ЖАЙНАСЫН ЖАҢА НҰРЛЫ КҮН!

ЖАЙНАСЫН ЖАҢА НҰРЛЫ КҮН!

ЖАЙНАСЫН ЖАҢА НҰРЛЫ КҮН!
ашық дереккөзі

Алқынып келем, шалт жүрiп келем асығып,

Жаңа бiр белге апарар жүктi асынып.

Ширатып ойды, ширығып тұрам таңертең,

Шапағаты мол тәуелсiз күнге бас ұрып.

Бүгiн де қиял қанатқа мiнiп қияқты,

Кеудемнен жаңа тағы бiр тарлан күй ақты.

Тәуелсiз таңым күн сайын маған нәр берiп,

Сәт сапар тiлеп тұратын, сiрә, сияқты.

Осындай бейбiт, аспаны ашық күн барда,

Не жетсiн жеңiп бiр iстi – сауық құрғанға.

Сөйлемей қайтем, билемей қайтем демiгiп,

Сезiмiм тулап, жүрегiм жырлап тұрғанда.

Айтарым бүгiн аз емес менiң жинаған,

Қол бармай бұрын, жол бермей дәулер қинаған.

Тәңiрге ендi тәнтiмiн жарқын күн үшiн,

Сөйле деп еркiн мiнбесiн мына сыйлаған.

Ынтымақ жолын аялап әр кез адамдар,

Ынтымақ жырын жырлаумен тозған қаламдар.

Бас қосқан жерде мәмiле тауып бар iсте,

Ынтымақ әнiн қайталап әр кез тараңдар.

Ынтымақ болса жемiстi барлық тiрлiгiң,

Ынтымақ жеңер Уақыттың әрбiр тың жүгiн.

Ынтымақ қолдап елiмнiң жаңа жобасын,

Шашымнан сипап жайнасын жаңа нұрлы күн!

Садықбек ХАНГЕЛДИН