«САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСТАРДЫҢ» САНЫ АЗАЙМАҚ

«САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСТАРДЫҢ» САНЫ АЗАЙМАҚ

«САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСТАРДЫҢ» САНЫ АЗАЙМАҚ
ашық дереккөзі

Ол үшiн «Қазынадан» 1 млрд. доллар бөлiндi

АҚШ ипотека рыногындағы дағдарыстан кейiн елiмiздегi iрi құрылыс нысандарындағы жұмыс саябырлап, көпшiлiгiнде мүлде тоқтап қалған болатын. Салынып жатқан құрылысты қаржыландыру қазақстандық банктер үшiн бұрынғыдай тиiмдi инвестиция көзi болудан қалды. Астана мен Алматыда мойнын көкке созған құрылыс крандарының қимылсыз тұрғанына, мiне, бiрнеше айдың жүзi болды. Мемлекеттiк билiк араласпайынша, бұл жағдайдың қаншаға дейiн созылатындығы белгiсiз едi.

Ендi Астанадағы құрылыс нысандарына қайта «жан бiтпек».

Құрылыс саласындағы жағдайды реттеудi Елбасының өзi пысықтады. Осыдан кейiн ғана Үкiмет республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуы жөнiндегi бағдарламаны қабылдады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшiн бюджеттен 4 млрд. доллар қаржы бөлiнбек. Оның 1 млрд.-ының қалай, қайда жұмсалатыны кешегi аптада шешiлiп те қойды.

Өткен аптада «Қазына» мемлекеттiк холдингi БТА, Қазкоммерцбанк, «Каспийский» банкi, Альянсбанк, Темiрбанк, Евразия және Цеснабанктермен келiсiм-шарт жасасты. «Қазынадан» бөлiнген 1 миллиард доллардың 400 миллионы – құрылыс компанияларына, 400 миллионы – шағын және орта бизнес саласына, 200 миллионы – индустриалды-инновациялық жобаларды қайта қаржыланждыруға бағытталып отыр. Аталмыш қаржы банктерге жылына 11 пайызбен үш-жетi жыл мерзiмге берiлдi. «Қазына» холдингiнiң прездиентi Қайрат Келiмбетов апта басында қаржы толықтай банктердегi есепшоттарға түсетiнiн айтты. Яғни, Астанадағы құрылысты қаржыландыру қайтадан басталмақ.

Құрылысқа қажеттi қаржының 85 пайызы «Қазына» орнықты даму қорынан» бөлiнсе, 5 пайызы құрылыс компаниясының өз есебiнен, ал 10 пайызы банк тарапынан берiлуi керек. Қаржы аударылғаннан соң, осы аптада екiншi деңгейлi банктер 74 құрылыс компаниясымен жұмыс iстеуге мүдделi екендiгiн растап, мемлекеттен бөлiнген ақшаны игеру кестесiн ұсынады. Банктер осы бағдарламаға енген құрылыс нысандарының тiзiмiн ақпарат құралдарында жариялауға уәде берiп отыр.

Қарызды кiмге берудi банктер өздерi шешсе де, мемлекеттiк комиссия бiрiншi кезекте көмектi қажет ететiн Астанадағы 74 құрылыс нысанының тiзiмiн бекiтiп қойыпты. Бұлардың денi – бiтуге жақын және мүлiкпен кепiлдендiрiлген нысандар.

«Қазына» орнықты даму қорының» басқарма төрағасы Қайрат Келiмбетов қаржының дiттеген мақсатқа жұмсалуын өз жауапкершiлiгiне алғандай болды: «Мемлекеттен бөлiнген қаржының жұмсалуы ашық та айқын болады. Жауапкершiлiк толығымен екiншi деңгейлi банктерге жүктелген. Ал құрылыс барысын Астана әкiмшiлiгi қадағалайды. Сондай-ақ, Қаржы министрлiгiнiң қаржыны бақылау қызметтерi де бұл жұмыстан сырт қалмайды. Сондықтан бюджеттен бөлiнген қаржының тиiмсiз жұмсалуына еш негiз жоқ» – дедi ол.

Аталмыш жобаның алғашқы қорытындылары келесi жылдың аяғында шығарылмақ. Егер жоба ойдағыдай жүзеге асса, онда Алматыдағы «сақалды құрылыстарды» қаржыландыруды да Үкiмет өз қолына алады.

Астанада салымшылар қаржысына басталған 227 құрылыс нысаны қазiргi уақытта дағдарып тұр. Оның 26-ының құрылысы әкiмшiлiктiң араласуынсыз бiтпейтiн сияқты. Болашақта мұндай келеңсiздiктер қайталанбас үшiн Үкiмет салымшылар жөнiндегi заңға қажеттi өзгертулер мен толықтырулар енгiздi. «Олар ендi бұрынғыдай ақшаны алып, iзiм-қайым жоғалып кете алмайды, – дедi Қайрат Келiмбетов, – Олардан ендi жеке қаржысының болуын және барлық лицензиялық талаптарды орындауын талап ететiн боламыз».

Кеңес үкiметi кезiнен мемлекеттiк басқарудағы экономиканың артықшылықтарына да, кемшiлiктерiне де қанықпыз. Десе де, нарықтық экономика тұсында да сауатты мемлекеттiк басқару артықтық етпейдi.

Гүлбиғаш Омарова