«Казахское ДЕЛО» (жалғасы)

«Казахское ДЕЛО» (жалғасы)

«Казахское ДЕЛО» (жалғасы)
ашық дереккөзі

Кiмнiң кiм екенi сын сәттерде, ел басына күн туғанда танылады. Сол алмағайып күрделi қиын кезеңде алтын тонымыздың жағасы, елдiң панасы деп жүрген ағаларымыз жастардан сырт айналғанын қалай жасырамыз. Сырт айналғаны былай тұрсын, миығынан мырс етiп, табалағанын қайтерсiң. Алқалы жиналыстарда Колбиннiң алдында жұлқына сөйлеп, жастарды тiлдерiнiң жеткенiнше қаралап, бастарына бар пәленi үйiп-төкпедi ме. Осыған орай Нұртай Сабильяновтың «Егемен Қазақстан» газетiне 2001 жылы 4 желтоқсанда жариялаған «Дәл бiздей ұл-қыздары бар елдiң ешқашанда жығылмайды жалауы» атты сараптама мақаласындағы мына бiр жолдарға көз жүгiрткенiмiз жөн секiлдi.

«…Қазiр ойлап отырсақ, сол Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушылар туралы қазақ зиялы қауымы өкiлдерiнiң бiрқатары: «Орталықтың өктемдiгiне наразылықтарын бiлдiргенi дұрыс. Бiрақ мынау студент-жастардың шалағайлау iс-әрекетi ғой» деп немқұрайлы қараса, ендi бiрқатары: «Бұл не сұмдық, кеңестiк режимге қарсылық көрсеткендердi аяусыз жазалау керек» деп алғашқы сәттен бастап-ақ мейiрiмсiз мәңгүрттiк позиция ұстанды. Әсiресе партия және комсомол жетекшiлерiнiң арасында мұндайлар өте көп болды».

Ол араға екi жол салып «Жас Алаш» газетiнiң тiлшiсi Әмiрхан Мендекеге берген «Ерназар мен Ер Төстiк» атты сұхбатында осы ойын қайта жалғастырған.

«….Желтоқсан оқиғасынан кейiн iле-шала бiр апта бойы теледидар мен радиодан бiздiң қадiрмендi ағаларымыз, iрi жазушыларымыз, көрнектi мәдени қайраткерлерiмiз сөйлеп жатты. Жастар туралы не дегенiн бiлесiз бе: «Оңбағандар…», «бұзақылар…», «жетесiздер», «наркомандар», «тоқшылыққа семiргендер…», «тәрбиесiздер…» және т.т. Ал ендi бiр ақын ағамыз жастарды «имансыздар» деуге дейiн барды.

«Сүйiктi» ағаларымның сөзiн тыңдай отырып, «Апыр-ай» өз жастарын өздерi жамандағанда, өз жастарын өздерi жамандыққа қиғанда, бұларға бiреу жақсы ұрпағын әкеп бере ме?! Мұнысы несi…» деп қатты қиналдым. Құлазыдым.

Бұрын жазушының сөзiне имандай ұйитынмын. Жазушының сөзiн пайғамбардың сөзiндей көретiнмiн. Осыдан кейiн жазушының, ақынның сөзiне сын көзбен қарайтын болдым». (2003 жыл 4 наурыз).

Тергеушiлерге оқу корпусының бiр бөлмесi босатылып берiлген. Жауапқа барған алғашқы күнi-ақ оның күллi өмiрбаянын алдына жайып салды. 1962 жылы 1 маусымда Семей облысы, Аякөз ауданының Шыңқожа батыр ауылында өмiрге келгенi, орта мектептi бiтiрген соң шопан «Орбита» комсомол-жастар бригадасы құрамында бiр жыл қой баққаны, әкесi Салихтың шаруашылық есепшiсi, анасы Қасенханның үй шаруасымен ғана айналысатыны,1980-82 жылдары Ленинградта әскери борышын өтегенi, 1983 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының дайындық курсына оқуға қабылданып, бiр жылдан соң Есеп-экономика факультетiнiң студентi атанғаны, қазiр III-курс оқу озаты екенi түгел жазылыпты.

Тергеушiлер састырайын дедi ме бiрден төпелете сұрақтар астына алды. «Ректор Мамыров Орталық Комитеттiң пленумы шешiмi жөнiнде сендерге не айтты?», «Студенттердi алаңға шығуға үгiттеген кiмдер?», «Оқытушылардан ұйымдастырушылар болды ма?», «Алаңға өзiңнен басқа кiмдер барды?», «Сен алаңға жиналғандар алдында не деп сөйледiң?»

