КАРИМОВ ҚАЙТА ОРАЛДЫ

КАРИМОВ ҚАЙТА ОРАЛДЫ

КАРИМОВ ҚАЙТА ОРАЛДЫ
ашық дереккөзі

Өткен жексенбiде өзбектер президентiн сайлады. «Сайлады» деген аты ғана. Әйтпесе, өзiн «мәңгiлiк президент» сезiнетiн Кәрiмовтiң билiктi өз еркiмен берер түрi жоқ. 2 рет референдум өткiзiп, президенттiк мерзiмдi созып алуы, күнi кеше Конституцияға қайшы келетiн әрекетке тағы баруы да сондықтан. Кәрiмовтiң сайлауда «көп дауыс жинайтынын» және сайлауда түрлi заң бұзушылықтарға жол берiлетiнiн, басқаша айтқанда, адам құқығы аяққа тапталатынын халықаралық сарапшылар әлдеқашан айтып қойған.

«Мәңгiлiк президент» – Ислам Кәрiмов 1938 жылы Самарқанда дүниеге келген. Балалық шағы жетiмдер үйiнде өткен ол инженерлiк пен экономика саласын меңгерiптi. КСРО ыдырағанға дейiн Өзбекстанның Коммунистiк партиясының бiрiншi хатшысы болған. 1989 жылдан берi Орталық Азияның халық ең тығыз қоныстанған аймағы – Өзбекстанға ойына келгенiн iстеп келе жатқан диктатор Ислам Кәрiмов 23 желтоқсан күнi өткiзiлген сайлаудың арқасында президенттiк қызметiн 7 жылға созып алды. Өзбекстанның Конституциясы бойынша, 2 рет президенттiкке сайланған 69 жастағы Кәрiмов үмiткер ретiнде тiркелмеуi тиiс едi. Бiрақ ұр да жық Кәрiмов үшiншi рет «бақ сынасуға» ұялмады. Бiрiншi мерзiмiн 2000 жылғы жалпыұлттық референдумның арқасында создырып алған. 91 пайыз «дауыс жинаған» ол президенттiкке қайта «сайланды». 2002 жылы тағы да өткiзiлген референдум Кәрiмовтiң 5 жылдық мерзiмiн 7 жылға дейiн созып бердi. «Әй» дейтiн ажа, «қой» дейтiн қожа жоқ» Кәрiмовке қарсы шығуға көпшiлiктiң жүрегi дауаламайды. Себебi, оппозиция өкiлдерiнiң басым бөлiгi түрмеде отыр, не шет елдерде бас сауғалап жүр. 63 жастағы Икрамов жасырын әрекет еткен полицияның қатаң бақылауында. Кәрiмовтiң саясатына наразылығын ашық бiлдiрем деп жүрiп ол 2003 жылы аяусыз таяққа жығылыпты. Құқық қорғаушылардың аз ғана тобын басқаратын Икрамов дауыс беру процесi басталмай тұрып-ақ: «Барлығы да жоғарыдан келетiн бұйрықты орындайды. Заң бұзушылықтардың арқасында сайлауда Кәрiмов жеңiске жетпек» деген болатын. Соңғы он жылдың iшiнде Икрамовтың мекемесi саяси және дiни себептермен 12 мың адамның түрмеге жабылғанын айтады. Әсiресе, 2005 жылғы Әндiжандағы қанды оқиғадан кейiн билiктiң бақылауы күшейе түскен. Араларында кәрi-құртаң, жас бала, әйелдер бар, жүздеген бейбiт шерушi билiкке деген наразылығын бiлдiрген. Обал-сауапты қаперге алмаған билiк оларды қатаң жазалады. Кәрiмов өзiнiң билiктi күштеп тартып алушылармен, ислам әскерилерiнiң лаңкестiк әрекеттерiмен күрескенiн айтып ақталады. Алайда, Әндiжандағы алаңда өлтiрiлгендердiң көбiсi қорғансыз қарттар мен балалар, аяғы ауыр келiншектер болатын…

