ТӨРТ ҚҰБЫЛАМЫЗ ТЕҢ БЕ ОСЫ?

ТӨРТ ҚҰБЫЛАМЫЗ ТЕҢ БЕ ОСЫ?

ТӨРТ ҚҰБЫЛАМЫЗ ТЕҢ БЕ ОСЫ?
ашық дереккөзі

Иә, бiз осы несiне жетiсiп мақтанамыз? … Елiмiзде қазақтiлдi бiлiм ұялары, мектеп жасына дейiнгi тәрбие беретiн мекемелер, яғни, мектеп пен балабақша жетiспейдi. Баршаға мәлiм, биыл арнайы 100 мектеп пен 100 аурухана салу жоспары басталып үлгердi. Әйтеуiр, аталмыш жобаны жүзеге асыруда көзбояушылық танытып, iлуде бiр балабақша мен мектептiң немесе аурухананың ашылуы тиiс болса да, дабырайтып көрсетемiз, айтамыз. Егер ол балабақша не мектеп қазақтiлдi болса, сан мәрте айтудан жалықпауға бармыз. Ау, өз Отанымызда өмiр сүрiп, өз ұлтымыздың өз тiлiнде тәрбие беретiн мекемесi ашылғанына неге қуана¬мыз? Бұлардың болуы әу бастан заңдылық емес пе?!

Бүгiнде көп жерде мәдениет ошақтарының күл-талқаны шыққан. Есесiне, әсiресе, ауыл жастары, оның iшiнде екi қолға бiр күрек таппай сенделiп жүргендерi мен шаруаға құлықсыздары нашақорлық пен маскүнемдiкке салынып, қасиеттi мекендi жын-ойнаққа айналдыруда. Әттең, бұрынғыдай кiтапханалар мен клубтар жұмыс iстеп тұрған болса, жастар алтын уақытын зиянды iстерге арнамас па едi? Шыны керек, алдыңғы буын ағаларымыз тұрмақ, бiз де сол мәдениет пен руханияттан қол үзбеген заманды сағынып, ауызға жиi алып жатамыз. Жастар едәуiр саналы, салмақты болғандықтан да, бар үмiтi – бiлiм алу едi. Бүгiнгiдей жеңiл жүрiспен гөлайттап жүрiп, от басып кететiндерi кемде-кем. Мiне, сол ауыл мен қала арасында не қалды? Ештеңе де. Керiсiнше, ауыл тоналды, тозды, там-тұм дүниенiң бәрi қолды боп кеттi. Ақыр соңында бiр кездерi қаншама талапты жанның рухани мекенi – көптеген кiтапхана орындары бұзылып, қаңырап қалды. Бiз осы несiне мақтанамыз?

