№700-701________Газеттi келесi нөмiрi 27 желтоқсанда шығады

№700-701________Газеттi келесi нөмiрi 27 желтоқсанда шығады

№700-701________Газеттi келесi нөмiрi 27 желтоқсанда шығады
ашық дереккөзі

ТАҒЫ ДА ТIЛ ТУРАЛЫ

Тәуелсiздiк алғалы 16 жылдың жүзi болды. Егемендiктiң алғашқы жылында шыр етiп дүниеге келген сәби ат жалын тартып мiнген азаматқа айналды. Атам қазақ «он үште – отау иесi» деп бекер айтпаса керек. Өкiнiшке қарай, бостандық сүйгiш қазақтың ұлттық құндылықтары ұландарымен бiрге өскен жоқ. Керiсiнше, кенжелеп қалды: тағы да билiк кiнәлi.

Қазақтар елiне гастрольдiк сапармен келген ресейлiк әншi Иосиф Кобзон 7-сыныпта оқып жүргенде алғашқы махаббатына деген сезiмiн Абайдың қара өлеңiмен жеткiзгенiн айтты. Сезiм пернесiн дөп басып тербей бiлген ақын жүрегi ұлт пен ұлыс, дiн мен дiлдi талғамаса керек. Өкiнiшке қарай, бүгiнгi қазақ қоғамында мемлекеттiк мәртебеге ие Абайдың тiлiн менсiнбейтiндер көп. Олардың арасында өз қандастарымыз да кездеседi. Кейбiреулер: «Бар айыбы – ана тiлiн бiлмейтiндiгi. Әйтпесе, орыстiлдi қазақтардың ұлтшылдығында мiн жоқ» деп ақталғансиды. Менiңше, бұл жаңсақ пiкiр. Өйткенi, асфальтта өскен бала мен май топырақты тiзеден кеше шаңдатқан ауылдың қарадомалағын салыстыру мүмкiн емес. Сөз саптауы, мiнез-құлқы, тәрбиесi, талғамы мен жан-дүниесi мүлде бөлек. Олардың ұлтшылдық пен ұлттық намыс туралы түсiнiгi де бiр-бiрiне кереғар. Өкiнiшке қарай, бiздiң билiк басында қазақша ойлап, қазақша түс көрмейтiн қазақтар көп. Яғни, асфальтта өскендер. Ал кiндiк қаны ауылдың топырағына тамғандар шен мен шекпен, қарын мен қу құлқынның құлына айналған. Сына мейлi, мiне мейлi, бәрiбiр…

