Оразанбай Егеубаев: ӨЗ БИIГIН ТАПҚАН ҚАЛАМГЕР ЕДI

Оразанбай Егеубаев: ӨЗ БИIГIН ТАПҚАН ҚАЛАМГЕР ЕДI

Оразанбай Егеубаев: ӨЗ БИIГIН ТАПҚАН ҚАЛАМГЕР ЕДI
ашық дереккөзі

Аманжан — жүректен мәңгi өшпейтiн достарымның бiрi едi. Бiз 4-6 сыныпты 3 жыл бiрге Шәуешек гимназиясында (1948-50 жылдары) бiрге оқыдық. Маған Iлиястың Аманжаны – сергек, бiтiмi балауса, талдырмаш, өңi аққұба, жүрiс-тұрысының бәрi ширақ, оқуда озат, алғыр көрiнетiн.

Адам талантты болғаннан кейiн өмiрдiң, өнердiң әр қырынан көрiнедi ғой. Оның сыртында Аманжан сол кезде ән айтатын, домбыра шертетiн, гимнастикаға қатысатын. Мектепте сол кезде Шәкен дейтiн жақсы мүдiр болды. Ол кiсi асқан әншi едi. Ән, хорды сол кiсi басқаратын. Аманжан сол Шәкен мұғалiм төңiрегiнде көбiрек тәрбие алды.

1955 жылдары Аманжан Қазақстанға кеттi. Мен Қытайда қызмет iстеп қалдым.

Ол кезде екi елдiң ренжiсiп тұрған кезi, байланыс жоқ. Сонда да ақырын сұрастырып қоямыз. Аманжан университетке оқуға түстi. Мұхтар Әуезовтен дәрiс алып жүр екен деп естiдiк. Қытайда қалғандарымыз ретi келгенде Аманжан Жақыпты сағынып еске аламыз.

Талай жылдар өттi. 1997 жылы аяқ астынан бiздiң Қытайдағы үйге Аманжан кiрiп келдi. Арада 40 жылдан астам уақыт өткенде Аманжан бiздiң үйдi iздеп табады, қонаққа келедi деген қиялымда жоқ болатын. Бiрден тани кеттiм. Баяғыдағыдай сергек, аққұба, талдырмаш, сұлу өңдi. Бiрақ кiшкене баршын тартқан. Жанында бiр жас жiгiт бар, аты – Жеңiс екен.

Осылайша арада 40 жылдан кейiн кездестiк. Қысқа таяу уақыт болатын. Әңгiмелесiп бiраз отырдық. Қазақстанға кеткеннен кейiнгi кезiн айтты. Сабақтастарымен жолығайын деп келгендiгiн, шыққан кiтаптарын сөз еттiк.

Кiндiк қаны тамған ата жұртты және сәби шағын, ыстық бесiгiнде тербеткен жастық шағын, алақанында әлдилеген мұндағы туған-туыс, ел-жұртты, әсiресе бiрге оқыған сабақтастарын бiр көрудi аңсап келгенiн айтты. Мұның алдында Тарбағатай аймағын аралапты. Мынау Үрiмжiге келген бетi екен. Ендi Iле, Алтай аймақтарына жол тартпақ.

Ойда жоқта осылай алыстан келген досымды қонақ еттiм. Ол жақтан келген адамдар аз емес қой. Соның барлығы Аманжан секiлдi туған жердi, бұрынғы ағайын-достар, әсiресе сабақтастарды көрсем деп ана қаладан мына қалаға барып iздеуi екiталай. Аманжанның бұл шынайы бауырмалдығы ғой.

Аманжандай талантты адамдармен бiрге болу ғанибет. Өлеңдердi сол 14-15 жасынан бастап жазды. Әйеңнiң жазуы сұлу, маржандай тiзiлген әдемi болатын. Қабырға газетiн шығаратынбыз. Оған мен редакторлық етемiн. Бiрақ, барлық жүк, көркемдiк мәселесi Әйеңнiң мойнында. Әрбiрiн әдемi, көркем шығару үшiн жанын салады, аса еңбекқор. Барлығы Аманжанның талантты, даралығын көрсететiн. 1999 жылы бiз Қытайдан осында көшiп келдiк. Алматыда сабақтастарым, жерлестерiм көп. Солардың iшiнде құшақ жая, дабырлата алдымнан қарсы алған – Әйең болды. Алғаш келiп тұрған соң Қазақстанның жағдайын, әдебиетiн, пәлен жазушы қайда, қалай дегендi сұрадым. Аманжан арқылы ақырын елмен таныса бастадым. Бiз Әбендiкiнде, Оразақындiкiнде, Қабдештiкiнде бiрге қонақ боп, кездесiп жүрдiк. Жан-жақты тақырыптар әңгiме болады осы отырыстарда. Бәрi қызық. Сонда жарқылдаған, ақ көңiл, сөзге шешен, ойын-тойдың көркi – сол, Аманжан қашанда.

Қытайға келгенде Аманжан бiр сапарында: «Әлi кiтабым шыққан жоқ. Бiрақ жазғандарым бар. Менiң 9 балам бар – 9 томым», – деген едi.

Осындай-осындай тарих. Жақсы адамдар төңiрегiнде әңгiмелеу ғанибет, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Әйеңнiң жақсылығын айтсам көп. Бала кезден берi келе жатқан досым жайлы небiр оқиғаларды сүйсiне еске аламын. Қазiр үш кiтабы қолымда бар. Кейiнгi «Сөз сарайын» елжiреп тұрып көрдiм. Қолымдағы Аманжанның кiтаптарын қарасам, сөз саптасы басқа ешбiр жазушыға ұқсамайды. Өз алдына өз өрiсi бар. Одан соң бұл өрiстiң барлығы бос абстрактi емес. Халыққа, халықтың тағдырына, тарихына жақын дүниелер. Кейбiр жазушылар қиялмен, ойжотамен жазады. Оның жұғымы онша болмайды. Аманжанның кiтаптары – нағыз жұғымды, жағымды, ерекше жазылған, тез тарайтын, жүректен жол табатын кiтаптар.

Аманжанмен менiң соңғы сөйлесуiм тiлдей қағаз арқылы болды. 2006 жылдың 23 қараша күнi маған хат жазыпты: «Алтын досым Оразанбай. Менiң ауырып қалғанымды естiген шығарсың. Аллаға шүкiр, бiр кiтап дайындап жатыр едiм. Жиырма бет жазуды Оразақын үш күнде маржандай қып дайындап бердi. Әбен екi сағатта сегiз бет көшiрiп бердi. Ал, саған «Кiтәбiм туралы», «Жол естелiктерi», «Алатау туралы әңгiме» деген үш материал жiберiп отырмын. Компьютерге бiр-ақ терсең жақсы. Мынау кiтап сигналы. Кеше келдi. «Атамұрадан» аласың. Жолдастарың, балалар алу керек.

Құрметпен: Аманжан», – деген жазуларын көрiп, көз алдыма жақсы достың жарқын бейнесi келедi.