ИСЛАМ және КОММУНИЗМ
ИСЛАМ және КОММУНИЗМ
Өткен ғасырдың басындағы аса iрi мемлекет қайраткерi, белгiлi дипломат Нәзiр Төреқұловтың төрт томдық шығармалар жинағы биылғы жылы «Ел-шежiре» қоғамдық қорының жанынан жарық көргелi отыр. Осындағы 1-томға кiрген төмендегi мақаланың өзi-ақ Нәзiрдiң қандай кесек тұлға болғанын аңғартса керек.
"Қызыл байрақтың" №117 санындағы Ташкент хабарларының iшiндегi осы бiр сөз менiң назарыма iлiгiп, таңдануыма себеп болды. Өйткенi, "Ислам және коммунизм" деген тақырып түптеп келгенде iлiми әңгiмеге саяды. Төреғұлұлы жолдас бұл турасында: "Ислам негiздерiн баяндамақ һәм корғамақ үшiн дiн мен ғылымның татулығы керек", – деп лекция оқиды делiнген екен онда. Бұл хабарды оқып бармағымды тiстедiм, негiзi дұрыс пайымдамаған, һақиқаттан алшақ, халықтың рухына сай емес, қопал жазылған бұл хабарға дереу жауап қайтармақты жөн санадым. Бiрiншiден, «ислам негiздерiн баяндамақ һәм қорғамақ» мәселесiне келсек, исламды қызғыштай көру, яки дарынды болмақ тек дiн иелерiне ғана тән емес, бәлкiм, әрбiр бiлiмдар, не ақылды жанның қолынан неге келмеске, бұл үшiн медресе түгесу сiрә да шарт емес. Мүмкiн осы хабарды жазған кiсiлер "ғүламалардың ақылы" дегенде бiлiмдар, яки жетiк кiсiлер демекшi болғаны да шығар. Тағы бiр дұрыс емес жерi сол — ислам қызметшiлерiнiң Жаратқан ием алдындағы пенделiк уәзипаларын тәпiштеумен қатар, олардың кәдуiлгi жеке, отбасылық һәм әлеуметтiк тiршiлiгiн егжей-тегжейлi қазбалаудың қанша керегi бар екен. Исламда пенделiк жолы да (тариқ абудият), тiршiлiктiң түзу жолы да (һаят қағидалары) болатыны бесенеден белгiлi. Бұл көзқарас тұрғысынан ғұлама дiн иелерi деген сөздiң жанына "және дүниеауи қағидалар қайраткерлерi" деген сөздi қосып айтсақ жөн болар едi. Һақиқаттың ахуал тұрғысынан алшақ жататын тұстары да аз кездеспейдi. Өз тезистерiмдi, лекциямнан алдын, өзбек бiлiм жұрттарының бастықтарына көрсетiп алдым. Олар оқып шығып, жан-жақты танысқан болатын. Бұған қызығушылар мен сұхбаттасуға құмарларға да көрсетiп алдым, олар да көзден көшiрiп шықты. Осыған қарамастан айтулы дәрежеде мәнi болған бұл ғылыми еңбектi ислам жақтаушылары мен қарсыластары арасындағы ғазауат жиһаты етiп көрсеткiсi келетiндерге таңым бар. Шынтуайтында, бұған куә болған барша жұрттың (арасында ғұлама мүнәуарлар да бар) жеке пiкiрiмдi танып бiлуi нәтижесiнде менiң нәмiмнен исламға қарсы ешбiр қарсылығым жоқ екенiне, бәлкiм бұған керiсiнше, жақтайтыныма анық көзi жеттi, не газеттегi "қораз ұpыcының" суретiн аңғармай да қалды. Әлде жәмиғат (солардың арасында әндiжандық жәдит ғұламасы Заһриддин Маһдум) менiң негiзгi пiкiрiмдi қостар едi. Ал мұны әркiм өзiнше пайымдамақ болса, онда он-он бес жылдан бергi жәдитшiлiгiмдi (егер жәдитшiлiк бұл мемлекетте айыпқа саналмаса, жәдитшiлiгiме ықтиярмын), бiрнеше жылдан берi баспасөз бетiнде қалам тербеп Түркiстан мен Шығысқа арнап жазған әрқилы мақалаларымды жоққа санайын, яки олар менiң дұшпандығыма кепiлдар болсын. Ал ендi айналасы 3-4 күннiң iшiнде негiзгi көзқарасымнан бiржола бас тарта қоятындай ешбiр себептi және бiр көре алмай шерменде халдемiн. Аталмыш хабарда данышпандық танытқысы келгендердi түзеудi өзiме ләзiм санадым һәм басқа шәһардағы ағайындардың пайдалануы үшiн тезистерiмдi қоса жолдап отырмын. 