ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕГI СПОРТ ГАЗЕТI НЕГЕ ЖОҚ?

ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕГI СПОРТ ГАЗЕТI НЕГЕ ЖОҚ?

ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕГI СПОРТ ГАЗЕТI НЕГЕ ЖОҚ?
ашық дереккөзі

Бейжiн Олимпиадасы алдындағы жолдамаларды санап, қазақ спортшыларының (шiкәмшiл ағайындар «көп ұлтты» елде «қазақ спортшыларын» неге бөле-жарады» деп туламасын, дұрысы солай және ресей коментаторларының өзi қазақ елiнде туып-өскен және қазақ елiнiң атынан әлемдiк сайысқа шығып жүрген орыс спортшыларын «қазақ боксшысы», «қазақ балуаны», т.б. деп түсiнiктеме бередi — К.С) қол жеткiзген жетiстiктерiн сарапқа салар тұста естi қауымның ойын бiр мәселеге аударып қою қажет болып тұр.

Ел-жұрт болған соң елiнiң туын көтеретiн ер шығады. Соңғы әлем чемпионаттарында қатарынан екi дүркiн жеңiмпаз атанған саңлақ боксшы Серiк Сәпиевтiң жеңiсiн, мiне, осы ерлiкке балауға болады. Ауыр атлетшi Илья Ильин де елi үшiн еңiреп туған ер. Демек, қазақ спорты бар. Қазақ спортының атын шығарып жүрген түрi бөлек, тiлегi бiр оғландарымыз да жетерлiк. Ендеше, солардың ерлiгiн өз өресiмен, өз пайымдауынша паш ететiн қазақ тiлiндегi спорт газетi неге жоқ? Бар болса, қайда?

Қазiр елде спорт туралы жазып жүрген «PRO Спорт Казахстан» мен «Sport&KZ» деп аталатын екi белгiлi басылым бар. «Sport&KZ» – кеңестiк дәуiрден келе жатқан баяғы «Спортың» заңды жалғасы. Бiрақ ол қазiр таза қазақ тiлiнде емес. Тоқсаныншы жылдары «оңтайландыру» деген желеумен сонау 1959 жылдан шығып келген, екi бөлек ұжымы бар қазақ және орыстiлдi «Спорт» газеттерi бiр «көрпенiң» астына тығылды. Сабырлы оқырмандар ол кезде бұл ұйғарымды iштей мақұлдамаса да, «мүлде шықпай қалғаннан гөрi тәуiр ғой» деп әлiптiң аяғын баққан. Әлiптiң аяғын баға отырып, ел экономикасы түзелген тұста екi газеттiң ұжымы екi бөлiнiп, «өз тақырыбын өздерi жазатын шығар» деп көңiлдерiн жұбатқан. Өйткенi алғашқы кезде газеттiң бiрiншi жартысы қазақ тiлiнде, екiншi жартысы орыс тiлiнде болатын. Бiрақ жағдай түзеле келе орыс тiлiндегi «Sport&KZ» қазақ тiлiндегi әрiптесiн «жұтып» қойды. Қазiр қазақ оқырмандары жазылып немесе сатып алып оқитын таза қазақ тiлiндегi «Sport&KZ» жоқ. Ол биылғы жазылым каталогына да «орыс тiлiндегi газет» ретiнде тiркелiптi. Ал iшкi бетiндегi «Спорт айдыны» дегендi қазақтың спорт газетi деудiң өзi ұят. Оны ары кетсе, журналистер тiлiнде «бет» деуге болады. Мiне, елдегi 8 миллион қазақтың өз тiлiнде ақпарат алғысы келетiн жүздеген өкiлi қазiр осы бiр жапырақ «дүниенi» қанағат қылып отыр.

«Өзiңдi өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн». Алыс-жақындағы мемлекеттердi экономикадағы қарымды құлашымен таңғалдырып, Астанадайын алып қаланы дүниеге келтiрiп һәм алдағы жылдардағы қысқы Азия ойындарын өткiзу үшiн дайындыққа құлшына кiрiсiп кеткен өнегелi де өрелi жұртта сол мемлекеттiң туған тiлiндегi спорт газетiнiң болмауы сын. «Жау жоқ деме, жар астында». Бiреу болмаса бiреу бiздiң кейбiр шенеунiктер «ұсақ-түйек» деп қарайтын бұл мәселенi мемлекет ретiндегi айбынымызға нұқсан келтiретiн «дақ» ретiнде бетке басуы да мүмкiн. Бұл ойды арыдан қозғап, «көлдей» мақалаға да айналдыруға болар едi, бiрақ тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi – қазақ елiндегi қазақ оқырмандарына «қазақ спорты» деген мемелекеттiк тiлдегi бiр қара шаңырақ қажет болып тұр деген халық тiлегiне келiп тiрелетiн болған соң барлық мәселенi бiр ауыз сөзге сыйғызуға тырыстық. Елiмiздiң Туризм және спорт министрi, спорт жанашыры Темiрхан Досмұханбетов мырза бұған не дер екен?

Көсемәлi СӘТТIБАЙҰЛЫ