Жаңалықтар

«ШЕВРОН» СТИПЕНДИЯ ТАҒАЙЫНДАДЫ

ашық дереккөзі

«ШЕВРОН» СТИПЕНДИЯ ТАҒАЙЫНДАДЫ

«Шеврон» компаниясы университеттермен серiктесе жұмыс iстеудi қолға алды. Оны кеше Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетiнде өткiзiлген тұсаукесер рәсiмiнде корпорацияның Еуразиялық бөлiмшесi Басқарушы Директорының орынбасары Тэд Этчисон мырза мәлiм еттi.

Осы бағдарлама аясында «Шеврон» компаниясы студенттерге арнайы стипендия тағайындаумен қатар, осы бiлiм ордасына зертханалық және оқу-әдiстемелiк құрал жабдықтарды да сыйға тартты.

«Университеттермен серiктестiк бағдарламасы «Шеврон» компаниясының бүкiл дүниежүзi бойынша дарынды жастарды айқындауды мақсат тұтқан кең көлемдi бастамасының бiр көрiнiсi. Бiз АҚШ, Канада, Австралия, Венесуэла, Тайланд, Индонезия, Үндiстан, Оңтүстiк Африка, Ұлыбритания және Қазақстан – барлығы он мемлекеттiң жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық құрып отырмыз. Бағдарлама аясында бiз университеттерге жаңа оқу бағдарламаларын енгiзуге, материалдық-техникалық жағдайды жақсартуға көмектесемiз және үздiк оқыған студенттерге гранттар мен стипендиялар тағайындаймыз», – дейдi Тэд Этчисон мырза.

Аталмыш компаниясы серiктестiкке әуелi Қазақ Ұлттық техникалық университетiн таңдапты. Компания күндiзгi бөлiмде техникалық мамандықтар бойынша оқып жүрген 24 студенттi таңдап алып, оларға жартылай және толық мөлшерде стипендия тағайындалғанын жеткiзiп, студенттердiң қолына сертификаттарын табыс еттi.

Сонымен қатар, ҚазҰТУ Автоматтандыру мен басқару институтының технологиялық процестер мен өндiрiстердi автоматтандыру кафедрасы зертханалық және оқу-әдiстемелiк құрал-жабдықтарға ие болса, Машина жасау институтының станок жасау, материалтану және машина жасау өндiрiсiнiң кафедрасына екi компьютерлiк сынып сыйға тартылды. Сондай-ақ, бағдарлама аясында университеттiң веб-сайтын дамыту үшiн қаржы бөлу мәселесi де қарастырылып отыр.

Жалпы, бiлiм беру бағдарламаларын қолдау және дамыту мәселесi «Шеврон» компаниясы үшiн басты назарда. Компания түрлi жылдары Қазақстандағы Халықаралық бизнес академиясы, Қазақ бас сәулет құрылыс академиясы, КИМЭП, Қазақ Мемлекеттiк басқару академиясы, Қазақ халықаралық қатынастар және әлемдiк тiлдер университетi, Қазақстан Британ техникалық университетi сияқты жоғары бiлiм ордаларының да материалдық-техникалық базасын жақсартуға қамқорлық танытып келедi.

Г.БЕКТАСОВА