Ақ Үйдiң сынға алуының соңы Өзбекстандағы Ауғанстанға қарсы соғыс ашу мақсатында құрылған америкалық әскери базаның жабылуына әкеп соқты. Вашингтонға тоңқылдаған Кәрiмов елiндегi бiрқатар шетелдiк үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерiн түре қуып, Ресеймен арасын жақындата түстi. Қолтығына келiп тығылған өзбектерден орыстар қаша қоймады. «Күлшелi бала сүймекке жақсы» дегендей, газға бай Кәрiмовтiң елiнен орыстарға пайда болмаса, зиян келмесi айдан анық. Еуропалық Одақ Өзбекстанға қатысты әскери эмбарго жариялап, Әндiжандағы қантөгiске қатысы бар деген шенеунiктерге виза беруге тыйым салды. Еуроодақ Кәрiмовтiң командасын адамгершiлiк қағидаларды сақтауға шақырғысы келген. Мыңқ еткен Кәрiмов болмады. Керiсiнше, одан сайын құтырына түстi. Оның соңғы құрбандарының бiрi – Нормухамедов 21 қарашада дүниеден өттi. Түрмедегi Тахир Нормухамедовтiң мәйiтi дәл туған күнiнде үйiне қайтарылыпты. Жансыз денесiндегi қара дақтар мен электрошоктан қалған сансыз жарақат iздерi, iшiне қарай майырылып қалған бас сүйегi оның түрмедегi жағдайынан хабар берсе керек. Марқұмның туғандары шетелдiк БАҚ-қа берген сұхбатта жылжымайтын мүлiк саласында агент болып қызмет атқарған Тахирдың «Хизбут Тахрир» ұйымымен байланысты деген айыппен, 2002 жылы 8 жылға түрмеге қамалғанын айтқан. 1998 жылы өзбек парламентiнде дiни экстремистер туралы сөз сөйлеген ол: «Ондайларды қақ маңдайдан көздеп ату керек. Егер керек болса, оларды өзiм атам» деген. Ол ол ма, 1999 жылы «Мен екi жүз адамның басын жұлып алуға дайынмын! Республикадағы бейбiтшiлiк пен тыныштықты сақтауда олардың өмiрiн қиюға бармын» деп салыпты. Халықаралық құқық қорғаушылар «шаш ал десе, бас алатын» президенттiң кесiрiнен талай бейбiт әрi қорғансыз түрмеге қамалды ма деп қауiптенедi. Айтпақшы, әлемдiк деңгейдегi құқық қорғаушылардың араласуымен, Кәрiмовтiң «мейiрiмi түскен» адамдар бар. Мысалы, Үмида Ниязова деген журналист Әндiжандағы қанды қырғын туралы мақаланы компьютерiнде сақтағаны үшiн 7 жылға бас бостандығынан айрылған екен. Абырой болғанда, халықаралық құқық қорғаушылардың араласуымен, 2 жасар баласы бар журналист келiншек қапастан шығарылыпты. Бiрақ 7 жыл iшiнде елден шықпауға, кешкi онда үйде болуға мiндеттелген.

Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердiң кейбiрi Өзбекстанға қатысты енгiзiлген санкцияларды алып тастауға мүдделi. Әсiресе, Германия. НАТО-ның Ауғанстанға қарсы бағытталатын әскери шараларына қолдау көрсету мақсатында өзбектердiң Термез қаласында әскери базасын орналастырған немiстер бiрнеше жылдан берi еуропалықтар тарапынан енгiзiлген тыйымдардың күшiн жоюға жанталасуда. Сондай-ақ, өзбектермен екi арада сауданы қыздыруға деген қызығушылық та жоқ емес. Ұлы Жiбек жолының бойында созылып жатқан Өзбекстан Еуропа мен Азияны жалғастырған көпiр болатын. Самарқан мен Бұқарадағы қайнаған қанбазар азиялық аймақтағы iрi сауда орталығы едi. Кезiнде қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, төрт құбыласы түгел, арқа-жарқа отырған өзбектер елi мұнай, газ, мақтаға бай болса да, бүгiнде кедейшiлiк пен жоқшылықтың аймағына айналған. Ресми деректерге сүйенсек, 27 миллион өзбектiң үштен бiрi – қазiргi таңда сiңiрi шыққан кедей. Авторитарлық режимге сүйенген саяси және әлеуметтiк ахуалдың сын көтермеуi салдарынан шекара асқан миллиондаған сарт нәпақаларын өзге топырақтардан тауып жүр. Қазақ жерiндегi заңсыз келiмсектер мен еңбек мигранттарының көпшiлiгi – өзбектер. Олардың кейбiрi тiптi, бiркүндiк тамақ үшiн еңбек етуден қашпайды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