Жаңалықтар

Иван ДЫХОВИЧНЫЙ: YКIМЕТ ТЕ ЖЫНДЫХАНАНЫҢ БIР ТҮРI

ашық дереккөзі

Иван ДЫХОВИЧНЫЙ: YКIМЕТ ТЕ ЖЫНДЫХАНАНЫҢ БIР ТҮРI

Редакциядан:

Иван Владимирович Дыховичный Щукин училищесiн тәмамдап, Таганкадағы театрда жұмыс iстеген актер. 70-жылдардың соңында ВГИК-тiң жанындағы жоғары режиссерлiк курсты бiтiрген талантты режиссер 16 қазанда 60 жасқа толған-ды.Жақында ол «Европа-Азия» фильмiн түсiрудi аяқтады және 2007 жылдың соңына таман бұл фильм экрандарда кеңiнен көрсетiлмекшi.

«Независимая газетаның» тiлшiсi Елена Кутловская қазан айында мүшел той иесiмен жолығып, Ресей өнерi, киносы, орыс қоғамында қалыптасқан саяси, әлеуметтiк жағдай туралы сұхбаттасқан болатын. Талантты, батыл режиссер елдегi билiктiң бүгiнгi жайы туралы да кеңiнен әңгiмелеген едi және бұл сұхбат аталмыш газетте «Кто это «мы?» деген тақырыппен жарияланған. («Независимая газета», №32, 19 қазан, 2007 ж.).

Белгiлi өнер шеберiнiң ой-толғамдары қазақ оқырмандарын да бей-жай қалдырмайды деген үмiтпен аталмыш сұхбатты аздаған қысқартулармен ана тiлiмiзде жариялауды жөн деп санадық.

– ХIХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы Ресей өнерi жеке тұлға, жалпы елдiң рухани мәдениетiнiң бiр бөлшегi ретiнде Үйiн, Қара-орманын жоғалтудан қорқатын. 1917 жылғы революциядан соң бұл тақырып өнерден бiржола аласталды. Тек 1992 жылдан соң ғана қайта көтерiле бастады. Неге?

– Менiңше, бiздiң елiмiзде көзi жойылған, бар байлығын тұттай жалаңаштап сыпырып алған адамдардың көптiгiнен. Ал жаңа ұрпақ та көшпендiлерге ұқсас болып шықты, олардың ұрлауға жарамдысының бәрi ұрланып болған едi. Уақыты жеткенде лек-легiмен олардың да көзiн жоя бастады… Сөйтiп, жұрттың бәрi бұл елде ештеңенi: құндылықтар жөнiндегi естелiктердi, үйлердi, әсем сарайларды, тiптi, туған баласының өмiрiн аман сақтауға болмайтынын ұқты. Ол ол ма, қарттардың өмiрiн де аман сақтау мүмкiн емес-тi. Қолдағы бар нәрсенi жасыруға мәжбүр болды. Үрерге итi, сығарға битi жоқ тұлдырлығымен мақтануға, онда да ең бейшара бейбақтан тарағанын айтуға жұрттың бәрi машықтанды. Бұл масқара сексен жылға созылды!

– …Бiзде бәрi де ежелден осылай қалыптасқан емес пе? Питердi ми батпақтың үстiне кiм салды? Ол ерлiктi Ресейдi электрификациялаумен бел шешiп айналысқан шөберелерi бағалай алып па едi?

– Шындықты бүкпесiз айтатын болсақ, мемлекеттi жарлы-жақыбайлар емес, интеллигенттер мен ақылды адамдар қалыптастырады. Қысқы Сарай кiмге керек? Ол сұлулықтың не екенiн, тарихтың құдiретiн бiлетiндер үшiн ғана қажет. Қала, абырой дегенiмiз неге тұрады?..

– Яғни, сұлулықтың не екенiн бiлетiндер сұлулыққа дұшпан, көркемдiктi аямай қиратушылар бола ма?

– Бiр жағынан алсақ, шын мәнiсiнде солай. Дей тұрғанмен, сұлулықты ең басты қиратушы халықтың өзi болып табылады. Тобырдың сұлулыққа әрқашан қаны қас.

– Иван Владимирович, интеллигенциямыздың «Құдай сүйген халықпыз» деп үзбей қайталайтыны қайда қалады?

– Құдай сүйген сол халық ең әуелi кiмге лағынет айтқаны, сiрә, есiңiзде шығар? Оның үстiне сөз етiп отырған Құдай сүйген халқыңыз әлемде бұрын-соңды болмаған тиранды таңдады, ешкiм оны өз көзiмен көрмесе де соны құлай сүйдi, табынды, оның алдында шын жүректен жер бауырлап жорғалады…

– Ендеше, халқымыз ешқандай Құдай сүйген халық емес екенi туралы фильм түсiрiңiз. Қалыптасқан мәдени-тарихи мифологеманы әшкерелеңiз.