Ол абдырап сөзiнен жаңылған жоқ. Өзiн сабырлы ұстады. Елде өрiс алған демократия мен жариялылыққа байланысты алаңға барып, жастар арасында болғанын айтты. Ал тергеушiнiң соңғы сұрағына ұстазы Ұланның құлағына құйған жауабын айтудан таймады.

Оны тергеушiлер аптасына екi не үш рет жауап беруге шақырады. Нұртайға бұл кәдуелгiдей жұмыс болды. Олар әбден жүйкесiн жұқартып, торымызға түсiремiз дейдi. Ал Нұртай ерулiге қарулының керiн келтiрiп, бiр сөзiнде тұрып, дәтiнiң берiктiгiн танытты. Аналар ара-кiдiк оның ұстаздарын шақырып, жауабының рас-өтiрiгiн тексередi. Осылай сегiз ай сенделумен өттi. Ең соңында тергеушi:

– Сабильянов, әзiрге бiз iстi осымен доғаруды ұйғардық. Тергеуде берген барлық жауаптарың мына папкiде, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнде үш жылға дейiн сақталады. Егер осы мерзiм iшiнде сенiң алаңда сөйлеген сөзiң басқаша, яғни оқиғаны ұйымдастыру бағытында болғаны туралы дерек шықса, онда ұлтшыл ретiнде үстiңнен қылмыстық iс қозғап, кемi бес жылды мойыныңа iлдiремiз, – дедi кiжiнiп.

Тергеушiнiң мақсаты жүзеге аспады. Жемтiгiнен айырылып қалған жыртқыштай тiсiн қайратқан ашу-ызасы iшiнде кеттi. Нұртайдың иығынан зiл батпан ауыр жүк түскендей болды. Дүниенiң кеңдiгiн тергеуден құтылып, тынысы ашылғанда ғана сезiндi. Көңiлi көк жүзiнде еркiн қалықтаған қырандай алып ұшты. Алайда сегiз айға созылған тергеудiң тепкiсi залалын тигiзбей қоймады. Лениндiк стипендиядан қағылды. «Құрмет тақтасындағы» суретi алынып тасталынды. Партияға мүшелiкке кандидат етуге жiберiлген анкетасы басқаға бұйырды. Институт басшылығы оқытушы етiп қалдырмақшы болған. Бiрақ жеме-жемге келгенде «Ұлтшыл Сабильянов қызметке Алматыдан тысқары, алыс облыстардың бiрiне жiберiлсiн» деген жоғарының нұсқауынан аса алмады. Жолдамасына Жамбыл облысы деп жазылыпты.

Нұртай бұл қиянатқа көнбедi.

– Менiң халық алдында арым да, жаным да таза. Қайткенде де Алматыда қаламын. Астана қазақтарының санын бiр кiсiге болса да көбейтiп, Соломенцевтiң шегелей тапсырған шектеу пайызына өзгерiс ендiруiм қажет.

Оның байламы осы болды. Сол кезде ол алдында не күтiп тұрғанын аса бағамдаған жоқ. Дипломды маман екенiне көңiлi шат. Дегенмен лайықты жұмыс табу оңай болмады. Қай мекемеге барса да, қай есiктi ашса да алдынан «желтоқсанға қатысқан», «ұлтшыл» деген қара таңбалы анықтама шығып отырды. Табанынан тозып, Алматыны шыр айналып, мың әуреге түстi. «Жамбыл облысының қиырдағы бiр ауданына барғаныңда бас маман атанып, майлы жiлiк жеп отырар едiң» дегендер де болды. Жүйкесiн жұқартып, төзiмiн тауысқан қаншама күндер артта қалды. Бiрақ оны болашағына деген үмiтi, Желтоқсан көтерiлiсiнде шыңдалған ерiк-жiгерi, намысы алға қарай жетеледi. Алматы электротехника зауытына экономист болып тұрды-ау әйтеуiр.

Жас маман бiлiм-бiлiктiлiгiмен көзге түстi. Араға санаулы жылдар салып, екi бөлмелi пәтерге де қол жеткiздi. Еңбегi марапатталып, мақтауға бөленiп жатса да өмiрлiк ұстанымынан айныған жоқ. Ұлттық мүдденi ұдайы қаперiнде ұстады. Сол кезде жұрт Мәскеу телеарнасынан берiлетiн «Кто есть кто» бағдарламасын үзбей көретiн. Нұртай Сабильянов сол бағдарлама арқылы СССР Қорғаныс министрi Д.Язовқа жеделхатпен үш сауал жолдаған едi.

1. Колбиннiң қазақ халқына қарсы империялық саясатына және Сарыөзектегi ракеталарды жою iсiне қатысыңыз?