Ресей 2007 жылды «орыс тiлiнiң жылы» деп жариялап, посткеңестiк елдердегi орыс тiлiнiң ықпалын арттыруға күш салуда. Бұл саясат келешекте жалғасын таба берерi сөзсiз. Өйткенi, әлемдiк саяси сахнаға ықпал етуге ұмтылатын орыстар ана тiлдерiнiң кеңiнен қанат жаюына мүдделi. Федералдық бюджеттен қаржы бөлiнедi, түрлi шаралар ұйымдастырылады, биыл тiптi, арнайы делегация құрылып, бұрын КСРО құрамында болған елдердегi орыс тiлiнiң ахуалын барлап қайтты. Қазақтардың мемлекетiнде бiр емес, бiрнеше мәрте қонақта болған ресейлiктер мұндағы жағдайға дән риза. Жуырда ғана Астанаға ат басын бұрған орыс делегациясының құрамындағы Синьяков деген бiреу: «Қазақстанда көшелерге iлiнген жазулар орыс тiлiнде, адамдардан жөн сұрасаң, орысша жауап бередi. Керемет!» деп мәз болды. Мәз болмағанда қайтсiн! Былтыр елiмiзге сапарлап қайтқан РФ-ның №1 ханымы Людмила Путина: «Қазақстанда Ресейге, орыс тiлiне деген қызығушылықтың арта түскенi қуантады» деп ағынан жарылды. Ол «қызығушылықтың» КСРО заманынан берi келе жатқан құлдық психологияның әсерiнен «арта түскенiн» ВВП-ның келiншегi жақсы бiледi. Сондықтан да тәуелсiздiгiне қол жеткiзген Балтық жағалауындағы елдер мен посткеңестiк мемлекеттердiң көпшiлiгiндегi «орыстар мен орыс тiлiнен кiндiктi ажыратып алу» саясаты Қазақстанда жүргiзiлмесе екен деп тiлейдi. Осыдан 1 ғасырдан астам уақыт бұрын орыс тiлiн бiлетiндер саны 150 миллионға тең болған. Арада 90 жыл өткенде бұл көрсеткiш 350 миллионға бiр-ақ көтерiлiптi. Алайда, кеңестiк империя ыдырағаннан бастап Пушкиннiң тiлiнiң берекесi қашты (бүгiнде орысшаға жүйрiктер саны 114 миллионға жуық). Латвия, Литва, Эстониямен бiрге Әзiрбайжан, Грузия, Армения ресейлiктердiң қатынас құралын шет тiлдерiнiң қатарына сырғытты. Тәжiкстан, Түркiменстан, Молдова «ұлтаралық қатынас құралы» деп таныса, украиндар «аз ұлттардың тiлi» деп бекiттi. Тек Кремльдiң ауанына төңкерiлуге ләббай беларусьтар ғана Путиннiң тiлiнен «мемлекеттiк мәртебенi» аямады. Олардан қазақ пен қырғыз да қалысқан жоқ. Боданында болған елдiң тiлiне «ресми» деген атау бердi. Бiздi құртып келе жатқан да осы «ресми тiл» тiркесi. Ұлттың келешегiне алаңдайтын азаматтар қанша жылдан берi «ҚР Конституциясындағы «ресми тiл» деген тiркестi алып тастау керек. Өйткенi, «мемлекеттiк» және «ресми» сөздерi бiр мағына бередi» деп дабыл қаққанмен, билiк жақтан тыңдайтын құлақ табылмай тұр. Мемлекеттiк тiлдi дамытуға арналған бағдарлама жүйелi түрде жұмыс iстесе, Қазақ жерiндегi өзге ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң көпшiлiгi мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiне менсiнбеушiлiк танытпас едi. Жеткiлiктi деңгейде қаржы бөлiнбеуi де қазақ тiлiнiң өз жерiнде өркендеуiне кедергi болып отыр. Негiзi тiлдiң аясын кеңейту шаралары үздiксiз жүргiзiлуi тиiс. Әлемдiк тәжiрибе осылай үндейдi. Мысалы, дүние жүзiн жаулап алуға айналған ағылшын тiлiн одан ары дамыту мақсатында Британдық кеңес жыл сайын 500 млн. фунт стерлинг (765 млн. еуро) жұмсаса, немiстер Германиядағы Гете институты арқылы мемлекеттiк бюджеттен жылына 250 млн. еуро бөледi. Француз тiлiнiң үстемдiк етуiне мүдделi Франция, Канада мен Бельгия да 250 млн. еуроға жуық қаржы жаратады. Санының көптiгiмен бүкiл әлемдi алаңдатып отырған қытайлардың өзi биыл «қытайлардың тiлi құрып