– Өз басым «Прорва» фильмiнде аса көп нәрсенi айттым. Қолымнан келетiндi, түсiнетiнiмдi жасадым. Бiрақ, мен халықты жек көрмеймiн. Мен одан қорқамын және ол тобырға айналған сәтте ғана өлердей жек көремiн. Тобыр – бұл қорқынышты күш! Қиратушы. Кеңес өкiметi тұсында «халық қателеседi!» деп көрiңiзшi! «Халық ешқашан қателеспейдi!». Әгәрәки бiздiң халқымыз ешқашан үн шығармайтын боп үйренiп алса, одан басқаша болуы мүмкiн бе? Пушкин мұны өте дәл аңғарған. Ең күрделi тарихи кезде дымын шығармайды, таңдау жасайтын шешушi сәтте… тағы да шеттеп, тыс қалады. Отанымыздың жаңа «көсемi» болған адамды да (қандай жолмен билiкке келгенiне қарамастан) кәдуiлгiдей сүйедi.

– Шығармашылық интеллигенциямыз нелiктен аузына су толтырып отыр? Тобырдың таңдауына қарсы екендiгiңiздi ашық айтыңызшы.

– Аудитория мен суреткер арасында қуатты шенеунiктiк тосқауыл – цензура бар! Сiз бүгiнде қандай құрал арқылы өз пiкiрiңiздi ашық бiлдiре аласыз? Сондай телеарна немесе газеттi айтып берiңiзшi? Мен көкейiмдегiнi ашық айтудан қорықпаймын. Бiрақ, жұрт алдында айтқым келгендi айтқызбай тастайды…

– Тәуекел етiп көрелiк – бәлкiм жариялар?

– Бүгiнде билiк әбден азғындаған! Ол қазiр халықты мылқау құл сияқты көредi. Билiк адамның абзал қасиеттерiн мейлiнше жек көредi, жеке адамның өз мүмкiндiгiн жүзеге асыруына жол бермейдi. Билiк өкiлдерiнiң Мәскеу көшелерiмен қалай жүретiнiне қараңызшы. Өздерiнiң әрбiр iс-әрекетiнде соншалық тоңмойындық танытады. Қайсыбiр ұлы жоспарлар туралы тiл безеп, үнемi алдайды. Әрине, олар әлденелердi жасауда… Сөйте тұра, жалпы алғанда халық мүлдем қайыршы! Жейтiн ештеңе жоқ, өйткенi еңбек ақымен бiрге баға да шарықтап өсуде. Қалай ойлайсыз, өкiмет осыны көрмей отыр ма? Ол мұны көргiсi де, бiлгiсi де келмейдi. Мiне, мәселе осында!

– Орыс жүйесiнiң мәнi де осы ғой. Мұның бәрi әлгi атышулы «орыс характерi» дегеннен туындайды емес пе?!

– Орыс характерi – күрделi мәселе. Егер орыс адамына: «Сен iшiп-жейтiн тамақсыз, үй-күйсiз, тiптi, ештеңесiз өмiр сүресiң, есесiне бiз бүкiл әлемге жұдырық көрсете аламыз! Әлемдегi ең күштi бiз екенiмiздi дәлелдеймiз!» десе, халық бұған келiсуге әрқашан дайын. Өзiн-өзi алдаудың ең жексұрын көрiнiсi ғой! Жеке адамның өмiрiне аса қажеттi нәрсенiң бәрiн дүниежүзiнде ең қуатты жандарм болу үшiн құрбан етуден асқан қасiрет жоқ!

– Сiз халқымыздың бойына шовинизм қатты сiңген деп ойлайсыз ба?

– Бiз өте шовинист халықпыз. Бойымыздағы ұлтшыл-шовинизммен шектен шығып кетемiз. Екiншi жағынан бiз бейбiтшiл, ашық, мейiрiмдiмiз. Басқалай айтсақ, қарама-қарсы қасиеттер бiздiң қанымызға әбден сiңiп алған. Мiне, осы халықтан люмпен адам – аса қатыгез, ештеңе сезiнбейтiн, ештеңеге жаны күйзелмейтiн адамдар дүниеге келуi ықтимал. Бұл – жексұрындықтың ең жоғары сатысы болмақшы.