Өз жыртығымызды бүтiндей алмай жатқанда, үш тұғырлы тiл деген «саясатты» енгiзiп, ұрпақтың санасына сiңдiруге кiрiсiп те кеттiк. Қазақтiлдi бiлiм ошақтарының санын көбейтiп, қазақтiлдi ұрпақ тәрбиелеудi қарқ қылып қойғанымымыз аздай, ағылшын тiлiн сол бала тәрбиесi бастауының қайнар көзi – балабақшадан үйренетiн болдық. Бұрын-соңды қазақша саңқылдап тұрғанымыз мәз емес едi, ендi тiптi, шүлдiрлеген тiлiмiз адам ұқпастай боп кете ме деп қорқасың. Басқа басқа, билiкте жылы орнын суытқысы келмейтiн кейбiр басшыларда не ұят, не ар қалмады. Өздерi атын даңғазадай етiп осыдан алты жыл бұрын 2001-2010 жылдарға арналған тiлдердi дамыту бағдарламасын қабылдағанымен қоймай, 2007 жыл «Қазақ тiлi» жылын жарияға жар салған. Межелi уақыттың көбi кетiп, азы қалды. Нәтижесi қайсы? «Баяғы жартас, сол жартас». Бұл әйтеуiр бөлiнген ақшаны дiттеген жерiне жеткiзбей, сол үшiн де құр қарап жүрмей, елдiң көңiлiн аулаудың бiр әдiс-тәсiлi ғана. Немесе, «Е, үкiметтегiлер немесе пәленше министр қазақ тiлiнiң көсегесiн көгерту үшiн мынадай қаулы немесе мiндеттеме жүктептi ғой» деген жалған атаққа ие болудың қарапайым жолы. Ал, «Сен мүлдем қателесесiң, анау министр бүйтiп жатыр, сөйтiп жатыр» деген айтшы маған көзбен көрiп, қолмен ұстайтын дәлелдi. Таба алмайсың да, «мiне» деп қолмен нұсқап көрсете де алмайсың. Өйткенi, оның бәрi жәй қағаз жүзiнде, ал iс-тәжiрибеде аса көп ұшыраспайды. Әлi де мемлекеттiк мекеме қызметтерiнде iс-қағаздары орыс тiлiнде жүргiзiледi. Ең әуелгi мысалды алысқа бармай-ақ, сол билiк тармағындағы түрлi министрлiк өкiлдерiнен iздеп көрейiкшi. Кез келген халықаралық басқосу мен шетелдiң басшылары мен бiр бармағын iшiне бүккен саясатшылары төбе көрсететiн жиында сөздiң беташарын да, қорытындысын да орысшамен бастап, орысшамен тәмамдайды. Қазақ тiлiнде екi сөздiң басын құрап сөйлеуге намыстанады, ал өздерiне үлгi боларлық тiлiн, ұлтын құрметтейтiн басқа мемлекет басшылары алдында еш шiмiрiкпейдi де. Әлбетте, олардың қашанда ұпайы түгел, қылшығы да қисаймайды. Шетке ысырылып жатқан – қазақ тiлi, оны қолданысқа енгiзбей жатқан да – қазақ билiгi. Бәлкiм, бiздiң ресми тiлдi билiктiң бұл iсiне iштей қуанып әрi жиiркене қарайтындар тiлiн, ұлтын сыйламайтын басшылары бар бейшара қазақ халқына жаны ашитын да болар. Жасыратыны жоқ, мұны шетелден келген талай адамның аузынан естiдiк. Сол кезде «дос жылатып…» айтады деген осы шығар деп, кiрiп кететiн тесiк таппай, абдырап қалған кездерiмiз де болған. Сонда билiктiң солқылдақ саясаты үшiн қарапайым халық ұялуы керек пе? Айтпақшы, таяуда ғана «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру мәселелерi» атты отырыста тiл деген бiтпейтiн жыр аясында тағы да мәселе қозғалды. Онда Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбек мырза ағымдағы жылы 22 мемлекеттiк орган, 10 облыс пен екi бас қала iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрдi деген көрсеткiштi қуана айтқан-ды. Оның айтуынша, жалпы биылғы көрсеткiштер бойынша республика өңiрiнiң 75 пайызы iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көшкен. Ал. министрлiктер мен агенттiктердiң қазақ тiлiнде iс жүргiзуге көшу көрсеткiшi – 61 пайыз көрiнедi. «Осы қарқын сақталса, бар-жоғы бiр-екi жыл iшiнде мемлекеттiк мекемелерiмiздi 100 пайыз мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiне көшiруге болады» – дейдi ол. Әлбетте, бұл көрсеткiшке сенуге де болар едi, егер сөз бен iстiң алшақтығы мен ара салмағы ажыратылып жатса… Парламентте қабылданатын заң жобасы мен қаулы-қарар қазақ тiлiнде талқыланып, қазақ тiлiнде жазылып жатса… Халыққа қызмет ететiн қоғамдық орталықтар қазақ тiлiнде қызмет көрсетсе… әңгiме басқа.