1. Ислам санасы революция нәтижесiнде пайда болған құбылыс, ру шеңберiнде бұғып келген араб тайпаларының тiршiлiгiн ислам мен ұлы дүмпу (демек революция) оларды ауыз бiрлiгiне шығарды. Ал революция дегенiмiздiң өзi адам баласының әртүрлi топтары арасындағы билiкке таластан өрбiп шығады емес пе? Бұдан қайбiр үкiмет те пайда көрмек. Осы тұрғыдан исламның революция жолымен пайда болғаны даусыз шындыққа жатса керек. Яғни жәһаллат дәуiрiнде құрметке бөлену яки елдi басқару үшiн тектi тұқымнан шығу шарт болса, ислам бұл қағиданы бүтiндей жоққа шығарды, құрмегке бөлену мен елдi басқару үшiн ислам партиясына кiруге ғана мiндеттi. Мәселен, осының алдында ғана құл болып жүрген һабаш (эфиоп) Бiләл арабтың ең абыройлы руынан шыққан Әбу Жаһл мен Әбу Сапианнан артық саналды. Әбу Жаһлдың "Мұхаммедтiң ниетiне қарсы емеспiн, мейлi, қайткенмен де ол бәрiбiр Құрайыштан шыққан Мұхаммед. Менiң оның қара халықты өз төңiрегiне жиып алатынына көбiрек ызам келдi" деген сөзi сол замандағы исламның араб әлемiндегi өтеген қызметiн анық көрсетiп бере алады. 2. Ислам және араб ұлты. Исламның жүзеге шығуынан iлгерi араб ұлтының тарих майданында белгiлi болғанынан хабарымыз жоқ та болар. Арабстанның солтүстiк бөлiгi Ұрым Қайсаридiн қоластында болып, ен жазирадағы сеңдей соғылысқан арабтар жылдың мүһәррам айынан басқа қалған он бiр айында өздi-өзi қырқысып жататын. Ислам көшпендi бәдәуилерге ауызбiрлiк жолын үйретiп, ынтымақ дарытты, басын бiрiктiрiп бiртұтас араб ұлтына ұйыстырды, жаңа партияның iргесiн қалады, Ендеше, бұл тұрғыдан келгенде, қырыққа бөлiнiп өзара қырқысқан араб руларын тұтас ұлтқа ұйыстырудағы алғашқы қарекетiн исламның пайда болғаны деп түсiнбек ләзiм. 3. Исламның таралуы. Тiршiлiк (хайуанат әлемiнде де, өсiмдiктер дүниесiнде де) күнкөрiс жолындағы жанкештi күрес тәсiлi, ислам болса илаһияттан болмай, бәлкiм, күн көрiс қағидасы, тiршiлiк тәсiлi болғандықтан әртүрлi әдiстi иеленiп кеттi: һәм қатiгездiк, һәм насихат жолын. Ендеше, бұл екi тәсiлдi "аһли күпiр", яғни революцияға қарсы адамдарға әдiлет, адамдардың саламаттығы атынан қолдану мақұл һәм ләзiм болар едi. Бұл тұрғыдан сынға ешбiр жол жоқ. Ислам һүкiметтерiнiң бұлардан тыс экономикалық шара көру жолымен мұсылман болмағандарға да ислам дiнiн қабылдатқанынан тарихтан жақсы хабардармыз… Саяси экономикалық шара көру және ептi насихат жүргiзу жолымен ислам Шығыстан Батысқа дейiн кеңiнен таралып үлгердi. Ұрым мәдениетiн бойына сiңiрген һәм өз тарапынан жаңалық қосқан Аплатон, Аристотель, Сократтар қатарына Мүһитдин Араби, әл-Фараби, Жәуһари, Әбу Әли Сина, Әбу Лайвалар сап түзеп қосылып, жиһан мәдениетiн аяққа тұрғызып, Еуропаның колына тапсырды. Ендеше, адамзат үшiн исламның ерен еңбегi һақиқат, әдiлет һәм революция жолына қызмет еткен. 