– Айтыңызшы, сұлулық ешкiмге, әсiресе, өзi өмiр сүрген елге, өзiн қаумалай қоршаған халыққа еш қажет еместiгiне қарамастан данышпан Достоевский «Сұлулық әлемдi сақтайды» деп несiне жар салды?

– Нелiктен олай жар салғанын сiзге айтып бере аламын…

– Шарасыздықтан ба?

– Содан да… Дегенмен, ең әуелi сондай сенiм қажет болды! Ештеңеге сенбей өмiр сүру мүмкiн емес . Онда өз маңдайыңнан өзiң оқ атуың керек пе? Әрбiр суреткер зұлымдықты жақсылық жеңедi деп сенедi. Мұндай наным-сенiмсiз тiрлiк кешуге болмайды. Бiз өзiмiз құндылық деп санайтын нәрсенi молайтуға тиiспiз, сонда ғана бұл құндылықтар басқа адамдарға да ауысады. Жақсы, көркем туындыны көрген шақтарында бақытты сәттердi бастан кешедi, көрген немесе оқыған шығармалары арқылы жан дүниелерi тазарып, зұлымдықтың зұлымдық екенiн түсiнедi. Мiне, осындай сәттерiнде адамдар тазарады. Ал адамның бойындағы ең абзал қасиеттердi оятуға қас-қағым сәттiң өзi жетедi.

Бiрақ, сексен жылдан астам уақыт бойы адамдарға құл болуды және форма киген кез келген кiсiден қорқуды үйреттi. Ешкiмге жауап қатпауға, ештеңе айтпауға, ең бастысы, ешқандай жағдайда дауласпауға баулыды. Тек қана бас шұлғи беруге! «Немене, сен өзгелерден артықсың ба? Басқалардан ақылды шығарсың?» Мiнеки, КСРО-да адамды қорлаудың аса кең таралған әдiсi бұл. Басқа қай елде мұндай сөздер айтылды екен? Жеке тұлғаның барша қасиеттерi өз-өзiнен-ақ баға жетпес құндылық! Иә, бiзде қазiр әдемi сөйлеуге, дұрыс және адамдарға қажеттi сөздердi айтуға әбден үйренiп алды.

…Билiк «соңғы жылдардың жетiстiгi» деп ненi айтып жүр? Мұнайдың бағасы бiр баррельге шаққанда 80 доллар болғанын ба? Олар ол үшiн не iстептi? Қалған нәрсенiң бәрiн қарақшы-капиталистер iстедi ғой (күледi). Ал бiздiң билiктегiлер, бiздiң шенеунiктерiмiз… әлгi батыстың бұлбұл қарақшыларының идеяларын, ақшаларын сүлiктей сорумен ғана әбiгер.

…– «Бiз» дегенiңiз кiмдер? Сiздiң фильмдерiңiз немесе сiздiң достарыңыздың фильмдерi соншалықты «таңғажайып» табысқа ие болды ма?

– Бәрiмiз де соған ұмтылдық (күледi)… Ақыл-есi дұрыс аудитория қазiр теледидар қарай алмайды. Онда бос, өлi кеңiстiк, режиссерлары өнердi өлтiре қорлаған ақымақ сериалдар. Жұрт газет-журналды сатып алып, оны әжетхана шұңқырына лақтырады, өйткенi, бiзде оқырмандарының еркiндiгiн құрметтейтiн ақпарат көздерi атымен жоқ. Мен адамдардың бәрiн идеалға айналдырып отырған жоқпын. Бiрақ, бұқаралық мәдениет – БАҚ-тар – оқығысы немесе көргiсi келетiн, соған үйренгендер үшiн түк қажетсiз болып қалғанға шейiн бұқаралық мәдениетiмiздiң өзi де ойлы аудиториясын люмпен деңгейiне құлатып тынды. Ендi есi дұрыс адамдар естiп, көрiп отырғандарына да мүлдем сенбейтiн болды.