барады» деп аттандап, бюджеттен арнайы қаржы бөлдi, мемлекеттiк бағдарламаны iске асыруға ден қойды. Оларда қытай тiлiн бiлмейтiндер мемлекеттiк қызметке орналаспақ тұрмақ, нан тауып жей алмайды. Тiл, дiн сияқты ұлттық құндылықтарға қатысты мәселелерде өзiн-өзi сыйлайтын мемлекеттердiң ешқайсысы солқылдақтық танытқан емес. Басқаны былай қойғанда, көршiлес айырқалпақтылар елiнде тұратын бiрнеше ұлт пен ұлыстың өкiлдерi «диаспора ретiнде», «ұлтаралық достастықты сақтау мақсатында» билiктен үлес немесе тiлдерiне мемлекеттiк мәртебе дәметкен емес. Ал үй iшiнен үй тiгуге тырысқан түркиялық күрдтердi Түркия премьер-министрi Реджеп Тайип Ердоған: «Сендер – диаспора емессiңдер. Сендер – түрiктер сияқты осы елдiң белсендi де белдi мүшесiсiңдер. Егер өздерiңдi диаспора ретiнде көрсетiп, халықаралық ұйымдар алдында саяси ұпай жинауды көздесеңдер, қатты қателесесiңдер. Сендердi осы ойынға араластыруға тырысып жүргендер де қатты қателеседi» деп тыйып тастады. Ирактық күрд содырлары бiрнеше жылдан берi Түркия аумағынан Күрдiстан мемлекетiн құру мақсатында түрлi лаңкестiк әрекеттер ұйымдастырып, елдiң берекетiн кетiрiп жүргенi мәлiм. Мемлекеттiң тұтастығына қатер төндiрген лаңкестердiң кесiрiнен 40 мыңға жуық бейкүнә жан қаза тапқан. Алайда, түрiктердiң билiгi «аш пәледен, қаш пәле» саясатын ұстанып отырған жоқ. Керiсiнше, ұлттың келешегiне балта шабуға ұмтылғандарға табандылықпен қарсы тұруда. Бiзде бәрi керiсiнше. Билiк қоғамда қордаланып қалған тiл, дiн, салт-дәстүр сияқты ұлттық құндылықтарға қатысты қазақ мәселесiн шешудiң орнына, жауырды жаба тоқуға тырысады. Қазатком, Маловодноедағы қантөгiске себеп болған Махмаханов қылмыстық жазаға тартылған жоқ. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi оның «қолға түспей жүргенiн» айтады. Осы iске қатысты Талдықорғанда өткiзiлген сот процесiнде қазақтарды ана тiлiнде, мемлекеттiк тiлде, қазақ тiлiнде сөйлегенi үшiн сот залынан қуып шыққан. Судья жәбiрленушi жақ боп табылатын шешендердiң қазақша түсiнбейтiндiгiн, сондықтан ресми тiлде, яғни, орыс тiлде сөйлеу керектiгiн айтқан. Талап еткен. Орысша бiлмеймiз деген қазақтарды сот залынан түре қуған. Өкiнiштiсi, сол жерде отырған лауазымды азаматтардың бiрде-бiрi араша түскен жоқ. Өз жерiнде өгейдiң күйiн кешкен қазақтар Елбасының атына ашық хат жолдады. ҚР Президентi Н.Назарбаев Қазақстан азаматы болып табылатын кез келген отандасқа мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн бiлудi жүктедi. ҚР Конституциясында да бұл жайт тайға таңба басқандай, айқын көрсетiлген. Бiрақ бiздiң билiк заңда бекiтiлген бапты орындауға құлықсыз әрi мүдделi емес. Маған кейде «Қазақстанда қазақ ұлтына қарсы мақсатты түрде әрекет ететiн мүдделi топтар бар» деген сөз рас сияқты көрiнедi.

P.S. Өзбектердiң президентi Кәрiмов қазақ шенеунiктерiмен қолтықтасып, құшақтасып жүрiп шалқыта ән салған Кобзонды есiгiнен де сығалатпады: «Саяхатшы ретiнде келем десе, өз еркi. Бiрақ әншi ретiнде Кобзонды қабылдай алмаймыз. Өйткенi, оның әндерiн тыңдасаң, келмеске кеткен кеңестiк империяны қайта орнатқың кеп кетедi»… Ұлттық қауiпсiздiк пен мемлекет тұтатастығы үшiн алаңдаған өзбектердiң басшысы сырттан келетiн кез келген идеологиялық күштi тойтарып тастауға мүдделi. Әттең!..

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