Одан қала бердi, есiгiмiздi жан-жаққа айқара ашып тастадық. Босағамызды кiм көрiнген аттап, «төр менiкi» дейтiн болды. Жер-жерге тарыдай шашылған қазақты шақырып бiр тудың астына бiрiктiре алмай жатып, келiмсектердi жарылқап, жағдай жасауды жалғастырып келемiз. Нәтижесiнде мигранттардың елiмiзге келiп, еңбек етуiне қолайлы күн туды. Сорақысы сол, бұның алдында олардың құжатын бақандай үш жылға заңдастырып берiп едiк, ендi мiне, шекаралас аймақтардан нанын табуға келген кiрмелерге қойылатын талаптарды едәуiр жеңiлдетiп, «шекаралас өңiрден келген еңбеккер» деген ұғым енгiздiк. Парламент мәжiлiсiнде пайда-зиян жағы талқыға түспей-ақ мақұлданған «Еңбек көшi-қоны және еңбекшi мигранттарды әлеуметтiк қорғау саласындағы ынтымақтастық» туралы құжат жобасы Сенатқа түстi. Құдай қаласа, көпке жұтылып кете беретiн бiрен-саран қарсы пiкiрдiң туатынына қарамастан, көр де тұр Сенат депутаттары да «ләппайшылыққа» салынып, басын бiр мезетте изейтiн болады деп алдын-ала топшылап едiк, айтқанымыз айдай келдi. Бұл үйреншiктi жағдай. Мұндай қарама-қайшылықты сiз де, мен де Парламент тынысы арқылы көрiп-бiлiп жүргенiмiз шындық. Әйтсе де, халыққа жаны ашитындығын бiлдiрiп жататын азаматтардың сөзi құлаққа iлiнбей, желге ұшып кететiнi бар. Мәселен, Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабильяновтың «Өзiмiздi қашан жарылқаймыз?» дегенiне кiм құлақ асты? Оның батыл әрi байламды пiкiрi «Жатты жарылқағанша, атаулы әлеуметтiк көмектен қағылған отбасыларды неге ойламаймыз?» дегенге саяды. «Үкiметтiң бұл есебi орынсыз. Жәрдемақыны орындау барысында әлеуметтiк жағдайы төмен отбасының азын-аулақ малы, ит-құсы, бақша өнiмдерi де есепке алынады. Осы дұрыс па?». Ал, ана мен балаға арналған жәрдемақы жайында әңгiме қозғаудың өзi артық. Нұртай Сабильяновтың шымбайына батқаны – балалар жәрдемақысын есептеуде де Үкiметтiң осы ұстанымнан еш танбауы. «Сиыр 10 литр сүт бередi деп баланы жәрдемақыдан қағу – үлкен қателiк. Үкiмет осыны түзесе», – дедi ол өз сауалында.

Астанада айы оңынан туған оңтүстiк кореялық компания қазақстандық жұмысшыларға өз дегендерiн iстетiп, құқықтарын аяққа таптап келедi екен. Қара жұмысшының қауiпсiздiк шараларын сақтамақ түгiлi, қарапайым керек-жарақ дүниемен де қамтамасыз етiлмегенi жайында ақпарат құралдарында сан мәрте айтылып жатты. Ал, «бiрдеңе» деп ауыз ашатын болса, «Шықсаңдар, барыңдар! Өзбекстаннан келген арзанқол жұмысшыларды аламыз!» деп қоқан-лоққы көрсететiн дәрежеге жетiптi. Мiне, сөйтiп Қазақстанда жүрiп, нанын жеген кәсiпкер кәрiс қандастарға тiсiн батыра бастағаны билiктiң жанына батпай ма?

Алайда, басқа елдiң тәжiрибесiне көз жүгiртсек, бүгiнде алып Ресей тiлi мен ұлтын сақтап қалу үшiн түрлi шараға мұрындық болып қоймай, өз жерi тұрмақ, Балтық жағалауы, ТМД елдерiнде орыс тiлiнiң мәңгi ұмытылмауы үшiн нақты жобаларды тәжiрибе жүзiнде iске асырып келедi. Ал, Украина президентi Ющенко: «Украинада тiлдiк саясатта анау айтқан проблема жоқ, болмайды да» дейдi. Оның пiкiрiнше, тiлге арналған пiкiрталас – саяси тақырып. Сондай-ақ, ол мемлекет басқа ұлт өкiлдерiнiң, оның iшiнде орыс тiлiнiң қолдану аясының тарылмауына қомақты қаржы бөлуде, сондықтан да тiл саясатын айтқанда, бюджеттiң тең жартысы орыс тiлiне кетiп жатқандығын әрi қай мемлекет салық есебiнен тiлдiк саясатты қаржыландырып отырғандығын ұмытпайық» дегендi айтады.