2. Орта Азия әскери округi жойылды. Алматының Жандосов және Правда көшелерiнiң қиылысындағы Орта Азия әскери округi штабының ғимаратын Семей мен Аралдан көшкендерге беру туралы актiге қашан қол қоясыз?

3. 1986 жылғы Желтоқсаннан кейiн Алматыдағы жергiлiктi ұлт өкiлдерi әскери училищесiн құру тағдыры қалай болмақ?

Н.Сабильянов 1991 жылы 5 сәуiрде Д.Язовтан жауап алды.

1. Сарыөзек – экологиялық талаптар мен басқа да критерийлер бойынша ракеталарды жою iсiне алға қойған мақсатқа сәйкес ең лайықты жер деп таңдап алынды.

2. Орта Азия әскери округi штабының ғимараты СССР Қорғаныс министрлiгiне заңды түрде берiлген. Оны басқа иелерге беру жоспарда жоқ.

3. Қорғаныс күштерiне офицер кадрларын даярлау кез келген ұлт өкiлдерiн қабылдайтын әскери оқу орындарында жүзеге асырылады. Сондықтан республикаларда жергiлiктi ұлт өкiлдерi әскери училищелерiн құру қазiр жоспарда жоқ.

Сiздiң қойған сұрақтарыңыздағы өктемдiк аяуға тұрарлық. Д.Язов

Сабильяновтың қойған сұрақтары аса маңызды. Министрдiң оңтайына келмегенi, жанына үлкен соққы болып тигенi жауабынан-ақ байқалып тұр. Язов оның бiрiншi сұрағының алғашқы бөлiгiн жауапсыз қалдырған? Өйткенi Желтоқсан көтерiлiсiне өзi де тiкелей қатысты. Горбачев көтерiлiстi басу үшiн арнаулы дайындықтан өткен баскесер әскердi қолданар алдында онымен кеңескенi кәмiл. Әскери күш қолданып, ерiксiз көндiру империялық саясаттың ең басты тәсiлi болатын. Ол Колбиннiң өресi жетпейтiн билiкке барғанын, кейiн шалағай ұр да жық iстерiнен жақсы бiлдi. Сол кезге дейiн өздерi iштей бұратана санап келген ұлт санасының оянып, жастарының жiгерлiлiк танытып, мысын басқандарын мойындамасқа амалдары қалмады. КПСС Орталық Комитетiнiң «Қазақ ұлтшылдығы» қаулысын қайта қарап, өздерiнiң жоққа шығаруы үлкен әрi өкiнiштi жеңiлiс болды. Әлем алдында империялық саясатының бет пердесi сыпырылып, масқара күйге түстi. Язовтың сол шындыққа, өздерiнiң қантөгiс iстерiне тiке қарауға бетi болмады. Сондықтан сұрақты жауапсыз қалдырды.

«Сарыарқа» акционерлiк кәсiпорыны президентi Еркiн Қадыржановтың ол туралы пiкiрi жоғары.

«…Нұртай есеп-қисаптың дұрыс жүйесiн дүниеге әкелiп, жаңа туып келе жатқан нарық заңына сай жұмыс iстейтiн қаржы қызметкерлерi ұжымын құрды және оны тәжiрибеге, iске асыра бiлдi. Небәрi 27 жастағы Нұртайды зауытта iстеп жүрген шағында «Мынау бiр етi тiрi жiгiт екен» дейтiнмiн. Компания құрылғаннан-ақ жұмысқа шақырып алдым. Қазiр ұжымымыздың бүкiл қаржы жағын осы Нұртай ғана басқарады. Бiр жағынан оның аудиторлығы бар…» («Намыс найзағайы» 97 бет).

Нарықтық қатынастың алғашқы балаң кезеңiнде не болып, не қоймады. Ебiн тапқан ептiлер екi асап жатты. Солай қулығын асырып, тез байығандарды көз көрдi. «Аңқау елге арамза молданың» керi. Бiрақ Нұртай Сабильянов өзi қызмет ететiн акционерлiк қоғамда ондай алаяқтарға жол бермедi. Онда да ұлттық намысын жоғары ұстады. Бiр мысал. «Экспресс К» газетiнiң тiлшiсi Галина Шалева жоғарыдағы аталмыш сұхбатында Нұртай Сабильяновтан ел аузында жүрген бiр оқиғаның жайын сұрайды.

