ҚАРАҢҒЫ БӨЛМЕДЕГI ҚАРА МЫСЫҚТЫ IЗДЕУ

ҚАРАҢҒЫ БӨЛМЕДЕГI ҚАРА МЫСЫҚТЫ IЗДЕУ

ҚАРАҢҒЫ БӨЛМЕДЕГI ҚАРА МЫСЫҚТЫ IЗДЕУ
ашық дереккөзі

Бұдан былай елiмiзде проблемалар «психушкамен» шешiле ме?!

Әдетте тарих доңғалағы қайта айналып соғып жатарына күмәнсiз илансақ оның алғашқы айналымы ерлiк және даңқпен көмкерiлiп, екiншi рет фарс түрiнде қайталанары да рас. Адамзаттың мыңдаған жылдық даму жолы осыған дәлел. Әлемде «қырғи-қабақ соғысы» мейлiнше өршiп, тараптарды қанағаттандыратын мәмiлеге келуге, адамзат ортақ тiл табысуға қабiлетсiз антагонистiк екi қосынға бөлiнген ХХ ғасырдың 50-шi жылдарында АҚШ- та «солшылдарға қарсы күрес» деген желеумен өз көзқарастары, ұстанымдары бар озық ойлы адамдар: студенттер, интеллигенция өкiлдерi, ғалымдар, ақын-жазушылар, журналистер аяусыз қуғынға ұшырағаны тарихи шындық.

Талай бейкүнә тағдырлар мемлекеттiк қуатты машинаның темiр табанында талқандалды. Мамандықтарына тыйым салынды. Көп ұзамай дәл осындай жағдай одан да сорақы түрде қызыл империя – КСРО-да қайталанған. Коммунистiк партияның «көсемдерi» өмiрлiк мәселе, аса маңызды iс-шаралар деп санаған жайттарға келiспейтiн дисседенттердi елден аластау, ойдан шығарылған түрлi желеумен түрмелереге тоғытып, «психушка» атанған күшпен емдеу орындарына қамау кең түрде қолға алынды. Әлгiндей «науқастардың» қатарында елден амалсыз кетiп, кейiнiрек әдебиет, ғылымның түрлi салаларында атақты Нобель сыйлығын алған адамдар да бар екенi мәлiм. Тiптi, советтiк Қазақстанда да сол кездерi Бразилияға кеткiсi келгенi үшiн ұзақ жылдар бойына осындай «психушкаға» ерiксiз қамалған кiсi қазiр көп балалы отбасының иесi, елге танымал азамат.

Мiне, ХХI ғасырда осындай келеңсiз жағдай ендi егемендi Қазақстанда да қайталана бастаған сыңайлы. Тiптi, орта ғасырлық қаратүнек кезеңде «қасиеттi инквизиция» өкiлдерi «мыстан» деп таныған бейбақтарды отқа өртейтiн заман сәл өзгерген кейiпте қайта айналып келе жатқандай. Қалыптасқан догмаларға қарсы Джордано Бруно «Жер айналады» дегенi үшiн отқа өртенгенiндей сорақы уақыт. Қоғамның, мемлекеттiң жауларын қолдан жасау. Қараңғы бөлмеден қара мысық iздеу.

Осыдан үш айдан астам уақыт бұрын «ұлттық және дiни араздықты қоздырды» деген айыппен Оңтүстiк Қазақстан облысында философ-ғалым Нұрлан Әлiмбеков тұтқындалып, ендi оны канибалдар мен маньяктар ұсталатын Ақтастағы «психушкаға» қамалмақшы.

Тәуелсiз елiмiзде ұзақ жылдардан берi қалыптасқан ұлтаралық татулық пен дiни төзiмдiлiктi жоғары бағалап, әсiресе, оны әлемдiк қауымдастық алдында мейлiнше мақтан тұтып келе жатқан Қазақстанда бұдан асқан ауыр айып жоқтығы белгiлi. Яғни, философ-ғалымға аса ауыр айып тағылып отыр.

Ол не бүлдiрiп қойып едi? Осыған дейiн бiрнеше кiтаптары жарық көрген Нұрлан Әлiмбеков ғылыммен шұғылданып, өзiнiң түйген пiкiрлерiн хатқа жазып, Ресейдегi шетелдегi, ғалымдармен пiкiр алмасып тұрған. Қоғамға, ғылымға, адамзаттың қазiргi даму сатысына, тағы басқа да өзiн толғандырған жайттарға көзқарасын бiлдiрген. Ал Оңтүстiк Қазақстан облыстық Ұлттық Қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi оның электронды поштасын заңсыз ақтарып, жеке адамға жазған хаттары негiзiнде қылмыстық iс қозғаған. Демократиялық қоғамдағы сөз бостандығын былай қойғанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы бойынша әрбiр азаматтың хат жазуға құқы бар және оның құпиялығы сақталатыны қамтамасыз етiлген.

