмiз – Отанымыз аман болсын. Сонда бәрi болады. Баршаларыңызды, шын жүрегiммен бүкiл Қазақстан мұсылмандарын құттықтаймын!, – дедi.

Елбасының құттықтауын тыңдаған халық ел басшысын қошеметпен шығарып салды. Бiрiн-бiрi риза көңiлмен айттықпен құттықтап жатқан көңiлдi жұрт қылаулап жауған қарды да жақсылыққа жорысып, тарасты.

Гүлзина Бектасова