«…–Жұрттың айтуына қарағанда миллионер Тенiң «кетуi» тек сенiң…

– «Сарыарқа» акционерлiк қоғамының акционерлерiнiң бiр бөлiгi (Атап айтқанда «Крамдс» корпорациясының президентi Те, «Крамдсбанктiң» басқарма төрағасы Абложей және басқалар) өзге акционерлер есебiнен жарғылық қордағы өздерiне тиесiлi үлестi барынша көбейткiсi келдi. Әрине бұған бәрi де наразы болды. Бiрақ сол кезде әбден байып, ауыздарын айға бiлегендерге ашық түрде қарсы шығуға батылдары бармады. Менiң тәуекел етуiме тура келдi. Сол үшiн менi көп ұзамай-ақ жұмыстан шығарады. Мен соттан әдiлдiк iздеудi ұйғардым. Таныс адвокат маған: «Миллионерлермен тек теориялық жағынан күресуге болады, ал iс жүзiнде айқасатын болсаң сенiң ой-тұжырымдарың сәтсiздiкке ұшырары кәмiл», – деп тежемекшi болды. Дегенмен мен сотта оларды жеңдiм. Бiрiншiден; сот шешiмiмен менiң жұмысымды қайта қалпына келтiрдi, екiншiден; Те мен оның қолдаушыларының «Сарыарқа» акционерлiк қоғамындағы жасаған жөнсiз әрекеттерi заңсыз деп танылды. Мен сонда мынаны ұқтым. Сол кезде Қазақстан құқықтық мемлекет емес деген қаңқу сөз айтылып жүрсе де, бiрiншiден, сен өз талабыңды нақты әрi дәлелдi түрде қойсаң, екiншiден, заңды бiлетiн болсаң, онда шындыққа қол жеткiзе аласың. Айтпақшы сол соттан кейiн құқық заңдылықтарын тереңiрек бiлу үшiн «КазГЮА»-ның күндiзгi бөлiмiне оқуға түстiм».

Бүгiнде Нұртай Сабильянов Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты, Қазақстан Республикасының аудиторы.

Сөз соңы

Ол әр жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңға барады. Өзi қатысқан ызғарлы әрi қаһарлы желтоқсан күндерiндегi көтерiлiстi есiне алып, өрендер рухына тағзым етедi. Сондай бiр сәтте журналист Ертай Айғалиев оған Желтоқсан көтерiлiсi бойынша алғашқы ату жазасын алып, кейiн рахымшылыққа iлiнiп, жетi жылын түрмеде өткiзген Мырзағұл Әбдiғұловты таныстырған едi. Мырзағұл жұмыстың ретi болмай бос жүрген. Үйiндегi науқасы асқынған қызының қалi жанына батып жүрген жiгiтте қай бiр көңiл күй болсын. Нұртай оның қажығанын солғын өңiнен байқады. Ол өтiнiш айтпаса да қалтасындағы 500 долларын шығарып: «Аға, аз да болса көптей көрiп, қажетiңiзге жаратыңыз. Қарыз емес», – деп ұсынған. Сол ақша қызының өмiрiн бiрнеше айға ұзартты. Бұл Нұртай Сабильянов жасаған жанашырлықтың жүзден бiрi ғана. Аякөз ауданындағы өзi оқыған орта мектептi компьютермен жабдықтап, Мәдениет үйiн күрделi жөндеуден өткiзiп жаңартқаны өз алдына бөлек әңгiме. Жыл сайын өзiнiң туған күнi 1 маусымда Семей өңiрiндегi балалар үйлерiне барып, мол сый-сияпат жасап, сәбилердi қуанышқа бөлеп қайтатынын қалай айтпассың. Оның қайырымдылығын тiзе берсе өте көп. Қайсы бiрiн айтарсың. Әйтеуiр жұртқа жақсылық жасағанға жаны құмар. Ұлтын шын жүрегiмен сүйген жанның төл мәдениет пен өнерге қолдау көрсетiп жатқан игi iстерi қаншама.

«Жас Алаш» газетiнiң тiлшiсi Әмiрхан Меңдекеге берген аталмыш сұхбатында кезектi сұрақ-жауап былай өрбiген.

«…Сiздi туған күнiн тойламайды деп естiдiк.

– Туған күн деген не? Менiңше, туған күн дегенiңiз – есеп беретiн күн.

– Сонда… кiмге есеп беретiн күн?

– Өзiңе. Өзiңнiң iшкi дүниеңе. Кiмге қарызбын? Кiмдi ренжiттiм? Не iстей алмай жатырмын? Елге нендей пайда келтiрдiм? Кiмге зиян жасадым?.. Мiне, осының бәрiн ойланып, толғанып, қорытындылайтын және қорытындылай отырып, өз арыңның алдында өзiң жауап беретiн күн».

Мұндай азаматты халқы қалай қадiрлемесiн.

Ол ұлтын дәл осылай шын сүймесе «ұлтшыл» атанар ма едi.

Көлбай Адырбекұлы