Оның үстiне, Қылмыстық кодекстiң 164- бабының 1-бөлiмi бойынша ұлттық, дiни араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдарын қолданып жасалса ғана қылмыс болып саналатыны айтылған. Соған қарамастан қауiпсiздiк қызметкерлерi Нұрлан Әлiмбековтiң жеке электронды поштасын көпе-көрнеу бұқаралық ақпарат құралы түрiне жатқызып, заңсыз әрекет жасады. Қалыптасып отырған келеңсiз жағдай қоғамдық күштердi бей-жай қалдырған жоқ. Осыған дейiн елiмiздегi қазақтiлдi бiрнеше ақпарат құралдары аталмыш заңсыздыққа қарсы материалдар жариялап, философ-ғалымның тағдырына ара түсуге талпынды. Ол ол ма, осы жағдайға орай елiмiздегi көптеген қоғам қайраткерлерi, ғалымдар, белгiлi қаламгерлер, БАҚ-ының басшылары араша тiлеп жазған Ашық хат та газеттерде жарияланды. Өкiнiшке қарай, «баяғы жартас бiр жартас!» Билiк тарапынан да, ең бастысы, осындай заңсыздықтарға жол берген Ұлттық Қауiпсiздiк қызметi тарапынан да өлi үнсiздiк. Елiмiздiң Бас прокуроры Р.Түсiпбеков пен Қазақстан Президентi жанындағы адам құқықтары жөнiндегi өкiлi А.Шәкiров мырзалар қазақтiлдi басылымдарды оқымайтын болуға тиiс, селт етер түрi жоқ. Жайшылықта адам құқығын сақтау және қамтамасыз ету жөнiнде халықаралық тәжiрибе мен құжаттарды тiлiне тиек етiп, уағыз айтуды жаны сүйетiн адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис мырзаның да үнi естiлмейдi. Көбiне қит етсе өзге ұлт өкiлдерiнiң құқығын қорғап, жаппай қиқуға басатын орыстiлдi ақпарат құралдарының бей-жайлығы да көңiлге күдiк ұялатады. Заңсыз әрекеттi қолдап, Н.Әлiмбековты қамауға алуға санкция берген облыстық прокуратураның әлi күнге үнсiз қалып келе жатуының өзi бiздiң елiмiзде «заң алдында бәрi бiрдей» дейтiн бұлжымас принциптiң қасақана бұзыла бастағанын аңғартатын сияқты. Бұл ретте тағы бiр маңызды мәселенiң ұшығы бой көрсетiп отыр. Таяу арада Қазақстанда азматтарды қамауға алуға тек сот қана санкция беретiнi жөнiнде аса маңызды заң қабылданғалы отыр. Ал мұндай жағдайда философ-ғалымды тұтқынға алу мүмкiн болмас едi. Яғни, құзырлы органдардың үн-түнсiз қалуында үлкен гәп бардай, олар Н.Әлiмбековты ескi заң бойынша қапаста ұстауға бел буып отырған сыңайлы. Адам тағдыры ойыншық емес, саясаттың да қуыршағы болмауға тиiс. Осындайда әншi-ақын Иманжүсiптiң атақты әнiндегi:

«Абақты қатар-қатар болады екен,

Iшiне жаман-жақсы толады екен.

Аңқылдап абақтыға кiрiп барсаң,

Көңiлiң су сепкендей болады екен», –

деген ауыр жолдар ойға оралады. Кiнәсi дәлелденбеген ұлт азаматтарын абақтыға қамап, тағдырдың ауыр сынағына салғанда сансыз шенеунiктерiмiз не ұтады?! Үш айдан берi заңсыз қамауда жатқан адамға жоғары орындардың жаны ашымауы нелiктен? Тағы бiр назар аударатын жағдай, азаматтың Конституциямен қорғалған құқығын бұзған өкiлеттi орган қызметкерлерi өздерiнiң заңсыз әрекетiн жауып, iстi әдiл сотқа жеткiзбей қылмыстық жауапкершiлiктен құтылып кету үшiн сап-сау адамды психяатрилық арнайы мекемеге орналастырмақшы. «Емдеу керек» деген желеумен. Ресми құжаттар да үрейлi шешiмнiң негiзiнде қабылданып жатқан сұры бар iспеттi. Қылмыстық iстегi айыптау базасы негiзсiз болғандықтан, Н.Әлiмбековтың «жасаған қылмысын» сот алдында дәлелдей алмайтындықтан, ресми органдар осындай жолды таңдап алып отырған iспеттi.

Тағы қайталап айтамыз, адам тағдыры ойыншық емес. Осыған дейiн БАҚ-тарда жарияланған материалдар мен жоғарыда сөз болған Ашық хат жеке адамның тағдырына байланысты ресми сұрау салу болумен қатар, соңғы уақытта елiмiзде қалыптаса бастаған қатерлi тенденцияға азаматтық тұрғыдан қатты алаңдаушылықтың көрiнiсi екенiн ұмытпау керек. Ал мұндай жағдайда ресми органдардың, билiктiң үн-түнсiз қалуы жағдайды одан әрi ушықтыру немесе заңсыздықты қолдағандары деп қабылдануы тиiс.

Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткелi отыр. Қуанамыз, құптаймыз! Бұл биiк мәртебеге елiмiзде азаматтардың құқығы бұлжымай сақталатынына және мемлекет тарапынан кепiлдiк берiлетiнi негiзiнде қол жеткiзiлдi. Әлемдiк қауымдастық бұдан былай Қазақстандағы ахуалға жiтi назар аударып, қатаң бақылап отыратынына күмән жоқ. Жалпы қараңғы бөлмеден қара мысық iздеу еш қоғам, мемлекетке абырой әперген емес. Ал бiздiң елiмiзде азаматтарды «психушкаға» тоғыту басталғалы тұр…

Жаңабек ШАҒАТАЙ