Тағы бiр аса маңызды мәселе бар. Ештеңенi мойындамаған әрi ешбiр тәубеге келмеген бұл елде әлдебiр жақсылықтың дүниеге келуi мүмкiн бе? Талқандады, боққа батырды, топырлатып атып-асты, сосын әрi қарай жүре бермекшi. «Бiздiң iсiмiз әдiлетсiздiк едi» деп айту үшiн Германия қаншама рухани күш жұмсады десеңiзшi. Ал бiзде ешқандай ұят жоқ! «Жаңа мұғалiмiмiз» айтқандай: бiз ешнәрсе үшiн кiнәлi емес көрiнемiз, ештеңе үшiн кешiрiм сұрауға тиiс емес екенбiз! Япыр-ай, ештеңе үшiн кешiрiм сұрамауымыз керек пе?! Қырып-жойылған қырық миллион адамдар үшiн кешiрiм сұрамаймыз ба? Бiз өлтiрген өз адамдарымыз, өзге ұлттың адамдары да үшiн… Қырып салған тұтас ұрпақ үшiн?! Бiз сандаған титiмдей бөлшектерге талқандап тастаған тұтас мәдениет үшiн де кешiрiм сұрамаймыз ба?! Бiздiң елiмiздi қызық жiгiттер басқарады өзi (күледi). Олар үшiн жүз адамды атып тастау шырт түкiрумен бiрдей… Содан қиын емес! Ал халық осының бәрiне төзе бередi, төзе бередi.

– Мен сiзден неге қарсыласпайсыз деп сұраған едiм…

– Өзiңiз қандай ұсыныс айтасыз? Әлдебiр оппозиция бар демексiз бе? Онда не тұр? Бiз Каспаровпен бiрге Қызыл алаңға шығамыз ба?

– Дегенмен, Чехословакияға совет танкiлерi енгiзiлгенде Лариса Богораз бен оның пiкiрлестерi алаңға барып, Политбюроның бетiне түкiргенi есте.

– Бұл әлi болады. Егер билiк ақыл-еске келмесе мұның бәрi сөзсiз болады. Өйткенi, өкiмет бүгiнгi адамдардың тiлiнде сөйлеудi мүлдем ұмытқан. Билiк қазiр 1964 жылы «тiрi» болған тiлде сөйлеуде. Ал бұл тiл 30-40 жастағы жаңа ұрпаққа жарамайды, жүре қоймайды. Бiр ғажабы, бүгiнгi билiк бәрiн де елеп-ескерiп отырған сияқты… Бiрақ көпшiлiкпен, халықпен сөйлесетiн тiлден әбден жаңылған. Бiзде премьер-министрдiң өзi 1954 жылы тракторшы сөйлеген тiлмен сөйлейдi! Ол сөзiн кiмге арнап жүр? Оны кiм түсiне алады?

Ал айта қойыңызшы, осындай адам билiкке қалай келдi? Түкке де түсiнбеймiн. Ол кiм өзi, ғалым-экономист пе? Танымал саясаткер шығар? Философ? Кiм ол өзi?

Бiздiң үкiметтегiлердiң бәрi нелiктен туған-туысқандар? Бұған менiң миым жетпейдi. Бұл дегенiңiз нағыз жындыхана ғой, осының өзi онда, «жоғарыда» үлкен проблемалардың бар екенiн байқатады. Олар өмiр шындығын дәл қабылдау түйсiгiнен айрылған. Есерсоқ идеяны да ойлап тапты! Оларды бiз сайламаймыз – олар өздерiн өздерi сайлайтын боп алды! Осы заман және қазiргi тiл үшiн бұл ұзаққа созылуы мүмкiн емес абсурд! Советтiк ұрандар мен қайтадан пайда болған қатаң бұйрық мәнерiн жаңа ұрпақ қабылдамайды. Бұл сөйлеу мәдениетiндегi өрескел қателiк. Шынына келсек, бiз сұрапыл әлеуметтiк-қоғамдық сiлкiнiстер табалдырығында тұрмыз! Шыдамның да шегi бар! Күш құрылымдары әбден арсызданып бiттi – олар кеңес жылдарындағыдан әрмен бiздi қорлауға үйренiп алды. Бiрақ, ешкiмге де шағымдана алмайсың. Айналып келгенде солардың үстiнен олардың өзiне шағымданған боп шығасың. Нағыз топастық қой!

– Бұл қалайша мүмкiн болды және нелiктен ұзақ уақытқа созылып отыр?

– Өйткенi, өзiң бiлмейтiн нәрсенi басқаруға болмайды. Бүгiнде билiк өкiлдерi бiз жүретiн жолдармен жүрмейдi, бiз баратын жерлерге бас сұқпайды, бiз жататын ауруханалардың қайда екенiн бiлмейдi, әрбiр қадам басқан сайын өзiмiз бастан кешетiн қорлықты бастарынан кешпейдi. Қазiр бiр жапырақ анықтаманың өзiн жайдан-жай ала алмайсың: шенеунiктер ашықтан-ашық мазақтайды, немесе пара талап етедi! Билiк мұның бiрде-бiрiн бiлмейдi, өйткенi олар бiздiң өмiрiмiзден мүлдем тыс қалған. Баяғы Политбюродан әрмен!..

Тәржiмалаған Жаңабек Шағатай