Ал, Мәскеудiң мэрi Ю.Лужков «Мәскеу – кiм-көрiнген кiрiп шығатын қақпа емес» деп, мигранттардың емiн-еркiн шекарадан өтуiне тосқауыл жасай бастады. Есесiне, отандастарын шамасы келгенше шақырып, жан-жағындағы облыс аймақтарына жайғастырып жатқандығы сабақ болатындай жайт. Бiзде бәрi керiсiнше. Қазақтың небiр марқасқа жiгiттерi өз несiбесiнен қағылып, базар жағалап, арба сүйреп жүргенiне мәз. Ал әлемнiң 40-тан астам елiнде тұрып жатқан 4,5млн. қазақ жатқа жұтылып кетпей ме? Егерде дәл Ресей секiлдi қолда бар көмектi аямаса, қандастар ертең-ақ Отанына оралар ма едi, кiм бiлсiн «2008 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасында келесi жылы Атажұртына қоныс аударатын оралмандарды әлеуметтiк қолдау үшiн арнайы қаржы бөлiнген. «Халықтың көшi-қоны туралы» ҚР 1997 жылғы желтоқсанның 13-iндегi Заңына сәйкес оралмандарды тарихи отанына қоныстандыруға және әлеуметтiк қорғауға арналған бағдарлама бойынша 12 млрд. 176 млн. 203 мың теңге сомасында қаражат көзделдi. Бұл аз ба, көп пе? Жылда бар-жоғы 15 мың отбасыны ғана көшiрiп алуға қауқарын танытып отырған Үкiмет жайбасарлыққа салынып келедi. Тұралап қалған демографияны қандастармен емес, келiмсектермен көтерудi жөн санаған билiктiң бұл қай сасқаны?

Ресей президентi В.Путин болса, отандастарға әуелгi кезекте баспана және жұмыс жағынан көмектесу қажет екенiн ескердi. «Қателеспесем, күнделiктi табыс көзi жоқ отандасқа алғаш қоныстанған кезде берiлетiн бiр реттiк әрi ай сайын жәрдемақы – 60 мың рубльден берiледi. Қалай болғанда да, отандас үшiн бұл таптырмайтын көмек.

Бiз түрлi миссионерлiк ағымдарға да есiк аштық. Олар кәдiмгiдей заң жүзiнде ашық тiркелiп, елiмiздiң ертеңi – жастарды өз дiнiнен бездiру үшiн, түрлi-түстi бояуы қанық кiтаптарын насихаттап, ә дегеннен санасын жаулап үлгердi. Соның салдарынан қаншама қаракөздер миссионерлiк ағымның жетегiнде кетiп, таза құрбанына айналуда. Сөйте тұра, Әдiлет министрлiгi Дiндер iстерi жөнiндегi комитетi жер-жерде елдегi конфессияаралық келiсiмдi нығайтуға байланысты кездесулер ұйымдастырудан жалықпайды. Алайда, «көпұлтты, көпдiндi» мемлекетпiз деп билiктен бастап ұрандатқан соң, дiни экстремизм мен фанатизмнiң және дәстүрлi емес конфессиялардың айырмашылығын түсiндiру де заңдылық, әрине. Дегенмен, осы бей-берекет, орынсыз жалпақшешейлiгiмiзден опық жеп жатқанымызды неге аңғармаймыз? Тiптi, қазiр жоғары оқу орны студенттерiне заратуштра, христиан дiнiнiң түрлi тармақтарынан арнайы дәрiс оқуға келiп-кетiп жататын дiнбасылардың көздегенi не? Басқа қаланы айтпай-ақ қояйық. Жаңадан бой көтерген елiмiздiң бас қаласы – Астанада дiни келiсiмдi нығайтуға байланысты түрлi дiни бiрлестiктердiң өкiлдерiмен кездесу өткiзiледi. Осыдан үш жыл бұрынғы дерек бойынша, Елордада 48-ден астам дiни ұйым мен 33-тей шетелдiк миссионерлер миссиясын орындап келген. Ал алыстан менмұндалап шақырып тұратын храмдар Есiлдiң екi жағалауынан қоныс тепкен. Оның бiрi: – орта Азия бойынша ең үлкен күмбездi «Бейт Рахель-Хабад Любавич» синагогасы, екiншiсi – «Константино-Еленин» шiркеуi.

Мұнай қоры арқылы экономикамызды iлгерiлетiп алдық. Әйтеуiр, жатпай-тұрмай бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына, ДСҰ-на енуге, ЕҚЫҰ-ға өтуге жанымызды салып жатқан жайымыз бар. Оған да жететiн күн алыс емес екен. Бiрақ, әлеуметтiк, бiлiм-ғылым, денсаулық, экология саласының тамырына қан жүгiрмей, тұралап тұр. Сонда, халыққа қажеттi көмек көрсететiн қоғамдық мекеме дұрыс қызмет iстемесе, экономиканың қарыштап дамығанынан не пайда?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