4. Жаңа ғасыр империализм ғасыры. Адамдардың ойлау жүйесi, рухы оз ортасына бағынышты, сол ортада өзгерiс болса, ол тiршiлiк шарттарына сәйкес келедi. Коммунизм бұл тұрғыдан империализм мен капитализм дәуiрiнде абақтыдан жарыққа шыққан һәм кiсiлiктi салауатқа бастайтын бiр жол. Исламның XX ғасыр, яғни капитализм дәуiрiнде, не коммунизмнен 1300 жыл iлгерi ғұмыр кешкен арабтар арасында жүзеге шығуының ықтималдығына ешбiр ақылман кепiл бере алмайды. Коммунизм адамзаттың күнделiктi һәм мағнауи тiршiлiгiне хас саналып, капитализм мен империализмге қарсы бiтiспес күресте болатын құбылыс. Экономикалық және саяси мәселелердi талдағанда жаңа пәндердi пайдаланған жөн һәм коммунизм көзқарасын таратқан езiлген ұлттардың күшiмен барлыққа шығатын болар, ендеше ауқымды саяси шаралар, экономика, үлгi-насихат жолдарын мейлiнше пайдаланып, адамзатты құтқаруды, ара ағайындықты көздеген бұл қарекеттi барынша қостау ләзiм. Коммунизм бiздiң ғасырымыздың әдiлет пен һақиқат жолы. 5. Замана сыңайы. Дiн осы заманғы үкiметтердiң қолындағы жойқын қаруы, яғни үстем таптар, демек капиталистер, Алланың рақымымен өздерiнiң таптық артықшылықтарын мәңгi иеленбек ойда, орайы келгенде қайбiр көзбояушылықтан әсте тартынбайды. Балқандағы, Еуропадағы және басқа да жерлердегi соғыстарда жанынан кешкендер анық шәһид. 6. Империализм дәуiрiнде Африка, Азия, Америка құрлығының бiр бөлiгi секiлдi жиһанның әр түкпiрiндегi елдер империализмнiң құрбанына айналған. "Ұлы мемлекет" нәмiн иеленген ескi Ресей, Германия, Англия, Франция, Италия, АҚШ және Жапония секiлдi "мәдениеттi ұлттардың" көпшiлiгi залымдық жолына түсiп, қомағай жыртқыштың бейнесiн танытуда. Үйреншiктi отарларының қанын сорып, тырсия семiрген елу миллион ағылшын ұлтының буржуазиясы мен капиталистерi төрт жүз қырық миллион әp түрлi ұлт адамдарына һүкiмiн жүргiзiп, жер шарының сегiзден бiр бөлiгiн жеке дара иеленiп отыр. Бұл езiлген ұлттарды азат ету үшiн жиһандық революцияны тездету ең мұқым ғамал деп санау керек, әрi дiни дәстүрден қол үзбей соған лайық қарекет жасау ләзiм, әрi үстем ұлттардың (христиандық) дiни дәстүрiне батыл қарсы тұрған жөн. Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi: Заманымыздың адамзат баласын азаттыққа бастаушы көзқарасты ұстанған коммунизм мұраты мақсат тұрғысынан ешбiр дiнге ұқсамайтындықтан да азаттық жолын ашық һәм анық баян қылады, ұжданы мен дiни бостандықты әр уақытта құрмет тұтады. Соның iшiнде езiлген Шығыстың дiнiн де. "Қызыл байрақ", №121-122, 16-желтоқсан 1921 жыл